2. 1. Дидактикалық ойындардың құрылымы Дидактикалық ойындар баланың ынтасын сабаққа аударуға, көңіл қойғызуға, қабылдауын жеңілдетуге, білімді толық игеруге көмектеседі,сабаққа эмоциялық бояу береді.
Дидактикалық ойындар педагогика ғылымының дидактика тарауында қарастырылады. Себебі, дидактика – бұл оқу және білімдену, олардың мақсаттары, мазмұны, әдістері, құрал жабдықтары, ұйымдастырылуы мен нәтижелері жөніндегі ғылым. “Дидактика” термині грек тілінен енген, аудармасы “үйретуші” дегенді білдіреді.
Бала ерте жастан – ақ қоршаған ортамен танысады. Ол адамдармен, жануарлармен, әртүрлі заттармен қарым – қатынасқа түсіп, олардың ерекшеліктері мен қасиет – сапалары туралы мағлұматтар алады. Бірақ, бала тек өзінің тәжірибесіне сүйеніп оқыса, оның білімі нақты болмайтыны сөзсіз. Сондықтан білімді пысықтау, бекіту үшін дидактикалық ойындар пайдаланылады.
Дидактикалық ойындардың басқа ойындардан ерекшелігі, оның негізгі мақсаты – баланы оқыту, олардың ойлау қабілеттерін жаттықтыру және дамыту, игі қасиеттерді тәрбиелеу болып табылады.
Дидактикалық ойындардың мазмұны – қандай да болмасын ақыл – ой міндеттерін жүзеге асыру. Ережені орындау ойды, қиялды, есті дамытуға ықпал етеді. Дидактикалық ойын арқылы дүниені тану басқаша түрге ие болады, ол күнделікті оқуға ұқсамайды, мұнда қиял – ғажайып та, жауапты өз бетінше іздеу де, белгілі болмыс пен құбылысқа жаңаша көзқарас та, білімді толықтыру мен кеңейту де, жекеленген құбылыстар арасында өзара байланысты, ұқсастықты және айырмашылықты тағайындау да бар. Ал ең бастысы, оқушыларды еш қинамай, өздерінің қалауы бойынша дидактикалық ойын арқылы оқу материалын әртүрлі тұрғыдан бірнеше рет қайталауға мүмкіндік туады. Сонымен бірге дидактикалық ойын өзара жарыстыру мүмкіндігін туғызып, оқушыларға білімдерін әртүрлі жағдайда қолдануға негіз береді.
Дидактикалық ойын өзінің қызметі мен атына сай орындалуы үшін, оның арнайы құрылымы болуы шарт. Оның құрылымы төмендегідей:
1. Міндеті.
2. Әрекет.
3. Ереже.
4. Нәтиже.
Енді оның әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық.
1. Міндеті - әрбір дидактикалық ойынның белгілі міндеті болады, ол дидактикалық мақсаттан келіп туындайды. Ойынның ( мақсаттан келіп ) міндеті, оның оқу мазмұнын құрайды. Ойын мазмұны балалардың қызығушылығын оятады, олардың танымдық іс - әрекетін белсендіреді және жаңа білім, іскерлік, дағдымен байытады.
2. Әрекет – ойынның негізгі бөлігі. Әрекетсіз ойынның мақсатын жүзеге асыру мүмкін емес. Әрбір дидактикалық ойынның міндеті әрбір оқушының мінез – құлқын анықтап, ұйымдастырып, бір тұтас ұжымға біріктіретін әрекет арқылы іске асады. Ол балалардың қызығушылығын тудырып, олардың ойынға деген эмоцияналдық қатынасын анықтайды. Дидактикалық ойында әрекет нақты анықталған және айқын түрде белгіленген. Ол әртүрлі болуы мүмкін, бұл жағдайда төмендегідей негізгі шарттарға сәйкес келуі тиіс:
а) ойын міндетіне бағыну керек, сол арқылы ойын мақсаты жүзеге асырылуы шарт;
ә) ойынның аяғына дейін тартымды, әрі қызықты болуы шарт.
