1 ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ ҒЫЛЫМИ-ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1.1
Жаһандану жағдайындағы ұлттық тәрбие мәселелері
Ұлттық тәрбиенің қайнар көзі қазақ халық педагогикасы мен
дәстүрлеріне қайта оралу ғана емес, ол – қоғамдық өмір талабынан туындаған
қажеттілік, мәдениеттің әлеуметтік-тұрмыстық дәстүрлі түрлерін танып-білу,
оның рухани бастауына терең бойлау, туған елінің, ұлтының өзіндік
ерекшелігін аялап, сақтауға үйрету.
Жаһандану жағдайындағы жаңа қоғамда орын алған экономикалық
өзгерiстер мен технологиялық жетiстiктер – қоғам дамуының қозғаушы күшi
болып табылатын бiлiм жүйесiне өзіндік әсерін тигізіп отыр.
Жалпы дәстүрлі, толық ұлттық нышаны бар мемлекеттердің
жаһандануды қабылдауы бүгінгі жағдайда қажетті ахуалдардың бірі. Жер
шарындағы мәдени-тарихи үдеріс алуан түрлі этномәдени құрылымдардың
уақыт өрісіндегі тарихы мен қалыптасуынан басталады. Мұндай
құрылымдардың арасындағы қатынас әрқайсысының өзгелерге деген қарама-
қарсы қағидалары жүзеге асады.
Барлық этностар біртұтас адами мәнмен және одан туындайтын
этникалық ерекшелігі болғанымен, жалпы ортақ болып келетін мәдениеттің
әмбебаптық жолдарымен қамтамасыз етіледі. Сондықтан бүкіләлемдік
мәдени-тарихи үдерістің негізі - тарихи жағдайларды әртүрлі жолдармен
олардың өзара қатынастарының формалары арқылы біртұтас қатынасын
қалыптастыру.
Көпшілік жұрт, жалпы қауым жеке адамнан бастап әлемдік өзгерістерге
дейінгі аралықтағы болып жатқан құбылыстарды түсінуге әрекет жасап, өз
білігі мен танымын кеңейтіп отырған. Табиғи таным үдерісі келесі ұрпаққа
беріліп, әрі қарай жалғастық тауып, дамып отырған. Осының өзін халықтың
даналық – философиясы деп түсінгеніміз жөн. Өйткені танымды тереңдетуге,
жетілдіруге, көзқарасты негіздеуге байланысты нәрселердің бәрі ауызекі тілде
даналықпен, философиямен байланысты ұғындырылатыны белгілі.
Егер қазақ халқының таным барысындағы, ойлау жүйесіндегі
диалектикалық элементтерін қазақ философиясы деп алатын болсақ, оның
негізгі тарихи даму бағыттарын жалпы әлемдік философия тарихының даму
заңдылықтарын басшылыққа ала отырып былайша көрсетуге болар еді:
күнделікті өмірден туған ойлар, дүниені тануға деген шынайы көзқарас;
танымның діни жолдары мен басқа идеяларынан туындаған көзқарастар;
табиғаттың, қоғамның, адамзаттың өзгеру, даму үрдісін ғылыми-теориялық
тұрғыдан түсіндіруге ұмтылушылық т.б. Қазіргі кезеңде халық педагогикасы
аталып жүрген қазақ халқының үйрету, тәрбиелеу жүйелерінің даму идеясын
да дәл осындай жолмен түсіндіруге болады. Бұл жағдайда, біз – тәрбие деп
аталатын адамзат қауымына ортақ және мәңгілік категорияның тарихи
тұрғыдан жылжып, дамып, мазмұнының толығып, жетіліп отырғандығының
куәсі боламыз. Сонымен қатар тәлім-тәрбиенің ажырамас егіз ұғым екеніне де
көз жеткізуге болады.
Халық
философиясы
қоғамдық
құбылыстардың
әртүрлі
заңдылықтарын, оның ішінде жас ұрпақ тәрбиесін де ой елегінен өткізіп
белгілі бір тұрғыдан баға беруге меңзейді. Олай болатыны тәрбиенің түрлері,
негізгі қағидалары халық дүниетанымымен, көзқарасымен айқындалып, сонан
туындап отырады. Мәселен, бағзы заманғы адамдардың түсініктерінде сол
кездегі танымдарының да табы бар екендігі зиялы қауым арасында талас
туғызбаған. Бұларға қоса, қалыптасып келе жатқан қоғамдық қатынастарды
жақтау немесе заңдастыру тәрбие үрдісінің алдындағы негізгі міндеттерінің
бірі. Осы істерге халықтық педагогиканың да тікелей қатысы бар. Себебі,
тәлімсіз-тәрбиесіз, бір жүйеге түскен адамгершілік өлшемсіз қоғамдық
қатынастардың да жете дамуы мүмкін емес.
Өркениеттің
күйзелу
кезеңдерінде
оның
нақты
себептерін
философиялық тұрғыдан түсіну қажет болды, өйткені бұл уақытта қарапайым
сана тұрғысынан түсіндіру мүмкін болмайтын, теориялық сана деңгейінен
ойлайтын, айқын, даналық әдістерсіз қоғамдық құбылыстар өз шешімдерін
таппайды. Ал жағдай тұрақты деңгейде болған жағдайда дәстүрлі,
салыстырмалы түрде жай дамитын өркениетке тура даналық ойдың,
ұғынудың, тәлім мен танымның өзі керек. Бұл тұста белгілі бір қалыпқа түскен
халық педагогикасы мен психологиясының, этномәдениеттік дәстүрдің орны
ерекше.
Халық педагогикасын халықтың үйрету, оқыту, бейімдеу, тәрбиелеу
бағыттарындағы ғасырлар бойғы жиған-терген тәжірибелері десек, халықтық
тәрбие деп біз белгілі бір ұлттың жеке адамға, соның ішінде балаға тәрбиелік
ықпал етуінің тарихи қалыптасқан жүйесін түсінеміз. Бұл жүйе халықтың
бүкіл өмір тіршілігімен, болмысымен бір тұтастықта болады.
Қай заман болсын адамзат алдында тұратын басты міндет – адал,
білімді, еңбек сүйгіш ұрпақ тәрбиелеп өсіру. Ананың бесік жырынан бастап,
адамның жер қойнына берілгеніне дейінгі өзі көріп-білген салт-дәстүрлер,
әдет-ғұрыптар –адамның дүниетанымын қалыптастыратын өмір сабақтары.
Олай болса, адамзаттық тарих - этномәдени құрылымдардың өзара ықпалынан
басталатыны қоғамымыздың әр кезеңдегі сипатынан белгілі. Бұл тарихтағы
жаһанданудың бірінші кезеңі болып саналады Екінші кезеңі - ұлттық мәдени
даму болып табылады. Ұлт бірнеше этностардың сапалы біртұтастыққа
қосылуынан құралады және көптеген стихиялы пайда болған этникалық
қауымдастықтардың мемлекеттік-құқықтық реттелуі болып саналады. Жаңа
заманда Батыс Еуропада қуатты ұлттық мемлекеттік бірлестіктер қалыптаса
бастады.
Ұлт мемлекеттердің түрліше байланыстарының бірлігі болып табылады,
яғни этникалык, субэтникалык және қауымдық, конфессиялық және
корпоративтік, сондай-ақ барлығына ортақ мемлекеттік-құқықтық және
биліктің тікелей әкімшілік байланысы болып табылады. Бұл байланыстардың
органикалық үйлесімі ғана ұлт өмірінің өміршеңдігі мен толықтығын
қамтамасыз ете алады. Бұл кезеңге көшудің кажеттілігі мәдени-тарихи
үрдістің ықпалдасуынан туындайды. Кемелденген рухани мәдениетті тіршілік
иесі болу үшін адам жаһандану мәселелерінің әр түрлі сипатын саралауы
қажет. Оның бәрі адам болмысының деонтологизациясы себебінен, адамның
өзінің рухани-әмбебап мәнділігінен туындайды. Сондықтан адамзаттың
қоғамдық өмірі және оның ұлттық болашағы бүгінгі жаһандану дәуірінде өткір
мәселеге айналып отыр.
Біздің пікірімізше, ұлттық рух адам болмысында пайда болатын кез
келген мәселенің шешімін табуға, соның ішінде қазіргі кезеңдегі жаһандану
мәселелерін жан-жақты қарастырудың шешімі болып табылады.
Әлем жалпы әлемдік тарих, біріккен адамзат тарихы басталатын табиғи-
тарихи үдеріс кезеңіне енді. Бұл үдеріс қажетті және міндетті қоғамдық
қалыптасу, соның негізінде тәрбиенің мақсаттылығы, шарттары мен
міндеттері де өзгеріп, қайта қалыптасады. Мыңдаған жылдарға созылған
тарихи кезең адамдардың қандай болатынын анық көрсетті, оның диапозоны
үлкен: олар - тіршіліктің игілігі үшін өмір сүретін саналы топтар. Адамзат
қоғамы өмірлік қағидаларын барынша орнықтыра түсуге, халықаралық
қауымдастық үшін өздеріне ғана тиімді тәртіптерді орнатуға тырысады. Бұл
ережелер экономикаға, ақпарат саласына, ғылым мен білім беру саласына
тарайды. Олар барлық әлемге бұқаралық мәдениеттің таралуына, құқық саласы
бойынша жалпыға бірдей үлгілердің таралуына, оның ішінде адам құқығы мен
еркіндігі бойынша да белгілі бір үлгінің болуына күш салады.
Жаһандану факторлары құндылықтарды барынша кеңейту саясатын
жүргізеді, яғни жер шарының барлық аймақтарына өзінің тікелей немесе
жанама ықпалын нығайтады. Бұл прогрессивті іс-әрекеттің мақсаты
жаһандану жағдайында өркениет кеңістігін нығайту және өмір деңгейін көтеру
болып табылады.
Жалпы тарихи үдеріс тұрғысынан сараптайтын болсақ, қазіргі
жаһандануды толығымен алғанда детерминация деп сипаттауға болады.
Техногендік өркениеттер маңызды құндылықтар ретінде табиғатты игерудегі
жасампаздық іс-әрекет ретінде танылады. Қазіргі дағдарыс жағдайлары,
детерминация өткен заманнан келе жатқан барлық әлеуметтік, нәсілдік,
этникалық ерекшеліктерге басым назар аудару қажеттігін көрсетіп отыр.
Ұлттық егемендікті сақтай отырып, болашаққа қарай ұмтылу - әзірге
барлық адамзаттың өркендеуіндегі шынайы болашақтың детерминациясы
болып табылады. Жаһандану үдерісінде ұлттық-мәдени құрылымдар толықтай
біріге алмайды, әр ұлттың озық мәдени үлгісін таныту үрдісі қалыптаса алады,
дүниетанымның дамуын туындататын және қалыптастыратын әлем
сипаттары, ұлттық әлем бейнелері жан-жақты қалыптаса алады. Мұнда әртүрлі
мәдениет негізінде пайда болған ортақ мәселелер жаңа қатынастарға ұмтылу
арқылы шешім табады.
