1.1. Солақай балаларға жалпы сипаттама. Солақайлылық – ми жұмысының ерекшелігімен байланысқан организм дамуының бір түрі. Мидың әр жартышарларының өзіне тән ерекшеліктері бар. Мидың сол жақ жартысын рационалдылогикалық деп атайды. Сол жақ жартышар дененің оң жағын, яғни, оң көздің көруі, оң құлақтың естуі, оң қол мен оң аяқтың жұмысына жауап береді. Ал оң жақ жартысын эмоционалды деп атайды. Оң жақ жартышар дененің сол жақ жұмысына әсер етеді. Әдетте 4-5 жасқа дейінгі балалардың жұмысқа бейім қолы қалыптаса бастайды. Осы жасқа дейінгі бала оң қолымен де сол қолымен де заттарды ұстап, сурет сала алады. Себебі, оның миының жартышарларында доминанттылық қалыптаспаған. Осы кезде баланы оң қолмен жұмыс жасауға мәжбүрлемеу маңызды. Себебі, бала миының жартышарларындағы доминанттылық қалыптасқан кезде ғана баланың оң қолымен немесе сол қолымен жұмыс жасау ептілігі өзінен өзі айқындалады.
Солақай жандар мынадай төрт топқа бөлінеді:
Біріншісі, тұқым қуалайды. Яғни, қан мен тек арқылы ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Бұл топтың санатына жататындардың саны солақайлар арасында 10 пайызға ғана жуық. Егер әке-шешесінің екеуі де солақай болса, олардан туылатын баланың солақай болу ықтималы 46 пайыз, әке-шешесінің біреуі солақай болса, туылатын баланың солақай болу ықтималы 19 пайыз, ал, екеуі де солақай болмағандарда 2 пайызды құрайды екен.
Екіншісі, әйелдердің кеш босануына байланысты. 40-тан асқан әйелдің баласының солақай болып туылу ықтималдылығы өте жоғары болады. Уақыт создырып алған әйелдің құрсағынан жаралған сәби дүниеге келерде ауыр қиналысқа түседі. Соның салдарынан оң қолдың қызметіне жауап беретін мидың клеткалары зақымдануға ұшырайды.
Үшіншісі, мәжбүрліктен орын алады. Мысалы, сәби қолын күйдіріп, жарақаттап алған жағдайда сол қолдың көмегіне тәуелді болады.
Төртіншісі, саналы түрде өзін-өзі күштеп үйретуден. Жалпы солақай адамдар тумысынан дарынды келеді дейді білетіндер. Себебі, ондай жандар өз мақсатына жету үшін әр қандай қиыншылыққа көнуге даяр. Бір қызығы, осы қағиданы желеу етіп, солақайлық қасиетті қолдан жасайтындар да бар екен.Осы топтың арасында екі қолымен де тамақ ішетін, қос қолымен жазу жаза алатындар да кездеседі.
Вена университетінің мамандары 13 мың ересек адамды зерттеген көрінеді. Осының нәтижесінде әйелдердің 7,5 пайызының және ер адамдардың 8,8 пайызының солақай екені анықталды. Сонымен қатар ерлер арасындағы солақайлардың 8,2 пайызы ақпан мен қазан айларының аралығында өмірге келген. Ал 10,5 пайызы қарашадан қаңтарға дейінгі аралықта туған. Осы орайда ғалымдар солақай болу мүмкіндігін анықтайтын гормондар мөлшерінің деңгейімен жыл мезгілінің байланысы бар дегенді алға тартуда.
Атап айтқанда, ана құрсағында жетілу кезеңінде тестостеронның жоғары деңгейі адамдарды солақай қылады екен. Күн неғұрлым ұзақ болған сайын тестостерон деңгейі де соғұрлым жоғарырақ болады. Осы орайда қыста туған балалар жаз бойы жатырдағы даму кезеңінде болғандықтан, олар көбірек гормон алады.
Әлемде 1 пайыз адам ғана екі қолымен бірдей икемді жұмыс істей береді. Мысалы, аты аңызға айналған суретші Леонардо да Винчиның бір уақытта екі қолда бірдей сурет салу қабілетіне ие болған.
Солақай жандардың миының оң және сол бөліктерінің байланысы өте сапалы екендіктен олар тез ойлайтын, тез шешім қабылдайтын болады. Кейбір солақайлардың қысқа уақыт ішінде үлкен мағлұматтарды қабылдай алатындары да кездескен. Оларда ақылдылық коэффициенті жоғарырақ болады. Ғалымдардың айтуынша, солақайлар математика, архитектура, химия секілді кеңістікке байланысты пәндерге тумысынан қызығушылықтары төмен болады. Бірақ, осы салаларға ықыласпен зер салса, оңақайларға қарағанда икемді болып, көп жетістіктерге жетеді екен. Сондай-ақ, Австралия ұлттық университеті ғалымдары өткізген тәжірибе нәтижесінде солақай адамдардың оң қолдыларға қарағанда компьютерді жақсы ойнауы, жылдам жазуы анықталған. Солақайлардың тағы бір ерекшелігі, соң қолмен оңнан соңға қарай жазу, жазудағы әріптерді керсінше оқып кетеберу олар үшін бір рефлекс болып қалыптасады.
Солақайлар сирек жаратылыс иесі. Әсіресе, өнер мен спорттың есігін ашқан солақайлар – биік жетістіктерге жетеді. Сондай-ақ, спорттық жүлделердің 40 пайызын солақайлар жеңіп алады екен.