Тұқы балық биттер отряды - Branchiura Балықтардың терісінде тіршілік ететін эктопаразитті шаянтәрізділердің шағын ғана отряды. Денесі дорзовентральды бағытта жалпайып, құрсағы ішке қарай иілген, карапаксы баскеуде бөлімін жауып тұрады. Басы кеудесінің бірінші сегментмен бірігіп біткен, кеудесі 4 сегментті, құрсағы қысқа, сегменттелген ұшы екі қалақты.
Паразиттік тіршілік етуіне байланысты антеннулалары мен антенналары ұсақ ілмек тәрізді өсінділер. Мандибулалары жіңішке тескіш тұмсыққа, ал астыңғы жақтарының бірінші жұбы екі күшті сорғышқа айналған. Басында үш науплиальды көзшелерімен қоса күрделі жұп көздері бар. Тұқы балық биттер кейде өз иелерін тастап еркін жүзуге қабілеті бар, оған жұп бұтақты кеуде аяқтары жәрдем береді. 60 түрі бар. Тұқы биті - (Argulus foliaceus) тұқы және басқа тұщы су балықтардың паразиттері, кейде балық өсіретін шаруашылықтарында балықтардың жаппай қырылуына душар етеді.
Мұртаяқты шаяндар отряды - Cirripedia Бұлар бекініп тіршілік ететін теңіз шаяндары, паразит формалары да бар. Өзінің тіршілік циклін еркін жүзетін науплиустан бастап, кейін циприс деп аталатын келесі личинкалық сатысына айналады. Циприс - бақалшақты шаяндар (Ostracoda) класс тармағы Cypris туысының өкілдеріне ұқсастығына қарай аталған. Оның қосжақтаулы бақалшағы болады. Личинка алғашқыда жүзіп жүреді, кейін су түбіне шөгіп, антеннуласындағы цементгі бездері арқылы субстратқа бекінеді. Антеннулалары мен басының алдыңғы бөлімі түгелімен бекіну мүшесіне айналады, бір түрлерінде олар ұзын бұлшықетті сабақша, ал басқаларында жалпақ табан түрінде болады, қалған дене бөлімдері суда бос жатады. Бекініп тіршілік етуіне байланысты денесінде біраз өзгерістер байқалады: антенналары мен күрделі көздері дамымаған; кеуде аяқтарының 6 жұбы қоректі аузына қарай әкелуші, екі бұтақты ұзын "мұртшаларға" айналған (отрядтың аты да осыдан); құрсағы жетілмеген; бүкіл денесі (сабақшадан басқа) тері немесе мантия (rp.mantion - жамылғы, шапанша) қатпарларымен қапталған, ол көмірқышқыл ізбесті бөліп шығарып, күрделі бақалшақты құрайды. Сонымен, мұртаяқты шаяндардың ересек түрлері бақалшақпен қапталған, бекініп тіршілік ететін жануарлар, олар шаянтәрізділерді, қарапайымдыларды және басқа суда қалқып жүретін организмдерді қорек етеді. Мұртаяқтарының қозғалуының арқасында судың ағысымен келген қорек заттар ауызына барып түседі.
Мұртаяқты шаяндардың көбісі - гермафродиттер. Гермафродитке айналуы олардың бекініп тіршілік етуіне байланысты деп болжайды. Екі особьтің арасындағы ұрықтану процесі құрсақ соңындағы ұзын талшық тәрізді шағылыс мүшесінің көмегімен өтеді. Дара жынысты түрлері де бар, ол Аісірре туысының A. lampas түрі. Аталығы өте ұсақ, аналығының мантия қуысында жатады. Jbla және Scalpellum туысының кейбір түрлерінің ірі гермафродит особьтарымен қатар ергежейлі "қосымша" аталықтары да болады. Олар қатты регреске ұшыраған (қаңқасы, аяқтары болмайды), гермафродитті особьтардың мантия қуысында жатады. Осылардың барлығы мұртаяқтылардың дара жынысты формасынан гермафродиттерге айналуына дәлел бола алады.
