К., Искакова Ж. М



Pdf көрінісі
бет2/37
Дата07.01.2022
өлшемі0,93 Mb.
#20184
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37
Байланысты:
Рахимбаева-Учебник-ТҮРКІ-ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ-ӘДЕБИЕТІ-конвертирован

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
ҚЫРҒЫЗ ӘДЕБИЕТІ 
 



 
Түркі тектес өзге халықтар сияқты қырғыз халқы ауыз әдебиетінің де 
әр алуан жанрдағы үлгілері көп. Қырғыз халық фольклорында аңыз, ертегі, 
мақал-мәтел,  тұрмыс-салт  жырлары,  күлдіргі  әңгімелер,  мысалдар  кең 
орын алады. 
Қырғыз  ауыз  әдебиетінде,  әсіресе,  батырлық  дастандар  халық 
арасында  көп  тараған.  Мәселен,  «Құрманбек»,  «Ер  Төстік»,  «Жаңыл-
Мырза»  атты  батырлық  дастандар  көпшілікке  ертеден  мәлім.  Сондай-ақ 
«Олжабай  мен  Кішімжан»,  «Кедей»,  «Қожаш»  деп  аталатын  лиро-
эпикалық дастандар бар. 
Қырғыз  әдебиеті  XIX  ғасырдың  орта  кезінен  бастап  белгілі  бір 
дәрежеде  дамыды.  Дәл  осы  кезеңде  өмір  сүрген  Қалығұл  ақын  мен 
Арыстанбек  ақынның  «Тар  заман»,  «Ақыр  заман»  атты  ұзақ  толғаулары 
сақталған.  Мұнда  жергілікті  манаптар  мен  орыс  әкімдерінің  қыспағына 
түскен  қарапайым  халықтың  ауыр  өмірі  тарихи  шындық  тұрғысынан 
бейнеленген. 
Сондай-ақ  Молда  Қылыш  Шамарқановтың  (1866-1917)  «Қыз  бен 
жігіт»,  «Керметау»,  «Жынды  су»,  «Алдамшы»,  «Қара  Қошқар»,  «Бүркіт 
тойы», т.б. өлең-жырлары да халық арасына кең тарағаны мәлім. 
Әрине,  қырғыз  фольклорының  шырқау  биігі  –  «Манас»  эпосы.  Бұл 
жыр  дүниежүзілік  әдебиет  пен  мәдениеттің  алтын  қорына  қырғыз 
халқының қосқан елеулі үлесі деуге болады. 
«Манас»  эпосын  ауыз  әдебиеті  шеберлерінің  бір  емес,  көптеген 
ұрпағы жасағанын ескерген жөн. Мұнда батыр Манас басқарған жеңімпаз, 
ақылды, ер жүрек қырғыз батырларының сыртқы жауға қарсы жорықтары 
баяндалады. 
«Манас» эпосы негізінен үш үлкен бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде 
халық  қаһарманы  Манас,  екінші  бөлімде  Манастың  баласы  Семетай,  ал 
үшінші  бөлімде  Манастың  немересі  Рейтекенің  өмірі,  басынан  кешкен 
қызықты оқиғалары, адамгершілік қасиеттері, ерлік істері суреттеледі.  
«Манас»  эпосының  сюжеті  аса күрделі,  шым-шытырман оқиғаларға 
бай  болып  келеді.  Бұл  эпос  көптеген  дастандарды  қамтиды.  Оларда 
достық,  отансүйгіштік,  ерлік,  ел  қорғау  идеялары  көтерілген.  Манастың 
қалмақ  ханы  жіберген  Албасты  Қожарт  алып,  Кучку,  Жолай  сияқты 
палуандарды жеңіп шығуы, түрлі өлкелерден ізгі ниетпен келген Ажыбай, 
Шумақ,  Сырғақ,  Серек  және  Алмамбет  сияқты  батырлармен  достасып, 
халықты  ауған  және  қалмақ  хандарының  зұлымдығынан  азат  етуі  зор 
шеберлікпен баяндалады.   
Қазақтың  белгілі  ғалымы  Шоқан  Уалиханов  XIX  ғасырдың  екінші 
жартысында «Манас» жырының жекеленген үзінділерін («Көкетай ханның 



 
өлімі және оған берілген ас») жазып алып, оны орыс тіліне аудару арқылы 
қырғыз елінің ғажайып әдеби мұрасын басқа елдерге, Еуропа ғалымдарына 
тұңғыш рет таныстырды. 
