Жас және жыныс ерекшеліктеріне байланысты талаптар.
Қазақ философиясында басқа халықтар сияқты, уақыт пен кеңістіктің байланысытуралы мәселе ерекше орын алады. Кеңістіктік қатынастар әлеуметтік өмірге, рухани әлемге тән. Адамдар қоғамындағы дүниеге дәстүрлі көзқарасын, сол қоғамның әлеуметтік жүйесін алып қарағанда олардың негізінде жатқан құндылықтардың белгілі бір кеңістіктік қатынастарды туғызғанын көруге болады. Түркілерде алдыңғы, артқы, оң, сол жақ олардың шығысқа қатысына байланысты. Барлық уақытта алдыңғы жақ – шығыс жақ. Яғни адамдардың әлеуметтік ой-санасында кеңістіктің құрылымы, ұйымдасуы олардың ең түпкі құндылықтарына бағынады. Әрбір ұрпақ аталарының ортатқан тәртібін, қағидаларын қасиет тұтады, оларды бұлжытпай қайталап, іске асырып отырады. Олар үшін аталар дәуірі - алтын ғасыр, ол өмірдің айнымас эталоны, үлгісі. Сондықтан жаңа қатынастар келіп, бұрынғылар ыдырап жатса да, келешек – кешегіге жақындау. Олай болса, адамдардың дамуы үшін уақыт кеңістік ролін атқарады, адам уақыт шеңберінде дамиды деген пікір қазақ философиясында маңызды роль атқарады.
Көшпелілікті дәстүр тұтқан қазақ халқы өзінің тұрмыс тіршілігіне арқау етіп, ең алдымен, уақыт пен кеңістікке қатысты таным-түсініктерін қалыптастыра білді. Өзі мекен еткен кеңістіктің қадір-қасиетін танып-білу, сол кеңістіктегі құбылыстарды уақытпен шендестіре зерделеуге машықтану – көшпелілер үшін өмір сүрудің кепілі. Ежелгі ата-бабаларымыз өздерін қоршаған кеңістікке қатысты уақыт межесін циклдік тұрғыда, яғни күн мен түн, қыс пен жаз, өмір мен өлім арасындағы сабақтастықты реттейтін өлшем ретінде қабылдаған. Қазақ фольклорында уақыт, кеңістік және ондағы жекеленген объектілер, яғни әлем бейнесі өзара байланысты, өзара біртұтастықта көрініс береді. Кеңістік ұғымына байланысты түсініктерді «Ер Төстіктегі» мына мысалдан көруге болады: «Ерназардың өзі бай болыпты. Қора толған қойлары болыпты. Өріс толған жылқылары болыпты». Мұнда қора кеңістікте орналасқан объект болса, «өріс толған қойлары» тіркесі тұтас кеңістікті өз тұрмыс-тіршілігіне оңтайлап, бөлшектеу мағынасында көрінеді. Жалпы, халықтың өзі тіршілік ететін кеңістігінен басқа таным-түсініктері «адам құлағы естімес, көз көрмес жақ», «адам аяғы жетпес жер» сияқты фразеологизмдерден көрінеді. Сондай-ақ уақыт пен кеңістікті көшпелі қазақ бір-бірінен ажыратпай, тұтастықта танып білуді дәстүр етіп, кеңістікке қатысты құбылыстарды уақыт аясында, ал уақытқа қатысты құбылыстарды кеңістік аясында қараған. Қазақтың «ат шаптырым» дегені отыз шақырым, «қозы көш» дегені он бес шақырым болса, «бие байлар уақыты» – таңертеңгі тоғызды, «үркер жанбасқа түскен уақыты» – азанның төрт сағат мөлшерін көрсетеді.
Халықтың шаруашылық өмірінде табиғат құбылыстарының мерзімділігін бақылаудың тәжірибелік маңызы зор болды. Көшпелі шаруашылық уақыт есебін білуді және табиғат құбылыстарының мерзімділігін түсінуді талап етті. Қазақ көптеген басқа халықтар сияқты табиғатты өзгертуге немесе оған үстемдік етуге тырыспаған. Керісінше, табиғатқа бейімделіп, онымен гармониялық қатынас орнатуды мақсат тұтқан. Қазақ философиясында табиғат жандандырылған, оған тіл біткен: күн жарқырайды, жұлдыздар жымияды, т.б. Жыл мезгілдерін сипаттауда «көктем туады», «жаз басталды» «күз түсті», «қыс келді», «көктем келді» деп сөйлеуі де – қазақтың табиғат құбылыстарын жіті зерттеп, түсінуі нәтижесінде туған пәлсапалық тұжымдамасы.
Қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан ырым-тыйымдар жүйесі халқымыздың өмірінде, салт-санасында, әдет-ғұрпында, тұрмыс-тіршілігінде кең көрініс тапқан. Олар - балалар мен жастарға «жирен жаман әдеттен» дегендей, жаман істерден сақтандырып, жақсылыққа еліктеу, бейімдеу мақсатынан шыққан және әлі күнге дейін сақталып келе жатқан тарихи, этномәдени, әлеуметтік мәні терең философиялық және педагогикалық ұғым. Тыйым сөздер арқылы үлкендер жастарды теріс мінез, орынсыз қимылдардан сақтандырып отырған. Мысалы, халық ұғымында тізені құшақтау – жалғыз қалудың, үлкеннің алдын кесу – әдепсіздіктің, қолды төбеге қою – ел-жұрттан безінудің, асты төгу – ысыраптың белгісі деп танылған, ондай ерсі істерге қатаң тыйым салған. Сондықтан тыйым сөздерді халқымыздың ұлттық болмысынан бөліп-жара қарауға болмайды. Зерттеушілер тыйым сөздерді қолданылуына қарай төмендегі топтарға жіктейді:
а) Тұрмыстық-шаруашылыққа байланысты: Нанды лақтырма, Сүтті төкпе, Тұзды баспа, Нан үстіне зат қойма, Дастарханды баспа, т.б. Тыйым сөздер арқылы халқымыздың дастархан әдебіне де ерекше назар аударғанын көруге болады. Сондай-ақ қазақ нанның құдіретін ерекше бағалап, нанды тастамайды, нанды теппейді, наннан аттап өтпейді, нанды бір қолмен жұлып жемейді деп ұлағат айтқан.
ә) Мәдени-гигиеналық мағынаны қалыптастыратын тыйымдар: Бас киіммен ойнама, Таңдайыңды қақпа, Басыңды шайқама, Жағыңды таянба, т.б.
б) Экологиялық тәрбие беретін тыйым сөздер: Көкті жұлма, Малды теппе, Құстың ұясын бұзба, Су шашып ойнама, т.б. Қазақ обал болады деп, егінді, шалғынды жерді бет алды шаптырмаған, «Ағын судың арамы жоқ» деп, суға дәрет сындыртпаған, «Судың да сұрауы бар» деп, ағынды суды бұзғызбаған. Құстар мен аңдарға жасаған рақымшылығын мынадай ұғымдардан білеміз: «Құстың қарғысына ұшырайсың» деп, құстардың ұясын бұздырмаған, «Бетіңе шұбар түседі» деп, жұмыртқасын жарғызбаған, «Аққу құс – киелі» деп, оны атуға тыйым салған, «Құты қашады» деп, малды басқа ұрғызбаған.
в) Әдеп мәдениетіне тәрбиелейтін тыйымдар: Үлкеннің алдын кеспе, Адамды айналма, Кемтар адамға күлме, Адамға қарап түкірме, Кісіге қару кезенбе, Анаға зекіме, азабын тартасың, т.б.
г) Баланы қауіптен сақтандыратын тыйымдар: Отпен ойнама, Пышақтың жүзін жалама, Оттан аттама, Түнде суға барма, Үйге жүгіріп келме, Отпен ойнама, Бесікті аяқпен теппе, Тілі шыға бастаған баланың киімін түнде далаға жаймайды, т.б. Мұндай тыйым сөздердің халықтың даналығы ретінде айтылу себебі ұлттың мистикалық ой қорытуларына байланысты деуге анық негіз бар. Жалпы алғанда, кез-келген тыйымның астарында жастарды күнделікті өмір сүру мәдениетіне үйрету жатыр.
Қазақтың халықтық пәлсапасының тағы бір маңызды элементі - халықтық астрономия. Ұшы-қиыры жоқ далада үнемі көшіп-қонып жүру оларды әлемнің төрт бұрышын жақсы бағдарлауға, жұлдыздарға қарап, жол табуға, жайылымдардың орналасуын дәл анықтауға үйретті. Сондықтан қазақ философиясында халықтық астрономияның маңызы ерекше.
