Адамның жігерлі мүмкіндіктері шексіз. Әлемге әмірін жүргізетін адамның шексіз жігерлі мүмкіндіктерін мойындаудан Фичино «адам дегеніміз – ерік бостандығына ие болған Құдай, оған бүкіл әлем бағынышты» деген ойға келеді. «Жанды және жансыздардың... барлығының үстінен әмірін жүргізетін адам, кейбір жағдайда Құдай болады. Ол – өзі ие болған... басқаратын... тәрбиелейтін парасатсыз жануарлардың құдайы, ол – өзі қоныстанған, пайдаланатын ортаның құдайы, ол – өлмейтін, түрін өзгертетін, түрлендіретін барлық материалдық заттардың құдайы. Табиғатымен соншама затқа үстемдік жүргізетін бұл адам мәңгі-бақи өлмейтін Құдайдың орнын алады, өзінің де мәңгі-бақи болатыны ешбір күмәнсіз» (Лосев А.Ф. Эстетика Возрождения).
Сонымен, Фичино ілімдерінде адамның шексіз қуаты (күші) идеясы тұжырымдалады,
ол Абсолюттің қуатына теңестіріледі.
4. ДЖОРДАНО БРУНО ФИЛОСОФИЯСЫ
Дж. Бруно ілімінің философиялық тікелей бастаулары Н. Кузанский мен Б. Телезионың еңбектеріне сүйенеді. Жаратылыстану ғылымдары саласында оған Н. Коперниктің астрономия идеялары үлкен әсерін тигізеді.
Бруно табиғат философиясы мәселелерін шешуге бағыттайды. Философияның мақсаты табиғатты тану деп есептейді.
Бруно философиясының арқауы – құдайлық пен табиғаттық, материалдық пен идеалдық, денелік пен руханилық, ғарыштық пен жерлік, парасаттылық пен сезімдіктің диалектикалық бірлігі туралы ой.
Джордано Бруно (1548-1600 жж.) – дін қызметкері, философия докторы. Философиялық идеяларын жалған деп, одан бас тартпағаны үшін 1600 ж. 17 ақпанда баяу жанған отқа өртеліп өлтірілді. Оның философиясы – материалистік пантеизм деп анықталады.