2.2 Қазақ этнопедагогикасының атқаратын қызметтері Қазақ этнопедагогикасының атқаратын қызметтері мыналар:
Танымдық қызметі балаларға өз ұлтының рухани-мәдени қазынасын жаңа қырынан танып-білуге, әрбір тарихи кезеңдердегі дүниенің заттық-сезімдік құндылықтарын бағалауға, болмыстағы, қоғамдағы қарама-қайшылықтарды, оның даму үдерісін байқап, бағамдап, идеологиялық бағытын санамен ұғынуға көмектеседі.
Тәрбиелік қызметі қазақ халқының жеткіншек ұрпақты өмірге бейімдеп, болашағына бағыт-бағдар беруінен байқалады. Үлкендер әрдайым кейінгі ұрпаққа қоғамдағы өз міндетін жауапкершілікпен бұлжытпай орындауға, қажымай-талмай еңбек етуге көмектесіп, оларға қажетті білім, іскерлік, дағдыларды меңгертуді көздейді.
Дамытушылық қызметі оқушылардың халықтың рухани қазынасын меңгеруге қызығушылығын оятып, қажеттілігін дамытады, тілін ұстартып, ой әрекеттерін белсендіреді, сенсорлық және қозғалыс, эмоциялық-ерік және қажеттілік-мотивациялық қабілеттерінің дамуын ілгерілетеді.
Коммуникативтік қызметі ұлттық мәдени-рухани мұраның құнды идеяларын, өнеге тұтар дәстүрлерін түсінікті тілмен, логикалық жүйемен жеткізе білуге үйретеді.
Әлеуметтендіру қызметі жеткіншектердің өз ұлтының рухани-мәдени мұрасын сезіне білуін, өзінің ҚР азаматы екендігін саналы көзқараспен түсінуін қалыптастырады.
Ақпараттық қызметі ұлт мәдениетінің озық үлгілерін өзгелерге насихаттап жеткізу жұмысын атқарады. Жас ұрпақты тәрбиелеуде озық халықтық дәстүрлерді, мақал-мәтел, ертегі-аңыз, жұмбақ-жаңылтпаштарды қолдану тиімді. Халық педагогикасы құралдарын бұқаралық ақпарат құралдары, радио, теледидар хабарлары арқылы насихаттаудың маңызы зор.
2.3 Қазақ этнопедагогикасының негізгі қағидалары Қазақ ғалымдары әлемдік этнопедагогика ғылымының көп жылдық тәжірибесіне сүйене
отырып, қазақ этнопедагогикасының негізгі қағидаларын анықтады. Олар мыналар:
Әлемнің объективтілігі мен танымдылығы;
Даму және тарихилық;
Теория мен практиканың бірлігі;
Кешенділік, тұтастық және жүйелілік;
Ұлттық, мәдениеттілік, табиғилық;
Жас және жеке ерекшеліктерін ескеру;
Туыстық қатынастың басымдылығы;
Үлкендерді құрметтеушілік;
Этникалық пен әлеуметтіктің арақатынасының мақсаттылығы, т.б.
Бұл қағидалар кез-келген этностың бала тәрбиелеуде басшылыққа алатын қағидаларымен сабақтас екені анық. Осыған орай С.Қалиев жіктеген қазақ халық педагогикасының «сегіз қырлы, бір сырлы» кемел адам тәрбиелеудегі негізгі қағидаларын да атап көрсеткен орынды:
1. Тәрбиенің алғашқы қағидасы ата-ананың асыл арманымен, баладан күтер үмітімен үндесіп жатыр. Бұл алдымен ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді дарытып, ізгілікке, имандылыққа, адалдыққа тәрбиелеу, баланың ақылды, намысқой, арлы, өміршең азамат болуын тілеу. Дәлірек айтсақ, ұрпақты тәрбиелейтін халық мектебінің есігі сәбидің алғаш дүниеге келген күнінен бастап айқара ашылады. Жаңа туған жас баланы өнегелі үлкендерге ұқсасын деп ақылды ақсақалдарға аузына түкіртіп, азан шақыртып, атын қойғызады. «Ақылын, жасын берсін» деп қарияның шапанының етегіне орайды. Ұрпағы өскен қадірлі анаға кіндігін кестіреді, бесікке салдырады, қырқынан шығару ырымдарын жасатады, тұсауын кескізеді, үлкендерден бата алғызады. Сқйтіп, халқымыз «Жаным - арымның садағасы» деп, арды адамгершілік қасиеттің үлгісі санаған.
2. Гуманизм мен патриотизм - халықтық тәрбиенің басты қағидаларының бірі. «Отан - отбасынан басталады» деп ұққан ата-бабамыз отбасының, ананың, рудың, Отанның намысын қорғауды, қарттарға, ауру, кемтарларға көмектесуді, басқа ұлт өкілдерін сыйлауды отбасы тәрбиесінің өзекті принципі деп бағалаған. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Жақсы - көпке ортақ», «Халқын сүйген қор болмайды» деген өсиет сөздер бала тәрбиесінде өзекті орын алған.
3. Баланы жастайынан еңбексүйгіш, елгезек азамат етіп тәрбиелеу. Ол бесік жырларында, бата, тілек, терме өлеңдерде өзекті орын алған. Еңбек қағидаларын жастардың бойына сіңіру отбасындағы еңбектің қарапайым түрлерінен басталып, қоғамдық маңызды істермен ұштасқан. Ұл баланы қозы, лақ қайтаруға, отын-су әзірлеуге, мал өнімдерінен тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтар (қамшы, шідер, жүген, тері илеу, т.б.) жасауға әзірлеу, қора салу, зергерлік өнерге үйрету көзделсе, қыз балаларды үй сыпыру, шай қою, төсек жинау, ас пісіру, қонақ күтуге үйреткен.
4. Халық педагогикасында «Бірінші байлық - денсаулық» деген ұғым өзекті орын алған. «Дені саудың - жаны сау», «Ас - адамның арқауы», «Ауру - астан» деп, рухани, материалдық байлықтың негізін жеке бастың, яғни тәннің саулығына байланысты қарастырған. Баланы туған күнінен бастап тұзды сумен шомылдыру, маймен сылау, дене күтіміне ерекше мән беріп, шынықтыру, мерзімінде жақсы ас беріп тамақтандыру мен ұйықтаудың бәрі тән саулығы үшін жасалған әрекеттер. «Шынықсаң, шымыр боларсың» деп ой қорытқан ата-бабамыз ұлттық ойынға жаттықтырып үйрету (күрес, теңге алу т.б.) арқылы дене тәрбиесіне де баса көңіл бөлген.
5. Тіршіліктің тұтқасы, өмірдің шамшырағы өнер мен білім деп түсінген халқымыз жастарға «Өнерлі өлмейді», «Білегі жуан бірді жығады, білімі жуан мыңды жығады», «Білім - таусылмас кен, өнер - өлмес мұра» дегенді насихаттап, ертегі, мақал-мәтелдер, аңыз-әңгімелер ұсынған.
6. Адам өмірі мәңгі табиғат құшағында өтетін болғандықтан, ата-бабамыз өз ұрпағын ағаш бесіктен жер бесікке жеткенше табиғи ортаны аялауға, әсемдікке тәрбиелеп келген. Бұл туралы әлденеше жұмбақ, өлең, жыр, аңыздар шығарған. Мұның бәрі сайып келгенде «сегіз қырлы, бір сырлы», еңбексүйгіш, арлы азамат тәрбиелеуден туған халықтық қағидаға негізделген.