Лекция 4. Саяси жарнаманың Қазақстанда пайда болуы Қазақ халқының саяси жарнамасына келер болсақ, біздің халқымызда да бұл ұғым үгіт-насихаттық түрде болды. Еліміздің өткен тарихына үңілсек, оның кейбір элементтері болғаны байқалады. Өйткені, қазақ ұлтының да өз ерекшеліктері жетерлік. Мәселен, “Бес ғасыр жырлайды” кітабында мынадай деректер кездеседі: “Керей, Жәнібек хандардың ақылшы биі болған Асан қазақ руларының орда көтеруін жақтайды, қазақтар Шу, Сарысу бойына орналасқан соң ел іргесі берік, ағайын ұжымы күшті болуын үндейді. Өз өлең, толғауларында хандық үкіметті нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажетін насихаттайды. Жәнібек ханды табысқа мастанбауға, елдің түбегейлі болашағын ойлауға шақырады. Феодалдық қоғамдағы әдет-ғұрып, мінез-құлық мәселелерін көтереді. Өзінің ақындық күшін туыстас руларды бір орталықты, қуатты мемлекет етіп ұйыстыру жолына арнайды. Біздің заманымызға жеткен толғауларынан Асанның қилы кезең табиғатын жыға танығаны, тіпті Алтын Орданың орнында пайда болған хандықтардың бәрінің құрып бітетініне дейін болжай алғаны көрінеді” . Демек, өз заманының ақын-жыраулары саяси жарнаманың үгіт-насихаттық формаларымен айналысқан. Қазтуған жырау өмір туралы, атамекен, туған ел мен әскери тақырыптағы туындылар жазса, Доспанбет жырау шығармаларында көшпенді жауынгерлердің бейнелік тұлғасы, батырлық кейпі көрінеді. Жорық жыршысы болған Марғасқа жырау Есім ханның бір орталыққа біріккен мықты феодалдық мемлекет құру идеяларының ұраншысы қызметін атқарса, шонжарлар тұқымынан шыққан Жиембет жырау хан үкіметіне қарсы болады. Ақтамберді толғауларында атқа қонуды, ойраттарға қарсы соққы беруге, жұртшылықты ерлікке үндеп, қарсы келген жауға қорықпай шабу насихатталады. Саяси ғылымдарының докторы Ә. Бәкір республикалық “Алтын орда” газетіне берген бір сұхбатында: “Қоғамның әртүрлі сатысында жарнама әртүрлі рөл атқарған. Нарыққа дейін қазақ жарнаманың не екенін білмеді деуге болмайды. Жарнама қазақтың өмірінде де болған. Әсіресе жәрмеңкелер кезінде, мәдени шараларға, сауда-саттыққа байланысты жарнамаларды жаман пайдаланған жоқпыз. Жібек жолы кезінде жарнамалар, тіпті, жақсы көрінді.Бұрынғы жарнама мен бүгінгі жарнаманың арасында айырмашылық көп. Кеңес дәуірінде де қазақ тілді басылымдарда жарнамалар өз дәрежесінде дами түсті. Жарнамалық ақпараттың алғашқы жазбалық нұсқалары “Түркістан уәлаяты” мен “Дала уәлаяты” газеттерінде жарияланса, кейін “Қазақ”, “Алаш”, “Серке” секілді газеттер де жарнама саласындағы өз қызметтерін жалғастырды. 1919 жылдың 17 желтоқсанында сол кездегі астанамыз Орынбор қаласында қырғыз әскери революциялық комитетінің органы - “Ұшқын” газеті шыға бастады. Ұзақ тарихы бар аталмыш газет бірнеше рет атауын өзгертіп, “Еңбек туы”, “Еңбекші қазақ”, “Еңбекшіл қазақ”, “Социалды Қазақстан”, “Социалистік Қазақстан”, “Егеменді Қазақстан” деген атаулармен жарық көрді. Бүгінгі күнде бұл республикамыздағы жалпыұлттық дәрежедегі “Егемен Қазақстан” газеті. Келесі жылы жарық көргеніне 90 жыл толатын басылым, осы жылдың 30 қаңтарында 25000 санын шығарды. Саяси жарнаманың қоғам мүшелеріне саяси жағдайларды түсіндіру шараларын өткізудегі орны ерекше.Саяси жарнама түсінігіне мамандар сайлау науқаны барысында мән береді. Дегенмен, саясаттағы жарнама тек сайлау науқанында ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарында күнделікті түрде ақпараттық, үгіт-насихаттық, салыстырмалы, ескертулік секілді түрлері пайдаланылады. Саяси жарнама өзіне тән белгілері бар идеяларға жол көрсетуші, бейнелер мен символдарды қоғам арасына таратушы ақпараттың түрі. Саяси жарнама саяси бәсекелестік шарттарында қызмет етеді және оның әлеуметтік идеологиялық қызметі зор. Олай болса, саяси жарнама - стратегиялық саяси идеялардың түпнегізі, қоғам өкілдерінің мінез-құлқын реттеуші ретінде сипаттаймыз. Сонымен қатар, саяси жарнама саяси мәселелерге қатысты арнайы білімі жоқ, алынған ақпаратты сыни көзқараспен бағалауға дайын емес бұқараның ақпараттық қажеттіліктерін толықтыруға бағытталады. Сондықтан бұқаралық ақпараттық өнім қызықты әрі түсінікті болуы тиіс. Соның негізінде саяси жарнамада берілген ақпараттар саясат бейнесін халық санасында толықтай қалыптастыра алады. Бүгінгі таңда саяси өмірді БАҚ-сыз, оның ішінде жарнамасыз елестету мүмкін емес. Бұқаралық ақпарат құралдары - бұл нақты әрі айқын билік құралы. Демек билікке жетудің жеңіл тәсілі - сенімді БАҚ-қа сүйену. Газет-журналдар, теледидар-радио құралдары, компьютерлік жүйелердің әлеуметтік және саяси мінез-құлықты, психологиялық ниет пен ойлау тәсілдерін реттеуге толыққанды мүмкіндігі зор. Жарнама қоғамда келесі саяси қызметтерді атқарады: 1) ақпараттық - саяси жүйедегі маңызды элементтер қызметі туралы ақпарат алу, өңдеу және тарату; 2) білім беру - түрлі деңгейдегі білім орындарында алынатын түсінікті толықтыратын ақпарат беру; 3) әлеуметтендіру - саяси нормалар, мінез-құлық құндылықтары мен үлгілерін игеру; 4) сын және бақылау - әлеуметтік-саяси кеңістіктегі ойлар мен көзқарастарды қалыптастыру . Осы аталған пікірлерге қарап, саяси жарнаманың негізгі мақсаттарын айқындауымызға болады. Біріншіден, ол қоғам мүшелерінің барлығын хабарламаға назарын аудартуға тырысады; екіншіден, хабарламаның мазмұнын түсіндіру арқылы халықтың қызығушылығын тудырып, нәтижесінде оны қоғам арасында жоғарылатады; үшіншіден, берілетін ақпараттарға сәйкес, қажеттілік пен ниетті ұштастыру арқылы оны ой-пікірде қалыптастырады; төртіншіден, осы ақпараттар негізінде өзіндік қалыптасқан қимылдар жасалады. Жалпы, саяси жарнама сайлау науқанында тікелей әсер ететін, ал күнделікті әлеуметтік-саяси өмірде қоғам құндылықтарын мәліметтің түрлі әдістері негізінде жанама ықпал ететін ақпарат. Жоғарыда айтып өткен мәселелерге орай, саяси жарнама ұзақ мерзімді күрделі эволюциялық жолдан өткенін көреміз. Осы күрделі процестер көбіне қоғамдық байланыстардың дамуы және жарнама берушілер мақсаттарының өзгеруімен анықталады. Бүгінгі жарнама берушілер өзінің қаржылық мүмкіндігіне қарай, сайлаудағы дауыстар мен қолдауларға сүйене алады. Өркениетті елдерде демократияның тереңірек дамуына байланысты саяси жарнаманың саяси партиялар мен саяси қайраткерлер танымалдылығын көтеру құралы ретіндегі рөлі жоғарылауда. Сайлау науқанындағы саяси жарнама электорат дауысына күрес барысындағы барлық мүмкіндіктерін толық пайдаланады. Саяси жарнаманың ұйымдастыру деңгейі елдердің саяси күштерін орналастыруға ықпал жасайды. Соған байланысты, саяси жарнаманы зерттеуге көңіл аударылып, оның барлық құралдарын шебер игеруге назар салу қажет.
Әдебиеттер:
Негізгі:[1.5.18]; [ 1.15.17]; [1.9.15;]; [1.13.18]
Қосымша: [3.4.5]; [3.8.10]; [4.9.20]