Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар Айналым құралдарының құрамына нелер кіреді?
Өндірістік айналым қорларына нелер жатады?
Қаржылық жағдайдың абсолюттік тұрақтылығына сипаттама беріңіз.
Кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығын көрсететін көрсеткіштердің үш тобын атаңыз.
Кәсіпорын табыстылығы көрсеткішін талдау міндеттеріне нелер кіреді?
Тақырып 14. Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік қолдау және инфрақұрылым
Елдегі кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу бағыттары Болашақты алыстан болжайтын стратег саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекетіміздің 2050 жылға дейін ең жоғары дамыған 30 мемлекет қатарына енуін ұлттық саяси даму стратегиясына негіз ете отырып, осы уақыт ішінде бағындырылуға тиісті жеті басымдылықты белгілеп берді. Соның ішінде кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлінген.
Қазақстанда шағын кәсіпкерлікті қолдау жүйесі қалыптасты және әлде де қызмет етуде. Бұл мәселемен Индустрия және сауда министрлігі, экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Қаржы министрлігі, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі, Статистика жөніндегі агенттігі және атқарушы биліктің басқа да органдары мемлекеттік деңгейде айналысады. Шағын кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік және өңірлік қорлары құрылған. Дегенмен, Қазақстанда шағын кәсіпкерлік қызметін қолдау бойынша қызмет ету саласы біркелкі дамып жатқан жоқ. Әлемдік тәжірибе көрсететіндей, оның табысты дамуы мемлекеттік қолдауға, осы қызметтерді қажет ететін кәсіпкерлерге, жеке кәсіпкерлікті дамытуды көздеген тұлғалар тең дәрежеде тәуелді.
Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттары: а) шағын кәсіпкерлікті реттеу жөніндегі заңдарды жетілдіру;
ә) жеке кәсіпкерлікті құру мен дамыту орталықтарын, кәсіпкерлік инкубаторлар, технологиялық парктер, индустриалдық аймақтар және шағын кәсіпкерлік инфрақұрылымының басқа да объектілерін құру;
б) бюджеттік қаражаттар есебінен шағын кәсіпкерлік субъектілерін оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз ету.
в) шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мемлекеттік органдар қарамағында шағын кәсіпкерлікті дамыту бойынша мәселелерді зерттеу және шағын ұсыныстарды әзірлеу бойынша ғылыми-зерттеу институттарын құру жолдармен жүргізілетінін анықтайды;
г) шағын кәсіпкерлікті қолдаудың және дамытудың қаржылық институттарын құру;
ғ) кәсіпкерлік-инкубатор және индустриялық аймақтардың қызметін ұйымдастыру;
д) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жер учаскелерін, құрылыстарды сату.
Бүгінгі күнде шағын кәсіпкерлікті қолдау саласында түрлі институттар бар. Қазақстанда шағын кәсіпкерлікті қолдау механизмдері шағын кәсіпкерлікті қолдаудың сараланып дамыған инфрақұрылымы арқылы жүргізіледі. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін тұрақтануын және қалыптастыруын ынталандыру үшін мемлекеттік даму институттары құрылған. Шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту механизмдері келесі жолдармен жүзеге асырылады:
- қаржылық көмек көрсету;
- шағын кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын ұйымдастыру;
- кәсіпкерлік-инкубаторлар қызметін ұйымдастыру;
- ШКС бір жылдан астам уақытта қолданбаған мемлекеттік меншік объектілерін сенімді басқаруға немесе жалға беру;
- ШКС ҚР Үкіметі бекіткен тәртіппен келісімге отырғаннан кейін бір жылдан астам уақыттан соң өнеркәсіптік өндірісті ұйымдастыруға сенімді. басқаруға немесе жалға берілген объектілерді қайтарымсыз негізде беру
Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің мақсаттары кәсіпкерлік субъектісі өндіретін және өткізетін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіздігін, олардың заңды мүдделерін қорғауды, қоршаған орта үшін қауіпсіздігін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін, мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілерінің орындауы үшін міндетті талаптарды белгілеуі арқылы, оның ішінде:
- Қазақстан Республикасының заңдары;
- Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары;
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік қаулылары;
- Қазақстан Республикасы министрлерінің және өзге де орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;
- Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілері;
- мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары деңгейінде реттегіш құралдар пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу:
- Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен кәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ өнімдеріне, процестеріне қойылатын талаптарды белгілеу;
- кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркеу;
- кәсіпкерлік субъектілерінің жекелеген қызмет түрлерін немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруына рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу;
- техникалық реттеу;
- бағалар мен тарифтерді мемлекеттік реттеу;
- Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру;
- мемлекеттік бақылау және қадағалау;
- бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу;
- мемлекеттік тапсырыс;
- Қазақстан Республикасының заңдарында кәсіпкерлік субъектілерінің, мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының жауапкершілігін белгілеу;
- Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің өзге де нысандары мен құралдары арқылы жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыретiне мыналар жатады:
- кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларын бекіту;
- жұмыскерлердің жылдық орташа санын және жылдық орташа кірісті есептеу қағидаларын бекіту;
- Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы жылдық есепті әзірлеу және бекіту қағидаларын бекіту.
- бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу шеңберінде табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілері көрсететін міндетті қызметтердің тізбесін бекіту.
Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың мынадай негізгі түрлерін қамтиды:
- қаржылық және мүліктік қолдау;
- инфрақұрылымдық қолдау;
- жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың қаржы институттарын, мемлекеттiк органдар жанынан жеке кәсiпкерлiк проблемаларын зерделеу және оны дамыту ұсыныстарын әзiрлеу жөнiндегi ғылыми-зерттеу институттарын құруды және дамытуды қамтитын институционалдық қолдау;
- жеке кәсiпкерлiкті ақпараттық-талдамалық, оқу-әдiснамалық, ғылыми-әдiстемелiк қолдауды қамтитын ақпараттық қолдау.
Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың өзге де түрлерін көздейді.
Жеке кәсіпкерлікті қаржылық және мүліктік қолдау:
- тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) кепілдік берілген көлемін сатып алу;
- бюджет қаражаты есебінен қарыздар беру;
- екінші деңгейдегі банктер, ұлттық даму институттары және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де заңды тұлғалар арқылы кредит беруді ұйымдастыру;
- экономика салаларында әлеуметтік маңызы бар жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру;
- жеке кәсіпкерлік субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер, Қазақстанның Даму Банкі және лизинг қызметін жүзеге асыратын өзге де заңды тұлғалар беретін кредиттер және олар жасайтын лизинг мәмілелері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау;
- тұрғын үй құрылысы мақсаттары үшін жеке кәсіпкерлік субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен субсидиялау;
- жеке кәсіпкерлік субъектілеріне микроқаржы ұйымдары беретін микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау;
- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілері шығарған және қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын қор биржасының тізіміне енгізілген облигациялар бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау;
- шығыстарды және (немесе) шығындарды өтеу және (немесе) субсидиялау;
- жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттеріне ішінара кепілдік беру;
- лизинг;
- Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеке кәсіпкерлікті қаржылық және мүліктік қолдаудың өзге де шараларын беру арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қаржылық қолдау тәртібін, нысандарын, мемлекеттік қаржылық қолдауға жататын жеке кәсіпкерлік субъектілері қызметін жүзеге асыратын экономика саласын (салаларын), мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету үшін тартылатын заңды тұлғаны (тұлғаларды), қаржылық қолдау мөлшерлерін және мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету үшін қажетті басқа да шарттарды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бастамаларын мемлекет тарапынан қаржылық қолдауды, оның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі кәсіпкерлікті дамытудың арнайы қоры (бұдан әрі – арнайы қор) жүзеге асырады.
Жеке кәсіпкерлікті қаржылық және қаржылық емес қолдауды ұсыну арқылы Қазақстан Республикасында жеке кәсіпкерлікті сапалы дамытуға жәрдемдесу арнайы қор қызметінің негізгі мақсаты болып табылады.
Арнайы қордың негізгі міндеттері:
микроқаржы ұйымдарының қызметін дамыту;
жеке кәсіпкерлік субъектілері екінші деңгейдегі банктерден және өзге де заңды тұлғалардан кредиттер алған кезде оларға кепілдік беру жүйесін құру;
қаржы лизингін дамыту;
жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыру, оның ішінде жеке кәсіпкерлікті қаржылық және мүліктік қолдау мәселелері бойынша оқыту және консалтинг;
жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша ақпараттық-талдамалық қолдау;
қаражатты екiншi деңгейдегi банктерде және өзге де заңды тұлғаларда негізделген түрде орналастыру жолымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тікелей көзделген өзге де тәсілдермен жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру;
жеке кәсіпкерлік субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер, Қазақстанның Даму Банкі және лизинг қызметін жүзеге асыратын өзге де заңды тұлғалар беретін кредиттер және олар жасайтын лизинг мәмілелері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілері шығарған және қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын қор биржасының тізіміне енгізілген облигациялар бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау;
жеке кәсіпкерлік идеясын насихаттау;
жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау бағдарламаларының іске асырылуына мониторингті жүзеге асыру;
арнайы қордың жарғысына сәйкес басқа да міндеттер болып табылады.
Арнайы қордың міндеттерін іске асыру тәртібі мен шарттарын ұлттық басқарушы холдинг айқындайды.
Жеке кәсiпкерлiкті ақпараттық қолдау бәсекеге қабiлеттi тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) шығаруға мүмкiндiк беретiн, жеке кәсіпкерлік субъектілері мен олардың жұмыскерлерінің кәсiби деңгейiн арттыру мақсатында жүзеге асырылады.