К., Искакова Ж. М



Pdf көрінісі
бет4/37
Дата07.01.2022
өлшемі0,93 Mb.
#20184
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37
Байланысты:
Рахимбаева-Учебник-ТҮРКІ-ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ-ӘДЕБИЕТІ-конвертирован

 
Әлішер Науаи 
(1441-1501) 
 
Әлішер  Науаи  –  өзбек  халқының  ұлы  ақыны,  данышпан  ойшылы. 
Науаи  есімі  әлемдік  әдебиет  пен  мәдениет  тарихында  Гомер  мен  Данте, 
Рудаки  мен  Фирдауси,  Низами  мен  Шота  Руставели,  Сағди  мен  Жәми, 
Шекспир мен Бальзак, Пушкин мен Толстой сияқты ұлы сөз зергерлерінің 
есімдерімен қатар тұрады. 
Науаи  есімі  –  ұлы  гуманист,  кемеңгер  мемлекет  қайраткері,  өзбек 
әдеби тілінің негізін қалаушы сөз зергері, өзбек классик әдебиетін бұрын-
сонды болмаған биік дәрежеге көтерген ақын ретінде әлемге мәшһүр. 
Науаи  он-он  екі  жасында-ақ  ғажайып  лирикалық  жырлар  жаза 
бастайды. Ол кезде Шығыс шайырларының барлығы дерлік өз жырларын 
парсы  тілінде  жазатын  болған.  Орта  Азиялық  түркі  тілі,  яғни,  ескі  өзбек 
тілі  (оны  шағатай  тілі  деп  те  атайды)  поэзиялық  шығармалар  жазуға 
жарамсыз тіл деп саналып келген еді. 
Әлішер  Науаи  түркі  тілі  жөніндегі  осы  ұшқары  пікірді  тұңғыш  рет 
теріске шығарды. Ол түркі халықтарынан шыққан ақындар ішінде бірінші 
болып  түркі  тілінде  ғажайып  өлеңдер  жазды.  Науаи  ешқашан  «өзбек» 
деген сөзді қолданбайды, ол өзі ғазалдарымды «түрікше жаздым» дейді. 
Науаи өз дәуірінің әдеби дәстүрі бойынша бірқатар өлеңдерін парсы 
тілінде де жазған. Сол себепті оның «Зуллисонайн» (екі тілдің иесі) деген 


15 
 
есімі  мәшһүр  болған.  Ақын  өзінің  түркі  тілінде  жазған  өлеңдеріне 
«Науаи»,  ал  парсы  тілінде  жазған  жырларына  «Фани»  деп  қол  қоятын 
болған. 
Науаи түркі тілі әдеби тіл бола алатынын іс жүзінде дәлелдеу үшін, 
ескі өзбек тілінде көлемді еңбектер жазған. Ол өте қысқа мерзімде, небәрі 
екі  жыл  ішінде  (1483-1485  ж.)  «Хамса»  («Бес  кітап»)  тобына  жататын 
«Хайратул-аброр»  («Жақсылардың  таңдануы»),  «Фархад  пен  Шырын», 
«Ләйлі мен Мәжнүн», «Сабай сайяр» («Жеті әлем»), «Садди Искандарий» 
(«Ескендір қорғаны») дастандарын жазды. 
Низами,  Дехлеви,  Жәми  сияқты  шығыстың  ұлы  шайырлары  өз 
«Хамса»  кітаптарын  араб  яки  парсы  тілінде  жазған  еді.  Ал,  Науаидың 
әлемді таңдандырған жаңалығы – ол өз «Хамсасын» түркі-шағатай тілінде 
жазды. Сөйтіп, Науаи тарихта тұңғыш рет түркі тілінде көркемдік дәрежесі 
мейлінше жоғары шығармалар жазуға болатынын дәлелдеп шықты.  
1488-1501  жылдар  аралығы  Науаи  үшін  аса  жемісті  еңбек  жылдары 
болды.  Бұл  кезеңде  ақын  өзінің  әдеби,  саяси-қоғамдық,  философиялық, 
лингвистикалық  мәні  зор  еңбектерін  оқырманға  ұсынды.  Олар:  «Ажәм 
патшаларының  тарихы»  (1488  ж.)  «Саид  Хасан  Ардашердің  өмірі»  (1489 
ж), «Мажолисүн-Насроис» («Тамашалардың жинағы», 1491 ж.). Осы соңғы 
еңбегінде  Науаи  өзінен  бұрын  өмір  сүрген  және  өз  замандастары  болған 
450  ақынның  өмірі  мен  шығармашылығы  жайында  көптеген  деректер 
береді әрі олардың өлеңдерінен үзінділер келтіріп отырады.  
Сондай-ақ  Науаи  өлең  құрылысы,  аруз  уәзіні  туралы  «Мезонул-
авзон»  («Өлең  өлшемі»,  1492  ж.)  деп  аталатын  әдеби-теориялық  мәні  зор 
еңбегін жазды. 
Бұдан  кейін  ақын  дидактикалық-философиялық  бағыттағы  «Құстар 
тілі»,  «Көңілдердің  сүйгені»,  лингвистикалық  («Екі  тілдің  таласы»),  діни 
ұғымдар мен әдет-ғұрып туралы («Пайғамбарлар мен әкімдердің тарихы», 
«Мұсылмандардың  нұры»,  «Гауһарлар  шоғыры»)  сияқты  ғажайып 
туындыларын өмірге әкелді. Бұлардың ішінде, әсіресе, «Екі тілдің таласы» 
атты  еңбегі  Науаидың  түркі  тілі  саласы  бойынша  ғалым  ретінде  ұзақ 
жылдар бойы жүргізген зерттеуінің жемісі еді. 
Әлішер  Науаиды  лирик  ақын  ретінде  есімін  әлемге  мәшһүр  еткен 
кітабы – «Хазоинул маони» («Ойлар қазынасы») атты өлеңдер жинағы. Бұл 
жинаққа  енген  өлеңдерін  ақын  шартты  түрде  төртке  бөліп  берген.  Сол 
себепті бұл еңбегі «Чар диуан» («Төрт кітап») деп те атала береді. Бірінші 
бөлімі  –  «Балалық  базары»,  екіншісі  –  «Жастық  жарасымы»,  үшіншісі  – 
«Орта  жастың  қызығы»,  төртіншісі  –  «Қарияның  пайдалы  кеңестері»  деп 
аталады. 


