ТЫШҚАНҚОС – ж.а., Өрел а.о. Атау тышқан (зат есім) және қос
(зат есім) сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Тышқан – жабайы жануар,
ал қос – шөп шабу, егін салу, егін жинау, жылқыны қысқы отарда бағу
кезінде көшіп-қонуға ыңғайлы, тігуі, жығуы оңай шағын уақытша
баспана [52,115 б.] болып табылады. Атаудың қалыптасуында тышқан
жануары негізгі белгі болып саналады. М: Көктеректен кейін тұр. Саршұнағы көп жер[100].
ТІКБҰЛАҚ – жайлау, Белқарағай а.о. Атау тік (сын есім) және бұлақ
(зат есім) сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Тік – тікесінен, тура,
түп-түзу [56,593б.] мағынасын берсе, бұлақ – басы қайнардан басталып
сай-жыралармен ағатын кішігірім су [45,679б.] ретінде сипатталады.
Олай болса, басын биіктен алып, тік болып ағатын бұлақты «Тікбұлақ»
деп атаған[103].
ТІКЖОЛ – жол, Өрел а.о. Тік (сын есім) және жол (зат есім)
сөздерінің бірігуі арқылы жасалған атау. Жолдың тікесін, түп-түзу
болып келуі атаудың қалыптасуына негізболған. М: Келе жатқанда, тігірек келген жол бар. Сондықтан Тікжол аталуы керек[100].
ТІКЖОЛ – жол. Тік жол. Катонқарағай а.о. М.: Жайылым, дөң ертеректе тік шығатын шынжыртабандар көтерілетін асу жол болған, 1960- шы жылдары Бәске (Васька) сайымен Жаманбұлақтың бастауын айналып өтетін қабырға айналма жол салынған, доңғалақтылар қатынайтын[99].
ТІКШЕ – тау, Аққайнар а.о. Атау «тік» сын есім сөзіне «-ше»
кішірейту мағынасын беретін жұрнақтың жалғануы арқылы жасалған.
Таудың биік тау емес, сәл ғана төбешік тәрізді болып, оған тікесінен
шығуға болатындықтан, осы ерекшелігіне байланысты аталса керек. М: Бұл тауға тек тігінен шыққан. Тікше деген сөзден шығы мүмкін[124].
ТІЛЕНШІ ҚУЫСЫ- ж.а., Қатонқарағай а.о. Антропотопним. М.:
Мал баққан кісі малшы есімімен байланысты қойылған атау[148].