Мұртаяқты шаяндардың 1000-нан аса түрі бар. Негізгі туыстары: теңіз үйрекшесі - Lepas және теңіз жаңғағы Balanus. Теңіз үйрекшесі етті сабақшасымен субстратқа бекініп отырады, 5-6 тақталардан тұратын бақалшағы екі бүйірінде қысыңқы. Теңіз жаңғағы субстратқа жалпақ табаншасымен бекініп, ізбестті тақталармен қапталған аласа мұнара түрінде болады. Бұлар теңіздердің тасты жағаларында көп кездеседі, ондай жерлерде теңіздегі әр түрлі қатты заттар жарай береді, тіпті теңіз кемелерінің суға батып тұратын бөліміне де жабысады, кейбір түрлері (Coronula туысынан) акула және киттердің терісіне бекінеді.
Мұртаяқты шаяндардың ішінде паразиттік тіршілік ететін тобын құрайтын тамырбасты шаяндар да кездеседі. Олар саккулина (Sacculina) және пельтогастер (Peltogaster) туысының өкілдері. Бұлар, онаяқты шаяндардың паразиттері, паразиттілігіне байланысты дене сегменттері, аяқтары, сезім мүшелері, ішегі жойылған.
Ересек саккулина крабтың құрсағының төменгі жағында сабақшасы арқылы жабысып отырады. Денесі қап тәрізді, сабақшасының ұшынан тамыр сияқты бұтақтанып кететін жіңішке тармақтар тарайды, олар крабтың барлық бөлімдеріне және мүшелеріне еніп кетеді де, солар арқылы паразит иесінің сөлін сорады. Жыныс жүйесі гермафродитті. Жұмыртқаларынан науплиус, ал одан циприс личинкасы дамып шығады. Циприс личинкасы крабтың денесіне жабысып, кеуде мен құрсақ бөлімдерін тастайды да, крабтың ішкі қуысына енеді. Иесінің сөлімен қоректеніп өсе бастайды, кейін крабтың нәзік құрсақ жабындарын жарып, сыртқа қапшық тәрізді денесін шығарады.
Қапкеуделі шаяндар отряды - Ascothoracida Маржан полиптердің (Anthozoa) және тікентерілілердің (Echinodermata) денесінде паразиттік тіршілік ететін шаянтәрізділердің шағын ғана отряды. 40-тан астам түрі бар, бұлар паразиттіліктің әсерінен көп өзгерістерге ұшырамаған. Мысалы, Sinagoga туысының өкілдері жорғалап немесе жүзіп жүру қабілетін жоймаған, бұлардын құрылымы еркін тіршілік ететін шаяндарға едәуір ұқсас, тек антеннулалары қысқаштәрізді, ауыз аяқтары бірігіп сорғыш ауыз конусын түзейді. Кеудесі, екі бұтақты жұп аяқтары бар, 6 сегменттен тұрады. Sinagoga туысының өкілдері Antipates маржан полиптердің колониясында және теңіз лилиялардың (Crinoidea) денесінде кездеседі.
Ascothorax туысының өкілдеріңде барлық аяқтары және денесінің сегментациясы сақталған. Олар офиуралардың (Ophiuroidea) жыныс қапшығында тіршілік етеді. Керісінше, Denarogaster туысының өкілдері қатты өзгерістерге ұшыраған. Ірі (10 см-ге дейін) аналығының денесі екі жағына қарай бұғы мүйізі сияқты бұтақталған мантия қуысынан тұрады. Кеуде аяқтары жоқ. Мантия қуысында ергежейлі аталықтары орналасқан. Denarogaster-лер теңіз жұлдыздардың (Asteroidea) эндопаразиттері. Науплиус личинкасы аналығының мантия қуысында дамып, сыртқа ересек түріне ұқсас личинка шығады.