3.3 Этникалық тәрбие - этникалық мәдениеттің бір бөлігі Мәдениет (арабтың қала, қалалық деген сөзінен) – табиғат объектісіндегі адамның әрекеті арқылы, адамның өз қолымен, ақыл-ойымен жасалатын өзгерістер. Мәдениет – тарихи құбылыс. Оның дәрежесі мен сипаты қоғамдық өмірдің жағдайларына байланысты өзгеріп отырады. Тарихи дәуірлердің алмасуы мәдениеттің мазмұны мен формаларына сөзсіз терең өзгерістер енгізеді. Мәдениет ұжымдық және жекелік іс-әрекеттерді жүзеге асыру құралдарының жүйесі ретінде материалдық және рухани мәдениет деп бөлінеді:
а) материалдық мәдениет – заттар, құралдар, киімдер, тағамдар, нысандар – үлгілері, қозғалу құралдары, құрылыстар мен құрылымдар, мәдени өсімдіктер және т.б.
б) рухани мәдениет - адамның санасында сақталған білім, адамгершілік, әдет-ғұрып, құқықтық нормалар; өнер мен халық шығармашылығы; діни наным-сенім мен басқа да ақпараттар.
Мәдениет – адамдықтың өлшемі, ол адамның қоғамдық мән есебінде дамуын сипаттайды. Мәдениет адаммен тікелей қатынаста өмір сүреді, сондықтан мәдениетті қоғамның материалдық және рухани байлығының жиынтығы деуге болады. Қоғамның материалдық дәрежесі жоғары болған сайын рухани өмірі де жоғары болмақ. Мәдениетті жалпы (барлық халыққа тән) және этникалық қабат деп бөлуге болады. Бұл қабаттар жекелік (ұжымдық, бұқаралық) және тұрақты (дәстүрлі) сипатқа ие. Бұл мәдениеттің күші сонымен бірге этникалық интеграцияны(осы этностардың бірігуі) және этникалық дифференциация (басқа этностардын ажыратылуы) қызметін орындайды.
Этникалық мәдениет белгілі бір халық, оның күнделікті тұрмыс тіршілігіне қатысты мәдениет элементтерінің жиынтығы болып табылады. Онда этникалық ерекшелік сақталады. Этникалық мәдениет белгілі бір тайпаға, ұлтқа, халыққа тән. Ол арқылы басқа халықтар этностың біртұтастығын, өзгешелігін және даралығын таниды. Этникалық мәдениетке белгілі бір этнос өкілдері қалдырған барлық заттай және рухани мәдениеттердің жиынтығын жатқызуға болады. Бұл мәдениеттің қалыптасуына табиғи орта, тіл, дін, этноним өзіндік әсерін тигізеді. Өз мәдениеті арқылы әрбір этникалық қауымдастық әлемдік өркениетке өзіндік үлесін қосады.
Этникалық тәрбие – ғасырлар бойы және біртіндеп жетілдіріп отырған этникалық мәдениеттің элементі. Этникалық тәрбие этникалық мәдениеттің барлық өкілдеріне сай келеді. Олай болса, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ ұлттық мәдениетінің қазақ жастарына ұлттық тәлім-берудегі маңызы ұшан-теңіз. Қазақ халқының мәдениетіндегі тәрбие мен оқыту ерекшеліктері оның ғасырлар бойы дамып, қалыптасқан ұлттық рухани болмысын көрсетеді. Ұлы ақын М.Жұмабаев: «Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, бала сол ұлттың тәрбиесімен тәрбиеленуі тиіс», - деп, ұлт тәрбиесінің бағытын көрсетіп берген. Қазақ халқы жақсылық, жамандық, достық, қастық, бәрі де жеке тұлғаның мәдени дәрежесіне байланысты деп көрсетеді. «Жақсының жаттығы жоқ», «Жақсыда кек жоқ, кектіде тек жоқ», «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді», «Жақсыны сыйласаң, есінен кетпейді, жаманды сыйласаң, есігіңнен кетпейді» деп, халық адамның жақсы болмағы мәдениеттілігінен деп түйіндейді. «Тура биде туған жоқ» сияқты мақал ел басқарушының әділетті, шыншыл болуы – нағыз мәдениеттілік екенін дәлелдей түссе, «Аққа құдай жақ», «Асты қорлама, астырады, адамды қорлама, састырады» деген мақал-мәтелдер арқылы халық адалдық, ақниеттілік, сыйластық мәдениеттілікті көрсететінін байқатады. «Өле жегенше, бөле же», «Өзі тоймастың, көзі тоймас» деп, халық ас ішу мәдениетінің мәні зор екенін дәлелдейді. «Таспен атқанды аспен ат» деп, сыйласым сияқты ұлт мәдениетінің әдептілік болмысын ас беру арқылы да орындап, ұлттық қонақ күту мәдениетінің өзі жеке тұлғаның бір-біріне ас беріп, сыйласуында жатқанын меңзейді. Тәрбие дүниетаныммен, өмір заңдылықтарымен тығыз байланысты. Кез-келген адам баласын сыйлап, оған жағдай жасау, сыбаға беру, қонақкәде сияқты рәсімдерді орындау, жетім-жесірге көмектесу – қазақи қонақжайлылықтың, яғни ұлттық мәдениеттің бір белгісі. Жеке тұлғаның «Жаным – арымның садағасы» деп, өз арын, ұлттық, адами намысты қорғай білуі, әрқашан алға талпынуы – кісілік мәдениеттің белгісі. Кісілік мәдениеттің сан алуан түрлері жеке тұлғаның ұлттық мәдениеттілік әрекеттерінің көрінісі болып табылады. Кісілік жеке тұлғаның ұлттық мәдениетті игеріп, кемелденгенін көрсетеді. Сондықтан ұлттық тәрбиеде халық жеке тұлғадан кісілік рәсімдердің дер кезінде орындалуын үнемі талап етіп отырады.
Сондай ұлттық мәдениеттің дәстүрдегі басты көрінісі сәлемдесу болып табылады. Сәлем – мәдениеттіліктің белгісі. Сәлемнің сәлемдесу, сәлем ету, сәлем беру сияқты түрлері өзінің жөн-жоралғылық ерекшеліктерімен сараланады. Қазақ келіні сәлем еткенде инабаттылық көрсетіп, үлкенге шынайы жылы шырай көрсетсе, оның мәдениеттілігін көрсетеді. Ұлттық мәдениеттің көрінісі отбасындағы сыйластықтан да көрінеді. Отбасындағы сыйластық мәдениеті, ең алдымен, ата-ананы сыйлаудан басталады. Мұнан кейінгі сыйластық мәдениетін ұлағатты ұстазға инабатты шәкірт бола білу деп түйеді. Шәкірт ұстаздан мәдениеттілікті үйренумен қатар, ұстазбен мәдениетті түрде қарым-қатынас жасай білуге міндетті. Қазақтың ұлттық дәстүріндегі рәсімдері ұлттық мәдениеттің айқын белгілері болып табылады. Ер намысы, қыз абыройы – қазақ халқының ұлттық тәрбиедегі мәдени мұралық белгілерін білдіретін тәрбиелік тіректері. Әрбір мәдениетті, білімді адам өзінің кәсіптік, дүниетанымдық деңгейін ұлттық мәдениетпен ұштастыра білуге міндетті. Мәдениетті болу үшін білімді болу – міндет. Кәсіптік-мұрагерлік мәдениет сақталған жерде дамыған дарынның мәдени жемістері көрінеді. Жеке тұлғаның таза жүруі, ар-ұятын сақтай білуі, сабырлылығы, қайырымдылығы, Отанды, ата-ананы ардақтауы – мәдениеттіліктің белгісі екені анық.