Дипломдық жұмыстың құрылымы: Жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.
Кіріспеде мәселенің өзектілігі, қазіргі кездегі зерттеу қалпы, мақсаты мен міндеті, ғылыми жаңалығы, практикалық маңыздылығы жайында айтылады.
Бірінші «Сөйлеу тілін дамыту мәселесінің ғылыми-теориялық негіздері» атты бөлімінде сөйлеу тілінің дамымауы себептері мен сөйлеу тілінің дамымауы бар балалардың психологиялық-педагогикалық ерекшеліктері, сөйлеу тілін дамытуда заттық-тәжірибелік іс-әрекеттің маңызы туралы айтылған.
Екінші «Сөйлеу тілінің дамымауы бар балалардың сөздік қорын ойын іс-әрекет арқылы молайту» атты бөлімінде сөйлеу тілінің дамымауы бар балалардың сөздік қорының даму деңгейін анықтау жұмысы мен оны молайту бойынша тәжірибелік жұмыстың мазмұны, практикалық ұсыныстар берілген.
Қорытынды бөлімінде ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесі бойынша түйін жасалды.
Қосымша бөлімінде дипломның негізгі мәтінін толықтыратын материал қамтылған.
1 СӨЙЛЕУ ТІЛІН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІНІҢ
ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1.1 Сөйлеу тілінің дамымау себептері
Мүмкіндігі шектеулі балаларда сөйлеу тілінің түрлі кемістіктері кездеседі. Олардың ішіндегі күрделісінің бірі – ол сөйлеу тілінің жалпы дамымауы. Сөйлеу тілінің жалпы дамымауы – есту қабілеті мен зияты қалыпты дамыған балалардың дыбыстық, мағыналық жағына қатысты сөйлеу тілі жүйесінің барлық компоненттерінің қалыптасуының бұзылуынан болатын әртүрлі күрделі тіл кемістіктері.
Орыс балаларында кездесетін сөйлеу тілінің жалпы дамымауын Ресейлік дефектология ғылыми зерттеу институтының Р.Е.Левина бастаған ғалым қызметкерлер (Н.А.Никашина, Г.А.Каше, Л.Ф.Спирова, Г.И.Жаренкова және т.б.) 50-60 жылдары мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалардың тіл кемістіктерін жан-жақты зерттеулердің қорытындысының нәтижесінде ғылыми тұрғыдан негіздеді. Сөйлеу тілінің жалпы дамымауы алалия, афазия, ринолалия, дизартрия сияқты күрделі сөйлеу патологияларының түрлерінде байқалуы мүмкін [8].
Дыбыстарды айтуының бұзылуы, фонематикалық есту қабілетінің дамымауы, сөздік қоры мен грамматикалық сөйлем құрылымының артта қалуы жалпы сөйлеу тілі дамымаған балалардың барлығына тән кемшілік.
Сөйлеу тілінің дамымауы әртүрлі деңгейде кездеседі. Алғашында Р.Е.Левина сөйлеу тілінің жалпы дамымауын үш деңгейге бөледі. Кейіннен Т.Б.Филичева 4-ші деңгейді сипаттап қосады.
Кейінгі кезде Қазақстандық ғалымдар Қ.Қ.Өмірбекова, М.С.Грушевская, Г.Б.Ибатова [9] т.б. мектепке дейінгі жастағы қазақ тілді балалардың сөйлеу тілінің ерекшеліктерін анықтауға бағытталған зерттеулер жүргізді. Зерттеу нәтижесінде қазақ тілді сөйлеу тілінің дамымауы бар балалардың сөйлеу тіліне тән көптеген кемшіліктер, қателер кездесетіні анықталды. Ол кемшіліктер сөйлеу тілінің құрылымдық компоненттерінің барлығына қатысты, атап айтсақ: фонетикалық, лексикалық, грамматикалық (сөзжасам, сөзөзгерту, сөйлем құрау) жағы.
Сөйлеу тілінің жалпы дамымаудың пайда болу себептері, яғни этиологиясы әртүрлі болады. Сөйлеу тілінің дамымау себептері көп жағдайда акустикалық-гностикалық процестердің әлсіздігінен болады. Бұндай жағдайларда есту қабілеті сақтаулы болғанда сөйлеу тілінің дыбыстарын қабылдау қабілетінің төмендігі байқалады. Естіп қабылдау бұзылуының нәтижесі: біріншіден, фонемаға тән акустикалық белгілерді дұрыс ажырата алмауы, екіншіден, дыбыс айту бұзылыстары және сөздің буындық құрамын қайталаудағы қателер болып табылады.
Сөйлеу тілінің тежелуі немесе жалпы дамымауы орталық жүйке жүйесінің белгілі бір бөлімдерінің органикалық зақымдануларымен немесе жетілмеуімен байланысты зақымдану салдарынан пайда болады.
Сөйлеу тілінің дамымауы әлеуметтік себептерге де (екі тілдік, көптілділік, естімейтін ата-аналарда тәрбиеленуі), баланың дене дамуындағы әлсіздік және жиі созылмалы ауыратындығы, уақытынан ерте туылғанына (шала тууына) байланысты пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайда сөйлеу тілінің тежелуі (кешеуілдеп дамуы) туралы айтылады. Басқа жағдайларда сөйлеу тілінің жалпы дамымауы орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануының белгісі болып табылады.
Е.М. Мастюкованың (1991) зерттеулері бойынша сөйлеу тілінің дамымауы бар балаларды шартты түрде негізгі үш топқа бөлуге болады:
- моторлы алалиясы бар балалар;
- церебральді органикалық генезді сөйлеу тілінің тежелуі мен дамымауы бар балалар;
- сөйлеу тілінің дамымауының күрделенбеген түрі бар балалар.
Моторлы алалияда сол жақ жарты шар қатпарындағы бас миының сөйлеу тілінің аймақтары, бірінші кезекте Брока аймағы – сөйлеу тілінің моторлы орталығы зақымдалады. Моторлы алалияда сөздің буындық құрамының қалыптасуындағы қиындықтар, фонемалық және лексикалық бұзылыстардың өзара байланысы, фразалық сөйлеу тілінің дамуындағы қиындықтар байқалады. Екіншілік ақаулықты – бала тәртібіндегі негативизм, психомоторикасы мен, эмоциялы-ерік сферасының бұзылыстарында байқауға болады.
Моторлы алалияда сөйлеу тілінің жалпы дамымауы ауыр түрде өтуі мүмкін, себебі бала өз бетінше сөйлей алмайды, сөйлеу тілінің лексикалық-грамматикалық құрылымында қиыншылықтар байқалады. Ақаулық әсіресе байланыстырып сөйлеуінің қалыптасуында байқалады.
Сенсорлы алалияда сол жақ жарты шар қатпарындағы бас миының сөйлеу тілінің аймағы, Вернике аймағы зақымдалады. Сенсорлы алалияда бала айналасындағылардың сөйлеу тілін түсінбейді, әрі өзі де сөйлемейді. Бұл бұзылыс жеке түрде сирек кездеседі де, кейде сөйлеу тілінің ақауын есту қабілетінің төмендеуінен ажырату қиын болады. Сенсорлы алалияның жеңіл түрінде жалпы сөйлеу тілінің дамымауының белгісі болатыны ол- айналасындағылардың сөйлеу тілін түсінудегі қиындықтар. Сенсорлы алалиясы бар баланың өз бетінше сөйлеуіндегі сөйлеу тілінің мазмұны кедей, көптеген қателермен сипатталады да, интонация жағынан модуляцияланған болып ым-ишарамен білдіріледі [10].
Алалия көп жағдайда дизартриямен бірге кездеседі. Дизартрияның негізгі белгілері дыбыстар артикуляциясының, тыныс алу мен дауыс жасалу бұзылыстарында және сөйлеу тілінің темпі, ырғағы, интонациясының өзгеруінде білінеді. Бұзылыстар әртүрлі комбинацияда және зақымданудың шоғырлануына, бұзылыстың ауырлығына, ақаудың пайда болу уақытына байланысты әр түрлі деңгейде болуы мүмкін.
Сөздің дыбысталу жағының кемістіктері сөйлеуді қиындатып, артикуляция мен фонацияның бұзылыстары біріншілік ақауды құрап, құрылымын күрделендіретін екіншілік белгілердің пайда болуына әкелуі мүмкін.
Баланың ерте дамуы кезеңінде немесе құрсақтағы кезінде бас миына жағымсыз жағдайлардың әсерінен орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымданулары дизартрияның себептері болуы мүмкін. Сөйлеу тілінің бұзылуы төмендегідей сипатталады:
1. өз бетінше пайда болады, жоғалмайды, кайта бекиді;
2. сөйлеушінің жас мөлшеріне сәйкес келмейді;
3. оның ерекшелігіне байланысты нақты логопедиялык ықпал жасауды талап етеді;
4. баланың одан әpi дамуына жағымсыз әcepiн жиі тигізеді;
5. тіл бiлмeйтiндік-диалектизм-тiл кемістігі болып саналмайды;
6. сөйлеу тілінің психофизиологиялық механизмінің ақаулықтарымен байланысты.
Аталған ерекшеліктер тіл кемістіктерінің айырмашылығын көрсетеді. Логопедияда «сөйлеу тілінің дамымауы», «сөйлеу тілінің бұзылуы», «тіл кемістігі» деген ұғымдар кездеседі.
Сөйлеу қабілетінің немесе сөйлеу жүйесінің құрамдарының төмен деңгейде қалыптасуы сөйлеу тілінің жетілмеуі деп саналады.
Сөйлеу тілінің құрамының әр түрлі бөлімдерінің сөздік қоры, грамматикалық құрылысының мөлшерден ауытқуы және тілдің негізгі функциялары – қарым-қатынас, ойлау қабілеттерін атқара алмауы тіл кемістіктері деп саналады. Әрине, ол ауытқулар әрқалай және әртүрлі мөлшерлерде кездесуі мүмкін. Сөйлеуші кейде тек бір дыбысты бұзып айтуы немесе мүлдем айта алмауы мүмкін. Әрине мұндай жағдайда тіл өзінің нeгiзгі функцияларын жоғалтпайды, дегенмен кейбір жағдайда ыңғайсыздық туғызуы мүмкін. Тіпті жеңіл тіл кемістіктері адамдардың актер, диктор, мұғалім т.б. мамандықтары бойымша жұмыс істеулеріне бөгет келтіреді.
Тіл кемістігінің себебі деп сыртқы және ішкі зиянды факторларының немесе екеуінің бірдей ағзаға жағымсыз әсер етуін түсінеміз.
Баланың сөйлеу тілі патологиясының негізгі себептері:
1. Іш құрсақ кезіндегі әртүрлі патологиялар. Ол нәрестенің іштей дамуына зиян тигізеді. Сөйлеу тілінің ең ауыр кемістіктері іштегі нәрестенің 4 апталық пен 4 айлық аралығындағы дамуының бұзылуынан пайда болады. Нәрестенің іштегі дамуының бұзылуына анасының екіқабат кезіндегі токсикоз және т.б себеп болады.
2. Босану кезіндегі вирусты және эндокринді аурулары, жарақат алуы, резус факторы бойынша қанның сыйымсыздығы, жарақаттану және босану кезіндегі асфиксия (оттегінің жетіспеуі).
3. Баланың алғашқы сәбилік шағындағы әр түрлі аурулар (әсіресе вирустык, инфекциялық аурулар).
4. Бас сүйегінің жарақаттануы.
5. Тұқым қуалаушылық факторлар.
6. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының қолайсыздығы.
Сөйлеу тілі баланың барлық психикалық үрдістеріне әсер тигізіп, жеке дамуына тікелей ықпал етеді. Сөйлеу тілі мен баланың барлық психикасының байланысын Л.С.Выготский [11], А.В.Запорожец, А.Н. Леонтьев [12], Р.Е.Левина [13], А.Р.Лурия, А.А.Люблина және басқа көптеген ғалымдардың зерттеулерінде дәлелденген. Бала сөйлеу тілінің көмегімен тек мағлұматты алып қоймай оны кеңінен меңгереді. Ауызша сөйлеу тілі адамның жалпы мәдениеттілігінің көрсеткіші болып келеді. Бұл тек өз ойын дұрыс, нақты құрау емес, сонымен дұрыс жеткізе білу. Сол үшін балада қарым – қатынас тілінде сөздік қорын молайтып, грамматикалық жағын және дыбыстарды дұрыс айтуын қалыптастыру керек. Ереже бойынша сөйлеу тілі туған тілінің нормасына сәйкес келеді. Бірақ, әртүрлі фактілердің әсерінен сөйлеу тілінде ақаулықтар пайда болады. Соның бірі, сөйлеу тілінің жалпы дамымауы. Бұл дыбыс айтуда, сөздік қорында, сөйлеу тілінің граматикалық жағын меңгеруде қиындықтармен сипатталады.
Сөйлеу тілінің дамымауы бар балалар өз ойларын тыңдаушысына жеткізу үшін дене мүшелерінің қимылын және дауыс мәнерлігін пайдаланады. Олар өзінің сөйлеу тілінің кемшілігіне сын көзімен қарап, оны қалайда түзетуге бар ықыласын салады.
Сөйлеу тілінің жалпы дамымауы бар балалардың сөйлеу тіліне тән белгілер:
сөйлеу тілінің кеш басталуы;
дыбыстарды бұзып айтуы;
фонематикалық есту қабілетінің дамымауы;
грамматикалық сөйлем құрылысы мен сөздік қоры артта қалуы.
Сөйлеу тілінің бұзылыстары эмоциональды – ерік сферасының тежелуіне әкеледі, бұл баланың қоршаған ортамен қарым – қатынасына мектептегі оқу үрдісіндегі сауат ашуына кедергісін тигізеді. (Л.С.Выготский, Н.И.Жинкин, Р.Е.Левина, М.А.Никашин) [14].
Сөйлеу тілінің жалпы дамымауы алалия, афазия, ринолалия, дизартрия, сияқты күрделі сөйлеу потологияларының түрлерінде байқалуы мүмкін.
Сөйлеу тілінің дамымау кезінде қабылдау үдерісі төмендейді, ойлау іс-әрекеті баяулайды, ал ойлау қабілетінің кемшіліктері сөйлеу тілінің дамуына кері әсерін тигізбей қоймайды (Л.С.Выготский, Г.М.Дульнев, Р.Е.Левина, А.Р.Лурия және т.б.) [15].
Сонымен сөйлеу тілінің ұқсастық жақтарына қарамастан ой-өрісі сөйлеу тілінің даму жағынан бір - біріне ұқсамайды.
Сөздік қоры шамадан тыс шектелген болғандықтан, балалар заттардың және қимыл-қозғалыстардың сыртқы түрлеріне немесе олардың шығатын дыбыстардың ұқсастығына қарап өздерінің былдырлаған тілімен барлығына бір сөзбен ат қойып алып түсіндіреді. Мысалы: биби – машина, нә-нә - тағам және т.б. сонымен бірге қимыл – іс әрекеттерді білдіретін сөздерді заттың атымен орын алмастыра беретін жағдайлар да байқалады. Мысалы: «адас» – қарындаш, жазу, сурет салу, «тәй» - шәй, ішу, тамақ ішу.
Сөйлеу тілі дамымаған баланың кейде бір сөзді сөйлемде де пайдаланатын ерекшелігі болады. Н.С.Жукованың [16] ескерткеніндей, бір сөзді сөйлемдегі сөздің түбірі бұзылып тұлғасыз айтылатын жағдай, сөйлеу тілі дұрыс дамымаған балада да байқалуы мүмкін. Бірақ ол тек 5 – 6 ай ғана созылады, оның үстіне ондай сөздер онша көп те болмайды. Сөйлеу тілі қатты тежеліп өте баяу дамығанда бұл мерзім ұзақ уақытқа созылады. Сөйлеу тілі дұрыс дамыған бала сөздерді байланыстырып сөйлем құрап айтуды ерте пайдалана бастайды. Сөздердің ішінде тұлғасыз сөздер де араласып айтылып кетуі мүмкін, бірақ оларды біртіндеп түзетіп дұрыс айтуға дағдыланып кетеді. Сөйлеу тілінің жалпы дамымауы бар баланың да сөйлемінің көлемін 2 – 4 сөзге дейін кеңейтетіндігі байқалады, бірақ мұнда құрылыс бұзылған сөз тіркестері бұрынғы қалпында өзгеріссіз сақтап қалады.
Сөйлеу мүмкіндігі төмен баланың өмірден алған тәжірибесі аз және айналасындағы өмір тіршілігі туралы мағлұматы жеткіліксіз болады (әсіресе табиғатқа байланысты құбылыстар). Дыбыстардың қолданылуы тұрақсыз, құбылмалы келеді. Сөйлегенде көбінесе бір – екі буыннан тұратын сөздерді ғана қолданады. Буындары көбірек қиын сөздерді айтқан кезде оның екі – үш буынына дейін қысқартылып, түсіп қалады. Мысалы: жұмыртқа – ұтқа, домбыра – дома, кастрөл – каст. Фонематикалық түйсігі бұзылғандықтан аттары бір – біріне ұқсас, мағынасы әртүрлі сөздерді сұрыптай алмай қиналады. Мысалы: бала – балға, жаға – жаңа. Бұл деңгейдегі балалар дыбыстық талдау жолын түсінбейді.
Сөйлеу тілінің ақаулақтарының пайда болу немесе дамымау себептерін дұрыс анықтау үшін логопед (басқа маман) баланың сөйлеу тілі қалай дамығанын көз алдына елестетуі керек. Баланың сөйлеу тілі неше жастан шыққанын, бірінші сөзді қашан айтқанын және сөздің басын құрап сөйлеуді қашан бастағанын, жалпы сөйлеу тілінің қандай сипатта қалыптасқанын, яғни мектепке барар кезінде сөзік қоры мен грамматикалық құрылымының ерекшелігін т.с.с. мәліметтерді ата-аналарынан сұрай отырып, жинау қажет.
Ата-аналарымен әңгімелесу кезінде баламен күнделікті араласып жүрген адамдардың сөйлеу тілінің даму деңгейі, ерекшелігі, қай тілде сөйлейтіндігі туралы біліп, өскен ортасының ықпалы анықталады. Ең бастысы бала өзінің сөйлеу тіліндегі жетіспеушілікті сезінеді ме, оған көзқарасы қандай екенін білу керек.
Сөйлеу тілінің дамымауы есту қабілетінің нашарлауына тікелей байланысты. Есту қабілеті қалыпты бала сөйлеушінің дауыстап айтқанын 6-7 метр, ал сыбырлап айтқанын 3 қашықтықтан естиді. 1 метрге жетпейтін қашықтықтан сыбырлап айтқанды естімейтін баланың құлағында мүкістігі бар екенін көрсетеді. Баланың сөйлеу тілінің дамуы туралы қорытындыны маман толықтығына, анықтылығына, ырғақтығына, жатықтығына тәуелді жасайды [17].
Жоғарыда атап өтілген факторлардың әрқайсысы немесе осы факторларының үйлесіп келуі тіл кемістігінің пайда болуына себеп бола алады. Тіл кемістігінің пайда болу себептерін табиғи (органикалық) және функционалды факторлар деп бөледі. Табиғи себеп деп бас миының шеттегі немесе орталық бөлімдеріндегі тіл механизмдері анатомиялық-физиологиялық құрылысының қатты бұзылуынан болатын себепті айтамыз. Функционалды себептеріне анатомиялық-физиологиялық құрылысы әдеттегі күйінше сақталады, тек қана тіл механизмінің бұзылуы жатады.
Сонымен барлық тіл кемістіктерін, оларды тұғызатын себептерге байланысты екі топқа бөлуге болады.
органикалық тіл кемістіктері;
функционалды тіл кемістіктері.
Табиғи тіл кемістіктері зақымның таралу аймағына байланысты келесідей етіп бөлуге болады
а) тілдің табиғи бұзылуының орталықтан пайда болуы (осыған бас ми қабығында орналасқан тіл механизмдерінің бұзылуының нәтижесінде болатын афазия, алалия және т.б. жатады);
б) тілдің табиғи бұзылуының шеттен пайда болуы (оған ринолалияны, механикалық дислалияны және т.б. жатқызуға болады).
Достарыңызбен бөлісу: |