16 
 
Әлішер  Науаидың  ең  үздік  шығармалары  бес  дастаннан  тұратын 
«Хамсасы»  («Бестік»,  яғни  «Бес  кітап»)  екені  мәлім.  Ешқашан  өз  мәнін 
жоймайтын,  қайта  ғасырлар  өткен  сайын,  құлпыра  түсетін  бұл  еңбегі 
туралы ақынның: 
Бес кітап – бес қазына асыл маржан
Көшеді ғасырларға ғасырлардан, - 
деп,  мақтанышпен  айтуға  толық  хақы  бар  еді.  Міне,  Науаи  өзінің  осы 
«Хамса»  тізбегінің  соңын  «Ескендір  қорғаны»  дастанын  жазу  арқылы 
түйіндейді.  
Бұл  дастанның  басты  қаһарманы  Ескендір  патшаның  прототипі  – 
Александр  Македонский  (Шығыс  елдерінде  оны  Ескендір  Зұлқарнайын 
деп  атаған)  екені  мәлім.  Ол  –  біздің  заманымыздан  бұрынғы  356-323 
жылдар  арасында  өмір  сүрген  ұлы  қолбасшы,  атақты  патша,  Македония 
елінің  патшасы  II  Филиптің  баласы.  Александр  әкесінің  тағына  отырған 
соң-ақ,  көршілес  отырған  елдерді  жаулап  алады.  Сосын,  334  жылы,  сол 
кездегі  ең  күшті  мемлекет  Персияға  қарсы  соғыс  ашып,  Дарий  патшаны 
жеңеді. Ол Египет пен Вавилонды өзіне қаратады. Аз уақыт ішінде Қытай 
мен  Африканы  да  бағындырады.  Александр  Македонскийдің  жорықтары 
мен жеңістері сол кездің өзінде-ақ аңызға айналады.  
Шығыс  поэзиясында  Ескендір  туралы  екі  жүзден  астам  дастан 
жазылған  екен.  Солардың  ішінде,  Фердоуси,  Низами,  Жәми,  Науаи 
дастандары ерекше оқшауланып тұрады.  
Шығыс  әдебиеті  тарихында  осылайша  бір  тақырыпты  әрбір 
ұрпақтың  өз  ақыны  қайта  жырлап,  тың  дастандар  жазатын,  жарыса 
жырлайтын  ақындық  дәстүрі  болған.  Оны  шығыс  шайырлары  заңды 
құбылыс  деп  тауып,  бұл  салтты  «нәзира»  (арабша:«жауап»)  дәстүрі  деп 
атаған.  Кейде  оны  «татаббу»  (парсыша:«жауап»)  дәстүрі  деп  те  атай 
береді. 
Міне,  осылайша  бір  ақын  жазған  сюжетке  келесі  буында  тағы  бір 
ақын  қайта  дастан  жазып,  өзінен  бұрынғы  ақындарға  "жауап"  беретін 
әдеби дәстүр болған.  
Ұлы Абай да бұл дәстүрден тыс қалмай, өзінің «Ескендір» поэмасын 
жазғаны  мәлім.  Қазақ  ақыны  Ескендір  тақырыбын  өзінше,  өзгеше 
жырлаған  деуге  болады.  Мұнда  Ескендір  патшаның  өзгелерді  жаулап 
алуы,  іштарлығы,  мансапқорлығы,  дүниеге  тойымсыздық  мінезі  баса 
көрсетілген.  
Әділ, ақылды, қайырымды дана патшаны аялау – көркем әдебиет пен 
фольклордың ежелден келе жатқан аса маңызды тақырыптарының бірі. 


