Ұлттық құндылық - жеке халықтың ұлттық бет-болмысын, ерекшелігін көрсететін мәдениеті, өнері, тілі. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері ұлттық құндылықтарымызды дамыту, жаңғырту бағытында келелі жұмыстар атқарылуда. Ғасырлар бойғы ата-бабамыз сақтап келген ұлттық жәдігерлерімізді ұрпақ тәрбиесіне пайдаланып, мақтану тұту аса маңызды.
Ұлттық мінез– халық тәжірибесінде тарихи қалыптасқан дағдылар мен әдеттердің жиынтығы, жалпы қасиеттер және сол халықтың ерекше қасиеттерінің бірлігі. Ұлттық мінез осы ұлтқа тән темпераменттік, психологиялық-рухани сапамен ерекшеленіп, көзге түседі.
Ұлттық ойындар –ежелгі заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын-сауық түрлері. Ұлттық ойындарды меңгеру барысында балалар мен жасөспірімдер әр түрлі жаттығулар жасау арқылы денесін шынықтырады, ой-өрісін дамытады.
Ұлттық сана-сезім- адамдардың туған жерге, өскен елге, ана тіліне, ұлттық салт-дәстүрге деген сүйіспеншілікті білдіруі.
Ұлттық талғам – халықтың ұлттық асханаға, табиғаттың қарапайым бейнесіне, адам аттары мен атауларының таралуына қатынасы.
Фольклор – халық шығармашылығы, яғни аңыздар, қиссалар, ертегілер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар және т.б. Ол нақты тарихи фактілер мен тұлғаларды бейнелеуге ғана арналмай, өткен тарихтың басты-басты мән-мазмұнын көркемдік бейнесі тұрғысынан білдіруге саяды. Фольклор – рухани мәдениеттің маңызды құрамдас бөлігі.
Халықтық педагогика- ұлттар мен ұлыстардың әлденеше ғасырға созылған ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерінің, мәдени ойлау процесінің эмпирикалық негіздегі озық үлгілерінің жиынтығы.
Халықтың педагогикалық мәдениеті – балаларды тәрбиелеумен тығыз байланысты халықтың материалдық және рухани мәдениетінің бір саласы. Ол бесік жырлары мен әндерінде, бала ойындары мен ойыншықтарында, бала киімдері мен еңбек құралдарында, бала тағамдары мен балаларға арналған фольклорда, балалардың дәстүрлі мейрамдары мен басқа да көптеген халық өмірінің басқа да элементтерінде көрініс табады.