Жазықова М.Қ. Этнопедагогика


Қазақ халық педагогикасындағы отбасы тәрбиесі



бет61/97
Дата27.11.2023
өлшемі497,09 Kb.
#128670
1   ...   57   58   59   60   61   62   63   64   ...   97
Байланысты:
Этнопедагогика Оқу құралы - соңғы

5.3 Қазақ халық педагогикасындағы отбасы тәрбиесі
Гуманизм, табиғатпен үйлесімділік, халықтық, еңбекте тәрбиелеу, сезімталдық, тәрбиенің жүйелілігі мен бірізділігі, талаптар бірлігі, бала тұлғасына ілтипат пен құрмет ұрпақ тәрбиелеудің халықтық жетекші бастау-жүйесін құрайды. Бұл принциптер жас ұрпақтың туған тілінде оқып, мәдени-тарихи, рухани-ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар арқылы тәрбиеленуін қажет етеді. Бұл халықтық тәрбиенің және оның құрамды бөлігі – отбасы тәрбиесінің жалпы бағытын, оның мақсатын, мазмұнын, ұйымдастыру әдістемесін анықтайды.
Тәрбиенің іргетасы қаланатын жері - отбасы мен тұрмыс. Ғалым Ш.Ахметовтың зерттеулері бойынша, отбасы тәрбиесі алдымен әдептілікке үйретуді көздеген, әке-шеше баласына «әдепті бол» дегенді басты міндет етіп койған. Екіншіден, олар қайырымды, иманды, мейірімді болуға тәрбиелеген. Үшіншіден, тіл алғыш болуға баулыған. Төртіншіден, адал, шыншыл болуға үйреткен. Бесіншіден, өнегелі ұстаз бен көпті көрген қарияның сөзін тыңдап бойларына біртіндеп сіңіре берген. Алтыншыдан, үлкенді, ата-ананы 
сыйлап құрметтеуге үйретуді ең басты міндет етіп қойған. Жетіншіден, кісі айыбын бетіне баспай, біреуге орынсыз тіл тигізбейтін әдепті азамат бол деп үйреткен. Сегізіншіден, ел қорғаған батыр бол, халық алдында қызмет ет, бар өнеріңді соған жұмса дегенді ерінбей-жалықпай айтып қана қоймай, жеке өнегелер арқылы көрсетіп отырған.
Қазақ отбасы негізіне үш ұрпақтан тұрады, олар: ата, әке, бала. Ата, әже – ақыл-кеңес, тәжірибе, жан дүниенің кеңдігі. Олар ауыл-аймақ пен ағайын-туыс арасының берекесі, ақылшысы болып келеді. Ата-әженің қашан да мәртебесі биік болып, сый-құрметке бөленген. Үлкенді сыйлауды қадір тұтқан қазақ салты бойынша, көргені мен тұрмыста түйгені көп, тәжірибесі мол адамның сыйға бөленуі заңдылық деп танылған. Үлкенді сыйлау, ақылын тыңдау көргенділік болып есептелген. Дәстүрлі қазақ отбасында ата-әженің тәрбиесін көрмей өске бала болмаған. Ата-әже немересіне жыр-дастан, ертегі-аңыз айтып, рухани байытып отырған. Қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен әжесі өз қолына алып, тәрбиелеген. Кейде тұңғыш немересі кенже ұлының орнына, атасының қара шаңырағына ие болып та қалатын жайт кездеседі. Әжелердің ұстамдылығы, төзімділігі, сабырлылығы, еңбекқорлығы, қиыншылық атаулыға қажырлылықпен қараулары үнемі бізге үлгі болуға тиіс. Шоқан Уәлихановтың Айғаным әжесі, Абай атамыздың Зере, Мұхтар Әуезовтың Дінасыл әжелері қазыналы бұлақтың көзі болған әжелер.
Отбасындағы негізгі туыстық қатынас ерлер жағынан есептелген. Сондықтан отбасының басшысы, тірегі, асыраушысы, қамқоршысы – әке, ол балаларын өзара сүйіспеншілік, қайырымдылық қатынасқа тәрбиелейді, міндеттерді бөліп береді. Ешкім әкенің тәрбиесін алмастыра алмайды, ол – үлгі, бедел, ол – мейірімді, жауапты, оның парызы – балаларында осы қасиеттерді тәрбиелеу. Әке үйі барлық балалары үшін үлкен үй, қара шаңырақ деген киелі ұғымдармен сыйлы, құрметті. Қара шаңырақ, үлкен үй деп аталатын әкенің үйіне болашақта кенже ұл ие болып, қарттарды бағып-қағатын ежелден келе жатқан салт әлі күнге дейін қазақ отбасында сақталған. Ал үлкен ұлдары үйленіп, үй болысымен, еншілерін алып, бөлек шыққан. Жасы кіші болса да, кенже иеленген қара шаңырақ басқа жасы үлкен туыстары үшін де қадірлі, қасиетті үй ретінде саналған.
Әйел – бұл махаббат, нәзіктік, мейірімділік, ұстамдылық, төзімділік. Қазақ әйелдері үшін басты міндет – отбасы бірлігін сақтау, бала тәрбиелеу, ерлерін сыйлау, рухани қолдау көрсету. Сондықтан тәрбие ісінде әйел-ананың ролі ерекше. Қазақ халқының болмысындағы, дүниетанымындағы бар игі қасиеттерді тілін, ділін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық дәстүрін баласынан немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дарытушы, дамытушы әйел-ана деп санаған. Туыс ағайындардың әйелдері – абысындардың қарым-қатынасы өзара түсіністік пен көмекке, берекеге құрылады. ”Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп” деген халық даналығы осыдан туған. Қазақ хандығында аналар мен қыздардың өзіндік орны, атқарар рөлі болғандығына жазба деректер мен ауызша тарих айтудың жәдігерлері дәлел бола ала алады. Қазақ әйелдері ұрпақ тәрбиесінен өзге қоғамның барлық істеріне тікелей болмаса да қатысып, өздерінің көзқарастарын танытқан. Хандар мен сұлтандардың, батырлар мен билердің ақылшы, кеңесшілері ретінде кең далаға танылған. Қазақ ауылында әйел отбасының берекесі ретінде саналып, оның алар орны баға жетпес құндылықпен парапар болған. Көшпелі шаруашылықта киіз үйді тіккенде шаңырақты ер азаматтар көтеріп тұрған, ал үйдің керегесін керіп, уығын шаншитын, туырлық үздігін жабатын әйелдер болған. Қазақ қоғамында ерлер әйел-аналардың осындай артықшылықтарын көріп, даланың жазылмаған заңдары арқылы қорғап отырған. Отбасында, әулетте әрбір әйел ананың өзіндік орны болған. Әйел ана тіршіліктің көзі, себебі “әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді” деген ұлағатты сөз текке айтылмаса керек. Отбасының тіршілігі әйел әрекеті мен еңбегіне байланысты жүрді. Сондықтан олар үй іші мәселесінде өзін еркін ұстайтын да, өз бетімен жұмыстарын атқарып, ерлерінің нағыз көмекшісі болатын. Қазақ дәстүрінде әйелдің үй ішіндегі еркіндігі отбасының атына нұқсан келтірмей, қайта намысын қорғайтын болса, ел аузына ілініп, өзгеге үлгі ретінде айтылып, үлкен мадақ пен сыйға бөленетін. Тамақ дайындау, киім тігу, жүн сабау, киіз басу, жіп иіріп, алаша, кілем тоқу, әр түрлі үй бұйымдарын тігу, мал сауу, кір жуып, үй жинау, көші-қонның кезінде тең буып, оны шешу, үй жығып, оны тігу, жас балалар мен қартайған ата - енесіне қарау, т.б. үй ішінің ұсақ-түйек шаруасы түгелдей әйелдер мойнында болды. Әйел ақылды болса, бүкіл ауылға өзінің ықпалын тигізгенін тарихи деректер дәйектейді. Ері жоқта есті әйел оны жоқтатпай, барлық жұмысқа өзі басшылық ететін. Мұндай әйелдер тарапынан еш уақытта ұрыс-жанжал шықпайтын. Үлкен-кішіні бірдей сыйлап, керек жерінде жарасымды әзіл айтып, жолынан жаңылмай тұрған әйелдердің отбасындағы ықпалы күшті болатын.