17 
 
Әлішер  Науаи  өзінің  «Ескендір  қорғаны»  дастанында  өзге 
патшаларға  үлгі  боларлықтай  әділ,  ақылды,  қайырымды  патшаның 
жинақталған  бейнесін  жасайды.  Ескендірді  әділ  ел  билеуші,  білгір  қоғам 
қайраткері,  дана  философ  етіп  көрсетеді.  Сол  арқылы  Науаи  мемлекетті 
жан-жақты  білімді,  ақылды,  көреген  адам  басқаруы  керек  деген  пікір 
айтады. Ескендірдің сан қырлы, батыл тұлғасын суреттей келіп, Науаи:  
Қайратты қара дауыл үйіргендей,  
Гүрзісі тасты үгітті диірмендей, - дейді. 
Ал,  енді  Ескендір  патшаның  қарапайым  халыққа  деген  шексіз 
қамқорлығын ақын:  
Ақ жолдан, әділдіктен ауытқымай, 
Апатта  қорған  болған  халыққа  ұдай,  -  деп 
бейнелейді. 
Науаи  халық  пен  патша  мүдделері  өзара  үйлескен  шынайы 
ынтымаққа негізделген қоғамды арман етеді: 
Демей ме үйірілер бақ пен даңқ
Табысса ғашықтардай шах пен халық. 
Әмір  Темір  әулеті  тақ  пен  тәжге,  дүние-мүлікке,  билік-мансапқа 
таласып,  елдің  берекесін  қашырып  жатқан  қилы  заманда  үлгі  етіп 
тартатындай  патша  бейнесі  қажет  болды.  Сол  себепті  ақын  өнегелі 
қаһарманы Ескендір туралы: 
                               Ой асыл, жүрек батыл, ақыл – саңлақ, 
Алтындай әр сөзінде жатыр салмақ, - дейді. 
Ескендірдің  даналығына  көзі  жеткен  елдердің  басшылары  оған  өз 
еркімен бағынып, оны қуанышпен қарсы алып отырды. Ол осылайша бүкіл 
әлемді өзіне қаратады. 
Ақырында  Ескендір  әскері  күллі  адамзатқа  апат  келтіріп  жүрген 
Яджужд және Маджужд тайпаларынан жергілікті халықты қорғап қалады. 
Осы  тажал  күштен  елді  қорғау  үшін,  олардың  жолына  бөгет  болатындай 
қорған салдырады. Халық оны «Ескендір қорғаны» деп атайды. 
Өзбек  халқының  ұлы  ақыны,  ескі  Шығыстың  атақты  зор  ойшысы 
Әлішердің  туғанына  500  жыл  толып  өтті.  Әлішердің  шыққан  заманы 
бұның  алдында 40-50  жыл  бұрын  болған  Ақсақ Темір  патшалығының  екі 
жікке  бөлінген  кезі  еді.  Бір  бөлігінің  саяси,  мәдени  орталығы  Ғират, 
екіншісінің орталығы Самарқан қаласы болатын. Өз тұсында Алтын Орда, 
Иран, Кіші Азия, Үндістанмен соғысқан, көп апаттар жасаған Ақсақ Темір 
бертін келе патшалығын Түркістан, Ауғанстан, Иран, Оңтүстік Кавказдан 
құрады.  Талай  жұрттың  ескі  мәдениетін  ойрандап,  ел-жұртын  егер  қып 
жүрген  кезінде,  Ақсақ  Темір  бар  табысын  Самарқанға  тасыған.  Халық 
үстіне  ауыр-ауыр  салық  салып,  Самарқан  қаласын  салтанатты 


18 
 
сарайлармен,  зор  ғимараттармен  безендірді.  Жеңген  елдердің  көбінен 
ғимарат  салатын  ұсталар,  оюшы  суретшілер,  дәрігер,  білімпаздар  сияқты 
талай  жандарды  сол  Самарқанға  жиды.  Темірдің  өз  тілек-талабы  ірі 
феодалдар  мен  үлкен  саудагер  тобының  мақсат-мүддесін  көздеген  болса 
да,  халықтар  тарихының  кеңірек  тілегімен  қабысқан  білім-өнерді  өз 
бетімен молырақ өндіре бастады. 
 Сөйтіп,  бертін  келе  Самарқан  қаласы  көп  білгір,  шебер 
өнерпаздардың  жиын  орталығы  болып  алды.  Ескі  грек,  рим  мәдениеті, 
үнді, араб, парсы мәдениеттерінің неше алуан салалары Орта Азиядан кеп 
орын  тебуге  айналды.  Өнер-білім  тілі  де  жалғыз  түрік  елдерінің  тілі  боп 
қалған  жоқ.  Араб,  парсы  сияқты  бұрын  ысылған  өскелең  тілдер  дендей 
бастады. Оқу-білім жалғыз дін оқуы емес, философия, тарих, көркемөнер, 
география, есеп ғылымы, тіпті астрономия ғылымы сияқтыларға айналды. 
Темірдің  бір  немересі  Ұлықбек  Самарқанның  патшасы  болып  отырып, 
астрономия  ғылымына  көп  еңбек  етті.  Әлі  күнге  ғылымдық  бағасын 
жоймаған "астрономия таблицасын" жасады. Ғиратта да 15-ғасырдың орта 
кезі  білім-өнердің  бірталай  өрістеген  дәуірі  болады.  Өнерлі  елдердің 
үлгісіне  қол  артқан  өзбек  әдебиеті  өз  тілінде  жаңа  сапа  таба  бастайды. 
Иран,  араб  әдебиетінің  мәдени  әсерін  ала  отырып  алға  басады.  Лутфи, 
Атаи,  Сәккәки  сияқты  ақындар  бастаған,  өзбек  тілінің  көркем  поэзиясы 
өркендейді.  Араб,  иран  тіліндегі  ірі  шығармалар  аударылады.  Сол  15-
ғасырдың  70-жылдарында  Әлішер  араласқан  кездерде  өзбек  әдебиеті 
қаулап өседі. 
Бұл кездер иран әдебиетінің де жемісті болған кезінің бірі еді. Жами, 
Исмат,  Бухари,  Хұсаин,  Уаиз  сияқты  сұлу  жырдың  жыршылары  осы 
заманда  пайда  болады.  Көркемөнер  көлемінде  де  үлкен  жаңалыққа  жол 
бастаған  музыкашылар  шығады.  Ірі  суретші,  өрнекші,  миниатюрші  және 
хұсни-хатқа  (каллиграфияға)  шебер  өнерпаздар  болады.  Беһзад,  Сұлтан-
Әли,  дәруіш  Мұхаммед,  Мир-Әли  Қылқалам  сияқты  атақты  суретшілер 
болады. 
Бұрын  барлығы  әдебиет  пен  көркемөнердің  дін  ноқтасынан 
босаңқырап,  өмірге,  күнделік  шындыққа  қарай  жақындай  бастағанын 
көрсетуші  еді.  Тірлік-барлықты  тануда  бұл  заманның  софылық  ағымы  –
нәқшбенділіктің өзі де дүниеден оншалық безіне алмады. Өзге замандарда 
аса  қатал  болған  дін  фанатизмі  бұл  дәуірде  бәсең  болады.  Осындай  бір 
кезеңде  еңбек  еткен  Әлішер  софылық  тұсауының  босаң  болған  жағымен 
пайдаланып  қалады.  Патшалыққа,  дінбасыларына,  шариғатқа  қарсы 
беттеген  өз  жырларын  батыл  айтады.  Шығыс  әдебиетінде  бұрыннан 
басымдап  келе  жатқан  софылық  ағымы  әдебиетті  де  өмірден  алыстатып, 
құдай  жолына  мүлгіте  беруші  еді.  Әлішер  тұсында  адамның  ой  таланты, 
өнер  еңбегі  қоғамдық  тірліктің  пайдасына  арналып,  кеңірек  өріс  алады. 
Әлішерді  шығарған  заманның  жалпы  аңғары  осындай  еді.  Енді  сондай 
дәуірде  майданға  шығып,  адам  баласының  тарихына  ұлы  мұралар 
қалдырған Әлішердің өз өмірі мен ақындығы туралы біраз сөз айтайық. 


19 
 
Әлішер  1441  жылы  13  февральда  Ғират  қаласында  туған.  Ата-
аналары  мен  ағайын-туғандары  сарай  қызметінде  жүретін  ақсүйектер 
ішінен  шығады.  Өз  әкесі  Ғиясиддин  кішкене  Әбулқасым  Бабирдің  сарай 
қызметкері болып жүріп, біраз уақыт жеке қалаларға әкім де болады. Жас 
уағында  Әлішер  сарайдағы  бек  балаларымен  бірге  тәрбиеленеді.  1450 
жылдарда  Қорасанда  тұрып,  оқу  оқиды.  Парсы  тілі  бұл  балаларға  ана 
тілімен  тең  болған.  Ерте  кезде  Сағдиде  оқып  өседі.  Фәриддин  Аттардың 
«Мантихуттаир»  (құстар  сөзі)  деген  кітабы  Әлішердің  аса  құмартып 
оқыған  кітабы  болады.  Бертін,  ұлғайып  келген  кезінде,  Әлішер  сол 
балалық  шағында  үлкен  әсер  еткен  кітапты  еске  алып,  «Лисануттаир» 
деген  кітап  шығарған.  Ғиясиддин  баласының  оқу  тәрбиесіне  қатты  зер 
салады,  мықтап  оқытады,  әсіресе  әдебиет  пен  көркемөнерді  сүйгізуге 
тырысады. Әлішер Қожа Юсиф Бүрһан деген кісіден музыка оқуын оқиды. 
Хұсни-хатқа  (каллиграфияға)  машықтанады.  Иран  әдебиетімен  түгел 
танысады.  Заманының  ғалымдарын,  музыкашыларын,  суретшілерін  де 
тегіс  біледі.  Өз  бойында  ерте  оянған  талант  арқылы,  жаңағы  адамдардың 
барлығына сүйікті бола бастайды. 
1453 жылы Әлішер Қорасан патшасы Әбулқасым Бабирге қызметке 
кіреді. Жырлар жаза бастайды. Бұл уақыттарда Әлішер жалғыз парсы емес, 
арабшаға  да  жетілген  болатын.  Алғашқы  шығармаларын  кейде  парсы, 
кейде  өзбек  тілінде  жазады.  Парсыша  өлеңдерін  «Фани»  атымен, 
өзбекшелерін  –    «Науаи»  атымен  таратады.  Бұл  шығармалары  замандас 
жазушы, суретшілер арасында жақсы бағаланады. Әлішерге  «зуллисанян» 
(екі тіл иесі) деген ат беріседі. 
1457  жылы  Бабир  өледі.  Әлішер  Қорасанның  орталығы  Мешхед 
қаласында  тұрып  қалады  да,  ғылым  жолына  беріледі.  Осы  жылдар 
философия,  есеп  ғылымы,  дін  кітабы  сияқтыларды  көп  зерттейді. 
Жазушылыққа  да  анықтап  бой  ұрады.  Бұл  кездегі  ынтық  ақыны  Қожа 
Хафиз  Ширази  болады.Әлішер  өзінен  жасы  үлкен,  тәжірибесі  мол 
ақындармен көп танысып, олармен кездесіп отырады. 1464 жылы Әлішер 
Ғиратқа қайтады. 
  
Ғираттың  ол  күндегі  патшасы  Абусәид  болатын.  Бұған  қарсы, 
патшалықтағы  үшін,  Хұсаин  Байқара  алысып  жүретін.  Әлішердің  екі 
нағашысы  Хұсаин  жаққа  шыққандықтан,  оларды  Абусәид  өлтірткен  еді. 
Әлішердің өзі де Хұсаинға тілеулес болған. Сол себепті Абусәид Әлішерді 
сенімсіз  көріп,  1465  жылы  оны  Самарқанға  айдады.  Самарқанда  Әлішер 
сол заманның үлкен ғалымы Қожа Жалалиддин Абуллаистың медресесінде 
оқытушы  болады.  Бір  жақтан  ақындық  жолына  беріледі.  Тегінде, 
Әлішердің  жас  кезінде  жазған  жырларының  қолжазбалары  сақталмаған. 
Бірақ  кейбір  диуандары  (ұсақ  өлең  жинақтары)  сол  шақта  жазылған  болу 
керек. 
  
1469    жылы, Абусәид өлген соң, Ғират тағына Хұсаин отырады да, 
Әлішер  Ғиратқа  қайтады.  Әлішер  жас  балалық  шағында  (6  жасында) 
Хұсаинмен  бірге  оқыған.  Ғиратқа  келген  соң,  Хұсаинға  арнап  «Хилалия» 


20 
 
деген  қасида  (жыр)  жазады.  Хұсаин  қасиданы  ұнатып,  Әлішерді  сарайға 
тартады,  мөршілік  қызметін  береді.  Осыдан  бастап  Әлішер  саясат 
жұмысына  араласып,  халық  игілігіне  пайдалы  адам  болмаққа  талпынады. 
Сарайдың патша, уәзір, бектерінен бөлек жол тұтып, аз уақыт ішінде әділ, 
абыройлы, әсерлі кісінің бірі болып алады. 
  
1470     жылы    Хұсаинға  қарсы,  Астрабадта  Ядғар  Мұхаммедтің 
көтерілісі  болады.  Патша  Әлішерді  ертіп  соғысқа  кеткенде,  Ғират  халқы 
көтеріліс  жасайды.  Бұл  патшаның  әмірлері  мен  бектеріне  қарсы  және 
салық саясатына қарсы шыққан қозғалыс еді. Хұсаин осы жұмыс жөнінде 
Әлішерді  жұмсайды.  Әлішер  бұлінген  елдің  ортасына  келіп,  Хұсаинның 
бұйрығын білдіреді. Ол бұйрықта халық тілегінің біразына көну және соны 
іске асыру жолдары айтылған еді. Әлішер жұрт тілегін орындап, халыққа 
қатты қиянат еткен уәзір, төрелердің бірталайын орнынан түсіріп, қамауға 
алғызады  және  бірталай  әмір  мен  бектерді  жазаға  тартуға  патшаның 
бұйрығын жасатады. Осындайлық елге жаны ашыған істері үшін, Әлішер 
халық  ортасында  аса  абыройлы,  мәлім  кісі  болады.  Бірақ  Әлішер  сарай 
қызметінен босанып, жазуға берілмекші еді. Өз тілегі бойынша, мөршілік 
міндетінен босап алған кезінде, Хұсаин бұған уәзірлікті ұсынады. Әлішер 
бұл  орыннан  қашса  да,  құтыла  алмайды.  1472  жылы  уәзір  болады.  Бірақ 
сол орынға келген күнінен бастап үлкен рудан шыққан уәзірдің көбі бұған 
қарсы қызғаныш ойлап, іштен түйіледі. 
Әлішер оларға қарамайды, өзінше үлкен жолдармен іс етпек болады. 
Алдымен  Ғират  қаласын  зор  мәдениеттің  орталығы  етуге  кіріседі.  Өз 
айналасына  заманның  ірі  кісілерін  -  ғалым,  суретші,  музыкашы, 
архитектор,  ақындарын  жияды.  Бәрін  де  мемлекет  ісінің  кеңесіне  алады. 
Сол  күндердің  ең  үлкен  ақыны  Абдурахман  Жами  және  Саид  Хасан 
Әрдашер  сияқты  ақындар  Әлішердің  ақылшылары  болады.  Жами  сарай 
маңынан  алыста  жүрсе  де,  барлық  Орта  Азияға  мәлім  еді.  Ол  Әлішерге 
ұстаздық етіп, ақыл көмегін көп беріп тұрады. Хұсаин өзі де өлең жазушы 
еді. Ол Ғиратты көркейту талабына қарсылық етпеді. Бірақ аз заман ішінде 
ішкілікке беріліп кетеді. Оның жалғыз өзі емес, ұлдары, әскері  – барлығы 
да  соған  салынады  да,  қазынаны  құрта  бастайды.Осы  кезде  Әлішер 
басының  бұлты  қоюланып  келе  жатты.  Жаулары  мұның  өзіне  де, 
достарына  да  қарсы  қимыл  етіп  жүреді.  Бірақ  мемлекет  ісінде 
жүргендердің  ішінде,  аз  да  болса,  халық  жайын  ойлайтындар  бар  еді. 
Соларға  сүйене  жүріп,  Әлішер  өз  істерін  істей  берді.  Бір  жағынан, 
патшаның  өзіне  халық  алдындағы  міндетін  айтып  жүрді.  Әлішердің  өз 
басы  сарай  былығынан  күн  санап  жиреніш  тартты.Қолынан  келгенше  ол 
халыққа  пайдалы  әрекеттер  істеді.  Ғират  қаласында  бірнеше  үлкен  үйлер 
салғызып,  медресе,  кітапхана,  аурухана,  моншалар  ашқызды.  Мешхед 
қаласында  да  ғимараттар  салғызды.  Егіссіз  шөлдерде  каналдар  қазғызбақ 
боп, үлкен жоспарлар жасайды. Бірнеше ғалым, ақын, тарихшыларға үлкен 
кітаптар  жазғызады.  Оларға  үнемі  жәрдем  етіп  отырып,  өзі  де  үлкен 


21 
 
еңбектер жазуға кіріседі. Әлішердің үміт талабы бұл айтқандардан да зор 
еді. Бірақ Хұсаин сарайы мұндай жолдан қашықтай берді. 
70-жылда  Әлішер  жазаға  ұшыратқан  тентек,  бүлікшіл  сұмдар  енді 
күн  санап  бел  ала  бастады.  Олар  қанаттасып,  бірлесіп  ап,  Әлішерді 
сарайдан абыройсыз етіп айдауға тырысты. Өсек шағымдарын патшаға жиі 
жолдайтын  болды.  Хұсаин  да  бұзыла  бастады.   Әлішердің  ендігі  сөзін 
құлаққа  ілмейтін  болды.  Осыны  байқаған  соң,  Әлішер  1476  жылы 
уәзірліктен босап шықты. Содан кейін, он бір жыл бойында әкімшілік ісіне 
араласпады.   1476  жылы  Жамиге  бағыштап  жазған  парсыша  кітабы 
«Тухфатул  экфарда»  патша  сарайына  қатты  наразы  боп  шыққанын  ашық 
айтады.  Ең  үлкен  қорытындысының  бірінде:  «патша  -  халық  басындағы 
пәле» дейді. Тұспалдап сөйлеп кеп: «жерге әрекет етуде шошқа мен диқан 
екі  басқа  іс  істейді.  Диқан  жаман  жерді  жақсы  етсе,  шошқа  жақсы  жерді 
жаман  етеді»  -  дейді.  Сарай  бұл  кезде  Әлішерге  қатты  сенімсіздік  жасап, 
сыртынан  тыңшы  қояды.  Әлішер  бұл  күйді  сезсе  де,  сонша  іркілмейді. 
Әлішердің  әкесінен  қалған  өз  мүлкі  бар  еді.  Соның  да  бірталайын 
кітапхана,  монша,  ауруханалар  салуға  жұмсайды.  Ескі  ғимараттарды 
түзеттіреді.  Әлішер  салғызған  үйлердің  бірталайы  Ғиратта  әлі  күнге  бар. 
Үлкен  жолдар  үстіне  керуен  сарайлар  салғызады.  Бұл  реттегі  әсіресе 
көрнекті  ісі  –  қайтыс болған ақындарға  мазарлар  салғызуы.  Әлішердің өз 
үйінен  ылғи  жақсылар  жиыны  арылмайды,  сол  жиындарда  айрықша 
әдебиет  мәжілісі,  сындар,  айтыс-таластар  болатын.  Мұқтаждық  көрген 
ақын,  артистерге  мол-мол  сыйлар  беріп  тұрған.  Өзбек  тілінде  үлкен 
шығармалар  туғызуды  қатты  арман  етеді. Осы бетте  кім, не  жақсы  еңбек 
тудырса, алғашқы жәрдемді Әлішерден алушы еді. 
 Ақын  Әлішердің  өз  басының  да  үлкен,  күрделі  еңбектер  берген 
жылдары  осы  мезгіл  болады.  Атақты  «"Хәмсә»  (Бес  кітап)  дейтін 
шығармалары  туады.  Бұл  бестің  бірінші  кітабы  –  «Хайратул  әбрар» 
(жақсыларды  таң  қылу  үшін)  деген  шығарма.  Екіншісі  –  «Ләйлі  – 
Мәжнүн». Бұл дастан 7200 жолды, үлкен жыр. 1483 жылы жазылған. Ләйлі 
-  Мәжнүннің  ауызша  әңгімесі  арабтан  шыққан,  XII  ғасырда  алғаш  рет 
дастан  етіп  жазған  кісі  Әзербайжанның  ұлы  ақыны  Низами  Ганжеуи  еді. 
Иранда  бұған  еліктеген  кісілер  көп  болды.  Оны  Хисрау  Дехлеуи, 
Абдрахман  Жамилер  де  жазған  еді.  Әлішер  бұл  әңгімеге  жаңа  мазмұн, 
жаңа  идея  беріп,  қайтадан  жазды.  Екі  жастың  қайғысынан  қоғамдық 
мағына туғызып, байытып жазды. Әлішердің үшінші дастаны – «Фархад – 
Шырын».  Бұл  –  ең  ірі  кітабы,  11  мың  404  жол,  1484  жылы  жазылған. 
Жырдың  түп  әңгімесі  Ирандікі  болатын.  Ең  әуел  дастанға  айналдырған 
Әбулқасым Фирдоуси еді. Кейін көп еңбек етіп, «Хисрау мең Шырын» деп 
жазған  Низами.  Содан  бері  «Хисрау  –  Шырын»,  «Шырын  –  Хисрау»  деп 
жазғандар көп болды. Бірақ Әлішердің жазғаны өзгенің бәрінікінен бөлек 
боп шықты. 
Хисрау  Паруиз  зорлықшыл  патша  еді.  Соны  өзгелердің  мақтап 
жазғанын Науаи қатты сынайды да, Фархадты көтереді. Дастанның негізін 


22 
 
достыққа,  халықтар  жарастығына  құрады.  Әділет,  гуманизм  идеяларын 
ардақтайды.  Қытай  жасы  Фархадтың  қасиетін  ұлғайтып,  геройлық, 
махаббат,  достық  сипаттарын  береді.  Талантты,  білгіш,  зор  ақыл  иесі, 
идеал адам етеді. 
Жаһанда ғылым қалмай ол жетпеген
Іс қалмай тәсілмен тербетпеген, - 
дейді.  Ерлігі  ел  жұрттың  пайдасына  жұмсалып  алғыс  әперсе,  бұның 
махаббаты  да  адамды  тазартатын  махаббат  болады.  Сүюді  білмеген 
жақсылық  жоқ  деген  мағына  туғызды.  Махаббаттың  өзін  алғанда,  ол 
достық, тұрақтылықпен өрімдес болсын дейді. Және бұрынғы софылықтың 
мистикасынан аулақтап шығып, шын «сүю өмірден бездірмеу керек, қайта 
тірлікті  де  сүйгізетін  болсын»  дейді.  Мұндай  сүю  адамға  батырлық, 
даналық, сәулет бітіреді. Бірақ бейнеті көп. Оған мықты, мінсіз адам ғана 
жарайды,  дейді.  Әлішердің  әйелге  деген  көзқарасы  да  осы  дастанда  мол 
танылады.  Мұндағы  әйелдер  ақылды,  қабілетті  және  ерлермен  тең,  туыс 
келеді.  Маһибану,  Шырын  сияқты  әйелдер,  ең  алдымен,  мәдениетті, 
ақылды және мемлекетті жақсы басқара алатын әділ, Отанын жаудан ерше 
қорғай  білетін  мықты  әйелдер,  заманның  алдыңғы  адамдары  өздері  боп 
шығады. Дастан ішінде осылардай жақсы, арлы, намыскер, таза адамдарға 
қарсы  залым,  әділетсіз  адамдарды  да  көрсетеді.  Әлішерде  олардың  өкілі 
боп,  бұрынғы  ақындар  дәріптеген  Херау  патша  шығады.  Хәмсәнің 
төртінші  кітабы  –  «Сәбгәй  сәярә»  (жеті  планета).  Ол  9  мың  710  жолды 
дастан, 1484 жылы жазылған. Әңгімесі Иран патшасы Баһрамның басынан 
кешкен  бір  жайды  баян  етеді.  Бұл  тақырыпта  Низами  («Нафт  пайкар»), 
Хераулар да жазған. Әлішер өз жырында Баһрам жайына келгенде, жаңағы 
екі  ақынды  сынайды.  Бір  маскүнем  патшаны  соншалық  несіне  жақтаған, 
«өз  заманының  тұрғысы  болған  екі  шәйір  сол  надан  үшін  хәмсәлерін 
былғар  ма?»  -  дейді.  Әлішер  жеті  планетаның  әңгімесін  өзгертіп,  өзінікі 
қып әкетеді. Бесінші дастан – «Сәдди Искәндәри» (Ескендір дуалы). Бұл - 
14  мың  392  жолды,  үлкен  әңгімелі  жыр,  1484-85  жылдарда  жазылған. 
Бұрын осы тақырыпқа Низами, Хисрау, Жамилер де «Ескендір-нама» деп, 
әлденеше рет жазған болатын. Әлішер бұл әңгіменің туысында да бірталай 
жаңалықтар қосты. Кей кезде екі патшаның соғысын жиренішті қан төгіс 
түрінде  көрсетіп  кеп,  өз  тұсындағы  патшасы  Хұсаин  Байқара  туралы 
тұспал  беретіні  де  бар.  Темір  нәсілінің  соңғы  дәуірлері  тыныштықсыз, 
берекесіз  өзара  соғыстарға  толып,  ел  мазасын  қатты  кетіріп  еді.  Әлішер 
мына  дастанда  кей-кейде  соны  тәспалдап,  соны  кінә  қылады.  «Хәмсәға» 
кірген  бес  кітаптың  жайы  осындай.  Жалғыз  өзбек  әдебиеті  емес, 
заманындағы  барлық  шығыс  әдебиетінің  биік  шоқысы  есепті  болған 
«Хәмсәні» Жами сол жылдардың өзінде де қатты мақтаған еді. Бірақ патша 
сарайы  Әлішердің  атақты,  абыройлы  кісі  боп  аман  тұрғанын  көтере 
алмады. Хұсаин Байқара астанадан Әлішерді қумақ болады. Қуғанда тұп-
тура  айдап  тастау  оңай  емес,  ұлы  ақынды  сүйетін,  қадірлейтін  жұрт  көп. 
Сол  себепті  сылтау  тауып,  Астрабадқа  әкім  етіп  жібереді.Әлішер  аты  ол 


23 
 
жақта  да  мәлім  екен.  Астрабад  үлкен  құрметпен  қарсы  алады.  Келген 
жолын  құттықтап, білім  иелері хаттар жазады,  ақындар  жырлар  арнайды. 
Тіпті түрікпен ханы арасында парақорлық, зорлық дегендер аса күшті екен. 
Әлішер  ел  қамын  ойлап,  жаманшылықтармен  алысуға  кіріседі.  Хұсаинға 
мемлекет қамын, парызын айтып, өзінің үлкен пікірлерін айқындап, толық 
хат  жазады.  Хатында  жаңа  тәртіптер  туралы  көп  бағдарламалар  аталған. 
Бұл  хат  Әлішер  Науаидың  мемлекет  жөніндегі  үлкен  мұндарының  бір 
жақсы  белгісі.  Астрабадта  тұрған  кезінде  Әлішер  өзінің  ғазалдарын 
(лирика)  және  басқа  жырларын  молайтады.  Барлық  көркем  ұсақ 
шығармаларын  бір  жинақ  қып  топтайды  да,  45  мың  жолдық  «Хәзаин-
улмиани» («Мағыналар қазынасы» яки «Шардеуан») деген атақты кітабын 
әзір  етеді.  Әлішердің  Ғиратқа  кайтқысы  келсе  де,  Хұсаин  қайтармайды. 
Оның орнына, Әлішер басына қастық ойлап, бұрынғыдан да өшігіп жүріп, 
бір  уақыт  ішер  асына  у  салғызып  береді.  Бірақ  Әлішер  сезіктеніп  қалып, 
өзі  ішпейді.  Удың  жайын  анықтайды.  Осы  жөнде  Хұсаинды  ұялтып, 
кінәлап отырып, хат жазады. Хұсаин Әлішер хатынан қысылып, ақталмақ 
болады.  Амалсыздан,  Әлішердің  дегеніне  көніп,  Ғиратқа  қайтуға  рұқсат 
етеді. 
 Осыдан  кейін  бірталай  заман  Әлішерді  Балхыда  тұрғызады.  Соңғы 
жылдарда,  Хұсаинның  өзі  мен  Бэдиюз-заман  деген  баласының  арасында 
араздық  басталып,  ұзақ  жаулық,  соғыс  боп  кетеді.  Әлішер  бұл  шатақтан 
халық ауыртпалығы артқанын көріп, әке мен баланы жарастырмақ болады. 
Бірақ  ол  дегеніне  жете  алмайды,  тыныштық  орната  алмайды.  Осы  кезде 
Хұсаин  маңайын  тастап,  басқа  бір  жұртқа  кетуді  де  көп  ойлайды.  Бірақ 
жазушылық  еңбегінен  қол  үзбейді.  Жоғарыда  айтылған  ірі  кітаптардан 
басқа Әлішердің «Мухакаматуллуғатаин» (тілдер таласы) деген аса бағалы 
ғылыми кітабы жазылады. Бұл кітапта өзбек тілін бұрынғы кітапшалардың 
асыра  мақтай  беретін  парсы  тілімен  салыстырады.  Өз  елінің  тілі  анау 
сияқты  өнерлі,  өскелең  деген  тілден  тіпті  де  төмен  емес,  қайта  байырақ 
екенін анық көрсетеді. 
1498-99 жылдарда Әлішер «Лисануттаир» (құстар тілі) деген кітабын 
жазады.  Өмірінің  соңғы  шағында,  1500  жылда  жазған  үлкен  шығармасы 
«Мәхбұлбұл қулуб» (көңіл сүйгені) деген кітап. Мұнда өмірдің тәжірибесі, 
көрген-білген  үлкен  халдер,  қоғамдық  халдер  туралы  өзінің  қорытынды 
пікірлерін  айтады.  Халық  қамы  мен  патшалық  ниетінің  арасындағы 
бітімсіз жаулықты танытады. Елдің ызасын, жиренішін, қорлығын айтады. 
Жуандардың  әділетсіз,  залымдығын,  жыртқыштығын  таңбалайды.  Жұрт 
мұңына соншалық жақын келген бұл шығармасының тілі де халық тіліне, 
халық  шешендігіне,  мақал-афоризмдеріне  аса  жақын,  асыл,  бай  өрнектеп 
жазылған.Әлішер  1500  жылы  ұзақ  ауруға  душар  боп,  көп  заман  төсек 
тартып жатады. Достары жиған дәрігерлер ем таба алмайды. Сөйтіп, 1501 
жылы 12 январьда ұлы ақын қайтыс болады.Әлішердің өліміне қайғырған 
халық сансыз еді. Сол жұрт ішінде өз уайымын жырмен айтқан Әлішердің 
досы  Мәулен  Саһиб  Дара  деген  кісі,  ол  ерекше  жоқтау  жазды.  Бұл 


