5.3 Ертегілердегі педагогикалық идеялар Ертегі кейіпкерлерінің өмір сүру жолындағы, қарым-қатынас жасаудағы айла-тәсілдері балаларға ой салады, мақсат-мұратқа жетуге үйретеді. Ертегі баланы парасаттылық пен тапқырлыққа баулиды, онда балаларға үлгі, өнеге боларлық терең ой айтылады. Ертегілер балалардың талғамын күшейтіп, сөйлеу мәдениетін дамытып, ойын жүйелі жеткізе білуге үйретеді. Олай болса, ертегілерді педагогикалық идеялардың асыл қазынасы деуге толық негіз бар. Мұндағы басты педагогикалық идеялар мыналар: білімге, білуге талпыну; шындықтың күшін көрсету; отбасы тәрбиесінің маңыздылығын түсіндіру; ақылдың күшін көрсету; еңбексүйгіштікке, Отансүйгіштікке баулу. Ертегілерде балаларға ой салатын екі сипат бар. Біріншіден, олар кейіпкерлердің мінез-құлқындағы ерекшеліктерді, сырт бейнесін, сөз саптауын байқайды. Есту, тыңдау арқылы жаманнан жиреніп, жақсылыққа ұмтылуға тырысады. Екіншіден, ертегі кейіпкерлерінің мінез-құлқын салыстыра отырып, адамдар арасындағы қарым-қатынасты байқайды, қиын-қыстау кезде не нәрсені болса да, ақылға салып шешуге үйренеді. Осы айтылғандар негізінде ертегілерден педагогикалық идеяларды анық көруге болады.
Ертегілерде ең әділ, ең ақылды адам халық ортасынан шығады. Мұның ғажап үлгісі – Аяз би. Хан өзінің қырық уәзіріне адамның, құстың және шөптің жаманын тауып әкеліңдер дегенде, адамның жаманына Аяз би ілігеді. Бірақ оның жамандығы - ақылында емес, тұрмысында, кедейлігінде. Ақыры ол өз заманының нағыз зерек, ақылды адамы болып шығады. Меңсұлуға үйленіп, хан болады. Ол кісі хан болғанда да асып-таспайды, «Аяз әліңді біл» деп өзіне-өзі ақыл айтып отырады. Сондай ақылды да әділ адамға ханның қырық уәзірі қарсы болады. Олай болса, «Аяз би» ертегісіндегі басты педагогикалық идея - халықтың үстем тап адамдарын, олардың қараулығы мен ақылсыздығын әжуа етуі. «Екі жетім» ертегісінде өгей шешенің қиянаты, «Ұр, тоқпақ» ертегісінде ұрылардың өзі ұратын тоқпақтың астында қалғаны суреттеледі. «Ұрлық түбі - қорлық» деген ғибрат осыдан келіп шығады. «Жақсылық пен жамандық», «Үш ауыз сөз» ертегілері мінез, мораль тақырыптарына құрылған. «Жақсылық пен жамандық» ертегісінде Жамандық жаяу келе жатып, Жақсылықтың атын мініп, өзін жаяу қалдырып кетеді. Бірақ табиғатынан ақылды Жақсылық бай қызын иемдеп, мұратына жетсе, ақылсыз Жамандық қасқыр мен арыстанға жем болады. «Үш ауыз сөз» ертегісінде жас жігіт ақылды қарияға бір үйір жылқы беріп, «суын ішкен құдыққа түкірме», «оң қолың ұрысса, сол қолың арашашы болсын», «ертеңгі асты тастама» дейтін үш ауыз өсиет үйренеді. Бала елден кетіп, бір ханға қызметке тұрады. Оған хан әйелі ғашық болып, мазасын алады. Бала әйелдің дегеніне көнбеген соң, әйел баланы ханға жамандайды. Хан баланы ертеңгісін отжағарларға жұмсап: «Кім бұрын келсе, соны пешке тығып жіберіңдер» деп әмір береді.Таңертең қабын арқалап бара жатқан балаға бір кемпір жолығып, ертеңгі асты татып кет дейді. Сол екі арада баланы көргісі келіп пешханаға келген ханымды отжағарлар өртеп жібереді. Сөйтіп, бала бір өлімнен аман қалады, мұрат-мақсатына жетеді.
«The Cat booted» деп аталатын («Етік киген мысық») ағылшын ертегісінде мысық өз мақсатына жету үшін қарапайым, кінәсіз жандарды алдайды. Мұндай кейіпкерге ешқандай еліктеуге болмайды. Ертегідегі «stranger hands well to rake up a heat» деген мақал «Өзгелердің қолымен өз пайдасын жасағысы келетін адамдардан аулақ бол» дегенді меңзейді. Ал «Adventures of Jack the Giant-Killer» («Джек — алыптарды бағындырушы») ертегісіндегі Джек, жай шаруаның ұлы, адамжегіштермен күреске түскенде алғашқыда мақтаншақтық танытып, тек марапат туралы ойласа, ертегі соңында бостандық үшін күресетін нағыз халық батырына айналады. Ертегімен танысқан балаларды бас кейіпкердің батырлығы шабыттандырады, оның әрекетін жан-жақты талдап, дұрыс бағалауға үйренеді. Сол сияқты олар жақсылық пен жамандықты, өтірік пен шындықты, сүйіспеншілік пен жеккөрушілікті айыра біліп, жамандық атаулының ешқашан мұратқа жеткізбейтіндігін түсінеді. Орыс халқының бәрімізге бала кезден таныс «Қасқыр мен жеті лақ», «Қызыл телпек», «Теремок» сияқты ертегілерінің мақсаты балаларды бауырмалдық, мейірімділік, қамқорлық сияқты қасиеттерге тәрбиелеп, қиындықтан шыға білуге, зұлымдыққа қарсы тұруға, қарт кісілерге құрметпен қарап, үлкендердің тілін алуға, жаманнан жиреніп, жақсыдан жиренуге үйрету болып табылады.
Жалпы, барлық халықтарда ертегі жақсылықпен аяқталып, басты кейіпкер мұратына жетеді. Бұл бала тәрбиесіне игі ықпал ететін негізгі фактор. Балалар өмірде де, ертегі кейіпкерлері сияқты мақсаттарына жетуді армандайды. Барлық халық ертегілерінде тәлім-тәрбиеде ізгілікке жетелейтін сезімдер басты роль атқарады, сол себепті ертегі оқып, тыңдап өскен бала кейікерлерді өз туысындай, өзінің ең жақын адамындай жақсы көріп, еліктейді.
Ертегілердің тәрбиелік сипатын ұлы адамдар өмірінен анық байқауға болады. Мысалы, бала Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжаннан естіген ертегілері оның қиялын шарықтатып, шабыттандырғаны анық. «Ерте, ерте, ертеде», - деп әжесінің тізесіне сүйеніп, ертегі тыңдап өскен бала Абай кейін қазақ халқының ұлы ақыны, халық жанашыры дәрежесіне жеткені бәрімізге белгілі. Әжесі қашанда немересінің бетін қайтармай, ертегінің алуан түрін айтудан жалыққан емес. Бір таңдандыратыны, ертегіні күнделікті айтып отырғанымен, әжесі ешқашан бір ертегіні қайталамайтын.