«Манас»  жырының  Шоқан  Уалиханов  жазып  алған  нұсқасы  соңғы 
кезге дейін ғылымға белгісіз болып келген еді. Академик Ә.Марғұлан ұзақ 
жылдар  бойы  сарыла  іздеп,  архив  қазыналарынан  «Манас»  жырының 
Шоқан жазып алған нұсқасын тапты әрі ол туралы ғылыми еңбек жазды. 
«Манас» эпосы көптеген тілдерге тәржімаланған. Ол қазақ тіліне де 
аударылып, төрт кітап болып жарық көрді. 
Қырғыз  халқының  әдебиет  тарихында  халық  ақыны  Тоқтағұл 
Сатылғановтың алатын орны ерекше зор деуге болады. Тоқтағұл өзі өмір 
сүрген дәуірдегі (XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезі) қырғыз 
елінің  қоғамдық,  әлеуметтік,  саяси  өміріндегі  көптеген  мәселелерді  өз 
жырларына өзек етті.  
Төбесінен төнген ажалдан да тайсалмай, қашанда әділдікке жүгінетін 
Тоқтағұл  ақынды  кезінде  қырғыз  манаптары  ит  жеккенге  –  Сібірге 
айдатып  жібереді.  Әйтсе  де,  қараңғы  қапас,  қолындағы  кісен,  аяқтағы 
шынжыр қырғыз халқының өжет ақынын жасыта алмады. 
Ерлік  пен  өрлікті,  қайсарлық  пен  өжеттікті  өз  толғауларына  өзек 
еткен  қырғыз  ақыны  Тоқтағұл  жырлары  қазақтың  жалынды  ақыны 
Махамбет  өлеңдерімен  үндес,  сарындас  болып  келеді.  Махамбет  ежелгі 
жауы Баймағамбет сұлтанға: 
                             ...Керегесін қиратып, 
                            Отын етсем деп едім. 
                            Туырлығын кескілеп, 
                            Тоқым етсем деп едім, - 
десе, Тоқтағұл: 
                              Төрені төрем демеспін, 
                              Төбемнен басып ұрса да, 
                              Арқан салып мойныма
                              Қара дарын құрса да, 
                              Қайран тілім жаңылмайды, 
                              Патшаң қарап тұрса да. 
                              Қайыспаймын шындыққа 
                              Қаптатып дария бұрса да. 
                              Бегіңді бегім демеспін
                              Бешенемде тұрса да. 
                              Бас имеймін өлгенше, 
                              Бетімді тіліп ұрса да, - дейді. 



 
Тоқтағұл  ақын  қырғыз  бен  қазақ  халықтарының  сан  ғасырлар  бойы 
үзілмей  келе  жатқан  достығын  нақтылы  түрде,  тарихи  деректерге  сүйене 
отырып, мейлінше шеберлікпен жырлайды: 
                               Ел едік біз ежелден 
                               Қазақ, қырғыз бір туған. 
                               Туысқан елді қасқырлар 
                               Бір-біріне қас қылған... 
Тоқтағұл  –  қырғыз  халық  ауыз  әдебиетінен  сусындап  өскен  ақын. 
Ақын  поэзиясының  бір  ерекшелігі  –  мұнда  еспе  қайталау,  әсіресе,  дыбыс 
қайталауы  (ассонанс,  диссенанс,  аллитерация,  т.б.)  жиі  ұшырайды.  Ал, 
мұның өзі Тоқтағұл өлеңдерін құлаққа жағымды, көңілге қонымды етеді. 
                               Тұйғын едім қағынған
                               Тұлпар едім шабынған. 
                               Кетіп барам айдалып, 
                               Аяққа кісен салынған. 
                               ...Азабын тартып тұтқындық, 
                               Аша алмадым көңілді. 
                               Ақ таңдай едім сайраған, 
                               Адам білмейді жөнімді. 
Тоқтағұл  ақын  қырғыз  елінің  сан  ғасырлық  шежіре-тарихын,  ерлік, 
елдік салтын, арманы мен мұңын, т.б. зор шеберлікпен жырлады. 