Қазақ әйелдерінің әдептілігін көрсететін көптеген әдет-ғұрыптар да бар. Мәселен, күйеуінен өзге бөгде ер адамға беті мен екі қолының ұшынан басқа денесін көрсетпеу; жалаңаяқ, жалаңбас жүрмеу; еркектер алдынан кесе өтпеу; үлкендер отырған үйге кірмеу; өз үйіне үлкендер келіп әңгімелесіп отырғанда олардың әңгімесіне араласпау; тіпті оларға шай құйып отырғанның өзінде бір тізерлеп қырын қарап отыру; үйде кісі барда малдас құрып жүресінен отырмау; үлкендер көзінше дауыстап сөйлеспеу немесе балаға шаңқылдап ұрыспау үлкен әдептілік деп есептелген. Шынында да, мұның бәрі әйелдің көргендігін дәлелдейтін ұнамды салт болған. Ғасырлар бойы қалыптасып, дамыған халықтық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрдің негізінде әйелдердің қоғамдағы рөлі айқындалып, беки түскен. Әйел-анаға қатысты әдет ғұрыптар оның болмысына, тәрбиесіне ықпал етіп, рухани тазалықтың биігінен көрінуге бағытталған.
Қазақ тұрмысында ана жағынан да қалыпқа түскен белгілі бір туыстық атаулар бар. Қыздан туған балаларды жиен деп атап, балалар үшін шешесінің туыстары нағашы, нағашы жұрт деп аталған. Қазақ салты бойынша, жиенді ренжітуге болмайды, сұрағанын беріп, көңілін жықпауға тырысқан, оның қандай еркелігін болса да көтерген. Сондықтан жүйрік ат, қыран бүркіт, т.б. бүйымтайын жиен нағашысынан қолынан, бермесе жолынан алуға құқылы болған. Жалпы атасы басқа болғандықтан, нағашы мен жиен ешқашан бірін-бірі күндемеген, бір-біріне құрмет-пейілі шынайы, таза болған. Бұл да халқымыздың туысқаншыл, бауырмалдығын көрсететін қасиет болса керек.
Қазақ ұл бала мен қыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Ұл – бұл тыңдау, үлкенді құрметтеу, кішіні сыйлау, сүйіспеншілік. Қазақ «Ұлға отыз үйден тыйым, он сан үйден сын» дей отырып, жігітке біраз жүк артқан. Азаматқа жүктелер міндет тұрғысынан алғанда ер жігітке, болашақ отау иесіне халықтық тағылым тұрғысынан бірнеше талаптар қойған. Олар: кескін-келбеті, қадір-қасиеті, қабілет-икемі. Осылармен қатар халқымыз ер жігіттің басынан «Алты асыл қасиет», «Үш асыл мінез», «Ажырамас үш серік» табылуын талап еткен. Ер баланы тәрбиелеуде әкенің орны ерекше болды. Ұлдар әкелері мен аталарының бойындағы асыл қасиеттерін, өнерін үйреніп өскен. Шығармашылықта танылған баланың тәрбиесіне ерекше назар аударылған. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі - қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр. Әке ұлына бар өнерін, білімін түгел үйретуге тырысқан. Батырлық, шешендік, әншілік, ақындық, аңшылық, зергерлік, т.б. ата-баба өнерін жеті атасына дейін жалғастыратын әулеттер қазір де баршылық. «Ата көрген оқ жонар», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың» сияқты мақалдар бала тәрбиесіндегі ата-ананың, өскен ортаның алатын орнын толық сипаттайды.
