етегін қайырып белбеуіне қыстырып алды да жүрісін тездетті. Түндегідей жер өр емес, жаттық
болғандықтан, қанша шаршағанымен жүрісіне онша бөгет болған жоқ. Сол маңда ел бар шығар деп
дәмеленді. Жазықтың қары жұқа екен.
Бекбай түйелі көштің ізімен суыт жүріп, жазықтың дәл ортасына келгенде, жолдың солтүстік
жағынан жолға қосылған үш адамның ізіне келді. Қоржынын қойып үш ізді анықтады. Біреуі теріден
шарық тартқан үлкен адам екен. Қалған екі із баланың ізі секілді кішкене іздер. Олардың кигендері
етік екен. Табаны мен өкшесіне қағылған нәлдерінің ізі ап-анық көрініп жатыр. «Біреуден бірнеше
жолдас болған жақсы ғой, осыларды қуып жетейін, екі бала қаншалық жүре алады» деп ойлады.
Бекбай сиыр түстік шағында жазықтан өтіп, алдындағы жатаған сары адырдың шетіне ілінді.
Баланың бірі шаршап қалса керек, жолдың жағасындағы қары жоқ қырдаң жерге отырып дем
алыпты. Ештеңе жемеген сияқты. Дем алған соң жүріп кетіпті. Бекбай қоржынын қара жерге қойып,
жүргіншілер отырған жерге отырды. Таяғын қарға шаншып, тымағын таяғына кигізіп қойды.
Асықпай отырып қоржынын ашып, қызыл көз кемпірдің ұрлығынан қалған жалғыз жапырақ етті
алып, таңертеңгі оразасын ашты. Ет аузына балдай татыды. «Алдағы күнім қалай болады, ештеңе
табылмай иен далада аштан өліп қалмайын» деп ойлады.Сөйтті де қолындағы еттің жартысын
пышағымен кесіп алып қайта қоржынына салды. Қоржынның аузын түймелеп орнынан тұрды.
Ирелелеңдеген көш жолы тастақ жаралған тау жолын бойлап адыр арасына сүңгіп кіріп жатыр.
3
Бекбай отырған жерінде, өткен түні бүгінге қалдырған жарты жапырақ еттің жартысын жеп,
азырақ қаужанып қалды. Сиырдың бүйрегіндей бұйраланып жатқан мынау сары адырдың ала шарбы
қары көктем жылымығымен еріп, жыра-жырғалардың бәрі көлкіген суға айналып кеткен еді, ол
қоржынын жерден алып аз тұрды. Қолына қоржыны жеп-жеңіл болып кеткен сияқты білінді.
Қоржыны ауыр болсын, жеңіл болсын, оның ішінде не бары Бекбайға айдан анық. Қоржынның
түбіне жабысқан шөп-шалаңды қағып, иығына салды. Қоржынның бір басының ішінде екі рет шарқ
етіп аяғына тартуға жететін торы аттың терісі, бір жұп көне киіз байпақ, Қанағат байдың әйелі
берген жейде-штаны бар. Ал тағы бір басында күнде су қайнатып ішіп жүрген, үлкендігі
жұдырықтай ғана ақ шәугім, кетік ағаш тостаған, аттың пысқан етін салған жемқалта бар
болатын.Енді бұл қалтаның түбінде бір шайнар ет, төрт тал қатты құрттан басқа ештеңе қалған жоқ.
Қанағат байдың үйінен Сартоғайға бет алғанда, жемқалтадағы пысқан етті ең кемінде төрт күн азық
етермін деп ойлаған еді, жол-жөнекей қаңғырған кемпірге кезігіп, еттің көбінен айрылды. «Осы төрт
тал шағылдақ құрт мені қанша күнге апарады» деп ойлады. Кенет қасынан бір нәрсе сырт ете
түскендей болды. Артына жалт қарады. Су орып жыраланған көне жолдың бет жағындағы қабақтан
бір кесек еріген қар жыраға құлап түсіпті. Бекбай өзінің ой-ойлап тұрып қалғанын сезді. Алдындағы
бараны көрінген жүргіншілерді қалайда қуып жетуге бел буды. Жолдың оңтүстік жағындағы қара
қырдаңға шығып жолына түсті. Біраз жүрген соң алдындағы адырдың аласалау жерінен мұартып бір
биік қара таудың төбесі көрінді. «Бәйтіктің тауы сол ғой, мына көрінісіне қарағанда ертең қалайда
жете алмасам да жақындап қалармын. Ұлы тау екен ғой, онда ел бар шығар» деп ойлады.