Қырғыз  халық  ауыз  әдебиетінің  шырқау  биігі  –  «Манас»  эпосы. 
Мұнда  Манас  басқарған  ер  жүрек  қырғыз  батырларының  сыртқы  жауға 
қарсы жорықтары баяндалады. 
Қырғыз  жазба  әдебиетінің  ең  белді  өкілі  –  Ш.Айтматов. 
Ш.Айтматовтың  шығармашылық  лабораториясының  шыны  мен  сыры 
оның  өмірінің  шындықтарынан,  көргендері  мен  көңіліне  түйгендерінен 
бастау 
алады. 
Сондықтан 
да 
жазушының 
шығармашылық 
лабораториясында,  шығармаларының  жазылу  процесінде  оның  өз 
өмірбаянының  шындықтары  маңызды  қызмет  атқарады.  Сондықтан 
суреткердің  өмір  жолы  мен  шығармашылығын  тығыз  бірлікте 
қарастырудың  мәні  жоғары.  Автор  бала  кезінде  өмірді  жарқын,  ырысты 
жағынан  көрген  болса,  соғыс  кезінде  оның  қатал  шындықтарын  таниды. 
Халықтың  азап  пен  тозаққа  белшесінен  малынып  тұрса  да,  жаманшылық 
алдында жасымай, небір қиындықтарды қыңқ демей көтеріп, хас батырша 
қайрат  қылған  қаһармандығын  көріп,  біледі.  Осының  бәрі  кейінірек 
жазушының  «Бетпе-бет»,  «Құс  жолы»,  «Жәмила»,  «Шынарым  менің, 
шырайлым  менің»  шығармаларында  көрініс  тапты.  Оның  көпшілік 
шығармаларында  ауыл  өмірі,  соғыс  кезіндегі  және  соғыстан кейінгі  кезең 
шындықтары,  қарапайым  еңбек,  шаруашылық  адамдарының  өмірі 
суреттелген.  Ш.Айтматов  ауылда  өсіп,  соғыстың  ауыр  жылдарында  және 



 
одан  кейінгі  қиын  кезеңде  еңбек  етті,  азамат  ретінде  қалыптасты. 
Сондықтан  ол  шығармаларында  өз  өмірінің  шындықтарына  сүйенеді. 
Ш.Айтматов  –  өмірден  өткергені  мен  сезініп-түйгендерінің  жазушысы. 
Оның  шығармашылық  таңдауы  –  өз  көкірегінде  көптен  сақталып, 
қордаланып  жиналған  әсерлердің  негізінде  жазу.  Тақырып,  идея,  образ  – 
бәрі  де  осы  негізден  бастау  алады.  Бұл  жазушының  шығармашылық 
лабораториясында біртұтас жүйе ретінде қалыптасқан. Уақыт өткен сайын 
қаламгер  шығармашылық  еңбек  үстінде  естелікке,  өмірбаяндық 
шындықтарға үңіліп отырады. 
«Қош, Гүлсарыдағы» Танабай бейнесінің түп негізі – Кеңес (Ибраим) 
деп  айтуымызға  болады.  Танабайдың  Кеңес  өкіметін  орнату  жолында 
қиыншылықты  бірге  тартқан,  тәркілеу  кезінде  орта  шаруалы  жағдайда 
болған ағасы Құлбекті де айдатып жіберуі, қызуқандылығы, кеңес өкіметі 
үшін  көзсіз  берілгендігі,  досы  Шораны  да  «иің  жұмсақ»  деп  жазғыруы, 
бірбеткейлігі, туралығы, өкімет тәртібін сақтауда, халық игілігін қорғауда 
кейде  шектен  шығып  кетуі  жазушының  естелігінде  ерекше  сипатталатын 
Кеңесті (Ибраим) елестетеді, еске түсіреді. Кеңестің (Ибраимның) жазушы 
шығармашылығына әсері болғаны даусыз. Әрине, Танабай – типтік тұлға. 
Оның  бойында  Кеңестің  де,  басқалардың  да  бойында  болған  белгілер 
кездеседі. Бірақ оның басты сұлбасы, негізі Кеңес тұлғасымен тектес. 
