дуоденальды безі болады.
Он екі елі ішек үй жануарларында негізінен құрсак қуысының оң
қабырғаастылық аумағында орналасады. Бауыр мен ұйқы безінің негізгі
өзектері он екі елі ішек қуысының алдыңғы бөліктеріне бірге ашылып, он екі
елі ішектің үлкен бүртігін (papilla duodeni major) жасайды. Ал ұйқы безінің
қосымша өзегі ішек қуысының артқы бөліктеріне келіп ашылып, он екі елі
ішектің кіші бүртігін (papilla duodeni minor) жасауға катысады.
Ерекшеліктері. Жылқыда он екі елі ішектің ұзындығы 1 метрдей
болады. Қарыннан шыққан соң, оның куысы кеңейіп, он екі елі ішек
ампуласын (ampulla duodeni) түзеді. Бұдан соң, ол құрсақ куысының оң
бүйіріндегі бауырдың бетімен төмен қарай таға тəрізді иілім жасап, ұйқы
безінің денесін айналып өтеді. Ішектің осы бөлімі, оның төмендеген бөлігін (pars descendens) құрайды. Одан əрі он екі елі ішек бауырдың оң бөлігін
бойлай оң бүйрекке қарай көтеріле бағытталып, өрлеме бөлікті (pars
ascendens) түзеді. Екінші жəне үшінші бел омыртқа тұсында ішек оң
бүйректің артын ала солға бұрылып, каудальды иілім түзеді де, шажырқай
түбірлері арасымен көлденең бөлікті (pars transversa) жасап, аш ішекке өтеді.
Он екі елі ішек бауырмен сірлі қабық арқылы жалғасып, бауыр-он екі елі
ішек байламын (ligamentum hepatoduodenal), бүйрек жəне бүйенмен
байланысып, бүйрек-бүйен-он екі елі ішек байламын (ligamentum reno-
ceco-duodenale), шажырқай түбірімен жалғасып, он екі елі ішектің көлденең
байламын (ligamentum transversum duodeni), кіші тоқ ішекпен байланысып,
он екі елі-тоқ ішек байламын (ligamentum duodenocolicum) түзіп, аталған
мүшелермен байланысып тұрады. Он екі елі ішек бүртігі пилорустан 10-12
см аралықта орналасады.