Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар:
«Этномәдени білім беру» ұғымын түсіндіріңіз.
Этномәдени білім беруді енгізудің негізгі қағидалары қандай?
Қазақстан халқының этномәдени қызығушылықтарын арттыруда атқарылатын шаралар туралы айтыңыз.
Көптілділіктің негізгі көрсеткіштерін атаңыз.
Көптілді тұлғаны тәрбиелеудің қажеттілігін түсіндіріңіз.
5. Қазақ этнопедагогикасының мазмұны
5.1 Толымды тұлғаны тәрбиелеу
5.2 Қазақ этнопедагогикасындағы тәрбиенің мазмұны
5.3 Қазақ халық педагогикасындағы отбасы тәрбиесі
5.4 Қазақтың халық педагогикасында тәрбиеленушінің жас және жеке ерекшеліктерін ескеру
Негізгі ұғымдар: толымды тұлға, сыртқы келбет, сөйлеу сапасы, Адам идеалы, отбасы тәрбиесі, халықтық білім, этнопедагогикалық мәдениет, халықтық өнер, фольклор, үш жұрт.
5.1 Толымды тұлғаны тәрбиелеу мәселесі
Қай заманда болмасын, заманына қарай жеке тұлғаның болмысын қалыптастыру туралы ойлар мен пікірлер көпшілікті толғандырып келді. Жеке тұлғаны қалыптастырудағы кемелділік, мінсіз адам бейнесі тәрбиенің ең жоғары көрсеткіші ретінде қабылданып, қоғамда жауапты міндеттерді атқаруға лайық деп танылған. Бүгінгі таңда қоғамның ең жоғары құндылығы – Адам. Қазақстан Республикасында жүріп жатқан экономикалық, әлеуметтік, демократиялық өзгерістердің бәрі адам үшін, оның қайта түлеуі және игілігі үшін жасалуда. Міне, осы орайда ұлттық салт-дәстүрімізді білу, өзімізді-өзіміз танып, өзгелерге таныту бүгінгі қоғам сұранысына лайық ұлттық қасиет сапалары жоғары, ғасырлар бойы жалғасқан мол халықтық мұраны өз бойына сіңірген кемелденген толымды адам тәрбиелеу мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр.
Толымды кемелденген тұлға дегеніміз – білімді де білікті, бірнеше тілді меңгерген, өзгемен араласуға, яғни қарым-қатынас жасауға икемді, еңбек етіп, өзін ұдайы жетілдіріп отыруға ұмтылысы бар, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды қадірлейтін, өзін-өзі көтере алатын, адамгершілік қасиет-сапалары дамыған, ұлттық салт-дәстүрді, өз ұлтының тарихын меңгерген, іскерлігі, тәрбиелігі тоғысқан әмбебап адам. Тарихымызды педагогикалық тұрғыдан таразыласақ, толымды адам тәрбиесі ұлы ғұламалардың еңбектерінде әр қырынан зерттеліп отырғаны мәлім. Осы тұрғыда Абайдың кемелденген толымды адам туралы, оның жан дүниесі туралы айтқан пікірлерінің маңызы зор. Ол адамның мінез-құлқын, адамгершілік ізгі қасиеттерін тәрбиелеуді өмір бойы басты идея етіп ұстап, кісілік тұрғыдан жетілдіру қажеттігін айқындаған. Осы тұрғыдан келгенде Абай өзінің бүкіл шығармашылығын жастарға «адам бол», «қатарыңнан қалма» деген философиялық, педагогикалық, психологиялық көзқарасы арқылы жеткізген. Ұлы ақынның «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген сөзі толымды адамның адамшылығының алды ар, ақыл, мінез екенін көрсетеді. Абайдың айтуынша, адамгершілігі мол адам батыл, ержүрек болуға, қорқыныш дегенді білмеуге, оқу-білім, ғылым негіздерін меңгеріп, алдына қойған мақсатына жетуге талапты болуы керек. Кемел адамның маңызды бір мүмкіндігі – өзі мен айналадағы дүниені өзгертуге бейімделгенінде. Абай кемеліне жеткен, толымды адам ол - «сегіз қырлы, бір сырлы сарбаз адам», «толық адам» дей отырып, «Адам деген даңқым бар» деген ұранды алға тартады. Адам болуға талпынған жас ұрпақтың алғашқы қадамы неден басталуы керек дегенге: «Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» деп жауап береді. Немесе: «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,
Жылатқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылы, талапты, білсең керек,
Бұл қайраттан шығады білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден ерек», - деп, толымды, кемелденген адам үлгісін ұсынады. Адамның толымды, адамшылық жағын көре білу және дамыту ақылды, білімді адамды жоғары бағалау, өмірінің аяғына дейін адам болып, дұрыс қартаю, өз халқына қажымай-талмай қызмет ету, бүкіл адамзатты сүю және құрметтеу бүгінгі таңдағы басты мәселенің біріне айналуда.
Толымды тұлға мәселесі ұлттық мінез ерекшеліктерімен тығыз байланысты. Ол қоғамдық, рухани, экономикалық, саяси жағдайларға сәйкес қалыптасады. Толымды тұлға ұлттық сананың деңгейін айқындайды және қоғамдық жағдайлардың ықпалымен өзгереді. Оның дамуына өмір салтының және практикалық іс-әрекеттің ықпалы зор. Жан-жақты жарасымды дамыған, көркіне ақылы сай, адамгершілігі мол жігіттің сұлтаны мен асыл ару тәрбиелеу - халық арманы.
Қазақ қырандай епті, арыстандай айбатты, түйедей төзімді толымды жігітті жігіттің сұлтаны дей отырып, оның бойында жомарттық пен шаруақорлық, ақылдылық пен шеберлік, күштілік пен шыдамдылық, адалдық пен әділеттілік қасиеттерінің болуын армандаған. Ер азаматты батырлық, жаужүректік қасиеттерге баулуда қазақтың ежелден қалыптасқан дәстүрлерінің арғы түбінде батырлық қиссалар мен ертегі-аңыздар жатыр. Мысалы, батырлық жырлардағы Алпамыс, Қобыланды, ер Тарғын, Қамбар сынды батырлардың елі мен жері үшін шайқастағы қаһармандық ерліктері халқымыздың, елдің болашағына және өзінің күш-қуатына деген сенімін арттырып отырған. Қаһармандық бейнелер бойында ұлтжандылық, батырлық, қайырымдылық, әділдік сынды құндылықтар айшықталған. Әрбір ер азамат үшін Отанын қорғау – қасиетті борыш. Жырларда батырлар ел-жұртын, дінін қорғау үшін аянбай соғысқан. Қаһармандық жырлар жас ұрпақты ерлікке, қайырымдылыққа, әділдікке, намыстылыққа тәрбиеледі. Сонау 1986 жылғы қаһарлы желтоқсан оқиғасында қазақ жігіттерінің арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты мінез көрсетуі қаһармандық жырлардан бастау алғаны анық.
Қорыта айтқанда, «Ұлға отыз үйден тыйым, он сан үйден сын» демекші, ер жігітке айтылар сын көп, қойылар талап жоғары. Халықтық дәстүрлі тәрбиеде бұл «жігіт сыны» деп аталады. Адамзатқа жүктелер міндет тұрғысынан ер жігіттің қандай болу керектігі туралы халықтық талапқа сай ұлттық қасиеттерді жастардың бойына дарыту – ұстаздардың міндеті.
Ал халық педагогикасында қызға қойылатын талаптар мыналар:
- қасиеті: кішіпейілділік, нәзіктік, қамқорлық пен мейірімділік, шебер қолды, қиындыққа төзімді, мейірімді, шыдамды, ұқыпты, жинақы және т.б.;
- сыртқы түрі: сұңғақ бойлы, сымбатты; қыр мұрынды, оймақ ауыз, жазық маңдай, аққу мойын, қалың бұрымды, ұзын бойлы, нұр сәулелі; ұзын кірпікті, қара қас, күлім көз, қыпша бел; икемді; нәзік әсем қолды, ұзын саусақты, жіңішке.
Бұл талаптар шеңберінен шыға білген қазақ қыздары өте көп. Зере, Ұлжан, Айгерім, Тоғжан сияқты аруларымыз адал жар, ардақты ана болумен қатар, ұлттық мінез-құлық пен салт-дәстүрді көздің қарашығындай сақтай білді. Олардың бойында қазақ эпостарындағы қыз Құртқа, Гүлбаршын, Ақжүністен бері жалғасып келе жатқан қас сұлулық пен ұлы аналық тамыр бар. Мысалы, қыз Құртқа Тайбурылдың қырық үш күндік кемдігі бар екенін біліп, жауға аттанбақ жары Қобыландыны бөгейді. Батырдың атын да, өзін де баптап, бабына келтіріп, жауға аттандырады. Артынан басқыншы елдің ханы Алшағыр оның елін шауып, Құртқаны тұтқындап, әйелдікке алмақ болғанда, ол Қобыландыға белгіні алтын қазыққа жазып қалдырған хатымен білдіреді. Талай қиыншылықтарды басынан өткеріп, еліне келген Қобыланды адал жарының белгі-хаты арқылы Алшағырды шауып, елін, жарын құтқарып қалады. Сол қазықты Құртқаның қолында өскен Тайбурыл сезе қойып, оны айналып тұру арқылы Қобыландыға білдіреді. «Ат айналып қазығын табар» деген сөз содан қалған деседі.
Эпостық жырлардан басқа әдемі де ақылды, нәзік те қайсар қыздар көптеген аңыз-әңгімелердің, ертегілердің мазмұнын құрап, талайларды тамсандырған. “Ай десе аузы, күн десе көзі бар” сұлулар туралы ертегілер үнемі жақсылықпен аяқталып, оның кейіпкерлері мұраттарына жетіп отырған. Мысалы, “ерте, ерте, ертеде, ешкі құйрығы бөртеде, бір бай болыпты, оның бір асқан сұлу қызы болыпты. Қыздың сұлулығын көрген адам есінен танып қалады екен. Қыз сұлулығымен қатар ақылды болыпты»... деген ертегілер ауыз әдебиетімізде көптеп сақталған. Осындай аңыз- ертегілерді естіп өскен ұрпақтың әдемілікке ұмтылары хақ. Әдетте, қазақ бейбіт өмірде ерке, даланың қызғалдағындай әнші, биші болып келетін қызын жастайынан отбасылық өмірге, бір әулеттің ұйытқысы болуға дайындаған. “Қыздың жолы жіңішке” дей отырып, қызын жан-жақты тәрбиелеген, еш уақытта оны кемсітіп, төмендетпеген. Қайта қыз баланың бойына әдептілік, инабаттылықпен бірге дала әдебіне сәйкес өткірлік, қайсарлық, шынайы намыс тәрізді қасиеттерді қоса дамытып отырған. Сондықтан ел басына күн туғанда қыздар ерлермен қатар жауға қарсы шауып, батырлық пен қайсарлықтың талай тамаша үлгілерін көрсеткен. Қазақ тарихы жоңғарларға атойлап шапқан Қабанбай батырдың қызы - Назымды, бірнеше шешуші жорықтарда көзге түскен Абылай ханның қызы - Гауһарды, талай ақтық шайқастарда ерен ерлік көрсеткен Айтолқынды, найман жұртшылығының батыр қызы - Жанқайды жадында сақтап, ұрпаққа дәріптейді. Бұлардан өзге ақылдылығымен, әулиелігімен аты шыққан Бегім ана, Бұланбай батырдың жары Айбике, Кенесарының қарындасы, 500 сарбазды басқарып, Ресей отаршылдарына қарсы соғыста ғажап ерлік көрсеткен Бопай, Шоқанның әжесі, бірнеше шығыс тілдерін білген, өз халқының мұң-мұқтажы туралы Ресей Сыртқы істер министрлігінің Азиялық департаменті мен үкіметінің Сібір комитетімен хат алысып тұрған Айғаным ханша тәрізді ел арасында беделі жоғары әйел аналар аз болмаған. Мұның өзі қазақ даласында ақылдылығымен, тапқырлығымен, адалдығымен, көріктілігімен еркекке бергісіз қыздар мен әйел-аналардың аттарының аңызға айналғанын көрсетеді.
Заман өзгеріп, жаһандану дәуірінің қазақ тұрмысына айтарлықтай ықпал еткеніне қарамастан, қазақ қыздарының табиғатына тән ибалылық, сабырлылық, өжеттілік, қарапайымдылық сияқты жоғарыда аталған қасиеттері сақталып қалғаны анық.
Кемелденген толымды адам тәрбиесі мектептің тәрбие жүйесіне байланысты. Мұнда нарық экономикасының сұраныстарынан туындаған талаптар жасөспірімнің көп жағдайда өзін-өзі билей алуымен, өзін-өзі дамытуымен, өзін-өзі жетілдіруімен, өзіне-өзі бұйрық бере алатын, өзіне-өзі сын көзімен қарай алатын қасиеттерінің жетілуімен сабақтастықта айқын көрінеді. Мұның өзі арнайы ұйымдастырылған жүйе белгісінде тар шеңберде емес, қазіргі қоғамның өркениеттілік сипатынан туындайтын нарық қатынасына негізделген және халықаралық ұлттық мәдени қарым-қатынастар, ұлттық, аймақтық және әлемдік деңгейде жүргізілу керектігі талап етіледі. Олай болса, ұлтымызға тән асыл қасиеттер мен мінез-құлықты бойына жинаған толымды тұлға тәрбиелеу үшін ең алдымен, оның нақыл сөздері мен мақал-мәтелдерін, батырлар жыры мен шешендік сөздерін тереңірек меңгерудің қажеттілігі анық. Сонда ғана ұлтымыздың өзіне тән ерекше бет-бейнесін, мінез-құлқы мен жан дүниесін анық аңғарған, отансүйгіш, ұлтжанды толымды тұлға, тәрбиелі азаматтар елімізде көбейе түсетіні анық.
Достарыңызбен бөлісу: |