Бекбай тоқтамай жүріп келеді. Екі көзі белегірлерге шыға келгенде, қаңқиып анық көріне
қалатын қара тауда. Ол «Жайнаның үйінің хабарын білер, өзек жалғап жанын сақтап қаларлық азық
жардем етер ел табылар» деп бар үмітін сол тауға артып келеді. «Шіркін, Жайнаның үйі осы тауда
бар болса екен» деді күбірлеп.
Ат тұяғы мұжып шұңқырлап кеткен топырақ жол шылқылдап лайсаң батпаққа айналып кетті.
Бекбай көбінде жолды тастап, адырдың қары жоқ қырдақ қара жерлерін қуып, қара тауға қарай төте
тартып келеді. Ол өте тез жүрген екен. Жолдың оңтүстік жағындағы қара қыратты қыраттап, сол
қырат салмалап жатқан қара төбеге шыға келді. Төбенің асты болымсыз ғана тақыр жазық екен. Үш
жүргінші сол жазықайдың ортасына енді ғана ілініпті. Бекбай төбеден жүгіріп түсті. Қары жоқ
тақыр жазық дегдіп қалыпты. Бекбай аяғын жіти басып, жүргіншілерді жазықайдың шетіне іліне
қуып жетті. Жүргіншілер Бекбайды әбден қастарына жақын келгенде бір-ақ көрді. Үшеуі қатар
арттарына қайрылып қарады.
Үш жүргіншіні көргенде ауыл үйді көргендей қуанып тез жүргендіктен Бекбай азырақ
алқынып кеткен еді.
- Ассалаумағалайкұм ! - деп Бекбай ентіге сәлем берді.
- Уағалайкұм уассалам ! - екі баланың ортасындағы шоқша сақалды қара шал сәлем алды.
Өздеріне тағы бір жүргіншінің қосылғанына бұлар да қуанып тұрған сияқты.
- Жә, азамат, бері таман кел, дем ала отырып жөн сұрасайық, - деп шал екі баланы жетелеп,
қасындағы тақыршақ дөңге барып отырды.Бекбай да келіп шалдың алдынан қарсы қарап орын алды.
Екі баланың да еріндері тілініп, өңдері қап-қара болып түтігіп кетіпті.
- Жә, азамат, қайдан келесің, қайда барасың? - деп шал басындағы тымағын қолына алып
Бекбайға күлімсірей қарады.
- Сарсүмбеден келемін, - Бекбай жөнін айта бастады, - былтыр жазда нағашыма
жәрдемдескелі кетсем, ауылым Шіңгілге ауып кетіпті. Шіңгілдегі ел Бәйтікке кетті дейді.Тағы
біреулер Боғдаға кетті ме екен деседі. Әйтеуір, ауылымды тапқалы қаңғып келемін.
- Бәйтік деген мына алдымыздағы тау ғой, - шал Бәйтік тауы жақты иегімен нұсқады, - Алла
жол берсе, ертең-ақ Бәйтіктегі елдің шетіне ілінерміз. Әй, ол ел де жырғап отырған жоқ қой, - шал
қолындағы тымағын сілкіп басына киді.
- Сонда өздеріңіз де осы Бәйтіктегі елге келе жатырсыздар мА? - деді Бекбай.
- Е, қарағым-ай, Бәйтікке келе жатсақ жеттік емес пе, біз сорлы анау Боғда деген тауға кетіп
барамыз ғой.Мінеу қарғадай екі баланы жеткізе аламын ба, алмаймын ба, білмеймін. Азығымыз да
жоқ. Бәйтікте ел болса, талшық қылатын бірдеңе табылар деп үміттеніп келемін.
- Сонда, ақсақал, Боғда қанша күндік жер?
- Қанша күндігін сұрайсың, - шал мұңайынқы кескінмен шоқша сақалын сылап қойды, - атты
кісіге алыс емес. Ат мықты болса үш-ақ күнде-ақ ел шетіне ілініп кетеді. Біз сияқты жаяу-жалпылы,
бала-шаға жетелеген адамға жердің түбі ғой. Қанша күнде ел шетіне ілінуді құдай ғана біледі.
Шалдың дауысы Бекбайдың құлағына жылап отырған адамның дауысы сияқты дірілдеңкі әрі
мұңлы естілді. «Жайнаның үйі Боғдаға көшіп кетсе, осылармен еріп кетермін» деп ойлады Бекбай
ішінен.
Бекбайдың көзіне шалдың жүзінен өмірден күдер үзіп қатты торыққан адамның белгісі
көрініп тұрғандай байқалды. Мынау екі кішкене бала да қатты қиналса керек, болдырып әбден
діңкелеп қалған екен. Көздері шүңірейіп, екі ұрттары ішіне кіріп әбден арықтапты.
- Бүгін қайдан шықтыңыздар? - деді Бекбай.
- Әнеу адырдың ішінде, - деп шал иегімен келген жағындағы қара адырды нұсқай сөйледі, -
бір көң қора бар еді, түнде сонда келіп от жағып, таңды сонда атырдық. Әйтеуір боранға ілікпей келе
жатырмыз ғой.
- Бүгін ел шетіне ілінге алмайтын сияқтымыз ғой, - деді Бекбай орнынан сәл қозғалып, - ерте
жарықта отын бар жер тауып, байпағымызды кептіріп алайық, мына балалар да шаршап қалған екен.
- Әнеу қара адырдан асқанда бір ой бар, сонда бұрын сексеуіл болушы еді, күн батпай сонда
жетіп алайық, - деп шал таяғына сүйеніп орнынан тұрды.
Қанша шаршағанымен баланың аты бала ғой, екі бала дем ала қалған сияқты, орындарынан
лып-лып етіп тұрып, шалдың соңынан томпаңдай жөнелді.
Бекбайды аштық бір діңкелетсе, ұйқы тағы меңдетіп, бүгін едәуір босаңдап қалған еді.
Мыналарға кезіккен соң бойына қайта қайрат біте бастағанын сезді. Мынау шал мен екі бала да
мандыған азық жоғын олардың көтеріншегінен-ақ білді. «Бұл сорлылар да мен сияқты ашығып әрең
келе жатыр екен ғой» деп ойлады.
Төрт жүргінші осылайша кіші бесінге дейін тоқтаусыз жүрді. Адам не малдан ештеңе
көрінбейді. Жүрген сайын жердің қары азайып, жыра-жыраларда ғана қалды.
Шалдың айтқаны дұрыс екен. Күн батуға таяғанда бұлар көсіліп жатқан үлкен сары ойдың
шетіне ілінді. Жыралардың қабағында аздап қума-қума сексеуіл бар екен.
- Осы жыралардың тереңірек бір жеріне дем алып от жағайық, су қайнатып көрейік, - деді
шал.
- Қолайлы жерді белгілеңіз, мен отын жиып от жағайын, - деді Бекбай.
- Әнеу кішкене төбешікке таман барайық, сексеуілдің қуын тере жүріңдер, - деп шал
жазықтың шетіндегі аласа төбеге қарай тартты. Бекбай жолындағы сарбалақтың жуантық
томарларын бір етегіне жинай жүріп еді, екі бала да ұсақ томарларды етектеріне жиып Бекбайға
ілесті. Алыстан жалғыз төбешік сияқты көрінген қара төбешік шығыс оңтүстікке қарай созылған
шағын қыратша екен. Шал төбешіктің шығыс жақ бауырын айналып жоқ болып кетті. Аздан соң екі
баланы ертіп Бекбай да жетті. Қыратшаның орта шенінде кішкене қобы бар болып, қобының аузында
бір қора қойдың орнындай шұқыр қойнау бар екен. Шал сонда келіп, мойнындағы қоржын-қолаңын
қойып, қу теріскеннің шөмшегін жинап жүріпті. Бағзы заманда бір жүргіншілер шәй қайнатып ішсе
керек, ортасына от жағып шәугім асқан үш тас сояуланған қара жусанның арасынан анық көрініп
жатыр. Бекбай етегіндегі сексеуілдің томарларын сол үш тастың қасына әкеліп тастап, мойнындағы
қоржынын жерге қойды. Екі бала да етектеріндегі томарларын тастап, жусан исі бұрқыраған қағыр
жерге шалқаларынан жата кетті.
Бекбай үш тастың арасындағы сабалақ жусанды аяғымен таптап, сексеуілдің қу шөмшегін
ұсақтап от жаққалы жатыр еді, қасына шал келді.
- Астына мына теріскеннің қуын сал, тез тұтанады, - деді.
Бекбай шалдың қолындағы ұсақ қу шөмшекті алып, үш тастың арасына салған соң, ішкі
қалтасынан тас шақпағын алып, ақ тасқа ұрып тұтандырып отты лезде лап еткізді. Екі бала қуанып
бастарын көтерді.
- Кеше көп жағаласып отты әрең жағып едік, мына кісі пәле екен, тез жағып жіберді ғой, -
деді баланың үлкенірегі қуана сөйлеп.
- Кеше құрғақ отын жоқ болып, әуреге салды емес пе, - деп шал жақтырмаған раймен балаға
көзінің қырымен қарап қойды.
От жанған соң, мынау құлан даланың бір түкпіріндегі шұңқырда тіршілік қимылы басталды.
Шал қоржынындағы кішкене тоғаны алып, жырадан қар әкеліп отқа қойды. Бекбай да кішкене
шәугіміне қар салып оттың бір шетіне қойды. От қызып су қайнаған соң, от басына көңілділік
орнады.
- Бізде мандыған азық жоқ, - деп шал қоржынының бір түкпірінен ұзындығы бір қарыстан
ұзындау қазыны алып шықты, - бар болғаны осы. Неше күннен бері осымен өзек жалғап келеміз.
Шал Бекбайда азық бар шығар деп дәметсе керек, қолындағы қазыдан сары кездігімен
жұқалап үш дөңгелек кесті. Онан соң сенде не бар дегендей Бекбайға қарады.
- Мен де қып-қызыл аш келе жатқан сорлымын, - деп Бекбай дорбасындағы түстен қалған
жарты жапырақ етін алып шығып шалдың алдына қойды, - енді төрт тал құртым бар. Ол түгесе
қайтерімді білмеймін.
Шал Бекбайдың бетіне бір, өзінің алдында тұрған үш жапырақ қазы мен жылқының жарты
кесек етіне бір қарап аз отырды.
- Сенде бірдеңе бар екен десем, сен байқұста құрып келеді екенсің ғой, - деп үш жапырақ
қазының бірін Бекбайға ұсынды.
- Балаларыңызға беріңіз, - деп Бекбай қолын созбады.
- Ал, - деп Бекбайдың тартынғанына қарамай бір жапырақ қазыны оның алақанына зорлап
салды. Қалған екі жапырақты екі балаға берді. Жарты кесек етті өткір пышағымен тең төртке бөліп,
үшеуін екі бала мен Бекбайға ұстатып, бірін өзі жеді. Бір жапырақ қазы, бір шайнам ет ыстық сумен
қосылып Бекбайды едәуір қаужандырып тастады. Балалар да өзек жалғап жандана қалғандай болды.
- Жә, балалар, - деді шал орнынан көтеріліп, - отқа томарды көбірек салып қойыңдар, шоқ
түскен соң байпақтарыңды кептіріп алыңдар.
Шал орнынан тұрып қолына босаған тоғаны алмақшы болып еді, Бекбай орнынан лып етіп
ұшып тұрып тоғаны қолына алды :
- Ақсақал, сіз қозғалмаңыз, қарды мен әкелейін.
Шал үнсіз қайта орнына отырды. Бекбай жүгіріп барып теріскейдегі аласа жартастың
түбіндегі қардан бір тоға қар алып келіп отқа қойды. Екі бала шалдың нұсқауымен аяқтарындағы
шылқа су болған киіз байпақтарын отқа жақындатып жайып қойды да, аяқтарын ішіктерінің
етектеріне орап бүрсиіп-бүрсиіп отыра қалды.
- Жә, ақсақал, - деді Бекбай аяғын отқа жайып жатып, - «адамның басы Алланың добы»
деген осы екен ғой, бүгін ойда-жоқта өздеріңізге кез болдым. Үйімді таба аламын ба, жоқ па, оны
білмеймін. Сіздерге кезіккен соң едәуір көңілденіп, сергіп қалдым.
- Е, қарағым жалғыздықтан қиын нәрсе жоқ, мынау екеуі бала болса да бір-бірімізге ес болып
келеміз ғой, енді міне жақсы болғанда сен қосылдың, - шал Бекбайдың бетінен көзін бұрып, отқа
қадала қарап сөйледі, - қанша су ішеріміз бар, оны бір Алла біледі. Мынау Қарамайлыға қарай
еңкейсек сылбыраңнан да құтыламыз ғой, қоян сияқты бір нәрсе кезіксе ұстап жерміз.
- Сонда, ақсақал, өз атыңыз кім? - деді Бекбай шалға қарап.
- Ұйбай-ау, екеуміз жөн сұрасқанды ұмытыппыз-ау, - шал Бекбайға күлімсірей қарап, алдына
құлап түскен сексеуіл томарын оттың үстіне қарай сырыстырып қойды, - менің молла азан шақырып
қойған атым Қапар екен. Шешем жарықтық еркелетіп Қапи атандырып жіберіпті. Ал мына екі бала
өзімнен кейінгі үшінші інімнің балалары. Өзімнен кейінгі інім Жапар деген біз Алтайға ауғанда,
қайнатасы екеуі әскердің атын бағып Шонжы жерінде қалған еді, мыналардың әкесі Сапар деген інім
әйелімен қыста қайтыс болған. Кемпірім бала көрмеген кісі еді, соған сай қару-қайраты да мығым
адам болатын. Мына екі бала мен мен үшін аз ғана азықтан аузына салмаған беті, жалынғанымызға
да көнбей көпе-көрнеу аштан өлді. Енді отыра берсек туыс-туғанымыз жоқ, түгел қырылып қалатын
сияқтымыз. Сол кемпіріміздің өсиеті бойынша мына екеуін Жапарға жеткізейін деп кетіп барам.
Мори, Шонжы деген көп жыл мекендеген өз жеріміз ғой.
Қапи шалдың әңгімесі осы жерге келгенде, екі бала бір-біріне сүйеніп шұрылдап ұйықтап
кетті. Қапи баяу түрегеліп қоржын-қолаңын екі баланың арт жағына сүйеніш етіп қойып, отқа тағы
бір томар салған соң орнына келіп отырды.
- От жанып тұрса тоңа қалмас, - Қапи шал оң қолының алақанымен бет-аузын уқалап аз отырды, -
Алла жол берсе, пәле-қазадан аман болсақ, әйтеу, бір жетерміз. Күн де жылынып қалды ғой.
«Күн де жылынып қалды ғой» деген сөз Бекбайға едәуір әсер етті. Кеше өзі түнеген жерде
күнгейдің қары кеткенімен, теріскейдің қары сол беті сіресіп жатыр еді, ал мына жерде мандыған қар
қалмапты. Жыра-жырадан сусындық қар әрең табылатындай екен. Кеше түнгі бетіне ұрылған аяз бұл
арада жоқ секілді. Күн түн болса да көктем тынысы білініп, маңайынан жағымды қоңыржай леп
келіп бетіне тиіп тұрғандай сезінді.
- Кеше түні оттың қасында қошақтап отырып таңды әрең сыздырып едім, бүгін күн жылы
сияқты ғой, - деді Бекбай Қапи шалға бұрылып
.
- Ой, қарағым-ау, ол анау Армантының белі биік жер емес пе, ал мынау оған қарағанда ой
жер ғой, - Қапи шал алдында жатқан жуантық сексеуілімен отты қағыстырып қойды, - Алла
амандық берсе, ертең әуелі бүтіндей қара жерге шығып кетеміз. Биыл қар ерекше қалың
жауғандықтан мына жерлерде қар жатыр ғой, бұрын бұл уақытта мұнда қар қалмайтын болса керек...
Қапидың әңгімесін тыңдап отырып, Бекбай қалғып кетті.
