Құдауанда, мені тура бұр жолыңа,
Нәпсі құлы, бардан ада болдым мән-а.
Фасық, фажыр дүниені алды кір қолына,
Қасірет-қауіп тұтқынында қалдым мән-а.
Дүние – нәжіс, иттей жортып безіп жүрмін,
Соны қудым, сезім – құрдым, өзім – құлмын.
Әмірін тұтпай, Хақ жолына көзім жұмдым,
Ая, достар, енді қайда бардым мән-а?
Нәпсі, шайтан қылды тұтқын адам ұлын,
Жүрегінен ұрлап алды сана-мұңын.
Оң-сол білмес қара құлың – қарағұрым,
Уа, дариға, қасірет уға қандым мән-а!
Мендей сұм жоқ, – шарласаң да бұл ғаламды,
Хақтан безіп, бизар қылдым күллі адамды.
Жүзім – қара, жаным енді тұл-қараңғы,
Уа, Жасаған, бұлай неге болдым мән-а?
Ғазиздерге иілмедім, – көн боп тұлғам,
Ішкі-сыртқы құлшылыққа бермеппін мән.
Хақ дәргейі не күтеді көр-бет сұмнан?! –
Иә, Раббым, не қылсаң да келдім мән-а.
Тағатым жоқ, күнәм шексіз, – азабым бұл,
Тәуба қылып жеткен жерім – базарың-дүр.
Рахметіңмен Қожа Ахметке назарың бұр,
Не қылсаң да сорлы басым – көндім мән-а!
Жүрек көзін аша алмасам тағат қылып,
Хақ дәргейі мақұл көрмес, білдім мән-а.
Хақиқаттың пәк сөзімен таң аттырып,
Ләмәканда*
Хақтан сабақ алдым мән-а.
Бір уа Барым сабақ берді ашып перде,
Жер мен көктен шайтан безді, қашып көрге.
Сайран құрдым, –
шарап ішіп ғашық-пенде,
Ләмәканда Хақтан сабақ алдым мән-а.
Дидар-талап пендеге жан аямаған
Мақшар күні тақ пенен бақ даяр оған.
Ғашыққа Алла нұр-құшағын жаяды әмән,
Ләмәканда Хақтан сабақ алдым мән-а.
Қанды жасын төгіп көздің, жад етпедім,
Жүз мың түрлі мехнат арттың, дат етпедім.
Сенен қорқып қаста көңілім шат етпедім,
Ләмәканда Хақтан сабақ алдым мән-а.
Алла дертін сатып бермес, – сатып алсаң,
Пірмұғанның қызыметінен қапы қалсаң.
Хақ жолына кірдің, –
құлдың сафы болсаң,
Ләмәканда Хақтан сабақ алдым мән-а.
Ғашық патша, ғашық пақыр қайтпас жолдан,
Хақтан ғана пәрмен алар, –
айтпас жалған.
Дүние қумас, –
Құдайымен шарттасқаннан,
Ләмәканда Хақтан сабақ алдым мән-а.
Құл Қожа Ахмет, жеті жаста білдім сабақ,
Сегізімде жалғаншымен тындым, – талақ.
Тоғызымда Құдайымды қылдым талап,
Ләмәканда Хақтан сабақ алдым мән-а.