Жазықова М.Қ. Этнопедагогика



бет59/97
Дата27.11.2023
өлшемі497,09 Kb.
#128670
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   97
Байланысты:
Этнопедагогика Оқу құралы - соңғы

«Фольклор» - ағылшын сөзі, «халық даналығы» деген мағынаны білдіреді. Оған халық музыкасы, биі, театры, әдебиеті, қолөнері, салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдары жатады. Фольклор – көп заманның, бірнеше дәуірдің, әр түрлі қоғамның жемісі, сондықтан ол көпқатпарлы, көпсатылы, көпмағыналы, көпқырлы. Сондықтан фольклорды ежелгі дүниетаным мен көне мәдениеттің бізге жеткен мұрасы деуге толық негіз бар. Сонау сақтар заманында туып, кейінгі дәуірлерге жеткен фольклорлық шығармалар миф түрінде, аңыз ретінде бізге жетіп отыр. Олардың сюжеттері кейінгі уақытта туған жырлар мен ертегілерде, аңыздарда көрініс тапқан. Қазақ халқының мəдени жəне рухани байлығын игеруде фольклордың орны ерекше. Өйткені ол жастарға дəстүрлі дүниетанымды түсінуге мүмкіндік беретін халық даналығының қайнар көзі. «Фольклордың қай туындысын алсақ та, ғибрат айтарлық, жөн-жоба мен үлгі-өнеге көрсетерлік қасиеті мол. Мұның бəрі де халық пікірі, келешек ұрпақты тəрбиелеудің эстетикалық құралы деп тануды қажет етеді. Өйткені көркемдіктен лəззат алу, əсемдік пен сұлулықты ардақтау, озық мəдениетке бастап, жамандықтан жирендіріп отыру - халықтың талап-талғамының жемісі, сыншылдық көзқарасының нышандары»,- деп, ғалым Т.Кəкішов фольклор жанрларының жастар тəрбиесіндегі маңызын ашып көрсетеді. Қазақ фольклорының өзіне тəн ерекшелігі - айналасындағы бай мұраның əсемдігі мен əсерлілігін түсінікті етіп жеткізе отырып, қоршаған дүниеге, салт-дəстүрге, ой-қиялын дамытуға əсер ететіндей негізгі тəрбие құралы болуында. Саралап келгенде, қазақ фольклоры жанрларындағы табиғат, қоғам, өнер, өмір жайлы ұғымдар мен түсініктер мазмұны жағынан өрістей келе, халықтық асыл қазынаға айналып, ұлттық санаға тереңдей енді. Ата-бабаларымыз күнделікті тұрмысқа қажетті қарапайым нəрседен бастап, күрделі əлемдік құбылысқа дейінгілерді шығармашылық пен ертегіге, аңыз əңгімеге, эпостық жырларға, мақал-мəтел мен жұмбақтарға жəне ауыз əдебиеті жанр түрлеріне қосып, өз ұрпағын адамгершілікке, азаматтыққа тəрбиелеумен қатар тылсым дүниенің əсемдік сырын бейімдеген. Халқымыздың небір суырып салма ақындары мен қайраткерлері аузынан шыққан неше түрлі шешендік сөздер де халықтық білімнің бастаулары болып табылады.
Шешендік – қазақ елінің көнеден келе жатқан дәстүрлі тіл өнері. Ол – сирек ұшырасатын қасиет. Шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр қисынға құрылады. Шешендік өнер мен билік қолма-қол туып, айтылатын, суырыпсалма, әділ сөздерге негізделген шығармашылық сипатымен дараланады. Асыл ойдың алтын қазығы болған шешен-билердің халық жадында сақталып келген дана ойлары келешек ұрпақ үшін әрқашан тәрбие мектебі болған. Елді ерлікке, бірлікке шақыруда, халық тарихын байыппен саралап, бүгінгі ұрпақ санасына жеткізуде шешендік сөздердің маңызы ерекше. Халқымыз: «Сөз қадірін білмесең, өз қадіріңді білмейсің», «Сөз сүйектен қтеді», «Шешеннің тілі қылыштан өткір, қылдан нәзік» деп, сөз өнерін ерекше тани білген. Шешендік өнер – ғасырдан ғасырға ұласып, халық игілігіне жарап келе жатқан ұлттық мұрамыздың бірі. Қысқа да нұсқа, бейнелі, мағынасы терең, қисынға құрылған бұл сөздер тыңдаушының көңілінен шығып, оны сөзсіз иландырады.
Қазақтың шешендік сөз тарихы Майқы би мен Аяз билерден басталып (ХІІ-ХІІІ ғғ.), Жиренше шешен, Асан қайғы (ХІУ-ХУ ғғ.) есімдерімен қатысты қалыптасып, өркендей түсті. Шалкиіз, Бұқар, Шортанбай, Дулат, Мұрат, Төле, Қазыбек, Әйтекелермен жалғасты. Шешендік өнерінің кеңінен дамып, бекіген кезеңі – ХУ-ХУІІІ ғғ. Бұл кез қазақ халқының жоңғар, қалмақ, қытай басқыншыларына қарсы тұрып, өз тәуелсіздігін қорғау жолындағы күрес жылдары еді. Шешендік сөздердің кең қанат жайып, дамуында тапқырлық пен шешендіктің тамаша нұсқалары – жыраулар толғаулары мен айтыстардың орны ерекше. Шешендік сөздер нұсқаларын жинаған академик В.В.Радлов (ХІХ ғ.): «Қазақтар ... мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауызекі сөйлеп отырғанның өзінде сөйлеген сөздер ұйқаспен, ырғақпен келетіндігі соншалық, бейне бір өлең екен деп таң қаласың», - деп көрсете отырып, әсіресе, қазақ тілінің тазалығы мен табиғилылығын дұрыс аңғарып, қазақтардың сөзге тапқырлығы мен шешендігі өзіне ерекше әсер еткенін жазған.
Шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр логикаға құрылады. Шешеннің негізгі құралы – сөз. Ол тыңдаушының жүрегіне жетіп, ерекше сезімге бөлеуі керек. Бұл туралы Бөлтірік шешен: «Сөзден тәтті нәрсе жоқ, сөзден ащы нәрсе жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылыңды, сөзіңді ақылсыз қор етпе, кімге, қай кезде, қай жерде, қалай сөйлейтініңді біл», - деп толғайды. «Қалауын тапса қар жанады» дегендей, қазақ не айтса да қисынын тауып айтуға тырысқан. Сөзге мән берген. Сөзіне қарай кісіге құрмет көрсеткен. Олай болса, шешендік өнер – көрген-білгенді көңілге қондырып, көп ізденудің арқасында, жалықпай жаттығу арқылы жетілетін өнер. Сөз өнерінің қиындығын Бұқар жырау былай бейнелеген:
«...Көш бастау қиын емес, қонатын жерде су бар,
Қол бастау қиын емес, шабатын жерде жау бар.
Шаршы топта сөз бастау қиын – шешімін таппас дау бар».


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет