Целом. Полихеттердің ішкі мүшелері дененің қуысында жатады, сол қуысты екінші немесе целом қуысы деп атайды. Целомның бірінші қуыстан ерекшелігі - арнайы қабаты болуыңда. Целом қабаты - перитонеальды эпителий немесе целотелий мезодерма клеткаларынан түзілген. Тері-бұлшықет қапшығын астарлайтын қабаты соматоплевра (париеталь), ал ішек пен қан тамырларын астарлайтын - спланхноплевра (висцеральдық) деп аталады және арқа, құрсақ мезентериялық перделері болады. Осы арқа құрсақ перделері арқылы целом (оң жақ және сол жақ) екі бөлікке бөлінген (целом қапшығына). Дененің іш қуысы көлденең перделер немесе диссепименттер /септалар/ арқылы жеке камераларға бөлініп тұрады, мұндай камералар сыртқы сегментацияға сәйкес. Целом қуысы сұйық затқа толы.
Целомның негізгі қызметі - тірек, зәр шығару, тасымалдаушы және сол қуыста ұрық клеткалар пісіп жетіледі.
Ас қорыту жүйесіэктодермальды алдыңғы, энтодермальды ортаңғы және эктодермальды артқы ішектен құралған. Ауыз тесігі перистомиум сегментінде орналасқан, ал аналь тесігі құйрық бөлімінде. Алдыңғы ішек бірнеше бөлімнен: ауыз қуысы, жұтқыншақ және оның жіңішкерген жері - өңештен тұрады. Ортаңғы ішегі ұзын, ал артқы ішегі қысқа. Еркін жүзетін көпқылтандылардың жұтқыншағының ішкі қабырғасында хитинді өткір тісшелері немесе жақ тақталары болады.
Полихеттердің басым көпшілігі - жыртқыштар, ұсақ жануарлармен қоректенеді, тіпті ұсақ балықтарды да ұстайды, ал тіркеліп тіршілік ететін полихеттер лайлы құмдағы түрлі жәндіктермен және детриттермен /өсімдіктер, жануарлар қалдықтарымен/ қоректенеді.
Зәр шығару жүйесіметанефридиялы. Денесінің әрбір сегментінде оң және сол жақтарында зәр шығару түтіктері орналасқан, олардың алдыңғы ұшы воронка түрінде кеңейіп целом қуысына ашылады. Бұл нефростом (грек тілінде "нефрос" - бүйрек, "стома" - ауыз), оның қабырғасы кірпікшелі клеткалардан құралған. Нефростома жіңішке түтікке жалғасады, ол диссепиментті тесіп өтіп, келесі сегменттің бүйір жағынан сыртқа қарай зәр шығару тесігімен - нефропорамен аяқталады. Сонымен, метанефридияның бір ұшы целом қуысымен жалғасады да, екінші ұшы сыртқа ашылады, осындай жүйені сегменттелген жүйе деп те атайды. Полихеттердің төменгі сатыдағы түрлерінде зәр шығару жүйесі протонефридиялы құрылысты. Негізгі түтіктің алдыңғы ұшында соленоциттер деп аталатын кірпікшелі клеткалар жинағы болады. Соленоциттер - ішінде ұзын кірпікшелі жіпшесі бар, іші қуыс, ұзын түтікке айналған дөңгелек денелі клеткалар . Сонымен, полихеттердің протонефридия жүйесі жалпақ құрттардың протонефридиясына ұқсас, тек ерекшелігі - соленоциттер целом қуысымен тығыз байланысты. Зәр шығару жүйесінің тағы бір ерекшелігі нефридия түтіктеріне жыныс воронкасы немесе жыныс жолдары келіп қосылады, сонымен аралас нефридия немесе нефромиксиялар пайда болады. Нефромиксиялар жыныс клеткалары мен несеп заттарын сыртқа шығарады.
Нефридиялардан басқа зәр шығару қызметін ірі хлорагогенді клеткалар атқарады. Олар қан тамырлары мен перитонеальды эпителий қабатында орналасып, өздерінің бойына зат алмасудың соңғы қалдықтарын жинап, целом қуысына өтеді де, нефридия арқылы сыртқа шығарылады.
Полихеттердің басым көпшілігі бүкіл денесімен, кейбір түрлері параподияларында орналасқан желбезек арқылы тыныс алады, ал желбезектері қан тамырларына бай келеді.