Ал  «Теңіз  жағалай  жүгірген  тарғыл  төбет»  повесінде  «Владимир 
Сангиге»  деп  арнайы  көрсетілген.  Бұл  арнау  жазушының  өзінің  қаламдас 
досына  деген  сүйіспеншілігін,  құрметін  ғана  емес,  шығарманың  ой-
өзегінің  қайнар  көзін  де  ашып  білуге  мүмкіндік  береді.  Шығарманың 
тууына  негіз  болатын  өзгенің  жанама  ықпалы  болсын,  қандай  өмірлік 
материал  болсын  -  олар  шығарма  жүйесінде  тек  жазушының  көркемдік 
ойлау  процесінде  саралап,  жинақтай  білуі  негізінде  ғана  өзіндік 
құндылыққа ие болады. Ш.Айтматов өз шығармасында мұны ғажап жүзеге 
асырған. 
«Жәмила» повесінінің алғашқы аты «Әуен» болған. Шығармаға негіз 
болған  оқиға  туралы  жазушының  баяндауы  өте  қызықты.  Жазушының  өз 
естелігі  мен  көркем  шығармаларындағы  оқиғаларды  салыстырап  қарасақ, 
осы повестегі жалпы сюжет қана емес, жекелеген оқиғалар да жазушының 
өмірден көрген, әсерін өз басынан өткерген шындық құбылыстар тобынан 
алынғанын  көреміз.  Бұл  повесінде  суреткер  соғыс  жылдарындағы 
қиыншылықты  көрсеткісі  келгені  мәлім.  Бидайды  қаптап,  траппен 
көтеретін қабылдау пунктіндегі жұмыстар, арбамен дән тасыған жолдар  – 
бәрі-бәрі  де  жазушының  жас  шағында  көзімен  көрген,  басынан  өткерген 
жағдайлары. 
Суреткер  барлық  шығармаларының  оқиғалық  өзегін  өз  өмірінің 
шындықтарынан  ала  бермейтіні  белгілі.  Ш.Айтматовтың  осындай 
өзгешелеу  жолмен  туған  повесі  –  «Шынарым  менің,  шырайлым  менің». 
Шығарманы 
талдау 
негізінде 
бұл 
туынды 
қаламгердің 
өмір 
құбылыстарының  айрықша  бір  түрімен  бетпе-бет  ұшырасуынан  алған 



 
әсерінен  туғандығын  тұжырымдаймыз.  Повесте  қиын  асулардың  азабы, 
шофердің, жол шеберлерінің ауыр еңбегі бірлікте бейнеленген.  
«Ақ  кеме»  повесінің  ой-өзегінің  қалай  пайда  болғаны  туралы  дәл 
деректі  жазушының  баяндауларынан  таба  аламыз.  Повестен  көркем 
берілген табиғат суреттері автордың туған жерінің алуан түрлі көрінісінен 
алынған.  Повесте  баланың  әркез  өзінше  сөйлесіп,  сырласып,  ойнап 
жүретін  түрлі  мүсіндегі  тастары  –  жазушының  балалық  шағын  өткізген 
жерлердің  ескерткіштері.  Жазушы  солардың  бәрін  жандандырып,  сезімге 
бөлеп суреттейді. 
Ш.Айтматов шығармаларының әрқайсысының өзіне ғана тән жазылу 
тарихы  бар.  Бұл  ерекшелік  әр  шығарманың  тақырыбына,  ой  өзегіне  сай 
анықталады.  Сонымен  қатар,  автордың  шығармаларының  бәріне  ортақ 
факторлар  бар.  Мұндай  факторлар  қаламгердің  жеке  өмірінің 
шындықтарына, өмірден көргендері мен білгендеріне негізделеді. 
«Боранды  бекет»  романының  ой-өзегі  пайда  болғанда  қайта 
сәулеленген «Мәңгүрт» хикаясын жазушы роман жазарда түбегейлі қолға 
алады.  «Мәңгүрт»  термині  дауына  байланысты  қаламгердің  өзінің 
баяндауына тоқтаған дұрыс. «Боранды бекет» романындағы «Мәңгүртизм» 
терминінің әлемдік деңгейге көтерілу себебі оның жазушы шығармасында 
игерілу,  көркемдік  шешімге  ие  болу  ерекшелігіне  байланысты.  Өйткені 
Ш.Айтматов версиясы – «адамзат» басындағы талайлы тағдыр, құлақкесті 
құлдықтың трагедиясы...». 
