Этнопсихология– адамдар психикасының этникалық ерекшеліктерін, ұлттық мінезін, ұлттық сезімін, өзіндік санасын және т.б. зерттейтін ғылым.
Этноцентризм – (грек. - тайпа, топ, халық, орта). Адамның қоршаған ортаның нақтылығының құбылысын эталон ретінде қарастыруы, өзін этникалық қоғамдастықтың позициясымен бағалау мен қабылдауға бейімделуі.
Эстетика – (грек. aіsthetіkos – сезіну, сезімдік) адамның дүниені эстетикалық тұрғыдан ұғынып-түсіну заңдылықтары туралы, әсемдік заңдарын арқау еткен шығармашылықтың мәнісі мен формалары туралы ғылым.
ҚОРЫТЫНДЫ
Адамзат ес білгелі өз ұрпағын тәрбиелеумен келеді, ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Шыр етіп дүниеге келген күннен бастап тәрбиенің негізін қалаған халық ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген, бесіктегі балаға үн қатып, тілге тартқан. Бұл – тәрбиенің басы. Мұндай тәрбие халық педагогикасы болмақ. Халық педагогикасы – халықтың сан ғасырдан бері баланы бағып-қағып, өсіріп, өнегелі азамат етіп шығару жөніндегі жинақталған тәжірибесі. Олардың ізін халықтың бай ауыз әдебиетінен, тарихи жазба мұралар мен осы күнге дейін тұрмыс-тіршілігіміздің орын алып келе жатқан салт-дәстүрлерден табамыз.
Адамды жақсы ететін де, жаман ететін де – тәрбие. Сондықтан жеткіншек ұрпақ өз халқының рухани қазынасымен, ұлттық мәдениетімен, салт-дәстүрімен неғұрлым тереңірек сусындап өсуі керек. Тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудың бірден-бір жолы – халықтың педагогикасының мәні – еңбек, білім, дағды, адалдық пен адамгершілікті жас ұрпақ бойына дарыту. Халық педагогикасы қоғам дамуының (алғашқы қауымдық қоғамнан бастап) белгiлi сатыларынан өтiп, ғылыми педагогикалық дәрежеге жеткенше ұрпақ тәрбиесiнiң бастау бұлағы, педагогикалық құралы болып, тәрбие жүйесiнiң қызметiн атқарып келді. Осыдан ғылыми педагогика мен халықтық педагогиканың тәрбие тәсiлдерiндегi сабақтастығы, принциптiк-идеялық үндестiгi туындайды. Бүгiнгi әлемдiк аренаға жеткен ғылыми-педагогика халықтық педагогикадан бастау алып, оны ғылыми теориялар мен қағидалар тұрғысынан жан-жақты зерттеп, қарастырып, байытты, өз қажетiне жаратты. Осы қажеттiлiктен келiп, халықтың эмпирикалық тәжiрибесiне негiзделген ұрпақ тәрбиелеу тағылымдары — халықтық педагогиканы ой елегiнен өткiзiп зерттеп, тәрбие мен оқу iсiнiң өзектi құралы етудiң жолдарын және оның шығу, даму кезеңдерiн өзiндiк ерекшелiктерiн, басқа ғылымдармен байланысын зерттейтiн педагогиканың ғылыми бiр саласы этнопедагогика пайда болды.
Сонымен, этнопедагогика пәнін оқып үйренгеннен кейін келесідей тұжырым және қорытынды шығаруға болады:
Тәуелсіз Қазақстан жағдайында халықтың туған жер тарихын, тілін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білуге, тануға, сақтауға деген қызығушылығы арта түсті. Осы тұста ғасырлар бойы ата-баба тәлімімен жинақталып, уақытында дәстүрге енген халықтық педагогиканың өркендеуі мен оны оқып үйренудің танымдық және практикалық маңызы зор. Қазақстан этнопедагогикасының жалпы негіздерін талдау арқылы Қазақстан Республикасын мекендеген әрбір этностың дамуын жандандырып, этникалық мәдениетті шығармашылықпен байыту арқылы тұлғаның педагогикалық дүниетанымын, педагогикалық мәдениетін және жалпы кәсіби құзірттіліктерін қалыптастыруға болатындығы анықталды. Этнопедагогиканы өркендету үшін өзіндік білім беру, өзін-өзі тәрбиелеу, бірлесіп тәрбиелеу істеріне белсенді қатысудың маңызы зор. Сондықтан ХХІ ғасырда жас ұрпақты ұлы ойшылдардың ғибрат, нақыл сөздерінің астарына үңіле отырып, этнопедагогика ілімінің ғылыми негіздеріне сүйеніп тәрбиелеу қажет.