"Keruen" scientific journal №1 (74) 2022 ISSN: 2078-8134 | elSSN: 2790-7066 1 (74) 2022 | "Keruen" M.О. Auezov Institute of Literature and Art 43
және хош иісті алманың иелері өз бұйымдарының қасиетін, өздерінің сіңірген
еңбегін дәлелдеуге тырысып бағады. Үшеуінің қайсысы қызға лайық дегенде,
сөйлемеуге серт берген Мысыр патшасының қызы Зыйфырым амалсыздан «Қызды
алманың иесі алуы керек, сол ғана тірілтіп алды», – деп, жауап береді (Қырғыз халық
ертегілері, 1992:125). Бұл сәттегі Зыйфырымның шешімі қызды алмасы бар жігітте
қосатын қазақ ертегілерінің сарынымен үндес. Яғни, алма тіршілікке нәр беретін,
өмірді жалғастыратын жеміс ретінде таңдалған. Бұл мотивтің көптеген халықтардың
аңыз-әңгімелеріне арқау болуы бекер емес. Осы орайда, түркі мен парсы ертегілерін
зерттеуші Б.Әбжеттің «Иран, ауған ертегілерінде түгелге дерлік баласы жоқ патшаға
не байға бір дәруіш келіп, қолына бүтін алма, не жарты алма ұстатады да, тоғыз ай,
тоғыз күннен кейін балалы болатындығын айтады» (Әбжет, 2008: 66), – деген пікірі
назар аудартпай қоймайды.
Біз оған қоса, бұл сюжеттің аталған шығармалардың біразынан әрідегі әлемге
танылған әдеби ескерткіштерде ұшырасатынын айтқымыз келеді. «Қыз көрелік» ро-
маны мен Базар жыраудың «Айна-тарақ» дастанының ертегілік сарындағы оқиғалары
әйгілі «Тотынама» хикаятының екі әңгімесінде көрініс тапқан. «Әулиенің қызы,
оның үш ері, қыздың көрге түскені, оны үш ерінің көрден қазып алғаны, яки қыздың
қалай тірілгені жөніндегі әңгіме» деп аталатын он төртінші түннің хикасы роман мен
дастандағы қиял-ғажайып элементтермен үндесіп жатқанын аңғару қиын емес.
Бір қызға үш жігіттің таласуы, әрқайсысының оған жасаған жақсылығын міндет
қылып, иемденуге ниеттенуінің мысалы бұл әңгімеде де көрініс тапқан. Тек оқиға
сәл басқаша өрістейді. Әкесі қажылыққа кетіп бара жатқанда әйелі мен ұлына бой-
жеткен қызын теңіне қосу жөнінде аманат айтып кетеді. Қажылықтан қайтып келе
жатқан әке қызына лайықты жігітті жолықтырып, қасына ертіп алады. Келсе, әйелі
мен ұлы да қызға бір-бір күйеу тауып қойыпты. Осы жерден әрі қарайғы дау-да-
май, талас-тартыс «Қыз көреліктің» оқиғасына біршама ұқсайды. Бұл хикаяда да
қыз өледі, бірақ оның өліміне үш күйеудің арасындағы алауыздық пен қызғаныш
себепші болады. Бүкіл елге тарап кеткен үш жігіттің айқай-шуынан басы қатқан бой-
жеткен құсадан көз жұмады (Зийа ад-Дин Нахшаби, 1979: 116). Ал осындағы өлген
қызды тірілту оқиғасы «Қыз көреліктегі» шығыс сюжетімен үндес. Біріншісінің
мәйітті көрден алып шығуы, екіншісінің денені жіңішке қайыспен ұрып, қанын
қыздыруға талпынуы, үшіншісінің өмір суымен (Ә.Қоңыратбаев аудармасында шөп
қуатымен деп көрсетіледі) емдеп тірілтіп алуы, содан соң бұл қыз маған тесілі деп
өзара арпалысуы үнді жерінен бастау алған хикаяда көрініс тапқан. Мұның өзі кей-
інгі замандағы шығармаларға өзек болған сюжеттердің арғы дәуірден тамыр тар-
татынын айғақтайды. «Тотынамада» тірісінде де, өлісінде де күн көрсетпеген үш
жігіттен жерінген қыз үй-жайын тастап, мазарға барып, өмір бойы құлшылық етуге
бекінеді. Яғни, хикаяның қазақша аудармасында баяндалғандай, «басындағы ша-
шын күзеп, софы шекпенін киеді» (Зияааддин Нахшаби, 1991: 109). Орыс тіліндегі
нұсқада сопылық туралы сөз қозғалмаса да, сюжеттің мән-мағынасы осы іліммен
байланысты екені аңғарылмай қалмайды. Шынында да, «Тотынаме» шешімінде діни
мотивке негізделген сопылық сарын белгілерін байқау қиын емес. Оның сыры Зийа
ад-Дин Нахшабидің сопылық әдебиет ықпалындағы ақын болғандығынан деп санай-