Қыз – сыпайылық, сұлулық, ұяттылық, шаруашылықты жүргізе білу, тілектестік, ар-намыс. Перзентінің тұңғышы қыз болғанда “ырыс алды қыз” деп, жақсы ырымға жорып қуанған. “Қыз аз күнгі қонақ” деп тазаны кигізіп, дәмдіні жегізіп, үйдің оң жағынан төрінен орын беріп, аялаған. Алысты жақын, жатты жекжат етер, елмен елді таныстырып, табыстырар дәнекер көріп құрметтеген. Сән-салтанат құруға мүмкіндігі бар ірі байларды былай қойғанда, шаруасы өзіне жетерлік орта қазақ отбасының өзі ең алдымен қыз салтанатына көңіл бөлген. Киімнің асылын қыз бала киетін, алтын, күмістен жасалатын өте қымбат сәнді әшекейлер де, өте әдемі және қымбат ер-тұрмандар мен жүрісі жайлы жорғалар, әдемі сәйгүліктерді парлап жеккен пәуескелер бойжеткенге арналатын. Қазақ отбасында қыз баланың тәрбиесі анасына тапсырылған. «Анасын көр де, қызын ал», «Қыз өссе – елдің көркі», «Қызға қырық үйден тыйым» және т.б. мақал-мәтелдер қыз баланы тәрбиелеудегі ата-ананың, ортаның, туған-туыстың ролін көрсетеді. Қыз балалар 5-6 жасынан бастап шешелерінен, апаларынан, ауылдас әйелдерінен іс тігу, тамақ пісіру, киіз басу, өрмек тоқу, кесте тігу шеберлігіне үйренген.
“Қыз - жат жұрттық” деп айтылып, өмірден сабақ ала білген бабаларымыз бөтен елде қыздарының тәрбиелігімен, көргендігімен дараланғанын қалады. Кәмелетке толғанға дейін қыз отбасы өмірінің басты міндеттерінен сабақ алып, ерінің адал жары, ана болу, отбасы бірлігін сақтау қызметіне, шаруашылықтың барлық жақтарын игеріп-жүргізуге, қонақты лайықты қарсы алуға, туыстарын сыйлап-қадірлеуге дайындалады.
Ұзатылып келген қалыңдық үйлену тойының ертеңінде бүкіл ру, әулет, ауылға келін болып саналады. Өзі аттаған босағасының адамы санатына қосылып кеткен. Қазақ жақсы келінді қашан да қызынан кем көрмеген. Қазақ дәстүрінде үлкеннің атын атамай, тіріде өзін, өлгенде әруағын құрметтеу – жақсы келіннің әдептілігі мен тәрбиелілігінің айғағы. Тұрмыстағы көргені мен түйгені, ақылдылығы парасатты келінді есейе келе, ауыл-аймақ құлақ салып, ақылдасатын дана ана дәрежесіне көтереді. Отауы бөлек келіндер ата-енесі тұратын үлкен үйдің төріне шықпайтын, олардың төсегіне жатпайтын, отырмайтын да. Тіпті олар өлген күннің өзінде үлкен үйдің төрі, ата-ененің төсек орны келіндер үшін өте киелі деп есептелген. Бұл әдет-ғұрып ата-ана отырған үлкен үй, қара шаңырақты сыйлау, құрметтеу, оған табынудың нышаны іспеттес болған.
Қызына құда түсіп, айттырған күннен бастап жігіт қыз ауылы үшін күйеу атанады. Күйеу қайын жұртында төрге шықпайды, оған сыбағалы асы деп асықты жілік – төс тартылады. Әрине, жасы егделеген сайын күйеудің әлеуметтік мәртебесі де жоғарылай түседі. «Күйеу қартайса, құда болады» сөзі осы уақыт аралығында күйеу жақтан әлденеше қыз алысып, қыз беріскендігін, күйеудің беделінің жоғарылағандығын айғақтатса керек. Сөйтіп, ана құрсағынан басталған бала тәрбиесі бала дүниеге келген күннен жалғасын тауып, есейіп, еңкейген шақта да өзінің рөлін жоймағандығы анық.
