Қазақстан халқының этномәдени қызығушылықтарын арттыру
Қазіргі кезде әлемдегі ұлттар мен ұлыстар екі жүзден астам мемлекетке біріккен. Олардың көпшілігі бір ұлтты емес, көп ұлтты болып табылады. Әлем мемлекеттерінің этностық құрамы, мәдениеті, өмір салты бойынша әркелкі бола бастауы шаруашылық пен қоғамдық өмірдің интернационалдандырылуының, халықаралық және ішкі мемлекеттік көші-қонның өсуі мен аралас некенің артуының нәтижесі болып табылады. Бұл заңды құбылыс болып табылғанымен, өкінішке орай, көп жағдайда ұлтаралық шиеленістердің күшеюіне алып келуде. Соған байланысты ұлтаралық келісім мен татулық қазіргі таңда әлемдегі көкейкесті мәселенің бірі болып отыр. Осындай этносаралық қатынастарды реттеуде мемлекеттің ішкі саясаты мени халықаралық ұйымдардың ролі зор. Мысалы, ұлтаралық қатынастар мәселесін шешуде Австрия мемлекетінде – аз ұлттар ісі жөніндегі федералды министрлік; Данияда – Герландияның ісі жөніндегі министрлік (министрлер кеңесі); Италияда – облыстар ісі жөніндегі; Финляндияда – саамдар мен цыгандар істері жөніндегі кеңес сияқты мемлекеттік мекемелер тұрақты жұмыс істеп келеді. Ал халықаралық ұйымдар қатарына БҰҰ, ЕЫҚУ, т.б. жатқызуға болады.
Біріккен Ұлттар Ұйымы – екінші дүниежүзілік соғыстан кейін (1945 ж.) КСРО, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания мемлекеттерінің белсенділік танытуымен антигитлерлік коалицияға мүше мемлекеттердің ұсынысымен құрылған егемен мемлекеттерден тұратын халықаралық ұйым. БҰҰ өз қызметінде бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, ұлттар арасындағы достық қатынастарды дамыту, адам құқығын құрметтеу сияқты мақсаттарды көздейді.
Көпұлтты мемлекеттің маңызды міндеті – ұлтаралық қатынастарды оптимизациялау, халықаралық қатынастар субъектілерінің өзара әрекет етуінің ең қолайлы нұсқаларын іздестіру және жүзеге асыру болып табылады. Қоғамдағы ұлтаралық келісім мен татулыққа ықпал ететін негізгі факторлардың бірі – тілдік жағдаят. Тілдік жағдаят – бір тілдің немесе бір әлеуметтік-аумақтық ортада қызмет ететін тілдік формалардың белгілі географиялық аймақ, болмаса саяси-әкімшілік құрылым шегінде өмір сүру формасының жиынтығы. Мысалы, Исландияда бір тілде сөйлейтіндіктен, одағы тілщдік жағдаят бір тілге байланысты. Алайда мұндай жағдай қазіргі кезде өте сирек кездеседі, көп ретте мемлекеттерде тілдік жағдаяттың көп компонентті болуы орын алған. Мысалы, Бельгияда француз және нидерланд тілдері тең дәрежеде қызмет етеді. Тілдік жағдаятқа байланысты бұрынғы Кеңес Одағындағы ұлттық республикаларда билингвизм қалыптасқан.
Тілдік жағдаятты қалыптастыруда мемлекеттік тіл мәртебесінің маңызы зор. Мемлекеттік тіл мәселесі әр елдің Конституциясында бекітілген, саяси-құқықтық қасиеті бар, көп ретте сол мемлекеттің негізін құраушы халықтың тіліне беріледі. Алайда кейбір біраз уақыт бойы басқа елдің отарында болған мемлекеттерде отарлаушы елдің тілі мемлекеттік тіл болып бекітілген. Мысалы, Үндістанда мемлекеттік тіл – ағылшын, Марокко, Алжирде – француз тілі болып табылады. Сол сияқты кейбір мемлекеттерде «мемлекеттік» мәртебесі бір тілге емес, бірнеше тілдерге берілген. Атап айтсақ, Швейцарияда – 4 тіл, Сингапурда – 5 тіл осындай мәртебеге ие. Мемлекеттік тіл әрқашан мемлекеттің қорғауынщда және қамқорлығында болады және мемлекет оны дамытуға мүдделі. Сондықтан мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жасалып, оларды жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізіле бермек. Кез келген зайырлы қоғамда белгілі бір тілге мемлекеттік мәртебе беру басқа тілдерге қысым көрсету болып табылмайды. Әлемдегі қазіргі кездегі демократиялық көпұлтты мемлекеттердің дамуына зер салып қарасақ, онда олардың барлығының қоғамдағы ұлты әртүрлі адамдардың бірлесіп, өмірдің әртүрлі салаларындағы демократиялық тетіктерді нығайту мен полиэтникалылықтың сақталуының және ұдайы өндірілуінің арасындағы қарама қайшылықтарды үнемі шешіп отырудың қиын жолдарынан өткендігін байқаймыз.
1991 жылы өз тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Респубикасында бүгінгі таңда жүз отыздан астам ұлт (этностар мен этникалық топтар) өкілдері тұрады. Республика халқының жалпы санында ең көп үлес салмақты қазақтар – 58,9% және орыстар 25,9% алып отыр. Басқа этностар мен этникалық топтар үлесіне республика халқының 15,2% тиесілі болып табылады. Осындай жағдайда тіл саясаты Қазақстандағы ұлт саясатының маңызды тармақтарының бірі болып табылады. Қазіргі кезде көп ұлтты мемлекетіміздің алдында тұрған ұлы міндет, біріншіден, біртұтас білім кеңістігін қалыптастыру болса, екіншіден, халықтық педагогика тәжірибесін тәрбие үрдісінде пайдалана отырып, жеткіншектерге ұлттық тәрбие беру. Қазақстан Республикасының бүгінгі таңда жүргізіп отырған тіл саясаты, ең алдымен, елдің әлеуметтік-саяси тұрақтылығына, қоғамдағы ұлтаралық, этносаралық келісімдерді нығайтуға бағытталған. Себебі әр ұлттың тілі мен мәдениеті, даму жағдайлары белгілі бір мөлшерде халықтар арасындағы қарым-қатынастарға әсерін тигізеді. Сонымен қатар қоғамдағы демократияландыруды одан әрі тереңдету, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғам қалыптастырудың басты проблемаларын шешу – кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Осы даму жағдайларының барлығында да, ең алдымен Қазақстан халқының біртұтастығының сақталуы, әр ұлттың өзінің жеке мүдделерімен қатар жалпыұлттық, мемлекеттік мүдделерді де естен шығармау қажет. «Біздің ортақ Отанымыз – Қазақстанның қазіргідей қарыштап дамып отырғаны – елімізді мекендеуші барлық этностардың ынтымағы мен бірлігінің арқасы. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге шығаратын да біздің осы қоғамдық татулығымыз. «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады» дейтін даналықтың шындығына бүгінде бәріміздің көзіміз жетіп отыр», - деп, Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, бүгінде мемлекетімізде ұлттар достығы берік сақталып отыр. Біздің еліміздің жүргізіп отырған ұлт саясаты өзінің бағыт-бағдары бойынша демократиялық және келісімшілік, прогрессивті және жасампаздық сипатымен ерекшеленіп келеді. Қазақстан халқының діліне, тіліне қарамай, іштей біртұтас қоғамдық құрылым болып топтасу үрдісінің табысты болуы, оның болашағы – дүниетанымдағы құндылықтар векторының және оның бағдарының ұтымды таңдалуына, өрбуіне байланысты. Әрине, этносаралық келісім кез келген қоғамдық ортада толеранттылық, яғни төзімділік принципіне сүйенсе ғана, өзінің орнықты және үйлесімді қалыбын танытатыны белгілі.
Толеранттық – көп конфессиялы және көп ұлтты мемлекеттің үйлесімді дамуының маңызды шарттарының бірі. 1995 жылы қарашада ЮНЕСКО-ның бас конференциясының шешімімен Толеранттық ұстанымдарының Декларациясы бекітілді. Бұл құжатта «толеранттық» ұғымына төмендегідей түсініктеме берілген: 1) әлемнің бай мәдениеттерін, өзін-өзі көрсетуін, жеке адамның қасиеттерінің көрініс табуын дұрыс түсініп, қабылдап, құрметтеу; 2) наным-сенімдерден, ақиқатты шексіздендіруден бас тарту және халықаралық құқықтық актілерде бекітілген адам құқы саласындағы ережелерді бекіту». Олай болса, толеранттық – қоғамның жалпы және саяси мәдениеті деңгейінің көрсеткіші.
Сол елді мекендеуші барлық этностардың этникалық және мәдени теңдігін сақтау стратегиясы көпұлтты қоғамдағы неғұрлым табысты стратегия болып табылады. Бүгінгі таңда өркениеттің дамуына мәдениеттер мен діндердің диалогы ғана жағдай туғызатынын уақыт дәлелдеп отыр. Ал ұлтаралық қатынастар тұрғысынан алғанда мемлекеттің саяси тұрақтылығы ұлтаралық қатынастардың басты принципіне айналуға тиіс этникалық толеранттылыққа негізделеді.
Жалпыұлттық бірлік үшін этникалық мәдениетті қайта қалпына келтіру және дамыту, этномәдени сәйкестілікті сақтау төмендегі міндеттерді атқаратын білім беру жүйесі арқылы өтеді:
Саралау – адамның, этникалық топтың ұлттық-мәдени қажеттіліктерін айқындау;
Ықпалдастыру – мәдениеттің өзара әрекеттесуін, өзара сіңісуін, өзара байытуын қамтамасыз ету, тұлғаны әлемдік және ұлттық мәдениет жүйесіне ықпалдастыру.
Қазақстанда жалпыұлттық бірлікті сақтап, этникалық мәдениетті дамытуға ерекше үлес қосып отырған ұйымҚазақстан халқы Ассамблеясы болып табылады.