«Қош,  Гүлсары»,  «Боранды  Бекет»,  «Кассандра  таңбасы» 
шығармаларында  оқырманға  ерекше  әсер  қалдыратын,  ғажайып 
суреттелген  оқиғалар  да,  жазушы  өмірбаянындағы  ең  ұмытылмас  сәулелі 
сәттері  де  автордың  шығармашылық  қиялының  сұрыптауынан  өтіп, 
мардымсыз  белгілерінен  тазарады,  ақырында  көркем  әдебиеттің  дара 
ерекшеліктерін 
түзетін 
факторларға 
айналады. 
Суреткер 
өз 
туындыларында  кейіпкердің  ішкі  сезімін,  ой  жарылысын,  аффектісін 
тереңнен ашып, шынайы суреттейді. 
Шығармашылық  қиялдың  нақтылы  өмір  фактілеріне  сәйкес  келе 
бермейтін, бірақ ақыл мен интуицияның көрсетуімен ашатын өз шындығы 
болады.  «Кассандра  таңбасы»  романында  ғалым  Филофей  шарананың 
қарсылық  белгісін  ғарыштан  зондаж  сәулелер  жіберу  арқылы  анықтап, 
оған «Кассандра таңбасы» деп ат береді. Бұл XX ғасырдың ойға келсе де, 
ақылға сыймастай оқиғасы еді. Ш.Айтматовтың романын да, өзін де әлем 
жұртшылығы  әртүрлі  қабылдады.  Бірақ  Ш.Айтматовтың  романында 
көтерілген  мәселелер,  суреттелген  оқиғалар  сыры  әр  қырынан,  әр  түрлі 
деңгейде ашыла  түсуде.  Жасанды  жолмен дүниеге бала  әкелу,  терроризм, 
расизм,  спид,  т.б.  ұғымдары  бүгінгі  күні  ғаламның  үлкен  проблемасына 
айналып  отыр.  Елбасымыз  Н.Назарбаевтың  еңбегінде  санамаланып 
көрсетілген  осы  мәселелер  Ш.Айтматовтың  «Кассандра  таңбасы» 
романында  ерекше  көркемдік  таныммен  таразыланған.  Шығармашылық 
еңбек  заңдылықтары  тұрғысынан  алғанда,  бұл  Ш.Айтматовтың 



 
суреткерлік  көрегендігін,  алысты  бұрын  болжап-бағамдай  алатын 
шығармашылық кемеңгерлігін танытады. 
«Кассандра  таңбасы»  романында  ғалым  кейіпкер  өзінің  тағдыры 
жасанды жолмен әкелген адамдарының тағдырымен ұқсас екендігін біледі. 
Яғни  жазушы  бұл  романында  да  "тексіздіктің  қандай  апат  әкелетінін" 
бұрынғыдан  кең  суреттеп,  мәнін  тереңдетіп,  адамзатқа  ескерту  айтып 
отыр. Осындай маңызды ойды көтеріп, шығарманың сюжетін құруда үлкен 
қызмет етіп тұрған «жасанды жолмен адам әкелу» оқиғасы – бүгінгі заман 
шындығымен  бетпе-бет  келгенде  туған  суреткерлік  қиял  нәтижесі.  Сөйте 
тұра мұның негізінде өмірдің шындық құбылыстары жатқаны да анық. Ал 
өмір  шындығының  игерілуіндегі  автордың  идеясынан  туындайтын  басты 
көркемдік шешім – табиғат заңына қиянат жасамау. Шындықты игерудегі 
жазушылық тұрғы табитаттың тепе-теңдігіне, үйлесіміне жасанды жолмен 
ықпал  етуге  болмайтыны  туралы,  табиғаттың  заңдылықтарын  сақтау  мен 
қорғау туралы ақиқаттан бастау алады. 
