1993 ж. 28 қаңтарда қабылданған ҚР Конституциясының тарихи маңызы
1993 жылғы 28 қаңтарда Республика егемендігінің қалықтасуын заң жүзінде аяқтаған және шынайы конституционализмнің орнығуын жалғастырған Қазақстанның кеңестен кейінгі алғашқы конституциясы қабылданды. Соның негізінде республикада ұлттық қауіпсіздікті, азаматтық құқықтар мен бостандықтардың нақты кепілдіктерін, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруды қамтамасыз етудің жаңа сапалы кезеңіне көшу басталды. 1993 жылғы конституция, бір партиялық саяси басқарудан, монополиялық экономикалық жүйеден, күш көрсету идеологиясынан бас тартып, Қазақстан қоғамы дамуының оң серпіні үшін өріс ашты. Әлеуметтік бағдарланған нарықтық экономикаға көшудің өтпелі кезеңінде негізгі заң Республиканы дүниежүзілік қоғамдастықтағы тәуелсіз мемлекет ретінде заңдастырды.
1993 жылғы конституция Қазақстан өзін қазіргі заманғы өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде білдіреді, ол тату көршілік пен көптарапты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты қалайды, жалпы адамзаттық құндылықтардың жолын ұстанады деп жария етті. Ескі және жаңа саяси құрылыстың өзіндік тұрғыда ымыраға келуінің, ғасырлар бойы құрылған батыс демократиясының үлгісін кеңестен кейінгі кеңістікте енгізуге тырысудың көрінісі болған 1993 жылғы Қазақстан Республикасының конституциясы әуелбастан-ақ қайшылыққа толы еді.
Достарыңызбен бөлісу: |