Әлем елдері өздерінің ұлттық мемлекеттік келбетін, тарихи
шекараларын сақтап қалуға ұмтылады. Мұндай жағдайда жаһандану жер
бетіндегі мәдениеттер мен этностардың төлтумалығын сақтап қалуға толық
мүмкіншілік туғызады. Дамудың мәдениетаралық, әмбебап - жалпы және
жалпыадамзаттық байланыстарына шектеу қойылмайды.
Қазіргі жаһандық даму бүкіл әлемде адамның қалыптасуы ғана емес,
сонымен қатар адамның өмір сүруінің барлық салаларына бірте-бірте енуінде.
Ұлттық-мәдени сәйкестікті жақтаушылар өздерінің тіл, ғұрып, діни сенімдері,
тарихы сәйкестіктерін барынша сақтауға және дамытуға ұмтылысы жаһандану
үдерісінің мазмұндық көрінісін білдіреді.
Біздің пікірімізше, адами қасиеттің өлшемі, яғни рухани өрлеу мен
шығармашылық бағдарды қазіргі әлемдік мәдениет деңгейінде дамыту
жаһандану мазмұнының кеңінен даму аясын көрсетеді. Жаһандану дәуірінде
адамилықтың терең мәнін сараптаумен қатар, ұлттық тәрбиенің қалыптасуын
рухани бағдар ретінде тану - жеке тұлғаны қалыптастыру шарты болуы тиіс.
Жер шарында адам болмысы жеке, топтық және жалпыұлттық түрде
көрініс береді, олардың тіршілік ету барысы да жалпы бір қағидаға негізделеді.
Егер бір адамның ойының күші салыстырмалы түрде әлсіз болса, онда осыған
ұқсас басқа адамдардың ойларымен біріккенде жалпы психикалық күш
ұлғаяды. Мұндай біріккен іс-әрекет жаһандануда шынайы көмек көрсетуге
бағытталған әлемдегі геосаяси және әлеуметтік-мәдени қатынастарды құруға
бағдар береді. Өмірлік маңызды мәселелерді оңтайлы шешу үшін барлық
мүмкіндіктерді қарастыру керек, яғни қоғамдық өмірді жаңа рухани
бастауларға әкелетін және олардың танымдық табиғатын жаңаша дамытуға
негіз болатын бағдарламалар жасалуы маңызды. Бұл бағдарламаларға
төмендегідей бағыттар енгізуілуі тиіс:
- мектепке дейінгі кезеңнен бастап, балалар мен жасөспірімдерді
әрқайсысының өзіне және басқаларға деген қамқорлық сезімінің болуы
қағидасымен тәрбиелеу;
- өскелең ұрпақты мектеп қабырғасынан бастап, ұлттық өнер түрлеріне
үйрету, ұлттық негізде тәрбиелеу.
Қазақ халқы өзінін ұлттық бостандығы мен тәуелсіздігі үшін қаншама
ұлт азаттық қозғалыстарына шығып, ұлттық тәуелсіздігін қалыптастыруға
ұмтылуының соңғысы көрінісі - желтоқсан көтерілісі болып табылады.
Еліміздің барша азаматтарының ұлттық тілі қалыптасып, азаматтарының
ұлттық тәуелсіздігімізге көзқарасы, этникалық тегіне, әлеуметтік жағдайына
жаңа қатынастың болуы жаһандану дәуіріндегі қол жеткізбейтін құндылықтар
екені сөзсіз.
Мемлекетіміз - қазақ ұлтының мемлекеті. Ал, кез келген мемлекетте
оның негізін қалаған ұлтпен бірге өзге де этникалық топтардың өмір сүруі -
әлемдік тәжірибеде бұрынан бар, үйреншікті құбылыс. Тек Қазақстанда
тұратын этникалық топтардың құрамы мен саны әркелкі. Бірақ, бұл фактор
мемлектіміздің өзінің тарихи мекенінде өмір сүріп отырған қазақ ұлты мен басқа
этникалық топтар бірігіп кұрған біртұтас мемлекет екендігін жоққа
шығармайды. Екіншіден, кез келген ұлттық мемлекет оны құрған ұлттың өзге
этникалық топтар алдындағы басымдылығын таныту құралы емес.
Адамзат тарихында мемлекет ұлттардың бір-бірімен ықпалдасу
мүмкіндігі көбейген кезде, белгілі бір ұлттың бірегейлігін, яғни дінін, тілін,
мәдениетін сақтап, дамыту қажеттігіне орай пайда болған. Біздің мемлекетіміз
ең алдымен сан ғасырлық тарихы бар қазақ ұлтының бірлігі мен бірегейлігін
сақтап, дамытуға қызмет етеді. Қоғамдағы әлеуметтік құндылықтар, жеке
адамдардың бостандықтары мен құқықтары мәселесі біздің еліміздің
азаматтарының бәрі этникалық тегіне, дініне т.б. қарамастан бәрі де тең
құқылы, бәріне тең мүмкіндіктер берілген. Мұның өзі қазақстандықтарды
топтастыруға, Отанымыздың болашағы мен бүгінгі мүддесі жолында
жаһандану дәуірінде ұлттық тұтастығымызға және бірігуімізге ықпал етеді.
Жаһандану кезеңі - адамзаттың біртұтас ақпарат және коммуникациялар
кеңістігінде жан-жақты бірігумен, бүкіл планетаның біртұтас экономикалық
рынокқа айналуымен ерекшеленеді. Осы айтылған ерекшеліктерді біздің
халқымыз қалай басынан өткереді, бүкіл адамзаттық бәсекелістікке еліміз
өзінің орнын табу үшін не істеу керек? Әрине, жаһандану бір кезеңде
қалыптасқан құбылыс емес. Капиталдың еркін қозғалысы, адамдардың
кедергісіз жүріп-тұруы, тауарлардың елдер мен секторлар арасындағы
қозғалысы, ақпараттық интеллектуалдық өнім мен идеялардың қозғалысы
жаһандану үрдісін дамытушы негізгі факторларға жатады. Қазіргі қоғам
жаһандану үрдісінің дамуынан кейін қалмауы үшін осы факторларды толық
меңгеруі тиіс. Жаһанданудың заңдылықтарын байыппен зерттеу оны дұрыс
пайдалана білу қоғамның жалпы дамуына өзіндік әсерін тигізеді. Сонымен
қатар, жаһандану халықаралық бәсекелестікті дамытуға әсер етеді. Басқару
істерінде жаһандық дәуірде қоғамда жоғары деңгейдегі реттеушілік,
байыптылық, бәсекеге қабілеттілік қажет.
Біздің пікірімізше, әлемдегі ұлттар осы тұста білім және ғылымның
дамуымен, ұлттық мәдениет деңгейімен ғана жоғары бәсекелестік деңгейіне
көтеріле алады.
Ұлттардың осы заманғы талаптарға жауап беретін білім жолдарын
ұсынуы мен адамның интеллектуалдық қабілетін дамытуы жаһандану
жағдайында көптеген тиімді нәтижелерге қол жеткізеді. Осы жағдайда
интеллектуалдық әлеуеттің ролі артады. Бәсекеге қабілеттіліктің келесі
индексі инновациялық даму болып табылады. Бұл көрсеткіш технологиялар
индексінің дамуына жатады. Инновациялардың дамуы ғылыми зерттеулер мен
талдауларды инвестициялау көлемімен өлшенеді.
Зерттеуші М.Г.Делягин: «Жаһандану жағдайында бәсекелестің бірінші
ұстанымы адам сапасы немесе адами капитал», - дейді.
Олай болса, әлемдік білім-ғылым кеңістігіне кіру және білім беру
жүйесін халықаралық деңгейге көтеруде жан-жақты дамыған тұлғаны дамыту
жаһандану жағдайындағы басты талап болып табылады.
Жаһандық әлем болашақ үшін бәсекелесте жаңа қозғаушы күштер, жаңа
көзқарастар мен жаңа қатынастар қалыптастыруда. Қазақстанның әлемдік
үрдіс дағдарысына кірігуі, дамыған елдердің стандарттарына деген ұмтылысы
қоғамымыздың жылдам дамуына деген қажеттілікті туындатуда. Әлемдік
өркениеттегі болып жатқан мұндай жағдайлар білім саласында өз септігін
тигізуде.
Жалпы жаһандану әртекті, бірақ әлемнің біртұтастыққа айналу
логикасымен біріктірілетін өзгерістердің жиынтығы. Жаһандану әлеуметтік
феномен – көп қырлы және көп құрамдас бөліктерді қамтиды.
Қазіргі қазақ даласы ұлы ғұламаларды дүниеге алып келді. Қазақ
топырағының көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтары бүкіл шығыс араб-
парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жаза біліп,
кейінгі ұрпақтарға мұра етіп қалдыра білді. Олардың ішінде аты әлемге
таралғандары да аз емес. Солардың бірі бәрімізге танымал ұлы ғұлама Әбу
Насыр Әл-Фараби. Білімге, ізденуге деген құштарлықтың жетелеуімен ол, жас
шағында дүниедегі құбылыс біткеннің бәрі кісіге әрі ғажап, әрі таңсық
көрінетін кезде саяхат жасап, сол замандағы мәдени әлемнің көптеген
орталықтары Хорасанда, Бағдатта, Дамаскіде, Алеппада, Каирда болған.
Фараби Аристотельдің, Әл-Киндидің ізін қуып, философия мен ғылымның
барлық салалары бойынша үлкен жетістіктерге жетеді.
Материалдық дүние өткінші, ал руханилық – мәңгі. Руханилық адам
бойындағы адамилыққа байланысты болса, материалдық дүние пендешілікке
тән. Сондықтан Абай: «Менікі» өлсе өлсін, оған қайғырма, өзіңнің өзіңнен
кейінгі ұрпаққа қандай рухани мұра қалдыра алатындығыңды ойлан, бір
сөзбен айтқанда пенде емес, азамат, адам бол», - деп үйретеді.
Ж.Аймауытов: «Тәрбиенің түпкі мақсаты – адамды маңайындағы
табиғат төңірегіне, әлеумет төңірегіне ыңғайласуға ықпал беретін құрал күш
жасап беру» екенін айтса [27, 153б.], М.Жұмабаев: «Баланы тәрбие қылу –
тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін адам шығару деген сөз.
Қалса, өзін аса барлық адам баласын әділ жолмен өрге сүйрейтін ер шығару
деген сөз. Тұрмыста түйінді мәселелерді тез шеше білетін, тұрмыстың тұңғиық
теңізін қайратпен кеше білетін, адалдық жолда құрбан бола білетін, қысқасы,
адамзат дүниесінің керек бір мүшесі бола алатын төрт жағы түгел адамды
тәрбиелеу. Баланы адам қыла алу үшін тәрбиеші бар күшін, бар білімін
жұмсап, жалықпай, шаршамай үйрете білу керек», - деп айтылған ойды тарқата
түседі.
Теориялық талдауларымыз көрсеткендей, қазіргі таңдағы құзыретті
тұлғаны даярлау мәселесі де қазақ ағартушы-ғалымдарының назарынан тыс
қалмаған. Жаһандану жағдайында білім беру парадигмасындағы өзгерістер
оқыту үдерісінің басты субъектілерінің бірі – оқытушының тұлғасына, оның
кәсіби шеберлігіне баса назар аударуды қажет етіп отырғаны белгілі.
