2.4 Қазақстанда ХХ ғасырда этнопедагогиканың дамуы XX ғасырдың басында патшалы Ресейдегi саяси-әлеуметтiк жағдай шиеленiсіп, ел арасында толқу жиі орын ала бастады. Ресей империясының құрамында болып келген Қазақстанның зиялы қауымы да саяси-демократиялық қозғалыстарға белсене араласты. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Хәлел Досмұхамедов, Мұхтар Әуезов, т.б. қазақтың зиялы қауым өкiлдерi ұлттық сана-сезiм мен тәлiмдiк идеялардың көсемдерiне айналды. Қазан төңкерiсiне дейiн шыға бастаған “Дала уәлаяты” (1889-1902 ж.ж.), газетi, “Айқап” журналы мен “Қазақ” газетi (1911-1916 ж.ж.) және басқа басылымдар қазақ халқының ұлттық ерекшелiктерi, мүмкiндiктерi, мәдениетi, ғылымы, тарихы мен этнографиясы хақында аса маңызды ой-пiкiрлер жариялап отырды. Бұл орайда белгiлi қоғам қайраткерi, ғалым Ахмет Байтұрсынов “Қазақ” газетiнде былай деп жазады: «...қазақ жерiнде өндiрiс жоқ, шикiзатын сатады, ал сол шикiзаттан жасалған өнiмдi 2-3 есе қымбат түрде сатып алады. Бұл надандықтан келген кемшiлiк — бiлiм-ғылымнан қалыс қалушылық. Ал қалыс қалуға үлкен себеп қазақ жерiнде мектептер өте аз...»
1917 жылғы Қазан төңкерiсiнің нәтижесінде Кеңес Одағы империясының негiзi қаланды. Профессор С.Қалиұлы аталмыш кезеңді қазақ халық педагогикасы дамуының жетiншi кезеңі, яғни Кеңестiк дәуiрдегi ғылыми педагогиканың қалыптасу кезеңі (1920-1991 ж.ж. аралығы) деп атады. Бұл кезең қазақ халқының рухани, мәдени, экономикалық дамуына айтарлықтай ықпал еткенімен қатар, көлеңкелі тұстарымен де ерекшеленді. Кеңестік заманның жетістіктері туралы айтқанда, алдымен қазақ қоғамындағы күрделі проблемалардың бірі - сауатсыздықтың жойылғанын атап айту керек. Көптеген маңызды кәсiпорындар, электр станциялары, су жолы каналдары салынып, жұмысшылардың жағдайлары едәуiр жақсарды. Мектептер, бала-бақшалар және арнаулы орта, жоғары оқу орындары ашылды. Әлемдiк тәжiрибелерге негiзделген қазақтың ғылыми педагогика мен психология ғылымдарының негiзi қаланды. Ұзақ ғасырлардан берi келе жатқан халық педагогикасының қоғамдық өмiрдiң қажеттiлiгiне айналуына бағытталған туындылар, атап айтқанда, М.Жұмабаевтың “Педагогика”, А.Байтұрсыновтың “Оқу құралы”, “Сауат ашқыш”, “Тiл құралы”, “Ж. Аймауытовтың “Тәрбиеге жетекшi”, “Психология” атты оқулықтары, С.Көбеевтiң, Н.Құлжанованың, М.Әуезовтiң, М.Дулатовтың, Ш.Әлжановтың еңбектері жарық көрді.
А.Байтұрсынов (1873-1937 ж.ж.) – бүкіл саналы өмірін қазақ халқының бақытты ел болуына арнаған, сол жолда аянбай еңбек еткен қоғам қайраткері, ақын, аудармашы, ғалым-ағартушы. Ол - «Әліпби», «Тіл-құрал». «Әдебиет танытқыш» сияқты оқулықтардың авторы, 1913-1917 жылдары Орынборда шығып тұрған “Қазақ» газетінің редакторы. Аталмыш газет беттерінде мектеп, оқу-ағарту ісі, отырықшылық, ел билеу ісіне қатысты мәселелер көтерілді. Осы газет бетінде жарияланған «Оқу жайы» атты мақаласында А.Байтұрсынов былай дейді: «Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның бар байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші. Мұның себебі бұл заманда не нәрсе болмасын машинаға айналды. Адам баласын көкке құстай ұшырған, суда балықтай жүздірген – ғалым. Дүниенің бір шетінен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған да – ғалым», деп, өнер мен ғылымның жасампаздық күшін паш етеді де, қазақтың басқа жұрттан кем болмауы үшін оқу-білімге ден қоюын талап етеді. Ол оқытудың білімділік-танымдық жағымен бірге тәлімгерлік, тәрбиелік жағына да көңіл бөлді, әрбір оқытылатын тақырыптың білім берумен қатар, тәрбие беруін де талап етті.
М.Дулатов (1885-1935 ж.ж.) – ғалым-ағартушы, жазушы, қоғам қайраткері. Жазушының қаламынан туған «Бақытсыз Жамал» романы қазақтың тұңғыш романы болып табылады. Сондай-ақ ол «Есеп құралы», «Қирағат» оқулықтарының авторы. Ғалым оқыту әрекетіндегі тәрбиенің роліне ерекше көңіл бөле келе, «Туысынан қанша зерек болса, ғылымсыз-тәрбиесіз адам кемеліне жетпейді. Кімде кім өзінің табиғатында не нәрсеге шеберлігі барлығын сезініп, өз жолына түссе ғана көзге көрінеді», - дейді.
Ж.Аймауытов (1889-1931 ж.ж.) – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті өкілдерінің бірі, танымал ғалым-психолог, ақын. Ғалым шығармаларының ішінде «Тәрбиеге жетекші» еңбегінің орны ерекше. Бұл еңбегінде автор: «Адам мінезінің, ақыл-қайратының әр түрлі болуы – тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан... Адам баласының ұрлық істеуі, өтірік айтуы, кісі тонауы сияқты бұзақылықтар жасауы – тәрбиенің жетіспегендігінен», - дейді. Ғалым бала тәрбиесінде халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының белгілі бір мөлшерде әсер ететінін ғылыми түрде дәлелдеді. Ол: «Ойын-сауық, өлең-жырды естіп өскен елдің баласы өнерге бейім болады, діндар елдің баласы діншіл келеді. Жастайынан кемдік, жоқшылық, қағажу көріп өскен елдің баласы жасқаншақ, бұйығы болады», - деп, қоғамдық салт-сананың, әдет-ғұрыптың тәрбиеге тигізетін әсерін ерекше атап көрсетті.