Лекция 12. ҚР аумағындағы жарнаманың негізгі талаптары
ҚР аумағындағы жарнаманың негізгі талаптары «Жарнама туралы» 2003 жылғы 19 желтоқсандағы №508-ІІ заңға сәйкес жасалады:
Жарнама таратылу, орналастырылу нысанына немесе пайдаланылатын құралына қарамастан, тiкелей ұсынылу сәтiнде арнаулы бiлiмсiз немесе арнаулы құралдарды қолданбай дәйектi әрi түсiнiктi болуға тиiс;
Мерзімді баспасөз басылымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы жарнама мемлекеттік және орыс тілдерінде, сондай-ақ жарнама берушінің қалауы бойынша басқа да тілдерде таратылады;
Бұл ретте теледидар мен радио арқылы мемлекеттiк тiлде берiлетiн жарнама күн сайынғы эфирге шығатын барлық уақыт бойы бiркелкi таратылуға тиiс;
Заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында таралып, өнідірілуге тыйым салынған тауарларды (қызмет, жұмыс) жарнамалауға жол берілмейді;
Қазақстан Республикасының заңына сәйкес тіркелмеген діни ұйымдар мен рухани оқу орындарын жарнамалауға тыйым салынады;
Жарнама Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруды, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды, порнографияны насихаттауға немесе үгiттеуге пайдаланылмауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын құрайтын мәлiметтердi және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды тарату үшiн пайдаланылмауға тиiс;
Түсініксіз жасалған жарнама құрылымы байбалам туғызбауы тиіс, себебі ол әр адамда түрліше болады.
Бұл талаптар бұзылған жағдайда айыппұл салынады:
жеке тұлғаларға оннан жиырма айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі мөлшерде;
жеке кәсіпкерлікке, қызметтік тұлғаларға - елуден жетпіске дейінгі АЕК аралығында;
орта және шағын кәсіпкерлік немесе коммерциялық ұйымдардың субъектілері саналатын заңды тұлғаларға, —жүзден екі жүзге дейін;
ірі кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлғалар үшін, — екі жүзден төрт жүз АЕК мөлшерінде.