Өмірхан Әбдиманұлы
АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМ, АҚЫНДЫҚ ӨЛШЕМ
XX ғасырдағы қазақ руханиятына өлшеусіз
еңбек сіңірген қайраткер қазақ қыздарының бірі
емес, бірегейі – Фариза Оңғарсынова екені –
талассыз шындық. Әрине, Фаризадай жан-жақты
талант иесінің бар қырын түгендеп жазып шығу,
бір мақалаға ауырлық етері хаһ. Сондықтан біз
оның Алладан берілген айрықша қасиеті –
ақындық әлемі жайлы ой қозғап көрмек ниет-
теміз.
Ақынның алғашқы өлеңдері республикалық
баспасөзде 1958 жылдан жариялана бастады.
Тұңғыш кітабы «Сандуғаш» деген атпен 1966
жылы жарық көрді. Содан бері Фаризаның
дүлділ жыры шабысынан жаңылып көрген емес.
Ақын 1984 жылы «Үйім — менің Отаным»,
«Маңғыстау монологтары», «Революция және
мен» өлеңдер топтамалары үшін Қазақ КССР
мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Бү-
гінде ол – Қазақстанның Халық жазушысы.
Фаризаның «Маңғыстау маржандары» (1969),
«Мазасыз таң» (1972), «Асау толқын» (1973),
«Сенің махаббатың» (1977), «Шілде» (1978),
«Жүрек күнделігі» (1984), «Дауа» (1985), т.б.
өлең жинақтары өзіндік өрнегі, өзіндік бағыт-
бағдары, өзіндік жазу стилі бар дарынды
ақынды поэзия әлемінің көгіне көтерді. Өйткені
академик С. Қирабаев айтқандай: «Ақ өлеңнің
арындылығы мен өлшемді поэзияның тоғы-
сында туғандай көрінген толғамдар еркін оқы-
лып, санаға тез сіңіп, жетеге жедел жетіп
жатты» [1, 53 б.].
Фариза өлеңдерінің ерекшелігі — оқырманға
сыр шашып ағынан жарылуы мен ойын ашық
айтар өткірлігінде. Сыр мен сезім тоғысқан
сыршыл да шыншыл өлең жаза алатын ақын,
керек сәтінде әр жолынан от шашқан өршіл
өлең тудырып, алмас жырдың кесіп айтар
мінезінде таныта алды. Фариза өлеңіндегі өзіне
ғана тән стильдік өрнекті де осыдан байқауға
болады. Ол қазақ өлең үлгісіндегі байсалды
жазылып, бір сыдырғылау келетін өлең нұс-
қасына арынды толғаудың адуынды мінезін
танытар жаңашыл кестесін қосты.
Ақын лирикасында өзіндік мінез көрініс
таппай тұра алмайды. Өйткені лирикалық қаһар-
манның мінездік бейнесі ақынның жекелік мінез
болмысымен тығыз байланысты.
… Арылып мына тойда дерт күдіктен,
Көңілім от алғандай тектіліктен.
Алыппын қан қысымын жуасытып,
Қастерлі топырағыңнан шет жүріп мен.
Екпіні рухтардың ес жиғызып,
Бір серпіп тамырымды тепті үмітпен .
Мен тұрдым өзіңе ұқсап өтсем-ау деп,
Өмірде жалтаңдамас беттілікпен.
Осы өлең жолдарының өршіл екпінімен,
құрылымдық бітімінен, ішкі тебіренісінен Фари-
заның ақындық болмысын танытар өткір мінез,
әділетке тақ тұрған бірегей шыншылдық көрініс
тауып, санаға ой салып, жүреке жылылық ұялат-
қандай.
Фариза ақын өлеңдерінің тақырыбы әр-
алуан. Ол бірде азаматтық үнмен қоғамдық-
8
ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы, № 4(134). 2011
әлеуметтік ойға қозғау салса, енді бірде сыр-
шыл сезіммен ішкі жандүниенің сырын жаяды.
Сондықтан да оның поэзиясында махаббат,
табиғат, азаматтық лирика сынды дүниелер қат-
қабат келіп, айқұшақ табысып жатады. Алайда
ақын поэзиясының өнбойына алтын арқау,
үзілмес желі болып керіліп жатқан, суалмас
асыл арна – тылсым сыр мен тұмса сезім серт-
тескен махаббат лирикасы.