Жазушы  «Кассандра  таңбасы»  романында  бүгінгі  күннің  ғылыми-
техникалық,  технологиялық  жетістіктерін  жинақтап  шебер  пайдалана 
білген.  Ш.Айтматов  шығармаларының  көркемдік  идеялық  жүйесінде 
халық  творчествосы  үлгілерімен  қатар  этнография,  археология,  тарих 
салаларындағы  материалдардың  атқаратын  рөлі  жоғары.  Жалпы, 
жазушының  өмір  шындығынан  өнер  туындысын  жасау  жолындағы 
ізденістері  мен  жетістіктері  оның  өмір  құбылыстарын  жинақтаудағы 
суреткерлік  нысанасы  мен  биік  мұратына  негізделеді.  Қаламгер  еңбегіне 
тән  шығармашылық  процесс  үздіксіздігімен  сипатталады.  Жазушы 
жазудан  тыс  тұрғанда  да  бұл  процесс  тоқтамайды.  Өйткені  жазушының 
шығармашылық  еңбек  процесі  мен  шығармашылық  ойлау  процесі  өзара 
бір-бірімен тығыз бірлікте. 
«Жанпида» романы оқырман көкірегінде небір андыздаған әр алуан 
сауалдар мен проблемаларға өзінше әрі кесімді, әрі нақты жауап береді. Ол 
–  тарих  тәжірибесінен,  сыннан  өткен  бірден-бір  оптимистік  дәл  жауап. 
Жоғарыдағы  үміт-күдігі  ситуацияға  сәйкес  ауытқып,  белең  алып  кететін 
мәңгілік  сауалдардың қай-қайсысы  болмасын,  не  ықылым  заманнан  бері 
адамзат  баласының  ой-пиғылына,  іс-әрекетіне,  әлеуметтік-рухани 
кемелдігіне, күрескерлік пафосының дәйектілігіне әрқашан тәуелді болып 
келгендігін  суреткер  көркемдік-философиялық  тұрғыдан  тағы  бір  тамаша 
дәлелдеген.  Бұған  үш  бөлімді  романның  көркемдік-философиялық 
тініндегі  сюжеттік  линиялар,  идеялар  мен  көзқарастар  қақтығысы, 
образдар  құрылымындағы  трагедиялық,  эпикалық  сарындар  әрі  айғақ,  әрі 
толық куә болады. 
Ш.Айтматов  шығармаларында  адам  образдарымен  егіз  өрілетін 
көптеген  жан-жануарлар  (анималистикалық)  бейнелері  бар.  Едіге  мен 
Қаранар,  Гүлсары  мен  Танабай,  Ақбара  мен  Авдий  бейнелері  егіздеу 
тәсілінің  аясында  жазушының  ең  бір  асыл  ойларын  тереңдете  түсуде 
айрықша  мәнді  болып  табылады.  Ал  шығармашылық  лаборатория 


10 
 
тұрғысынан  сөз  еткенде,  анималистикалық  образдар  жазушының  ірі 
психолог және табиғаттың тамаша білгірі екендігін көрсетеді. Жастайынан 
табиғатпен  егіз  өмір  сүрген  жазушы  еңбектің,  тұрмыстың,  өмірдің  жаңа 
жағдайында  адамның  өзінің  табиғи  және  тамаша  адамдық қасиеттерінен 
айырылып қалмауы, жан дүниесінің жарқын, ізгілікті болып қала беруі аса 
маңызды екендігін суреткерлік концепция деңгейіне көтеріп суреттейді. 
Ш.Айтматовтың  «Жанпида»  романының  көркемдік-философиялық 
күретамырына – жалпыадамзаттық мәңгілік проблемалар нақты контексте, 
нақты  ситуацияларда  арқау  болған.  Оның  ішінде  адам  өмірінің  мәні  мен 
мұраты, яғни тіршіліктің тірегі басты тұтқасы болып отырған адамдардың 
қоғам  мен  дінге  деген  көзқарастары,  ой-пиғылдары,  іс-әрекеттері немесе 
пендешілік,  тоғышарлық,  эгоистік  дерттері  қаны  сорғалаған  шыншыл 
қалпында  кесек  бітім,  айрықша  көркемдік-философиялық  ажар  танытқан. 
Романды  оқып  отырып,  жоғарыдағыдай  мәңгілік  проблемаларды  дәуір 
талабына  сай  тұрғыда  қайыспас  қара  нардай  көтере  алған  ірі  азаматтық 
суреткерлік позиция мен көркемдік ерліктің әрі ашық, әрі өткір, әрі батыл 
сипатын,  реалистік  биік  сапаға  ие  болған  тың  жинақтаулардың,  Авдий 
Калистратов  пен  Бостон  Үркіншиев  тәрізді  жаңа  нышандағы  ұнамды 
қаһармандардың тұлғасы мен іс-әрекеттерінің куәсі боламыз. 