Қоғамның жаһанданған қазіргі және болашақ өміріне қатысуға
мақсаттылықпен даярлау ісі тәрбие арқылы жүзеге асады. Тәрбие үдерісі
жалпы адамзаттық мәдениеттің бір бөлігі болғандықтан, мәдениеттану
тұрғысынан оқып үйренуге тура келеді. Олай болса, бұл үдеріс балаға
ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраны меңгертіп, сол арқылы осы
заманғы мәдениетке енуіне мүмкіндік береді. Тәрбие бір ұрпақтың озық
тәжірибесін екінші ұрпаққа жалғастырушы үдеріс, осы арқылы адамның
дамуына басшылық жасалады. Нәтижелі, жүйелі тәрбие жеке тұлғаны
дамытады, адамның қоғамдағы орнын анықтайды. Баланың оны игеруі
барынша қысқа мерзімде атқарылуы тиіс, сондықтан тәрбие ісі жалпы
адамзаттық гуманистік бағытта жүргізіліп, жеке бастың рухани дамуына
бағытталу керек.
Жеке тұлғаның дамуына халықтық педагогика мұралары, ұлттық
тәлім-тәрбие зор үлес қосады. Тәрбие үдерісінде халық педагогикасында
тәлімдерін енгізу арқылы қаны да, жаны да таза, елін, жерін, тілін қастерлей
алатын азамат дайындауға жол ашады. Бүгінгі мектептің оқу-тәрбие үдерісіне
ұлттық педагогиканың тәлімдері және әлемдік мәдениет құндылықтарын
енгізу мәселелері көптеген ғалымдардың еңбектерінен орын алады. Осы
құндылықтар жаһандану жағдайында мәдени қарым-қатынас және ұлттық
тәлім-тәрбие құралы болмақ.
Сонымен, жаһандану жағдайында мәдени-этникалық білім мен тәрбие
берудің міндеттері ретінде:
- жан-жақты мәдениетті тұлғаны тәрбиелеу; тұлғаның өзінің төл
мәдениеттен сусындауы және өзге мәдениеттерді ұғынуы үшін жағдай жасау;
мәдениеттердің сабақтастығы, бірін-бірі байытуына бағдар ұстауы;
- көп тілді тұлғаны қалыптастыру; өзінің ана тілінде және мемлекеттік
тілінде еркін ұғынысуға қабілетті азаматтарды даярлау, сол арқылы өзінің
этникалық тобына қатысты «бірдей адалдық» үлгісін көрсету, өмірде үш, төрт
одан да көп тілдерді шебер меңгертуге мүмкіндік бар екеніне көз жеткізу
қарастырылады.
Бүгінгі күні жаһандану жағдайында өркениеттіліктің өлшемі, тетігі,
құндылығы - шығармашылық сипаттағы ұлттық тәрбиенің орны ерекше. Оны
өлшем ретінде қабылдау себебі, кез келген мемлекеттің рухани да, әлеуметтік-
экономикалық дәрежесі онда өмір сүретін халықтың білім деңгейі мен
меңгерген білім, біліктерін шығармашылықпен қолдана алуына байланысты.
Себебі әлемдегі ғажайып жаңалықтарды өзі білім, білікті шығармашылық
құндылық ретінде бағалаумен, оны ізгі мақсаттарға сәйкес қолданып, жаңаны
табумен мүмкін болады.
Экономикалық саланың ауқымды дамуынан туындаған осы феномен
елдердің өзара қарым-қатынасын күшейте отырып, сәйкестік пен мәдени
бәсекелестік проблемасына тікелей әсер етіп, жаңа тәсілдерді табуды талап
етеді. Бірқалыпты және белгілі стандартты мәдени үлгілерді бүкіл әлем
бойынша тарату осы заманға мәдени жаһанданудың тікелей салдарына
айналуда деген пікірлер де бар. Бұған бірқатар факторлар себеп болды,
солардың ішінде мәдени ықпал жасау мен қарым-қатынас үшін шекаралардың
ашықтығы, бұқаралық ақпарат құралдарының, әсіресе ғаламдық желілердің
әсерін атап кеткен жөн.
Жаһандану үрдісі міндетті түрде бірыңғай мәдениетті құруды талап
етпесе де, зерттеулер көрсеткендей ол, космополитті және біркелкілікті,
бұқаралықты, ұлттық мәдениеттердің, әсіресе әлемдік аренада бекіп
үлгермеген, басым емес мәдениеттердің шекараларын жою үрдісін меңзейді.
Мұндай жағдайда мәдени жаһандану, кей жағдайда мәдениетке қауіп қатер
тудыруы әбден мүмкін. Бірақ бұл жаһандануды теріске шығаруды емес,
керісінше оған сын көзбен қарай отырып, «біраз» өзгертулер мен түзетулерді
енгізуді меңзейді.
Дегенмен, жаһандану қазіргі таңда тоқтатуға келмейтін уақыт талабына
айналды. Ол дүниежүзілік экономиканың дамуына, жетілген компьютерлік
технологияға, біріккен ақпараттық кеңістік құруға негізделген. Сондықтан бұл
жерде бөлектеніп қалудың мағынасы жоқ. Жаһандану үдерісі адам өмірінің
барлық саласына: экономика, саясат, мәдениет, тіл, білім, рухани-
адамгершілік даму, халықаралық қатынастарға әсерін тигізеді. Бұл салалардың
барлығы ақпаратты игеру мен ауыстырудың жылдам қарқынына тартыла
отырып, жаңа сапалық қасиетке ие болады. Бұдан біз жаһанданудың күрделі,
көпдеңгейлі, қарама-қайшылықты үрдіс екенін көреміз. Осы жерде
жаһанданудың объективті үрдісінен шет қалмай, өз мемлекетіміздің
тәуелсіздігін, ұлттық «Мен»-ін, Қазақстан халықтарының төлтума, бірегей
мәдениетін, халық даналығының көпғасырлық тәжірибесі жинақталған
дәстүрлі мәдениеттің баға жетпес байлығын қалайша сақтап қаламыз деген
өткір мәселе қойылады.