Махаббат тақырыбы —сезімнің нәзік қылын
сыршылдықпен шертіп, сұлу саздың сиқырына
елітетін Фариза музасының тұнығы. Ақын осы
тақырып арқылы әйел жан жүйесіндегі тебі-
реністің, оның көңіл түкпіріндегі сартап болған
бұйығылық пен жүрегінде от боп жанған
бұлқыныстың сырын ой бесікте тербей отырып,
әйел ғана тән өзіндік ішкі әлемді ашуды мақсат
тұтады. Сөйтіп, өлең-жырдың мәңгілік тақы-
рыбын жаңа биіктерге көтеріп,
поэзиядағы қыз
сезімі, әйелге әлемі, ана бақыты атты бұрын
бұйығылау жатқан тылсым дүниені бүлыңғыр
бұлттан аршып, жарқ еткізіп, күн көзіне
шығарады. Бұл туралы ақын өзі: «Адам деген
жаратылыс қой. Оның ішінде әйел халқының
жан дүниесі — өз алдына бір әлем. Мен өз
жырларымды сол әйел жанының сан түрін
мүмкіндігім жеткенше жеткізгім келеді,» — деп
жазған еді. Ендеше әйел ақынның жан сырын
терең түсінген ғалым Сәуле Ержанованың:
«...оның (Фариза Оңғарсынованың – Ө.Ә.) шы-
ғармашылығын тұтас алаып қарасақ, олардың
арасындағы ортақ нәрсе сол, бұл әйел жанына,
қыз жүрегінің сырларына, үңіле білу және оның
құпияларын, құдірет сезімдерін ашуға құмар-
лық, дүниедегі әйел ұлылығын дәлелдеп, олар-
дың шынайы көркем образдарын жасау екен-
дігін байқауға болады» [2, 110 б.] – деген пікірі-
мен толығынан келісуге болады.
Поэзия ой мен сезімнің бірлігінен туады
десек, ақынның махаббат жайлы жырлары әрі
ой оятады, әрі сан түрлі сәттік сезім мен
мәңгілік тәтті сезімнің шуағына шомылдырады.
Фаризаның махаббат жырларының қызуынан ой
оятқан оқырман, елтіп алып, ес жинап, бір сәт өз
бойында бүлкілдей соққан сезімнен тыңдайды.
Өйткені ақын өлеңінен тамыр тартқан терең
тебіреніс, ішкі толқу, отты сезім лирикалық
қаһарман мен оқырманды ажырамас бірліктегі
бүтін бітімге айландырып жібереді. Фариза
поэзиясының және бір қасиеті – табиғат құбы-
лыстарын адам жандүниесінің алуан түрлі қыр-
ларын ашуға пайдалану.
Бірге өскен құрбы қыздай,
Толқындар сырлас мәңгі.
Ұйқысын тұрды бұзбай,
Құшақтап түнгі аспанды.
Алмайды жел де демін
(Ол да сәл көз ілген бе?)
Мен ояу тербелемін
Жүрек — қыз, сезім — жеңге.
Фариза «Теңіз жағасында» атты осы өлеңін-
де адамның көңіл күйін табиғат құбылысымен
астастыру арқылы психолгиялық егіздеудің
үлгісін ұсынады. «Жүрек — қыз», «Сезім —
жеңге» метафоралары өлеңге өзгеше реңк беріп,
қазақы ұғым түсінік тұрғысындағы образдылық-
ты танытады.
«Толқындар қалғыдың» деп,
Сәулелер ойнап тұр мың.
Сонда мен сәл дірілдеп,
Сен жайлы ойлап тұрдым, —
деген келесі шумақтағы психологиялық егіз-
деудің негізінде сезім еншісін алып алдыңғы
қатарға шығады. Табиғаттың сырлы құбылысы
адам көңіл күйімен ұштасып, бірлік құра тұрып,
біртіндеп жанды сезімге сәулелі шырақтың
жарығын төгеді.
Ақынның махаббат жайлы жырларының
басты лирикалық қаһарманы, әрине, Әйел. Өйт-
кені ол — әйел жанының, әйел сезімінің сурет-
шісі.
Қайтсем екен:
Қасіретін сенделіп шексем бе екен,
Әлде өзіңе тап қазір жетсем бе екен.
Тұрғызып ап төсектен жеті түнде
Жаныма ертіп бір жаққа кетсем бе екен?!
Ішкі монолог үлгісіндегі бұл өлеңде Фариза-
ның лирикалық кейіпкері ерлікке баланар еркін-
дік танытады. Мұндай өжет мінез тек Фариза-
ның лирикалық қыз-қаһармандарына ғана тән.
Фариза ақынның махаббат лирикасындағы
тағы бір ерекшелік – нәзік жанды ару бойын-
дағы адал да ақ сезімді асқақтата жырлау.
Мен сонда жылап қалғам…
Сен сезбедің. Кеттің ұшып жыраққа арман
Мұның бәрі неліктен? Білесің сен
өзіңді ұнатқаннан;
… Мен сонда жылап қалғам
өзіңді жек көргеннен және де… ұнатқаннан.
Осы өлеңнің мазмұнынан гөрі, алдымен,
формалық құрылысы қызықтырады. Жолдары-
ның әр түрлі буынды болып келуі тектен тек
емес. Ақын ауызекі сөйлеу мәнерін жазба поэ-
зияда орынды қолдана білген. Жеті-сегіз буын-
нан бастап, алуан түрлі өлең өлшемдері, инто-
нацияның өзгеріп отыруы арқылы ақын лири-
калық кейіпкердің көңіл күйінің өзгерістерін
толыққанды жеткізген. Ақын кейіпкердің психо-
логиясын ашып, жанкүйзелісін, адал көңілін
жайып салады. Мұнда айтарлықтай тың тіркес,
образды сурет жоқ. Алайда бұдан өлең қуаты
әлсіремейді. Керісінше, ақын лирикалық кейіп-
кермен бірге күй кешуді ұсынып, нәзік жанды
қыз құпиясын ұғындыратын сияқты.
Вестник КазНУ. Серия филологическая, № 4(134). 2011 9
Фариза Оңғарсынова өзінің махаббат тақы-
рыбындағы жырлары арқылы әйелдің жан
әлемін өзіндік ой талқысынан өткізе отырып,
жаңаша ашты. Оның бұл бағыттағы өлең-жыр-
лары сезімінің еріктен тыс еркіндігін бүкпесіз
ашық айтуымен құнды.
Өлең көп деп біреулер жазғыра ма,
Махаббат, сезім жайлы.
Олар, әттең мендегі назды ұғар ма,
Жолдар келіп тұрғанда өзің жайлы.
…Өмір — сенсің дүниені ұмыттырып,
Өзіңді құштыратын.
Ішіп-жеген жанарыңда үміт тұнып,
Күттіретін біткенше күш-қуатым.
Бір кезде:
Ақ боз атты жолаушы.
Біздің үйдің сыртына қырындады.
Көрмеген боп көрсем де үңілмедім,
Маған қарап жеңешем жымыңдады.
Қызарып күлімдедім, —
деп, ұялшақ қыздың ұят ұялаған сезімінің гүл
жарған уыз сәтін ұяң үнмен жеткізген ақынның
«махаббат дастаны» тылсым сырдың, тұнық
сезімнің әлеміне еліте, еліктіре еріксіз ертеді.
Ақын «Әйелдің монологы», «Жанымдасың»,
«Буынымды босатып», «Сен мені күтпе,» «Іш
тартпай», «Кетсе де алдап үміт» және т.б. өлең
толғауларында адамдарды бір-біріне ғашық
еткен құштарлық құдіреттің, кіршіксіз махаб-
баттың құпиясын ашуға ұмтылды. Ашты да.
Әдетте Фариза поэзиясы — асқақ рухты,
адуын мінезді және албырт сезімді жыр болып
келеді. Ал енді табиғатты жырлауда Фаризадан
асқан сыршыл көңіл, сынық мінез қыз ақынды
табу қиын. Оның «Таң сұлу», «Бұлақтар»,
«Қоңырқай бұлт», «Толқындар», «Далада гүл
жүдепті», «Жаз» және т.б. өлеңдерінде әсем
табиғат бар ажарымен ашылып, сұлу суретке
айналады.
Толқындар бұрқанады
бірін-бірі тепкілеп, шалып жығып,
буралардай тістескен санын жұлып,
бейкүнәсіп қараған дүниенің
алдамшы жат қылығын — бәрін де ұғып,
Жібергісі келгендей қағындырып.
Бұл «Толқындар» өлеңінен алынған үзінді.
Ақын өзі байқаған табиғаттың сәттік құбы-
лысына тіршілік тынысын беріп, жансызды
жанды заттай бейнелейді. Әрбір қимылға сай
теңеу тауып, жарға соққан толқынның сұрапыл
сипатынан көркем сурет жасайды. Фариза
«Толқыны» — мүләйім, енжар, жалған тыныш-
тыққа деген қарсылық. Сол қарсылық тегеурінін
шымырлаған шыншылдықпен беру үшін нақты
да бейнелі, көркем де образды балама, бірін-бірі
толықтырып түрған ырғақ, екпін, ұйқас үйле-
сімдерін табады. Сөйтіп жансыз да тілсіз тол-
қынды жанды бейнеге айналдырады. Фариза
«Толқыны» Мағжан «Толқынынан» бір де кем
емес.
Қазақ поэзиясында жылдың төрт мезгіліне
жыр арнамаған ақын жоқ. Алайда әр ақын
осыны өзінше көреді, өзінше таниды, өзінше
суреттейді. Фариза поэзиясында табиғат құбы-
лысы ақынның жандүниесімен іштей келісім
тауып, айтар ойдың шешіміне бағындырылады.
Мәселен, «Тағыда көктем келді» , «Жаз» және
«Күз», т.б. өлеңдеріне осы сипат тән.
Тағыда көктем келді,
Бал сезімдерге, сал сезімдерге ұран сап,
Өткінші ғұмырдай қылықтары мол бұлаң шақ!
Көп көңілдерде өзіңіз боп көлкіп кетіпті-ау,
Ару қыз аңсап, жыр аңсап!
Бұл келістіре бейнелеген көктем келбеті.
Сұлулар барған сайға бұғып,
Қарайды көлдің бетін айна қылып,
Шіркін жаз жомартсың-ау базарлыққа,
Бересің Жан біткенге жайдарылық.
Бұл жаз айының сұлу суреті.
Қатқақ күз. Дала құнысып,
жүзінде қалмай жаз рай.
Кимеген адам бұғы ішік,
бүрсеңдеген арық тазыдай.
Сұлулық қалмай қырда түк
Қоңырқай тартып жарқын жер.
Ал бұл сарыала салқын күз суреті.
Ақын әрбір жыл мезгілінің өзіне ғана тән
сұлу суретін туған табиғатқа ғашық жанның
жүрегіндегі іңкәрлікпен жеткізеді. Табиғаттың
тамылжыған көрінісінен поэтикалық образдар
жасап, сәт сайын мың құбылар құбылыстың
лирикалық кейіпкердің көңіл күй пернесін
шертерлік ілкі мезетін дөп басады. «Адам мен
табиғат – күллі өнер туындысының нысаны.
Әсіресе сыршыл жанр лирикада уақыттың әрбір
сәті түрлі тәсілмен жырланып, өзгеше бітімді
көркем бейнеге айналады» [3, 32 б.], – дегенде,
өзі де ақын болғандықтан, ақындық құпиясын
терең түйсінетін ғалым Жанат Аймұхамбетова
осындай шеберлікті меңзеген болуға керек.
Фариза Оңғарсынова поэзиясынан кең орын
алатын бір сала — азаматтық лирика. Әрине,
бұл ұғымның ауқымы өте кең. Азаматтық ли-
рика ақынның қоғам, адам, Отан, ел, парыз, т.б.
туралы таным-түйсігін, ой- толғанысын, түсінік-
тұжырымын танытатын өлеңдер тобы.