«Астрономия» гректің aston – жұлдыз және nomos – заң сөздерінен алынған, ғарыштық денелердің құрылысы, дамуы және жалпы Ғалам туралы ғылым. Астрономия – адам баласының өмірлік қажеттіліктері негізінде пайда болған ежелгі ғылымдардың бірі. Шығыс халықтарында б.э.д. УІ ғасырдың өзінде-ақ алғашқы астрономиялық түсініктер болған. Ежелгі қазақ даласын мекендеген халық жұлдыздар мен шоқжұлдыздардың орны бойынша жыл мезгілдері мен жер тараптарын айыра білген. Іле өзенінің орта ағысындағы Малайсары адырының батыс тұсынан б.з.д. У ғасырда жарты сақина түріндегі тастардан қаланған қорған табылған. Орыс ғалымы П.И.Мариковскийдің зерттеуінше, батыс және шығыс тұстардағы екі қорған арасындағы тік сызық жазғы күн тоқырауы, солтүстік және шығыс қорғандар арасындағы тік сызық қысқы күн тоқырауы сәтіндегі көкжиектен көрініс бере бастаған Күн сәулесінің жолын көрсетеді. Орталық Қазақстандағы Толағай тауының маңындағы қорғанның оңтүстік және солтүстік үштағандарының ұшында қосымша үйілген тас қорғандар арқылы жыл мезгілдерінің басталуы, Ай мен жұлдыздардың тоғысулары анықталып отырған.
Аспан дүниесі, ондағы денелер, әсіресе, Күн, түркілердің айрықша қастерлеп, табынатын киелі нысандары. Аспан, Күн, адамдарды тудырған, оларға нұр шашып, өмірді үнемі жандандырып, жайнататын күш. Одан қымбат, одан құнды еш нәрсе жоқ. Қазақ аспан денелерінің қозғалысына таңдана қарап, өзінше ой түйген, көк аспанның сырын ашуға талпынған. Түнде жүріп келе жатқан жолаушы өзінің бағытын, уақыттың мезгілін жұлдыздар арқылы анықтаған. Қазақтың жол жүргенде басты бағдары болған жұлдыз – солтүстікте орналасқан Темірқазық жұлдызы болған. Қазақ жұлдыздарға қарап жыл мезгілін де анықтаған. Үркер жұлдызының жерге жақындауы – көктемнің жақындағанының белгісі, жаз шыға бастағанда Үркер жерге тіпті жақындап келіп, соңында көрінбей кететін болған. Осыдан кейін шілде айы басталады. Үркер қайта көріне бастаса, күз түскенінің белгісі. Қазақ таң ата туатын жазғы жұлдызды Шолпан деп атаған, Қыста малды кешкі Шолпан жұлдызына қарап қораға кіргізген. Олай болса, қазақтар ежелден аспан шырақтарының қозғалысын бақылап отырған.
Мұсылман әлемінде қолданылатын Ай фазаларының өзгерістеріне негізделген күнтізбені Ислам күнтізбесі немесе Ай күнтізбесі деп атайды. Араб түбегін мекендеген мекендеген тайпалар жиналып, ай күнтізбесіндегі ай аттарын бірауыздан мақұлдайды.Бұл күнтізбенің Күннің қозғалысына қатысы жоқ, ол тек Айға негізделген, һижраның бір жылы он екі айдан тұрады. Бір айдың мерзімі 29 тәулік 12 сағат 44 минут. Григориан күнтізбесіндегі жылдан һижра жылы он бір кем. Бұл туралы Құранда былай делінген: «Расында Аллаһ қасында көктер мен жерді жаратқалы Аллаһтың кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі құрметті айлар». Біздің дәуіріміздің 412-жылы қолданыла басталған бұл күнтізбені қазақ халқы да шебер пайдаланған. Астрономиялық таңбалар – астрономиялық әдебиеттер мен күнтізбеде қолданылатын шартты белгілер. Олар шоқжұлдыздардың, аспан денелерінің аттарын, ай және апта аттарын, аптадағы күн аттарын белгілеуде пайдаланылған.
Исламға дейінгі қазақ халқының рухани мәдениетінде тәңірлік сенім мен шаманизм айрықша орын алды. Аталмыш дінді алғаш зерттеушілер қатарында Ш.Уәлихановтың болғаны белгілі. Ол: «Шамандық дегеніміз – дүниені, әлемді сүю, табиғатқа деген шексіз махаббат және өлілердің рухын қастерлеу, аруағын ардақтау», - дейді. Шаманизм дінінің негізгі қағидасы бойынша, дүние түгелімен рухтардан тұрады. Жанды, жансыз дүниенің де рухтары бар. Академик Ғ.Есім: «Тәңірге сыйыну – сенім емес, дін емес, ол Адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікті мойындағандық», - дейді. Жалпы айтқанда, тәңірлік дін адамды өз іс-қимылына, әрекетіне, пиғыл-ниетіне есеп беріп отыруға үйретеді, ісі алға басып, жолы болса, қазақтар тәңір қолдады дейді, ал қате жасап, адасса, тәңірім, кешіре гөр дейді.
Қазақ философиясында адамның жас және жыныс ерекшеліктеріне байланысты қойылатын талаптардың маңызы зор. Ол туралы кейінгі бөлімдерде сөз болады.