Ата-ананың қанша баласы болса да, әрқайсысы ата-анасына сонша қымбат, қызық. «Әке – балаға сыншы» демекші, әр баласының келешегінен әр түрлі үміт күтеді. Қазақтың данышпан ақыны Абайдың әкесі Құнанбай қажының бірнеше баласы болғаны анық, алайда ол сол балаларының ішінен ойлы сөзге, шешендік өнерге бейім Абайды қасына ертіп жүріп, ел аралатқан болатын. Келешекте ел ұстайтын қасиетті Абайдан іздеді. Бұдан бір отбасындағы балалардың бәрі бірдей тәрбие алмай, өмірге әртүрлі жолдама алғанын көреміз.
Қазақтың отбасында баланың өміріне сабақ боларлық сөздерді, терме-толғауларды, мақал-мәтелдерді орынды жерінде пайдалана білуге, ізгі тілектерді айтуға, ырымдарды сақтап, тыйым сөздер айтуды әдетке айналдыруға ерекше мән берген. Осы тұрғыдан алғанда, әсіресе, сонау ХІ-ХУІІ ғасырларда өмір сүрген қазақ жырауларының шығармашылығында кездесетін жыр жолдарының маңызы ерекше. Мысалы, Сыпыра жыраудың қоғам, тұрмыс, тәрбие туралы өз өсиет-өлеңдері, термелері халық арасына кең тараған. Оның «Қаршыға құстың баласы», «Ай мен күннің өлгені» сияқты толғауларында перзент тағдыры сөз болады. Сондай-ақ ол өзінің «Бір дегенде не жаман?» деп басталатын толғауында қоғамдық тұрмыстағы тәлім-тәрбие ісінің өзегі болған үлкен екі мәселеге назар аударады: ұлды ақылды, білімді етіп өсіру, қызды әдептілікке, ибалыққа тәрбиелеу:
Бір дегенде не жаман?
Білімсіз өскен ұл жаман.
Екіншіден не жаман?
Елеусіз өскен қыз жаман...
Қазақтың бойындағы ерекше бір қасиеті – балажандығы. Әр үйде он шақты баланың улап-шулап ойнап жүргенін қалайтын қазақ азаматтары әйелі бала көтермей жатса, қатты қайғырады. Ал жасатқан ем-домы шипалы болып, перзент сүйіп жатса, астындағы жалғыз атын сойып, құдайы тарататын мәрт мінезі бар. Қазақтар өздерінің мұншалықты балажан мінезін «Балалы үй базар, баласыз үй – мазар» деп қорытады. Сөйте тұра балалары тәрбиесіз, залым болып өсе бастағандай болса, “Я, Алла, бала бер, бала берсең – сана бер, сана бермесең, ала бер!» деп, қажетті жерінде өзегін жарып шыққан өз баласына да қатал бола білді. Бұл қасиетін жаугершілік замандарда, алда-жалда қапы қалып, жаудан қаша қалса, атының артына мінгестіріп келе жатқан баласын тастай салып, жолда қалған бір туған бауырын мінгестіріп кететін мінезінен де байқауға болады. Сөйте тұра бір туған бауырына деген мұншалықты мейірбандылығының да өз жөн-жосығы, өз шегі бар, өйткені қазақ халқы қашан да әділдікті, адалдықты қалайды. Соны өзгеден де, өзінен де талап ете біледі. Мұны қара қылды қақ жарар әділ билердің өз туыстарына билік кесерде: «Тура биде туған жоқ» дей отырып, бір анадан туған бауырларына бұра тартпай, тура тартатын қатал үкімдерінен анық аңғарасыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   57   58   59   60   61   62   63   64   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет