Мақсатты әрекет ретіндегі жобалаудың мәні өзгерістерді басқару идеясымен тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда жалпы жобалау қызметінің де, нақты жобалардың да ауқымы жобалау қызметін жүзеге асыру нәтижесінде болатын өзгерістер деңгейіне қатысты өлшенеді. Сондықтан, нәтижесінде нақты жобалар құрастырылатын (басқарушыларды оқыту бағдарламасы, тренингтер, семинарлар, жаңа оқулықтар, белгілі бір педагогикалық зерттеу нәтижесі ретіндегі өнім, т.б.) жобалау мен сол нәтижелердің педагогтар мен білім алушыларды, басқарушыларды, ұйымды, немесе, жалпы жүйені дамытуға жасайтын ықпалын айыра білу және оны пайдалана білудің маңызы зор.
Жобалауды педагогикалық инновация тұрғысынан қарастырсақ, оның өзі шын мәніндегі инновация болып табылады. Өйткені, жобалау негізінде жүзеге асырылатын қайта құрулар ұйымның дамуы мен ондағы өзгерістердің инновациялық механизмін жасайды. Сөйтіп, жобалауды ұйымдастыру жобалардың ішкі мазмұнын, жоба құрастыру жолдарын және жобалау нәтижесінде берілген жүйенің дамуына ықпал ету жолдарын қамтиды.
Соған орай, ұйымдастырушылар назарында үнемі екі топтағы мәселелер тұруы тиіс, олар: 1) жобалау қызметін ұйымдастыру – орындалатын жобаның мазмұны мен оған қажетті ресурстары және 2) күтілетін нәтижелер – жүйенің өзін дамыту.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жобалау әрекетін ұйымдастыру бірнеше деңгейден: жобалау тұжырымдамасын жасау, оның мазмұндық және процессуалдық қызметтерін құрастыру және орындаудан тұрады.
Жобалаудың бастапқы кезеңінде оның түпкілікті нәтижесі нақтыланады. Оның барысында жүйені дамытудағы күтілетін нәтиженің мәні - нені қалыптастыру қажет, ол – жаңа қатынастар деңгейі ме, әлде құзыреттілік пенкәсібиліктің жаңа деңгейі ме, оқыту мен тәрбиедегі жаңа дәстүрлер бола ма, – нақты анықталады.
Жобаланатын педагогикалық құрылымның компоненттік бөліктерінің әртүрлі құрастырыла алатын қасиеттеріне сай жобалау қызметі де түрлі бағыттарда жүргізіле алады. Сөйтіп, жобалау әрекеті жүйені жан- жақты дамытуға, яғни, оның ішкі қызметтік - құрылымдық байланыстары мен адам ресурстарын дамытуға бағытталады.