Жазушының  үлкен  эпостағы  шеберлігі  эпикалық  кең  құлашы  мен 
лирикалық  сыршылдығының  терең  ұштасып,  келісті  тұтасуында.  Халық 
әдебиетіне тән эпикалық ойлау мен лирикалық толғану қаламгердің көркем 
шығарма жасау жолындағы шығармашылық еңбегінің барлық сатыларына 
тән. 
«Жан  пида»  –  кең  ауқымды  проблематикасымен  де,  қамтитын 
мерзім-  мекенімен  де,  әртүрлі  әуен  шерттетін  шытырман  оқиғалармен  де 
біздің  әдебиетімізде  әзірше  теңдесі  жоқ  шығарма.  Біздіңше,  ол  жанр 
жаратылыс жағынан роман-толғау, роман-өсиет. Алда күтіп тұрған қиямет-
қайым қауіп-катерді ескертіп, адамзат пен жер, адам мен табиғатты сақтап 
қалу жолындағы асқаралы мақсат-мүдделерді межелетеді. Рас, қай заманда 
да  зорлық-зомбылық  пен  катігездік,  қиянат  пен  зауал,  зұлымдық  пен 
озбырлық  ешкіемердей өң-түсін  өзгертіп,  тамыр  жайып келген.  Обал  мен 
сауап, рақым мен имангершілік ескеріле бермеген. Романдағы қанішер мен 
құрбан,  азамат  пен  пенде  арасындағы  қақтығыс,  ой  мен  сөз  таласы  ауыл 
ішінде күнде болып тұратын абың-күбің әңгіме емес. Ол – өмір мен өлім, 
ұлы ұғым, өлмес рух үшін жүріп жататын мәңгі майдан, қиян-кескі күрес! 
Түптеп  келгенде,  ұшан-теңіз  қазақ  даласының  бір  пұшпағы  Мойынқұм 
жынысында  өткен  сұмдық  жантүршігерлік  трагедия  ғаламдық  деңгейге 
көтеріліп  жатқан  жоқ  па?  Өйткені  қасірет  құрығы  екі  аяқты  түгіл  ұшқан 
құс,  жүгірген  аңды  құтқармай,  темір  құрсауына  алады.  Жұмыр  басты 
өзекті  жандармен  бірге  «кіші  бауырларымыз»  Гүлсары,  Қаранар,  Сарала, 
Ақ  мая.  Тасшайнар  мен  Ақ  Құртқалар  да  зардап  шегеді.  Әртүрлі  себеп-
салдармен  сүттей  ұйып  отырған  ел-жұрттың  береке-тынышы  кетіп,  қара 
орман  тұрмыс-тіршілігіне  күбірткідей  тиген  әкімшілдік-әміршілдік 


11 
 
басқару  көп  жылдар  бойы  еңбегін  емген  шаруаның  қолын  байлап  кезді. 
Соның  кесірінен  жердің  нағыз  қожалары  оған  жанашырлық  құқынан 
айырылып,  өз-өзін  азық-түлікпен  қамтамасыз  етуден  қалды.  Маңдайына 
тиіп,  күйгендіктен  қазақ  «малым  –  жанымның,  жаным  –  арымның 
садағасы» деген болса керек. 
Сөз  жоқ,  Ш.Айтматов  –  қайталанбайтын,  ғажап  құбылыс.  Ол 
классиктеріміздің  бірі,  дұрысы  бірегейі.  Алмағайып  дәуірде  қырғыз 
жазушысының  ұлттардың  рухани  өрлеуіне  (театр,  кино)  зор  ықпал  етін 
отырғаны  мақтаныш.  «Жәмиладан»  бастап  «Жан  пида»  дейін  ең 
алғашқылардың  қатарында  қазақ  тіліне  жақсы  тәржімаланғаны 
(аудармашылар 
Қ.Нұрмаханов, 
Қ.Мұхаметжанов, 
Ш.Мұртаза, 
С.Бердіқұлов,  т.б.)  халықтың  рухани  игілігіне,  жан  серігіне  айналып  келе 
жатқаны қандай ғанибет. 
 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет