3.4 Қазақ этнопедагогикасының тәжірибесі Адамзат қоғамының әрбір даму кезеңі тәрбие ісінде тәжірибеге ғана негізделген жаңалықтармен толықтырылып отырылды. Уақыт ағымымен жекеленген тәжірибелік бөліктер халықтық тәрбиенің тұтас жүйесінің өзегіне айналды. Тәжірибелік тәрбие қызметі тәрбиенің халықтық қағидаларына сүйене отырып, ана тілі, халықтық материалдық және рухани мәдениет пен салт-дәстүр, әдеп-ғұрып негізінде жүзеге асырылды.
Қай заманда, қандай қоғамда болсын, адамзат алдында тұрған зор міндеттердің бірі – болашақ ұрпағын тәрбиелеу. Басқа халықтар сияқты, қазақ елінің де ұрпақ тәрбиелеуде мол тәжірибесі, жиған-тергені, озық ойлары мен өзіндік ерекшеліктері бар. Мыңдаған және жүздеген жылдар бұрын пайда болған халықтық педагогикалық ескерткіштерде оқыту мен тәрбиелеудің белгілі бір жолдары мен тәсілдері, тіпті өте карапайым тұжырымдалған болса да педагогикалық талаптар бар. Оларда халықтың педагогикалық тәжірибесінің алдыңғы қатарлы мәдениетшіл тұстары, атап айтқанда, балаларды еңбекке дағдылаңдыру, балалар ортасының "моральдық кодексі", жастардың эстетикалық идеалдары, басты ұғым - тәрбие туралы халықтық түсінік, тәртіпке үйрету әдістері және т.б. сақталған.
Бұл өз кезегінде халық педагогикасының рухани өмірдегі орны мен ролін түсінуге, оның мазмұны, құрылымы, тәрбиелік міндеттері, құралдары және т.б. туралы құндылығын жоймаған тәрбие тәжірибесін көрсетуге мүмкіндік береді. Осындай мол мұраның «дәнегін мәпелеп екпейінше», жастарды ізгілік пен парасаттылықты тәрбиелеу мүмкін емес. Халық педагогикасы қоғам дамуының барлық сатыларынан өтіп, тәжірибеде жүйеленіп, «қазақ этнопедагогикасы» деген ғылыми дәрежеге жеткенше ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі, алтын діңгегі болып келгені даусыз. Халықтың тәрбие тәжірибесін теориялық тұрғыдан байыптау, өткеннің педагогикалық мұрасындағы ұнамды мен озық идеяларды сұрыптау және оны жеткіншек ұрпаққа тәрбие берудің қазіргі жағдайында қолдану мәселелері бүгінгі қазақ этнопедагогикасының алдында тұрған басты міндеттер. Мұндай бағыттылық этнопедагогикалық зерттеулердің өзектілігін аша түседі.
Этнопедагогика тәжірибесінің мақсаты – этнос субъектісін биоәлеуметтік тұтас жүйе тұрғысынан тәрбиелеу. Қазақ этнопедагогикасы тәжірибесінің пәні: 1 Қазақтың халық педагогикасының балалар тәрбиелеудегі негізгі талаптары,
2 Қыз бала мен ұл бала тәрбиесінің ерекшеліктері;
3 Туысқандық, рулық қатынас нормалары;
4 Әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер жүйесі;
5 Тыңдау, тиым салу және бата беру заңдары;
6 Қазақтың ұлттық әдебі.
Көздері: 1 Ауызекі халық шығармашылығы материалдары,
2 Сәндік – қолданбалы өнер материалдары,
3 Сәулеттік ескерткіштер мен өнер,
4 Мәдени орталықтардың іс-әрекеттері және т.б.
Тәрбие тәжірибесіндегі негізгі әдістер: түсіндіру, үлгі-өнеге, реніш білдіру, сенім, іс-әрекетке қызықтыру, талқылау, үйрету, қолдау, үйрену, мадақтау, тыйым салу, кеңес беру, бата беру, жазалау, тілек білдіру, көңілі толмау, ғибрат айту, тұспалдау, сөгіс, алғыс білдіру.
Қорыта айтқанда, «Әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті және әрбір ұлттың баласы өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті», - деген М.Жұмабаевтың сөзі қазақ халық педагогикасы мен этнопедагогикасы тәжірибесінің сабақтастығын айқындай түседі.