Фаризаның бұл сипаттағы лирикасының
басты ерекшелігі – қоғамның тарихи дамуын-
дағы жеке тұлғаның рухани ұстанымын нақты
да айшықты көрсете алуы. Ақын болмысының
10
ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы, № 4(134). 2011
өзіндік көзқарас тұрақтылығы арқылы айқын-
далуы. Фариза азаматтық лирикасында қашанда
да лирикалық қаһарманнның өз заманына сай
тұлғасын сомдауға тырысады. Қоғамдық өмір-
дің қилы құбылысына ой жібере отырып, әлеу-
меттік тартыстар, қоғамдық қайшылықтар таби-
ғатына көкірек көзі арқылы үңіледі. Оларға
ақындық таным тұрғысынан баға береді.
Дариға күндер өтті де…
Нартәуекелшіл жомарт жандардың қайнатып
қайран жігерін,
Кәрілік деген қырқадан бүгін қырға
көзімді тігемін:
Сонау кездегі жалын шақтарды көрсем деп
жастарда үміт тілегім,
Әлжуаз
бозаң бозбалалардан құлазып кетсе көңілім,
таба алмай қалам бір емін.
Сұңқарлығым егер шын болса
Менің балапаным қарға
болмасы һақ! —
Дәл солай тегі… білемін!
Бұл — әр сөзі ұшқын шашқан «Қыр қаза-
ғының қартайғандағы ойы» атты өлеңі. Ой
түйіні — қарт адамның ұрпағына деген сенімі.
Ол сенімді лирикалық қаһарман өзі өткен өмір
мәнінің қорытындысы ретінде әрі қысқа, әрі
нұсқа етіп, кесіп айтады. Бұның өзі Фариза
өлеңдеріне тән ақындық мінездің табиғатын
танытса керек.
Фаризаның қоғамдық ойды қозғайтын өлең-
дерінде жалаң дидактикаға орын жоқ. Онда
сезімге эмоциялық әсер беретін көркем образды
сөз, ойға өзек, бойға қуат түйінді тұжырым бар.
Сөзден образ түзеліп, образдан ой туады.
Мен даланың қызы едім
Жазығында жатпайтын көз ілер қара.
Жазира менің жанымның өзі де дара.
Асқар көрмеген мен шіркін биік дегенді
Өлшеуші ем сонау аспанның өзімен ғана.
Осында Фариза ақынның биікке ұмтылған
тәкәппар мінезі көркем бейнеленіп, нақты ұғым-
ды тудырып тұр. Дархан даланың кеңдігі мен
көк аспанның биіктігін астастырған сұлу сурет,
тұмадай тұнық ой бар мұнда.
Менің жырым —
Құштарлық қысқан кеудемнен
Бұрқырап жатқан бір жалын …
дейтін ақынның имандай шындығы бұл. Оның
арманы асқақ, ойы кең, мақсаты биік. Биіктік
өлшеміне аспанды алу — тек Фариза поэзия-
сына сай келетін образ. Лирикалық қаһарман
монологы — автордың өмір, уақыт, қоғам ту-
ралы толғаныстарының толассыз ағыны. Әрбір
өлеңдегі мән-мағынаны мазмұн ашады. Ал маз-
мұнының өзі идеядан тамыр тартса, идея ойдан
туады.
… О туған ел,
мен өзіңсіз қанатсыз, тұғырсызбын,
Сен болмасаң сөнемін, ғұмырсызбын,
Маған сенің сезімің қуат серік,
Саған менің сезімім шуақ беріп —
демімізден мөп-мөлдір нұрды жұтып,
тірліктегі азап пен мұңды ұмытып.
Қос махаббат алауы жер үстінде
бұрқасында өмірді тұр жылытып.
Ақынның осы «Туған ел» атты өлеңіндегі
басты идея — туған ел, туған жерге деген махаб-
бат. Туған елдің өз перзентіне деген сезімі мен
ұрпақтың елге деген парызын сезінген — сезі-
мінің шуақты нұры ақынның айқын идеалын
танытады. Осыдан келіп, уақыт сұранысына,
ұрпақ ұғымына сай келген Фаризаның лири-
калық монолог әдісі — айтар идеяны, авторлық
көзқарасты оқырман жүрегіне жақындата түсу-
дің ұтымды жолына айналады.
Ф.Оңғарсынованың азаматтық лирикасында
көзге ерекше шалынатын, бір тұлға бар. Ол —
Махамбет ақын. Фариза поэзиясында ол бірде
жау жүрек батыр ретінде азаматтық айбынымен,
бірде адуынды ақын ретіндегі өнерпаздық тұл-
ғасымен танылады. Кейде тіпті қос арна қосы-
лып кетіп, тұтас тұлғаның тұғырын заңғар көкке
көтеріп ккетеді.
Фаризаның Махамбет жайлы туындылары
өте көп. Мәселен, «Махамбет аудармашысымен
әңгіме» — Махамбет тұлғасын даралай түскен
ажарлы жырдың бірі. Ақын:
Махамбет!
Махамбет…
Білмеймін жел ме, сел ме?
Жырда онымен бір тұлға теңесер ме…
Әділетсіз дүниенің қабырғасын,
Махамбетше сөгер жан кездесер ме?..
Ондай жыр ем кеселге, —
деп ішкі монолог арқылы шешіле толғанады.
Өлеңнің өнбойында өршіл сезім есіліп жатыр.
Ақын қолданған интонация, экпрессия, қай-
талаулар өлеңнің эстететикалық қуатының арта
түсуі мен ой ағысының айқындала түсуінде
шешуіші қызмет атқарып тұр.
Ф.Оңғарсынова – эпикалық жанрда да ай-
рықша еңбек етіп, «Мақатаев туралы жыр»,
«Тыңдаңдар, тірі адамдар», «Қырдағы айқас»,
«Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Тартады
боз баланы магнитім», «Алмас қылыш», «Күй»,
«Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диа-
логы», т.б. көптеген поэмаларды дүниеге кел-
тірген кең құлашты шығармашылық тұлға.
Оның эпикалық туындылары алуан түрлі тақы-
рыпты арқау етіп, ел тарихының елулі кезең-
дерін қамтиды. Оларда ел ардағына айналған
тарихи тұлғалардың жарқын бейнесі сомдалған.
Атап айтқанда, ел азаттығы жолында жан аямай
күрескен Махамбет, ақын М. Мақатаев, ұлы
Отан соғысында шығыстан шыққан қос қар-
лығаш қазақтың батыр қыздары Әлия мен
Вестник КазНУ. Серия филологическая, № 4(134). 2011 11
Мәншүк, айтыскер ақын Сара Тастанбекқызы,
әнші сазгер Майра Уәлиқызы, күйші Дина
Нұрпейсова және т.б.
Ақынның «Алмас қылыш» поэмасында өр
рухтың, ерлік жырдың символына айналған қа-
һармандық тұлға Махамбеттің бейнесі сомда-
лады. Лирикалық жырларындағы Махамбеттің
лирикалық образы көптеген ізденістер нәти-
жесінде толықтырылып, күрделенген көркемдік
бейнеге айналады. Поэмада автор мен Махам-
беттің сырласуы арқылы тарих бүккен көп жай-
лар ашылып, өмірдің ақындар танымындағы
ақиқаттық шындығы таразыланады. Кешегі мен
бүгінгі адамдар арасындағы мінез-құлық сәйкес-
тігі көрсетіліп, Махамбет заманындағы талай
кейіпкердің характерлері дараланады.
Фариза Оңғарсынованың айтулы туындыла-
рының бірі — эпикалық жанрдағы үлкен та-
бысы, «Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен
диалогы» атты поэмасы. Шығарма – Фаризаның
ақындық қолтаңбасын айқын танытатын күрделі
дүние. Мұнда дәстүрлі сюжет жоққа тән. Кері-
сінше, ой-толғанысқа кеңінен орын берілген.
Сөйтіп поэма, негізінен философиялық толғауға
құрылған.
Шығарма екі лирикалық кейіпкердің, ана
мен ақынның диалогынан тұрады. Осы арқылы
өткен тарих, бүгінгі қоғам, өмір мен өнер,
адамдық пен арамдық, ерлік пен ездік арақа-
тынасы ашылып, ана арманы, перзент мұраты
арқылы туындының идеялық мақсаты айқын-
далады.
Фаризаның бұл поэмасында ұлттық рух
басым. Ана мен ақын арасындағы әңгімеден
тарих қойнауында жатқан, жалпыға жария емес
оқиғалар шындығын, өмір мәнін, ұлттық таны-
мының тереңдігін танимыз.
Адалдық та, ерлік те, елдік те жоқ,
Адамдарға сенім жоқ, орталарда.
Кіналамай барлығын бір жайды ұғын:
Жер үстінде басқаша тумайды күн,
Адалдығың, сенімің жоқ па жұртқа
Онда олардан сенің де жұрдайлығың!
Ақын қызға осылайша тәлім беретін дана
гөй ана, ақынға шындықты жырлау міндет
екенінде естен шығармауды ескертеді:
Халқың таныр тұлғасың бұл күнде сен,
Шындығын айт өмірдің
Іркілме сен,
Сені өрлеткен еліңде сырт айналар,
Тура айтудан тайсалып, күңкілдесең.
Ал осынау тағылымнан нәр алған ақын әйел-
дің өткен мен бүгінге, қоғамға, әлеуметтік ор-
таға ой жібермеске, кейде мейірленіп, кейде шо-
шымасқа шарасы жоқ. Ақын әйел:
Ақиқаттың алдында бас ию де
Бара жатқан секілді қиындалып, —
деп ренжиді. Енді бір тұста:
Теңсіздіктен
сақтап жүрген!
Мені тек білім ғана! —
деп, білімнен айырылу — бәрінен айырылу
екенін меңзейді.
Жалпы алғанда, Фаризаның «Сырласу не-
месе ақын әйелдің анасымен диалогы» атты
поэмасында әйелдердің өзгеше әлемі, олардың
сан алуан күйге ерік берер нәзік сезімі, әйел
мінезінің көп қатпарлы құпиясы, жан дүниесінің
мың-сан иірімдері шыншылдықпен ашылып,
шынайы жырланады. Осындай әйел жанының
тұнығын жырлаған туындының бүгінгі ұрпақ
тәрбиесінде зор эстетикалық маңызға ие болары
сөзсіз.
Көңілді жайлы күнімді.
Азапты, қайғы мұңымды
Өзіммен бөліскенің үшін,
Менің мынау қиындау тағдырым болып
О баста көріскенің үшін,
Өлең мен сені аялап өтем! —
деп, өлең өнерін өмір мәніне айналдырған
Фариза ақын қазақ поэзиясына арманы асқақ,
танымы терең, рухы ұлттық жыр асылын әкел-
ді. Фариза Оңғарсынова поэзиясы – ХХ ғасыр-
дағы қазақ поэзиясын өз жаңашылдығымен
байытқан, өзіндік дәстүр қалыптастырған жаңа
арна, жаңа бағыт. Фариза – қазақ асыл сөзінің
айдынын асау толқынды, арналы жырымен
толтырған, ақындық әлемі сыршыл сезім, терең
ой, азаматтық үстаным, ақындық өлшем бір-
лігінен тұратын ұлт ақыны. «Сөз патшасы-
өлең» арқылы сан ұрпақтың санасына сара ой-
дың дәнін егер, еміренген жүрекке арда сезімнің
нәрін берер Фариза поэзиясының қашанда тұ-
ғыры биік, жұлдызы жоғары боларына сенім
мол.
________________
1. Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 9-том. –
Алматы: ҚАЗақпарат., 2005. – 998 б.
2. Ержанова С. Б. Қазақ поэзиясы тәуелсіздік тұсында.
– Алматы: Білім, 2010. – 320 б.
3. АймұхаметоваЖ.Ә. Мифтің поэтикадағы қызметі
(қазіргі қазақ поэзиясы арқауында). – Алматы: «Жазушы»,
12010. – 365 б.
* * *
В статье расматриваются своеобразные особенности
поэзии Фаризы Онгарсыновой и на основе системного
анализа лирики и поэм раскрывается ее поэтический
мир .
* * *
The article considers the distinctive features of Fariza
Ongarsynova’s poetry and basing on the systematic analysis of
the lyrics and poems reveals her poetical world.
12
ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы, № 4(134). 2011
Н. М. Алиева
Достарыңызбен бөлісу: |