24 
 
жоқтаудың әр шумағынан Әлішердің туған жылы мен өлген жылы көрініп 
отыратын боп жазылған.  Артына ұшан-теңіз мол мұра қалдырған Әлішер 
Науаи  жалғыз  өзбек  әдебиетінің  көлемінде  қалған  жоқ.  Бертін  келе  Орта 
Азиядағы, Шығыстағы көп елдің әдебиетіне үлкен әсер етті. Әзербайжан, 
түрікпен,  татар,  осман  түріктерінің  әдебиетіне  тараған  үлгісінен  басқа, 
қазақ  әдебиетіне  де  көп  нәрлі  жемістер  берді.  19-ғасырдағы  қазақ 
әдебиетінің  Абай,  Шәңгерей,  Шәді,  Шортанбай,  Ақан  сияқты  ірі 
ақындарын еске алсақ – бәрінен де Әлішер ғазалдарының, дастандарының 
айқын  сарындарын  сезіп  отырамыз.  Өз  дәуірінің  мәдениет,  әдебиетіне 
соншалық көп еңбек еткен және кейінгі ғасырларда көп халықтардың көп 
заман қадірлеген ұлы ақыны Әлішер Ұлы  Октябрь революциясына шейін 
өз мұраларына лайықты бағаны ала алмай келіп еді. Бақытты Отанымызда 
ғана  атақты  Әлішер  Науаи  шын  ардақты  атқа  ие  боп  отыр.  Бұдан  былай 
қазақ халқы үшін де Әлішер аты Пушкин, Шота, Шевченко, Абай, Низами, 
Фирдоуси,  Мақтұмқұлы,  Тоқтағұл  сияқты  қадірменді  аттармен  қатар 
аталатыны  күмәнсіз.  Әлішерден  қалған  ақындық  мұра  ұшан-теңіз.  Қазақ 
оқушыларына  бір  жыл  ішінде  барлық  ірі  шығармаларын  аударып,  басып, 
танытып беру оңай емес. Біздің баспа өз оқушыларын өзбек халқының ұлы 
ақынымен  аз  да  болса  таныстыру  үшін  осы  кітапты  ұсынып  отыр.  Бұнда 
«Шардеуанға»  кірген  «ғазалдардың»  (сыршыл  жырлардың)  үлгілері  бар. 
Хәмсәнің  ішінен  «Фархад  –  Шырын»  деген  үлкен  дастанынан  үзінділер 
берілген.Осы  үлгілердің  өздерімен  де  түгел  танысқан  оқушы  Әлішердің 
асыл қазынасынан, әсем өрнегінен толық әсер алады деп білеміз. Қазақстан 
баспасы Әлішер мұралары туралы осы бір кітаппен тоқтамақ емес, әлі де 
үлкен шығармаларын қазақ еліне таныстыра беруіне тілектеспіз. 
Өзбек  әдебиеті  –  өзбек  тіліндегі  жазбаша  және  ауызша 
шығармалардың  жиынтығы.  Өзбек  әдебиетінің  өкілдері-Агахи,  Алишер 
Навои, Бабур, Лутфи, Машраб, Ұними, Мунис Хорезми, Нодира, Физули, 
Фуркат,  Увайси  және  басқалар.  Өзбек  әдебиетінің  классикалық  жанры 
көйлек, қасид, газальдан тұрады. 
 
Өзбек  әдебиеті  жазбаша  және  ауызша  халық  шығармашылығы 
негізінде  дамыды.  Ауызша  поэтикалық  шығармашылық  өзбек  пен  елдің 
мемлекет  қайраткері  мақал-мәтелдермен,  ертегілермен  және  дастан-
эпикалық  жан  жалғыз.  Соңғы  жылдары  –  «Алпамыш-Батыр»,  «Гороглы», 
«Күнтугмыш».  
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет