авторитарлық (өктем) мұғалім – оқушыларға қатал болады, өктемдік көрсету арқылы білімді талап етеді. Бұл жерде педагог жоғары, ал оқушы төменгі сатыда болады;
либералдық педагогтар үшін ешқандай мақсат-мүдде болмайды,
яғни тек қана дәрісін өткізсе болғаны;
гуманистік (ізгіліктік) – бұл педагогтар шәкірттерін адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелейді.
Әрине мен гуманистік жолды таңдадым. Гуманистік тәрбие беру жолы балалардың сезіміне әсер етіп, ішкі жан-дүниесін ояту нәтижесінде оның бойына рухани адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына ықпал етеді. Шәкірттерімді білім нәрімен сусындатып тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беру – менің басты мақсатым.
Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған.
Қазақ халқы әрқашан да ұстаз мәртебесін көтеріп, қастерлеп аса жоғары бағалаған: «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға», «Адамның адамшылдығы – жақсы ұстаздан». Әйгілі ақын Мұхтар Шахановтың «Бала жүрегі-кішкентай күйсандық. Ол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кез сол кілт жүруі керек»,- дегендей, баланың бойындағы қалыптан тыс ойлай алатын, шығармашыл қабілеті бар болса, соны көре біліп, соны әрі қарай дамыту ұстаздың мақсатының бірі немесе ұлылығы болар.
Ақын несімен мақтанады?
Жүрекке жететін өлеңдерімен.
Суретші несімен мақтанады?
Көз жауын алатын шығармаларымен.
Композитор несімен мақтанады?
Жанды тербететін әуенімен.
Мұғалім несімен мақтанады?
Жеке тұлға тәрбиелеп шыққан сабақтарымен….
Сабақ-бұл сүйіспеншіліктің бастауы болып табылатын процесс. Сабақ тек оқыту формасы емес, білім беру формасы, тәрбиені ұйымдастыру формасы. Шынайы ұстаз – балалардың өмірін сабақ кезінде құрастыратын, өмірге керек қабілеттерін аша алатын ғажайып құбылысқа айналдырушы.
Өмірде болған жағдайды айтатын болсақ, бір ұстаздың педагогикалық практикасында1990 жылдары жүргізілген зерттеулері бойынша ата-аналардың 70 пайызы өз балаларының бойынан мына қасиеттерді көргісі келген, олар:мейрімділік, сыпайылық, қарапайымдылық, жанашырлық, өз бетінше жұмыс жасай алуы. Заманына қарай адамы демекші, қазіргі таңда басты орынға: табандылық, іскерлік, батылдық, шыдамдылық сияқты т.б. қасиеттер басты орын алып тұр.Ең бір қызығы – бұл жерде ешкім адам бойындағы ең қымбат қасиет рухани байлық туралы жақ ашпаған.
Қазақ халқының өте құпия ой пікірлерін ашып көрсеткен, гуманист, ойшылы, ұлы ақын Абай Құнанбаев үшін ең маңыздысы-бұл адамгершілік қасиеті, адамның өміріндегі құндылықтары, өзінің өмірдегі орнын табу.Ол «Кімнің білімі көп, махаббаты мол, шыншыл болса-сол адам ақылды, ғалым, бүкіл әлемді билейді» деген. Ал Шәкірім Құдайбердіұлы барлық білім беру мекемелерінде «Ар -ұждан ілімін» енгізу керектігін атап айтқан. Қазіргі кездегі «Өзін-өзі тану» сабақтарын ар-ұждан сабақтары деп айтуға болады.Өйткені ар-ұждан ол барлық рухани адамгершілік қасиеттердің белгісі. «Өзін-өзі тану» пәні ол жастардың қоршаған ортаның мәнін түсінуіне, сол ортадағы өзінің орны мен міндетін сезінуіне, болашақ өмірлік бағытын дұрыс таңдауына, өзін-өзі жетілдіре түсіп, өмірдің рахатын сезініп, оның мән-маңызын түйсінуге үйретеді.Бұған дәлел – студент жастардың «Өзін –өзі тану» пәні туралы жазған хаттары.
Көз алдымызда мына бүгінгі заманның күн санап тез өзгеруі білім беруге деген талапты күшейте түсуде. «Ескіден қол үзбей, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады», – деген екен Қытайдың дана ойшылы Конфуций. Сондықтан мұғалімнің басты міндеті оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологиялардың түрлерін меңгеру болып табылады. …
Осыдан кейін «Мұғалім болу –талант па, ол әркімнің қолынан келе бермей ме? –деген сұрақ туады. Ұстаздың барлығы талант болып тумайды. Егер кез келген мұғалім ынта-ықылас қойып, табандылық танытатын болса, өз бетімен көп еңбектенсе, идеялық жағынан сенімді, саяси жағынан есейген азамат болса, өз пәнін жақсы білсе, оқытудың әдістемесін меңгеріп, бала психологиясын жете білсе, педагогикалық техниканы қалыптастыра алса, педагогикалық шеберлікке жету қасиеттеріне ие бола отырып, педагогикалық кәсіпті меңгерсе, педагогикалық әдепті бойына сіңірсе, онда талантты, шынайы ұстаз бола алады.
Ойымды қорыта келгенде,«Балаға білім ұшқынын сыйлау үшін, мұғалім жарық сәулесімен өзі нұрлана білуі керек» демекші,жаңа ғасыр мұғалімінің бойында сергектік, байқағыштық, сезімталдық, әділдік, іскерлік,табандылық пен ұстамдылық сияқты қасиеттер тоғыса келе, олар мейірімділік атты ұлы ұғыммен ұштасып жатса ғана біз діттеген мақсат – мүддемізге жетіп, «ұлы ұстаз» деген ардақты атаудың шын иегері болатынымызға кәміл сенемін.