- Әй, Бекбай, - деп Қапи Бекбайды иығынан тартып оятты, - ұйқың қатты келген екен. Түнде
ұйықтай алмаған болуың керек. Ұйықтап ал, мен балаларға күзетші болайын, күйіп қалмасын.
Бекбай екі тізесін отқа қақтап, қоржынын басына жастанып ұйқыға кетті.
Бекбай дүрс ете түскен дауыстан оянып, басын көтерді. Қапи шал жуандау бір сексеуілдің
томарын от басына тастай салған екен.
- Ұйқың қанды ма? - деді Қапи саңғырлай сөйлеп.
- Айтпаңыз, ұйқым қанып, ересен сергіп қалыппын, - Бекбай орнынан тұрып, айналаға көз
салды, - по, шіркін, бүгін де күн ашық екен ғой.
- Бұл да болса біз мүсәпірлерге жасаған Алла тағаланың қамқорлығы шығар, - деп Қапи екі
ыдыстағы қайнай бастаған суды оттан кейін тартып қойды.
Екі бала әлі пырылдап ұйқыда жатыр. Шығыстағы биік қара қыраттың оңтүстік жағындағы
кетіктен сап-сары алтын тегенедей дөңгеленіп күн көтеріліп келеді. Бекбай ары-бері жүріп, керіліп-
созылып бойының құрыс-тырысын жазды. «Күн өте әдемі шықты ғой, бізге Алладан бір жақсылық
болар» деп ойлады. Сөйтті де анадайтын төбешіктің теріскейіндегі аласа жартастың түбіндегі қарға
барып беті-қолын жуды. Қардың еңіс жағы еріп ағып жатыр екен. Үлкен бір кесек сығырдаң қарды
опырып алып, жатқан жерге келді. Қапи екі баланың ұйқысын қимай отыр еді.
- Балаларыңызды оятыңыз. Беттерін жусын, - деп Бекбай қолындағы қарды жалпақ тастың
үстіне қойды.
Бекбайдың дауысымен екі бала бастарын көтерді. Даланың салқын ауасы оларды тез сергітіп
жіберді. Құп-құрғақ болып кеуіп тұрған байпақтарын киіп, беттерін жуды.
- Анау, - деп Қапи шал Бекбайға үлкенірек баланы нұсқай сөйледі, - биыл он екі жасқа
шықты. Аты Мұхаммет, ал, мына жұқа сарының аты Мұстапа.
- Аттары өте жақсы екен, - деп Бекбай күліп, ең соңғы пайғамбардың атын қойыпсыздар.
Әулиелердің атын қойған соң бұлар да осал болмас.
Қапи шал мойнындағы қалтасынан әлгі қазының кертпегін алып шығып, екі балаға жұқалау
екі дөңгелек кесіп берді. Өзі қағаздай жұқа бір тіліп аузына салды. Ал Бекбай төрт құртының бірін
алып асықпай кездігімен төртке бөлді. Екеуін екі балаға, бірін шалдың қолына салып, бірін өзі
аузына салды. Үлкендігі ешкінің асығына таяудан тиген құрт төрт жүргіншіні едәуір қаужандырып
тастады. Бір-бір шыныдан ыстық су ішкен соң, бұлар Қапи шалдың соңынан шуап Бәйтік тауынан
бергі аласа ойға қарай еңкейді. Бір тәуірі, бұлар жүрген сайын қағырлап дегди бастаған құрғақ жерге
іліне берді. Анау Бәйтіктің ала шарбы қар жапқан бөктеріне дейін көсіліп жатқан сары ойда түске
дейін жүріп, бесін ауа қуму-қума қары бар тобылғылы ағынға келді. Төңіректеріне мал не адам
сияқты қыбыр еткен нәрсе көрінбейді.
- Мынау жерге біраз дем алайық, - деп Қапи шал жусан, бетегесі тақырланған дөңге отыра
кетті. Екі бала мен Бекбай да келіп отырды. Кенет арт жағына / оңтүстік / елеңдей қараған кішкене
Мұстапа :
- Ата, біреу келе жатыр. Атты кісі, - деді қуанып. Бәрі тегіс Мұстапа көрсеткен жаққа
қарады. Расында баран атқа мінген бір адам бұлардың оңтүстік жағындағы ағардың ар жағындағы
дөңнен бері қарай түсіп келеді екен. Қапи шал тақат қыла алмай орнынан тұрды :
- Басқа бір жаққа бұрылып кетпесін, жүгіріңдер, мына дөңге шығып, дыбыс беріп тілдесейік,
- Қапи дөңге қарай жүрді. Бұлар дөңге шыққанда атты жүргінші екі арадағы ағардан өтіп осы дөңге
қарай қайқайып келе жатыр еді.
Бекбай жүргіншіні жақындағанда байқады. Оның астындағы аты тың болғанымен, үстіндегі
киімі едәуір жұтаң екен. Ол алдындағы дөңде үркердей болып тұра қалған төртеудің қасына лезде
жетіп келді.
- Ассалаумағалайкұм ! - деп Қапи шалға атынан түсіп қол беріп амандасты.
Жасы отызды аралаған, қыр мұрынды, көк көз сары жігіт екен.
- Қайдан келесіздер? - деді таңқалыңқы кескінмен.
- Қайдан дерің барма қарағым, Алтайдан қаңғып келеміз, - Қапи шал оң қолының жеңімен
жасаураған көзін сүртіп қойды, - шынымызды айтсақ, қып-қызыл ашпыз. Бұл маңда су-суан ішетін
ел бірдеңе бар ма?
- Бері қарай жүріңдер, - деп атты жүргінші атын жаяу жетелеп жыраға қарай түсті. Дәл
қастарында біреу аңдып тұрғандай маңайға көз салды, - ұзақтан келе жатыр екенсіздер, бұл маңда
мандыған ел жоқ. Анау тау бөктерінде үш ауыл бар, бәрі қосылғанда он үйге толмайды. Бірақ оларды
Ұластайдағы әскерлер күзет қойып, тырп еткізбей аңдып отыр. Сол ауылдардан бірқанша адам
әскердің қолында қамауда жатыр. Алыстап осы маңға келіп малдарын төлдетуге де жібермеді. Аз
ғана малдарын сары қарға төлдетіп жатыр ғой.
- Сонда, біз ол елге бара алмаймыз ба? - деп Бекбай асыға сұрау тастады.
- Сендерді неғып жүрген адамдар дейміз, әскерлер арлы-берлі жүрген некен-саяқ адамдарды
ұстап, тексеріп әурелеп тұр. Оның үстіне, - деп атының шылбырын білегіне орап аз тұрды, - мұндағы
елдерде сіздерге жәрдем ете қоярлық ештеңе жоқ. Қалт-құлт етіп жандарын әрең бағып отыр.
Бекбай сөздің аяғын тоса алмады. Алдына қарай бір адым жылжып, оған жақындап келіп :
- Сол оншақты үйдің ішінде Жақай дегеннің үйі барын білдіңіз бе? - деді.
Әлгі жігіт білегіндеі атының шылбырын қолына алып :
- Жақай сенің неменең еді? - деді.
- Жақай менің туған ағам, шешемнің аты Мәрия, - деп Бекбай асыға сөйледі, - оларды білесіз
бе?
- Қыстай бізбен көрші отырған еді, екінші айдың аяғында Боғда жеріне көшіп кетті.
Бекбай өзегіне бір кесек мұз түсіп кеткендей көкірегінің мұздап кеткенін сезді. Екі көзі
жасаурап кеберсіген жусанды беткейге сылқ етіп отыра кетті.
- Үмітіңді үзбе, - деп көк көз жігіт Бекбайдың оң жақ қасына келіп отырды, - қыршын жігіт
екенсің, Алла жол берсе аз күнде жетіп барасың.
Мынау сөз Бекбайға еләуір қуат бергендей болды. Айтарға болмаса Қапи шал да дағдарып
қалды. «Бәйтікте Бекбайдың туыстары болса, жәрдем көрсетер» деп келе жатыр еді, енді ол үміті
бүкілдей үзілді.
Қапи Бекбайдың сол жағына келіп отырды. Көктемнің желі ұрғылап жасаураған көзін
алақанымен сүртіп :
- Бекбайдың ауылы осында болса, септігі тиер деп келе жатыр едім. Бұл қиын болды ғой, -
Достарыңызбен бөлісу: |