3. Ереже – дидактикалық ойынның қажетті бөлігі болып табылады және ерекше орын алады, сондықтан кейде дидактикалық ойындарды «ережеге құрылған ойындар» деп те атайды. Ереже ойын міндетіне бағынады. Олар іс - әрекетті ойынның міндетін жүзеге асыруға бағыттай ұйымдастыруды көздейді. Сондықтан дидактикалық ойында іс - әрекет ережемен тығыз байланысты. Ережелер бала ойын үстінде не істеу керек және қалай істеу керек екендігін анықтайды. Ережесіз іс - әрекет жайбарақат дамып, дидактикалық міндеттің жүзеге асуына ықпал ете алмайды, сөйтіп өзінің негізгі сипатынан айырылады. Дидактикалық ойынның ережесі іс - әрекетті ұйымдастырып қана қоймайды, сонымен бірге оның тартымдылығын арттырады.
4. Ойын нәтижесі – бұл міндетті шешу мен ережені орындау. Нәтиже мен ойынның аяқталуын екі тұрғыдан бағалау қажет: баланың көзқарасы тұрғысынан және мұғалімнің немесе тірбиешінің көзқарасы тұрғысынан.
Егер ойын нәтижесін баланың көзқарасы тұрғысынан бағаласа, онда мұғалім ойынның балаға моральдық және рухани ләззат беру жағын есепке алады. Дидактикалық ойынның міндетін шешу баладан белгілі бір күш – жігерді талап етіп, олардың ойлау іс - әрекетіне талаптар қояды. Балалар ойын барысында ұшқырлық, алғырлық, тапқырлық танытады. Мұның барлығы балаларды моральдық тұрғыдан қанағаттандырып, олардың өз күштеріне сенімін арттырады, оларды қуаныш сезімге бөлейді.
Мұғалім мен тәрбиешіге дидактикалық ойындарды талдау кезінде міндеттің орындалғанын, әрекеттің жүзеге асырылғандығын, ойынның белгілі бір нәтижеге әкелгендігін қадағалаудың маңызы зор. Адам өскен сайын ойын өзінің мәнін, жетекші ролін жоғалта бастайды. Бірақ ол кейбір адамдарда өмірлік іске айналады (шығармашылық, техникалық және басқа да мамандықтар). Ойын тарихы, оның еңбектен пайда болғанын көрсетеді, ендеше ол адамдар үшін еңбектің түрі болып қала береді. Сондықтан дидактикалық ойын – бастауыш сынып оқушыларын оқытудың ақыл – ой белсенділігін тәрбиелеудің маңызды құралы болып табылады.
Тиімді пайдаланған дидактикалық ойындар мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын оқушылардың зор ынтамен тыңдап, оны берік меңгеруіне көмектеседі. Өйткені ойын мектепке келген оқушылардың әрекетін белсендіріп, оларды тәрбиелеп, дамытудың аса маңызды құралы болады. Ойынды педагогикалық процеске енгізе отырып, тәрбиеші балаларды ойнауға, яғни А.С.Макаренконың сөзімен айтқанда, «Жақсы ойын» жасауға үйретеді. Мұндай ойынның өзіне тән сапасы бар, ол – мазмұнының тәрбиелік – танымдық құрылымы, бейнелейтін түсініктерінің толықтығы мен дұрыстығы, белсенділігі мен ұйымшылдығы, ойынның ережелерге бағынуы.
Дидактикалық ойындардың өзіне тән ерекшеліктері бар. Бір жағынан – ойында ойындық әрекет негізге алынған, оның көмегімен жеке тұлғаның белгілі бір сапалары: зейін, байқағыштық, ес, ойлау, ізденімпаздық, белсенділік қалыптасады. Екінші жағынан – ойын сабақта белгілі бір дидактикалық міндетті, жаңа материалды оқып – үйрену, өткенді қайталау, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру, білімді іс жүзінде пайдалану міндеттерін шешуді көздейді. Дидактикалық ойындарды ұйымдастырғанда, оның сабақтың мақсатына жетуге көмектесетін жағын ескеру маңызды. Оларды сабақтың әрбір кезеңіне сәйкес дұрыс пайдалану да өте тиімді. Сабақтың басында ойын баланың қызығушылығын оятады, оны ұйымдастырады, сабақтың ортасында ойын тақырыпты меңгертуге бағытталады, сабақтың аяғында ойын ізденіс сипатына ие болады. Бірақ ойын сабақтың қандай кезеңінде ұйымдастырылса да, қызықты, түсінікті болуы, оқушыларды іс - әрекеттің әр түріне баули алуы тиіс.
Дидактикалық ойындарды таңдап алу, оларды дұрыс өткізу мен ұйымдастыру – оның табысты болуының шешуші шарттары. Ойынды оқу әрекетіне енгізу, біріншіден сабақта қолайлы жағдайдың болуы, екіншіден мұғалімнің шеберлігін, үшіншіден оқушылардың психологиялық көңіл – күйінің болуын талап етеді. Дидактикалық ойындардың тиімділігі, олардың сабақтың кезеңіндегі орны мен міндетін және мақсатын дәл анықтауға, оны қолданудың теориясы мен практикасының мұғалімнің жетік игеруіне, шеберлік танытуына, ойынға қажетті материалдардың жиынтығын алдын – ала дайындап алуға, ойын процесіне оқушыларды белсенді ұйымдастыруға байланысты. [3,5б]
Дидактикалық ойындар баланың ынтасын сабаққа аударуға, көңіл қойғызуға, қабылдауын жеңілдетуге, білімді толық игеруге көмектеседі, сабаққа эмоциялық бояу береді.
Ойынның мақсаты:
1. Баланы пәнге қызықтыру, логикалық ойлауын дамыту.2.Сөздерді орынды қолдану дағдыларын жетілдіре отырып,сөйлеу мәдениетіне тәрбиелеу.
3.Таным әрекетін қалыптастыру, тиянақтау, пысықтау, алған білімді тексеру, қызығушылығын ояту,белсенділігін арттыру.
Міндеті:
1 Танымдық: баланың тану, іздену әрекетін дамыту.
2)Тәрбиелік: айналасымен қарым-қатынас жасауға, қажетті дағдыны,адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру.
Дидактикалық ойындарды құру мына негіздерге сүйенеді:
1) Балалардың іс-әрекетіне ойын түрлерімен оқуды байланыстыру, біртіндеп қызықты жеңіл ойындардан ойын-тапсырмалар арқылы берілген оқу-тәрбие мәселелеріне көшу.
2) Шарты мен міндеттерін біртіндеп күрделенуі.
3) Берілген тапсырмаларды шешуде баланың ақыл-ой белсенділігінің күшеюі.
4) Оқу-тәрбие мақсаттарының бірлігі.
Дидактикалық ойындардың сапалылығы:
Олардың сабақтың әр кезеңіндегі орны мен міндетін, мақсатын дәл анықтауға, оны қолданудың теориясы мен практикасын мұғалімнің жетік меңгеруіне, шеберлік танытуына, ойынға қажеті материалдарды алдын-ала дайындап алуына, ойын үрдісіне оқушыларды белсенді қатыстыруына байланысты болады.
Қазіргі мұғалімдердің алдында тұрған үлкен міндет – оқушыларды сабаққа ынталандыру. Мұның бір ғана жолы бар: сабақ қызық өткенде ғана. Айтқанға оңай, іс жүзінде сабақты тартымды өткізу мұғалімнен білімділікті, қабілеттілікті, тапқырлықты, дарындылықты қажет етеді. Сондықтан, мұғалімге қойылар талап – тілек барған сайын күрделеніп келеді.
Күнделікті сабақта ұстаздар арасында кеңінен тараған бір әдіс – ойын элементтерін қолдану. Бала белсенділігі ойын үстінде танылады. Жақсы ойынға бала бар ынтасымен беріліп, алуан мәлімет, дағды мен шеберлікті меңгереді. Алға мақсат қоя білуге төселеді, білгенін соған жұмсайды. Алайда, бұл ойындарды үнемі пайдалана бермейміз. Ойынның белгілі бір уақыттарда жүзеге асырылып, сабақ кезеңдеріне нұқсан келтірмейтіндей жымдасып жатуын көздеуіміз керек. Ойынды, көбінесе, қайталау сабақтарында немесе бекіту кезеңінде қолдануға болады. [5,123б]
С.Рахметова қазақ тілі сабақтарындағы көркем шығармалардың оқушыларды тәрбиелеудегі маңызын жан – жақты талдап көрсетеді және сол мақсатқа сай дидактикалық ойындарды іріктеуді талап етеді:
1. Идеялық – саяси, адамгершілік және эстетикалық тәрбие беру;
2. Дүниеге дұрыс көзқарас қалыптастыру;
3. Балаларды үлкендердің үлгілі, ерлік істерімен, еңбектерімен таныстыру арқылы қоғам игілігіне адал ниетпен еңбек етуге, адамгершілікке, бір – бірін сыйлаушылыққа, адалдық пен шыншылдыққа, кішіпейіл болуға тәрбиелеу;
4. Отанымыздың мейлінше бай, көркем де сұлу табиғаты жайлы материалдармен танысу арқылы табиғатта кездесетін өзгерістер мен құбылыстарды байқай біліп, теңдесі жоқ сұлулық пен көркемдікті бағалай білуге, елін, жерін қадір тұтып, сүюге тәрбиелеу;
5. Балалардың алған білімдері мен оқу дағдыларын, шеберліктерін жетілдіру, тілін онан әрі дамыта түсу;
6. Халықтардың бостандық, бейбітшілік үшін жүргізген қаһармандық күрестерімен таныстыра отырып, Отанды сүю, бейбітшілік пен халықтар достығы рухында қалыптастыру;
7. Саналы тәртіпке, дұрыс мінез – құлық нормаларына үйрету;
8. Еңбекке қызығу, еңбекқорлыққа тәрбиелеу.
Демек, қазақ тілі сабақтарында дидактикалық ойындарды оқушыларды жан – жақты тәрбиелеуге негіздеу қажет. Осыған орай қазақ тілін дидактикалық ойындар арқылы меңгерту жұмыстарының мынадай мақсаттары болуы керек:
1. Оқушыларды ұлттық болмысқа тәрбиелеу. Бұл төмендегі жұмыстар бойынша жүргізіледі:
а) дидактикалық ойындарды ұлттық тәлім – тәрбие көздерімен ұштастыруда жұмбақтарды, мақал – мәтелдерді, халықтың даналық, өсиет сөздерін оқыту барысында ойындар арқылы кеңінен қолдану;
ә) көркем шығармаларды дидактикалық ойын түрінде беру арқылы оқушылардың ұлттық мәдениет пен әдебиетке дұрыс көзқарасын қалыптастыру;
б) дидактикалық ойындар арқылы оқушыларға шешендік сөздерді үйретіп, олардың тіл мәдениетін жетілдіру керек.
2. Оқушыларды дидактикалық ойындар арқылы әлемдік ізгілік пен әдептілік негіздерімен тәрбиелеу. Бұл үшін әлемдік тәрбиенің озық үлгілерін, сыннан өткен тәрбие көздерін қазақ тілін оқыту барысында тиімді қолдану қажет. Қазақ тілі сабақтарында діни нақылдар мен өнегелік өсиеттерді үйрету арқылы оқушыларды адамгершілік құндылықтарды түсініп, оны келешек өмірінде дұрыс қолдана білуге дағдыландырылады.
3. Қазақ тілі сабағында дидактикалық ойындарды қолдану арқылы оқушылардың ойлау қабілеті, есте сақтау қабілеті, сөйлеу қабілеті және қабылдауы, яғни таным процестері дамиды, жетіле түседі.
Жоғарыда аталған мақсаттарды орындау үшін ана тілі сабағында дидактикалық ойындар арқылы оқушыларды тәрбиелеу жұмыстарын төрт жақты жүргізген дұрыс:
Бірінші бағыт – дидактикалық ойындар арқылы оқушылардың интеллектуалдық қабілеттерін, логикалық ойлауын тәрбиелеу;
Екінші бағыт – оқушыларға ізгілікті тәрбие беру – оқыту үрдісінде халық педагогикасының мол мұрағаттарын пайдалана отырып, оқушыларға ізгілік, адамгершілік қасиеттерін бйына сіңіру;
Үшінші бағыт – түрлі көркем шығармаларды пайдалана отырып, оқушыларға эстетикалық тәрбие беру арқылы олардың жеке тұлғалық қабілеттерін, жат нәрседен бойын аулақ салуға тәрбиелеу;
Төртінші бағыт – оқушылардың сөздерді орынды қолдану дағдыларын жетілдіре отырып, сөйлеу мәдениетіне тәрбиелеу.
Жоғарыда аталған төрт бағыт өзара бірлікте жұмсалып, тұтас күйінде дидактикалық ойындар арқылы оқушыларды тәрбиелеу негіздерін құрайды.
Ойын түрлерін сабақта тиімді пайдалана білу мұғалімнің меңгертіп отырған білімін аса зор ықыласпен тыңдап, білімді берік меңгеруіне көмектеседі. Өйткені бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне байланысты олар ойынға өте ынталы келеді. Ойын барысында балалар тез сергіп, тапсырманы жылдам, дәл орындауға тырысады. [6,85б]