Рух құсын тұтқанға – бал,
інжір берем,
Самғай шарлап ғаршыларға өтер, достар.
Тынбай дәйім зікір айтар құлмын деген,
Зарын қылар ғашық отта күлмін деген.
Бейхабардың өмірі өшер бүлгінменен,
Ғафылатпен жаһаннамға кетер, достар.
Ақырзаман шайқылары сыртын түзер,
Жолды бұзып, іш тазартпай, мұртын күзер.
Надандығын – керемет деп, үмітіңді үзер,
Рия қылып халыққа өзін сатар, достар.
Ей, ғафыл жан, ғұмырың сенің барады өтіп,
Жасыңды ағыз, мінді жаннан харап етіп.
Иең сені тастаған жоқ талақ етіп,
Қожа сүйсе,
құлын азат етер, достар.
Ғафылатпен ғұмырың сенің өтті білгін,
Қыл жаныңмен пірге қызымет, епті жүргін.
Сол құлықпен дәргейіне жет піріңнің,
Қызымет қылған мұратына жетер, достар.
Құл Қожа Ахмет, хикмет айтып, жыла сахар,
Жарандармен басталады, сірә, сапар.
Сөз гауһарын
танығандар сұраса, апар, –
Сырттан баққан міскіндер құр қалар, достар.
Хақ құлдары – софылар – хақиқатты білгендер,
Хаққа ғашық оты бар – Хақ жолына кіргендер.
Хақ жолына кіргендер – бір Алла деп жүргендер,
Жарандардың іздерін іздеп өмір сүргендер.
Ғалам пақыры Мұстафа, болсын бізден мархабат,
Миғраж түні бізге айтты: «пақырлыққа бол талап!»
Дүние боғын малталап, харам қумай анталап,
Хақты сүйген ғашықтар көпті өтеді арқалап.
Дүние қуған батпандар – жаһан малын сатқандар,
Құзғын құсқа айналып, арамға әбден батқандар.
Молда, мүфти – соққандар –
жалған жала жапқандар,
Ол тамұқтың отыны – аққа қара жаққандар.
Қази, имам болғандар – наһақ дағуа* қылғандар,
Есек болып жегіліп, жүк астында тырбаңдар.
Арам жеген әкімдер, пара жыйған мұндарлар –
Жапырақтай қалтырап – бармақ шайнап тұл қалды, ал.
Жұмсақ жеген тіс еді, асыл киген кісі еді,
Алтын таққа мінсе де жер астына түседі.
Момын құлдар – шыншылдар, садақамен сүргендер,
Жұмақ хорын құшады – сұм дүнияға күлгендер.
Құл Қожа Ахмет, білгейсің,
Хақ
жолына кіргейсің,
Хақ дидарын көреді – хақ жолына кіргендер.
Мұхаммедті біліңіз: оның заты араб-дүр,
Тарихатқа кіріңіз,– жолы тұнған әдеп-дүр.
Хақиқатты білмеген адам емес,– пұт-самас*;
Ұқсаң, адам түгілі, мақұлыққа ұқсамас.
Құдай – мінсіз һәм мұңсыз, туылмаған, тумаған.
Серігі жоқ – теңдессіз. Оған мұқтаж бұл ғалам.
Қаһарланса, қылады ол жермен-жексен ғаламды,
Зілзала боп жер мен көк, болар дүние қараңғы.
Рақым қылса, біліңіз, жолықтырар кенішке,
Шетсіз-шексіз нығымет жеткізеді періште.
Сыйпатына Расулдің сөз жете ме, дариға,
Анасының есімі мүбәрәктің – Әмина.
Абдолла-дүр атасы, Хақ бұйрығы жеткен-дүр,
Тумай тұрып Расул – ол фәниден кеткен-дүр.
Мұхаммедті асырап, сақтап еді бабасы,
Аш-арыққа қашанда тиген оның панасы.
Есіңде ұста есімін, бабасы – Абдулмүтәліп,
Жадыңда әркез жаңғыртып, тілге дәйім тұталық.
Бабасының атасын біл тағы да – Һашим-ді,
Естілгенде сол есім ағызады жасымды.
Ал әкесі Һашимнің – Абдулманап ныспысы,
Мұны білген жандардың саф болады іш-тысы.
Расулді кім егер білсе төрт-бес жасынан,
Қияметте жай табар сегіз бейіш қасынан.
Жеті жаста Мүбәрәк жерге берді бабасын,
Паналады содан соң әкесінің ағасын.
Әбутәліп дүр еді ол – Әлі-Шердің атасы,
Күллі арабтың ұлығы, қабыл болған батасы.
Әбутәліп табылды барлық істің басынан,
Мұхаммед те екі елі қалмаушы еді қасынан.
Сөйтіп жүріп Мұхаммед жасқа жетті он жеті,
Хадишаның жүзіне түсті нұр боп келбеті.
Мұхаммедке кез келсең, – айтар едің сұңқар деп,
Хадиша оны көргеннен зар иледі іңкәр боп.
Махаббаты аударды Хадишаның тілегін,
Мұхаммедке ғашық боп өрт шарпыды жүрегін.
Күн-түн жылап Құдайға, жасы айналды бұлаққа,
Көріп Құдай көз жасын, жетті ақыры мұратқа.
Көріңіздер Құданың келтірген бұл жүйесін,
Мұхаммедке баққызды Хадишаның түйесін.
Расулді Хадиша жалшы қылды ақылы,
Фазылымен Алланың жары болды ақыры.
Хадишаның Жаратқан шын бақытын ашты-дүр,
Расулдің басына дүр-жақұтын шашты-дүр.
Жылжып ғұмыр, Расул толған шақта қырыққа,
Жаратушы Иеден келді уаһи
* ұлыққа.
Содан кейін Мұхаммед падиша боп жұртына,
Жар
болды Алла Расулге, көндірді елін ырқына.
Мұхаммедтің әр ісін оңдап, жолға иді Алла,
Барша жұрттың жүрегін келтірді өзі – иманға.
Ақ сәлдесі оралған Расулдің басында,
Отыз үш мың сахаба кемел тапты қасында.
Расулдің тағдыры – бәрі Алланың жарлығы,
Әдеппенен қызымет қылады оған барлығы.
Келді бірде бір жетім Расулдің алдына,
Ғаріп, мүшкіл жағыдайын баяндады зар қыла.
Қылды Расул рақым оның міскін халіне,
Жетті бейбақ сол жерде тілегінің бәріне.
Расул айтты сонда оған:
«Мен де сендей жетіммін,
Жетімдік пен ғаріптік кешіп жүріп жетілдім».
Айтты тағы Мұхаммед:
«Әркім жетім, білің, – деп, –
Жетім болса кімде-кім, сол, – деп, – маған шын үмбет».
Жетім көрсең, жебей жүр, жәбір берме жетімге,
Ғаріп көрсең, демей жүр, әмір қылып жекірме.
Қор екен-дүр жетімдер бұл бір жарық жаһанда,
Ғаріптер де мелдектеп жүр мұң-шерге – зәһәрға.
Ісі – түзік, іші – өлі, түсі – сынық ғаріптің,
Жетім – өлік, тірілтіп жолын оның жарық қыл.
Белгілі-дүр Құдайға ғаріп ісі қашанда,
Есігіңді аш, төр көрсет ертелі-кеш нашарға.
Сыйпаттайын Әлиді – арыстанын Алланың,
Семсерімен кәпірді құрбандыққа шалғанын.
Қылды оларға дағуат* – құлды иманға келтіріп,
Исламның қуаты ол, әр заманда серті нық.
Мүмін болған құлдарды алып келген Әлі-Шер,
Дін-иманнан тұлдарды шауып келген Әлі-Шер.
Серт семсерін қолға алып, мінсе Әлі-Шер дүлдүлін,
Құты қашар кәпірдің, қайғы қылып тірлігін.
Жарқылдайды жарағы шақпақ ұрған білтеше,
Қырық кезге ұзарар зұлпықары – сілтесе.
Әзіреті Әлінің бар еді ұлы он сегіз,
Олар барда, мүміндер, түспеп еді еңсеңіз.
Исламның діні үшін Әли қанды жұтты-дүр,
Пайғамбардың ақ туын қолға бекем тұтты-дүр.
Құл Қожа Ахмет ғаріп боп, жүрегіне мұң батып,
Әулетіне Расулдің тұр, мінеки, тіл қатып.