Сонымен, қазіргі жағдай өркениеттегі шұғыл өзгеріс жаһандану
мәселесімен белгілі. Біздің ойымызша, осы орайда орыс ғалымы В.Межуевтің:
«Жаһандану - әлемдік қауымдастықтағы ұлттық мемлекеттер мен
аймақтардың бір-біріне өзара тәуелділігінің артуы, олардың жалпыға ортақ
экономикалық, саяси жәен мәдени ережелері бар бір жүйеге бірте-бірте
тартылуы, интеграциялануы»,-деген пікірінің кейбір пайымдауларымен
келіспеуге болады. Керісінше, жаһандану бір ел мен екінші ел арасындағы
шиеленістердің азаюы, кең көлемде қауымдасудың мәні мен мағынасының
артуы, ақпараттар беру ісінің жеңілдеуі, қаржылық ақпараттық салаларда
біртұтас кеңістік жүйесінің қалыптасуы болып табылады. Халықаралық
қатынастардың
біркелкілендіру,
халықаралық
конвенциялар
жүйесі
қалыптасып, оған түрлі елдер мүше болып, соған сәйкес өздеріне түрлі
міндеттемелер алып, құқықтарға ие болуы да – жаһанданудың нәтижесі.
ХХ ғасырдың 2-ші жартысынан бастап өмірдің барлық саласына
әлемдік кірігу (интеграция) мен мемлекетаралық қатынас (коммуникация)
жалпыадамзаттық үдеріске айналды. Ал оның бүгінгі жалғасы - жаһандану.
Бұл жағдайда ұлттық рухы оянған ұлттар ғана дамудың тұрақты механизміне
айналады. Бұл орайда, кезінде Францияның тілге қатысты, Германия мен
Израильдің этникалық тұтастануларына қатысты, Англияның дәстүр
тазалығына қатысты, Қытайдың экономиканы экономикалық ерекшеліктерге
бейімдеуге қатысты, Ресейдің шіркеу арқылы ұлтты оятуға ұмтылуына
қатысты, түрік-монғол халықтарының жазуды (әліпби ) жаңғырта бастауына
қатысты, араб әлемінің ұлттық ерекшеліктері бойынша даралануына қатысты
т.б. мемлекеттік деңгейде жүргізіле бастаған шараларға ден қоюға болады. Бұл
мемлекеттер өз ұлтын білімге, танымға ұлттық деңгейде әкелу үшін тәлім-
тәрбиелік шараларын барынша насихаттады.
Жалпы адамзаттық және этностық мәдениеттерді жойылу қаупінен
сақтап қалу әрекеті бірінші кезектегі мәселеге айналады. Бүгінде
халықаралық, мемлекетаралық мәселелер бұрынғыдай қырғиқабақтық, білек
күші, қару, соғыс, айла-шарғы арқылы емес, мәдениеттер сұхбаты негізінде
шешімін табуға бет алды.
ХХІ ғасыр адамдары жаһандық дағдарыстан шығу үшін жалпы
адамзаттық құндылықтарды қалыптастыру, ұлттық және жалпы адамзаттық
мәдениеттерді дамыту арқылы әлемнің тұтастығын сақтап қалу жолына түсті.
Мәдениеттанушылардың пікірі бойынша, рухани дағдарыстан арылу жолы-
адамзаттың мәдениет негізінде бірігуінде болып отыр.
B.И.Алексашина: «Бәрінен бұрын әлемнің тұтастығына негізделген
жалпы адамзатқа ортақ мәдениет керек. Әлемнің тұтастығы – адамдар мен
халықтардың өзара байланысы мен тәуелділігін ұстап тұрады», - дейді.
Қазіргі жаһандану жағдайында түрлі саяси, әлеуметтік, діни-
философиялық көзқарастардағы адамдардың бірігуі сол көзқарастық
бірліктен, адамзат қоғамына ортақ рухани құндылықтардан бастау алмақ.
Жаһандану үдерісін ғалымдар өркениеттер қақтығысы деп те айтып
жүр. Кез келген ұлтты бейтарап қалдыра алмайтын, әрі қоғамның ең маңызды
салаларын толық жаулап алған жаһандануды тоқтату мүмкін емес. Сондықтан
заман ағымына лайықты бейімделу арқылы ұлттық ерекшеліктерімізді
жоймай, ұлттық дәстүрді мәдениетімізді сақтай отырып өз келешекті
айқындау дұрыс. Мұндағы басты мақсат - жаһанданудың біздің елімізге,
менталитетіміз бен тарихи құндылықтарымызға тигізер әсері және оның
салдары қалай болады деген өзімізді ойландырған сансыз сауалдар төңірегінде
ой өрбіту.
Әлеуметтану ғылымдары саласы да жаһандану үдерісі шұғыл дамып
отырған қаіргі кезеңде ұлттық тәрбиенің негізін құраушы мазмұны - сана,
сезім, жас, жыныс, этнос, қылық, әдет, мінез, мүдде, қажеттілік ұғымдарының
мазмұнымен өзекті зерттеулерін байланыстырады. Ұлттық тәрбиенің
әдіснамалық негізін жасауда тәрбиені жалпы, жеке, ортақ, ерекше деп
қарастыруға болады, ал әлеуметтік негізін үлкен топ, кіші топ, ұжым
мазмұнымен қарастырамыз. Ұлттық тәрбиенің әлеуметтік негізі сонымен
қатар, адамның табиғатпен және техникалық даму қатынасымен сипатталады.
Олай болса, психологиялық, педагогикалық, эмпирикалық, теориялық
мазмұнда ұлттық тәрбие беру проблемасын зерттеуді қажет ететіндігіне көз
жеткіземіз.
Жаһандану жағдайында ұлттық тәрбие, мәдениет, қоғам, тұлға
арақатынасы мазмұнымен, әдіснамалық мақсаты – ұлттық мәдениетті сақтау
және дамыту, патриоттық тәрбие беру, тұлғаның жоғары адамгершілік
қасиетін тәрбиелеу, ғылыми дүниетанымын қалыптастыру, ұлтаралық мәдени
даму мен қалыптасуды өзге ұлттар ерекшеліктерімен жақындастырумен
ашылады. Олай болса, егеменді мемлекет жағдайында этномәдениеттік
дәстүрлердің қазіргі жағдайы жаһандану проблемаларымен үндесіп жатыр.
Қазіргі жаһандану заманында техника ғылымының кең етек жайып
шарықтап дамыған бәсекелес заманда жаңаша ойлайтын, рухани ізденімпаз
азаматтар ғана асқан арманына қол жеткізе алатыны анық.Айтылған
ерекшеліктердің біздің халқымыз қалай бастан өткереді, бүкіл адамзатың
бәсекелестікке еліміз өзінің орнын табу үшін не істеу керек, осы істе
жастарымыз қандай рөл атқаруы тиіс екенін халқымыз нақты уақытта
хабардар болуы маңызды. Дегенмен де, жаһандану бір жылда бола қалған
дүние емес екендігі де ескерілуі қажет.Оның басты факторлары: капиталдың
еркін қозғалысы, адамдардың кедергісіз еркін жүріп тұруы, тауарлардың елдер
мен секторлар арасындағы қозғалысы, ақпараттық интеллектуалдық өнім мен
идеялардың еркін қозғалысы.
Қазіргі кезеңде жаһандану халықаралық бәсекелестікті де ала келді.
Экономикасы жоғары дамыған елдер дамуы төмен бәсекелестерін
ығыстыруда. Жаһандану байыптылықты және ақылға сыйымды реттелуді
талап етеді. Жаһанданудың зор мүмкіншіліктерін пайдалану үшін елдің
бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажет. Әлемдегі ұлттар, елдер, тауарлар мен
қызмет көрсету сапасымен ғана емес, білім беру жүйесімен де бәсекелеседі.
Атап айтқанда, осы заманғы экономикада материалдық тауарлар мен
қызметтерге қарағанда «интеллектуалдық әлеуетке» көбірек басымдылық
беріледі. Бұл ұлттың осы заманғы және тиімді білім беру жүйесін ұсынуы,
жеке тұлғаны жаңаша оқыту арқылы интеллектуалдық қырын арттыру және
олардың қабілеттілігін жоғарылатуға негізделеді. Елдің бәсекеге қабілеттілігі
зор маңызға ие болып отыр.
Бәсекеге қабілеттілік индексінің бір бөлігі инновациялық даму болып
табылады. Инновациялық даму ақпараттық және коммуникациялық
технологиялар
дамуымен,
ғылыми
зерттеулер
мен
талдамалары
инвестициялау көлемімен өлшенеді. Қазіргі кезеңде мемлекетімізді және оның
ұлттық қауіпсіздігін одан әрі нығайтып, экономиканың тұрақты дамуы мен
адамзаттардың әл-ауқатының артуын қамтамасыз ету үшін Қазақстанға ұзақ
мерзімді тұрақтылық, бейбітшілік пен келісімнің маңыздылығы артуда. Бұл –
қадамы қарышты қуатты мемлекеттің ғана алдына мұраты биік межелі
міндеттер қоя алатындығының, өз халқын заманның жаңа игіліктеріне
топтастыруды қамтамасыз етуге қабілеттілігінің басты белгісі.
Әлеуметтік жағдай, жаңашылдық өзгерістер мен әлемдік педагогикалық
тәжірибені қазіргі ғылыми тұрғыдан талдау білім беруді дамытудың жаңа
бағыт-бағдары – жаңару стратегиясын таңдауға себепші болды. Алдымен
білім беру мақсаттарының өзгерісіне, ізінше оның тиімділігі өлшемдері келді.
Әлемдік қауымдастық жағдайында жаһандану – адамның әлеуметтік-
биологиялық дамуы мен білімнің біртұтастық идеясы. Саяси-экономикалық
құбылыстар мен қоғам дамуындағы жаһандану проблемаларының негіздері
әлемдік біртұтас мәдени-білімдік кеңістіктің қажеттілігін туғызып отырса, ал
жаһандану – жалпы әлемдік саяси, экономикалық, мәдени және ақпараттың
тұтастық құру идеясын біріктіреді.
Жаһандану жағдайында өркениетті қоғамды одан әрі дамыту
мақсатында ұлттық тәрбие беру жетекші орынға шығады және өз деңгейінде
жүзеге асыру оның психологиялық-педагогикалық ғылыми негізін жасау
қажеттігін туғызады. Абайдың ұлылығы өз халқының мұқтажы мен
болашағын әрі дұрыс, әрі көрегенділікпен ұға білуінде жатыр, болашақ қамын,
халық жағдайын ойлаған ақын – ұрпақ тәрбиесіне орасан зор мән берген
ойшыл. Өзіндік философиялық жүйесі, жекеше философиялық еңбектері
болмаса да оның барлық мұрасын алғанда көп шығармаларында көрініп
отыратын анық ойшылдық көзқарастар, терең толғаулар бар. Абай
идеяларымен үндесіп жатқан әлемдік ұстаным жаһандану проблемаларымен
қатар ұлттық ерекшелігімізді есепке алу қажеттілігін туғызады. Бұл бағытта
жаһандану, ұлттық тәрбие мәселелерін толық талдау үшін ұлт ұғымының
мәндік, мағыналық жағына толық талдау жасаған жөн деп есептедік.
Ұлт өзіне тән мәдениеті бар топ деген түсінікті білдіреді. Ол нәсілге,
қауымға, географиялық жағдайға, саясатқа, адамның ерік күшіне байланысты
бірлестік емес. Ұлт - тіл, мораль және өнер салалары тұрғысынан ортақ тәрбие
алған адамдардан тұратын бірлестік.
Жетінші ғасырдың көне түрік ескерткіштерінде ұрпақ, рулы ел деген
мағынада «Оғуш», «Оғуз» сөздері кездеседі, бұл ұлт сөзі түбірінің «Оғ»-«ұғ»
деген мағынасы болса керек.
Энциклопедиялық немесе философиялық сөздіктерден «ұлт» ұғымына
берілген ғылыми анықтамаға қарағанда, халықтық ұғымдағы «ұлт» сөзінің
анықтамасы әлдеқайда ұғынықты екеніне назар аударуға болады. Ұлттық
ұғымдарды ғылыми тұрғыдан теориялық негіздеу және сол ұғымдардың мән-
мағынасын, ішкі мазмұнын жұртшылықтың, әсіресе, ұрпақтың мүмкіндігінше
толық түсінуіне көмектесу ұғымды қарапайым түсініктер тұрғысынан ашуға
әкелді. «Ұлт» сөзін өмірдегі қолданысына қарай пайымдау таразысына
тартсақ, оған: «тарихи жағдайларға байланысты белгілі бір аумақты тұрақты
мекендеп иеленуі арқылы тілдің, діннің, мәдениеттің, дәстүрдің, әдет-
ғұрыптың ортақтастығы негізінде қалыптасып, елдің мүддесін біріктірген
халықтардың жиынтығы», - деген анықтама берілген.
Осы орайда, бұл пайымдауымыз, халықтық түсінік негізіндегі түрлі
көзқарастарға талдау жасау арқылы «ұлт» деп аталатын қоғамның неден
құралатыны жөнінде өзіндік ой түйген түрік халқының ұлы ойшылы Зия
Көкалыптың: «Ұлт дегеніміз - тіл, дін, мораль және барлық көркем өнер
салалары тұрғысынан ортақ, яғни бірдей тәрбие алған адамдардан тұратын
бірлестік», - деп берген анықтамасымен мазмұндас екенін байқауға болады.
Демек, адамдар бірлестігінің «ұлт» деп аталуы үшін бір аумақта, бір
мемлекетте тұратын адамдардың сол ұлтты құрайтын халықтың тәрбиесінде
өсіп, сол халықтың мұраты жолында еңбек етуді мақсат тұтуы маңызды
шарттардың бірі болып табылады. Сонда жеке адамның мүддесі ұлт
мүддесімен үйлесім тауып, адамның жанын шабытқа бөлейді. Осылайша
қалыптасқан ұлт адамның тағдыр талқысымен өз ортасынан бөлініп, сыртта
жүргеніне қарамастан, өзін сол ұлттың адамымын деп сезінуін қамтамасыз
етеді. Қазақ ұлты үшін қазақы тәрбиеде өскен және қазақ мұраты жолында
еңбек етуді мақсат тұтатын, сонымен бірге қазақ халқының қуанышын да,
ренішін де бірге бөлісетін жандардың бәрі қайда жүргеніне қарамастан, қазақ
ұлтының өкілі болып қала береді.
Біздің елімізде «ұлтжандылық» ұғымын жаңаша түсінуге ұмтылыс
елімізде тәуелсіздік алғаннан кейін көріне бастады. Кеңес заманында
ұлтжандылық «ұлтшылдық» – «национализм» деп аударылып және оның
ауқымы мен өрісін тарылтып, саяси, парасаттылық жағынан шектеулі
өкілдерге тән етіп көрсетті. Осыдан келіп «националист» болу кемшілік қана
емес, сол кезеңдегі идеологияға жат қылықты адам, жат пиғылды іс болып
санамыздан орын алды. Біздің ойымызша дұрыс мағынасында ұлтшыл,
ұлтжанды болу - адам құқығын айыптау емес. Әрбір азаматтың ұлтжандылығы
экономикалық, саяси, әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени т.б. өмір саласында
ұлтының мүддесін қорғап, қамқорлық көрсетсе, имандылықтың нышаны
болып табылады.
Дүниежүзілік ұлттануда ұлтшылдық – қоғам өміріндегі объективтік
этникалық үрдістерді білдіретін бейтарап ұғым. Ол табиғаты күрделі,
қайшылыққа толы құбылыс болғандықтан, оның мазмұнын түсінуде әркелкі
талдаулар бар. Біздің түсінуімізше, ұлтжандылық пен отансүйгіштік егіз ұғым.
Осы екі ұғым негізінде патриоттық сана қалыптасып, өз ұлтыңды жаһандық
танытудың негізі қалыптасады.
Бір мәдениетке ортақтас адамдардың жиынтығын «ұлт» деудің мәні де
осында жатса керек. Сондықтан да ұлтты құрайтын адамдардың ой-санасы,
мүддесі, намысы жалпылық сипат алып, ортақ деңгейге көтерілгенде оларды
әуелі жеке тұлғаға тән сипатпен ажыратып, ұлт еншісіне айналдырып,
әрқайсысын ұлттық сана, ұлттық дүниетаным, ұлттық жігер, ұлттық білім
ерекшелейді.
Достарыңызбен бөлісу: |