Кез келген халықтың әдебиеті белгілі бір әдеби процестер арқылы ілгері дамып отыратыны мәлім. Ал сол әдеби процестің жүзеге асуына дәстүрлік жалғастық пен жаңашыл ізденіс негіз болады
Кез келген халықтың әдебиеті белгілі бір әдеби процестер арқылы ілгері дамып отыратыны мәлім. Ал сол әдеби процестің жүзеге асуына дәстүрлік жалғастық пен жаңашыл ізденіс негіз болады. Бұл үдеріс тек белгілі бір халықтың әдебиетінің аясында жүзеге аспайды, керісінше барша әлемдік әдебиеттердің жүйесімен байланысты болады. Яғни сол жаңашылдық пен дәстүрлер жалғастығы арқылы зерттелу ауқымы мен таралу аясы кең «әлемдік әдебиет үдерісі» деген түсінік пайда болады. Аталмыш үдеріс - әрбір ұлттың әдебиетінің сонау тарих беттерінен бергі сан түрлі қалыпта ілгерілеп отыру процесі. Ол барлық әлем әдебиеттеріндегі көп ғасырлар бойы қандай өзгерістер, нендей жаңашылдықтар болғанын жүйеге салады.
Біздің қазақ халқының әдебиеті мен әлемдік әдеби үдерісті байланыстыратын белгі – дәстүр жалғастығы. Өйткені осы жалғастық әлемдік әдеби үдерістің ең маңызды бөлшегі болып табылады. Қазақ әдебиетінде хандық дәуір кезінде жыраулар поэзиясының негізі қаланды. Майқы би, Асан қайғы, Қазтуған секілді жыраулардың қалыптастырған жыраулық поэзиясы кейіннен өз жалғасын тапты. Бұл кезеңнің қайнар тұсы деп ХІХ ғасырды атауға әбден болады. Өйткені осы тұста хандық дәуірдегі жыраулар поэзиясының дәстүрлік жалғасы ретінде зар заман ақындарының поэзиясы әдебиет сахнасында жарық көрді. Аталмыш кезеңнің әдебиетіне зар заман ақындары, ағартушы-ақындар, сал-серілер, тағысын-тағы жаңа дем берді. Әлемдік әдеби үдерістің әр ұлттың тарихындағы жағдайларға байланысты дамып отыруы жайында жоғарыда айтылды. Дәл осындай елеулі тарихи оқиғалардың, әдебиеттің тарихи сипатының көрінісі Ресей патшалығының отаршылдық саясаты тұсында анық көріне бастады. Хандық дәуірдегі батырларға дем беріп, хандарды сынайтын поэзия енді қалың қазақ жұртшылығының бүгініне налып, ертеңінен зор үміт күтетін, халықтың болашағына қатысты мұң мен зарын айтатын, қоғамдық және әлеуметтік проблемаларға арналған саяси пікірлердің басын біріктірген поэзияға айналды.
Осы кездегі зар заман ақындарының поэзиясын отаршылдықтың күшеюі, халықтың намысының жер болуы секілді ауқымды мәселелер дәстүрлі жалғастықтың дербес шеберлік стиліне алып келді. Осындай дербестікпен, азаттықпен жырлаған ақындар дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Махамбет Өтемісұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Мұрат Мөңкеұлы сынды тұлғалар еді. Бұлардың қатарында сол замандағы әлеуметтік-саяси жағдайды дөп басып көрсете білген шоқтығы биік тұлға – Махамбет Өтемісұлы еді. Елім деген батырдың жырлары серігі Исатай бастаған наразылықтан туындаған көтерілістің ұраны іспеттес болды. Сондай-ақ, осындай бас көтерудің негізгі себепшісі болған билік басындағылар мен саясатқа қарсы бар шындықты жыр-дастандарымен жеткізе білген Шөже, Жанақ және Сүйінбай секілді орақ тілді ақындар еді. Қала берді, халықтық поэзия арқылы ел ішінде белең алған келеңсіздіктен кейін халық арасындағы алауыздықтың орнағанын, адамдардың ниеттерінің өзгергенін, бейбіт заманның тар заманға айналғанын Дулаттар мен Шортанбайлар бастаған топ жырлап өтті. Олар әдебиет тілін дамытып қана қоймай, сол дәуірдің шындығын жырлауды көздеп реализмді басшылыққа алды, халықтың санасына да жаңашылдық орнатқысы келді және осы сарында бірқатар туындылар шығарды. Әлемдік әдеби үдерістің бір бөлігін құрайтын қазақ әдебиетіндегі дәстүрлік жалғастық, бір қырынан, осы зар заман ақындарының діни сауатты болғандығымен, діни әдебиетпен және шығыс әдебиетімен жіті таныс екендігімен жүзеге асқан болар. Себебі ХІХ ғасыр әдебиеті өкілдерінің шығармашылығы тек адами ғана емес, оған қоса көркем құндылықтарға да бай болды. Осындай бағалы дәстүрлік жалғастық ары қарай ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиет өкілдерімен тамырын тереңге жая түсті.
Әлемдік әдеби үдеріс пен қазақ әдебиетінің байланысынан екі түрлі жайды аңғаруға болады: біріншіден, әдеби үрдістің ауқымды процесс ретінде танылуына тарихи және әлеуметтік құбылыстардың әсер ететіні; екіншіден, бұл үрдістің дамуына әр ұлттың өзіне тән мәдениеті мен адами құндылықтары қатысады. Сондықтан, әлемдік әдебиеттегі процесспен танысу тек жекелеген ұлттардың әдебиетімен ғана емес, тарихымен де танысуға үлкен мүмкіндік береді.