Классификациясы. Көпқылтандылар класы екі класс тармағына бөлінеді: кезбешілер немесе еркін жүзушілер - Errantia және отырғыштар немесе бекініп тіршілік ететіндер - Sedentaria.
КЕЗБЕШІЛЕР КЛАСС ТАРМАҒЫ - ERRANTIA Бас қалақшалары және параподиялары жақсы дамыған, сегменттері гомономды, нефридиялары метамерлі орналасқан, көбінесе еркін жүзіп немесе жорғалап жүретін жыртқыштар. Теңіз жағалауларында, литораль аймағында мекендейді, 1 метрден 8 метрге дейін тереңдікте кездеседі, ал Alciope vanadis - планктонды, мөлдір полихет. Негізгі тұқымдастары: Aphroditidae, Phyllodocidae, Tomopteridae, Syllidae, Nereidae, Eunicidae.
Polygordiidae, Protodrilidae тұқымдасының өкілдері су түбін қазып, ал Dinophilidae - жіп тәрізді балдырлардың арасында тіршілік етеді. Денелері өте ұсақ, қарапайым құрылысты. Бұлар алғашқы полихеттерге (Archiannelida) жатады.
Myzostomida тобындағы полихеттер тікентерілілердің (теңіз жұлдызы, теңіз лалагүлі) паразиттері. Кезбешілер көбіне ащылау суларда мекендейді, әсіресе Жерорта, Қара теңіз түбінде. Nereis-тер (Nereis diversicola) 1940 жылдары Азов теңізінен Каспий теңізіне жерсіндіріліп (акклиматизацияланып), олар жаңа ортаға бейімделіп кең тараған. Бұлардың балықтарға қорек ретінде маңызы зор.
ОТЫРҒЫШТАР КЛАСС ТАРМАҒЫ - SEDENTARIA Бас қалақшалары және параподиялары нашар дамыған, кейде редукцияға ұшыраған, сегменттері гетерономды, нефридиялары және желбезектері дененің алдыңғы сегменттерінде орналасқан, ін қазып немесе түтікше, "үйшік" жасап, солардың ішінде тіршілік етеді, ұсақ организмдермен, детритпен қоректенетін жануарлар. Негізгі тұқымдастары: Arenicolidae, Chaetopreridae, Serpulidae, Sabellidae. Қүм құрттары (Arenicola marina), ұзындығы 30 см-ге дейін, құмға ін салып, қалғандары терісі шығаратын заттардан жасалынған мүйізді, ізбесті түтікшенің ішінде тіршілік етеді. Отырғыштар теңіз формалары, тек Manayukia baicalensis (Sabellidae тұқымдасынан) тұщы суларда кездеседі. Байқал көлінде табылған.