«Көкшетау даласында» романы (1972 жылы) қазақ тіліне аударылып, Алматыда жарық көрді.И.Салахов өлеңдерін қазақ тіліне С.Ақтаев пен Ғ.Жұмабаев, ал романды Ө.Оспанов аударды. Жазушы «Көкшетау даласында» романында тың игерушілердің қажырлы еңбегін, халықтар достығын суреттейді. Романда, әсіресе совхоз директоры, қазақ Тұяқ Бүркітбаев, татар жігіті, парторг Саит Батталов, мұғалима Ғайша бейнелері сәтті шыққан. Бұл жерде тың игерушілер тақырыбына жазылған шығармалардың ішінен татар жазушысы Н.Фаттахтың «Баланың көңілі – далада» атты романын айта кеткен жөн.
Тың игерушілер тақырыбына шығарма жазған татар ақындарының бірі – Махмұт Хусаин. Ол 1923 жылы Оралдағы Орда селосында туған. Оның «Тың жерге жігіт оралды», «Сонда», «Рамазан досыма» атты өлеңдері тың өлкеде туған шығармалар еді. Автордың «Тың тынысы» атты очерктер жинағы 1960 жылы Қазанда басылса, «Астықты алқапта» очеркі қазақ тілінде жарық көрді.
М.Хусаинов шебер аудармашы. Ол көптеген қазақ ақын-жазушыларның шығармаларын татар тіліне аударып, бастырды. Олардың ішінде Ж.Молдағалиев, С.Мәуленов өлеңдері мен Ж.Тілеков, Қ.Ысқақов, С.Мұратбеков әңгімелері бар.
Қазақстанда туып өскен қазақтармен тығыз қарым-қатынас жасаған кейбір татар жігіттері шығармаларын екінші ана тіліне айналған қазақ тілінде жазып, мүлде қазақ жазушысы болып кетті. Бұлардың ішінен қазақ балалар жазушылары С.Баязитов пен М.Гумеровті атай кеткен жөн.
Саид Баязитов 1929 жылы Сыр өңірінде туған, қазақ орта мектебінде оқыған, Қызылорда пединститутын бітірген. Орта мектепке қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Шығармаларын қазақ тілінде жазған. Саидтың «Күтпеген кездесу»(1954), «Арал Робинзондары» (1956), «Майлы қалаш» (1959) атты кітаптары балалар өмірінен алынып жазылған. Ал «Гүлдер шешек атқанда» (1960), «Нәзік білезік» (1965), «Айдарлыдағы кездесу» (1967) повестерінде жастардың ерлік еңбегі, жарасымды тұрмыс сурттеледі.
Балалар жазушысы Машқар Гумеров 1927 жылы Башқұртстанда туғанымен Қазақтсанда өседі. Қазақ мелекттік унивеситетінің филология факультетін бітірді. Қазақ баспасөз орындарында қызмет істейді. Нәтижесінде қазақ тіл мен әдебиетін жақсы біледі. Шығармаларын қазақ тілінде жазады. Машқардың «Ана мен бала» (1956), «Асыл дәр»(1960), «Үш күн, үш түн», «Қос шынар»(1966), «Сүйе ме, сүймей ме», «Өзі ұшар» (1976) кітаптары қазақ балалар әдебиетіне қосылған елеулі үлес болып табылады.
Әдебиеттер байланысының маңызды бір түрі өзге ел өмірін көрсетумен бірге, басқа ұлт өкілдерінің көркем бейнесін жасау болып табылады. Бұл жөнінен де қазақ-татар әдебиеттері арасында жанды байланыс бар. Мәселен, қазақтың көптеген ақын-жазушыларның шығармаларында татар халқының өкілдері де қатысып отырады. Бұл –табиғи нәрсе. Өйткені, қазақ халқы жаңа өмір орнату жолындағы күресте татарлармен де қоян-қолтық араласып, тығыз байланыс жасап отырған. Татарлар мен қазақтар майданда да, еңбекте де бір шепте болып, бір қатарда тұрған. Бұл өмір шындығы қазақ әдебиетінен өз өрнегін тапқан. Мұны С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтің шығармаларынан көруге болады. Қазақ ақын-жазушыларының қайсысы болса да, татар халқынының өкілдерін өз шығармаларында әрқашанда ұнамды образ ретінде бейнелейді. Мәселен, С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайға кешу» атты романындағы татар төңкерісшілері (Н.Бекмұхамедов, Х.Ғиззатуллин, К.Сүтішев т.б.), М.Әуезовтың «Түнгі сарын» пьесасындағы татар мұғалімі, С.Мұқановтың «Ботакөз» романындағы татар кемпірінің бейнесі жарқын көрінген.
СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов «Курляндия» романында татар жігіті Ғиззатулиннің ерлік бейнесін жасаған.Барлаушылардың батыр командирі, кіші лейтенант Ғиззатуллин ержүрек, сабырлы, барынша бауырмал адам етіп көрсетілген. Ол халық үшін, Отан үшін ажалдан да бас тартпайтын патриот-батыр бейнесінде суреттелген.
Сондай-ақ Х.Есенжанов «Ақ Жайық» романында татар қызы Мүкарама І.Есенберлинннің «Қатерлі өткел» романында татар әйелі Мәликенің толыққанды бейнелерін жасаған.
Татар халқынан шыққан Ғ.Тоқай, М.Жәлел, А.Зиганшин тәрізді тарихи есімдер де қазақ шығармаларының сүйікті кейіпкерлеріне айналған. Мәселен, С.Мұқанов «Өмір мектебі» романында Ғ.Тоқайға бір тарау арнаған. Ақын Ізтай Мәмбетов бір поэмасын «Тұңғыш Тоқай»деп атады. Ж.Сыздықов, Т.Әлімқұлов, Ғ.Жұмабаев Тоқайға арнап бінеше өлеңдер жазған. Ақын Ж.Молдағалиевтің «Жыр туралы жыр» поэмасының басты кейіпкері Мұса Жәлел екені мәлім.Теңіз толқынында 49 күн бойы арпалысқан кеңестік төрт батырдың бірі татар жігіті А.Зиганшин жөнінде А.Тоқмағамбетов «Төрт батыр», М.Байсейітов «Сұрапыл» атты поэмалар жазды. Ә.Әлімжанов, Ғ.Қайырбеков, Ж.Нәжімеденов оған өлеңдер мен мақалалар арнады. Мұның өзі қазақ ақын-жазушыларының татар халқына, оның алдыңғы қатарлы өкілдеріне деген ақ көңілі мен адал пейілінің айғағы.
Қазақ әдебиетшілері сияқты татар жазушылары да өз шығармаларында қазақ өмірін көрсетумен бірге қазақ өкілдерін кіргізіп отырады. Бұл жөнінде олар Ғ.Ибраһимов, Ф.Әмірхан, Ф.Бурнаш, А.Айдар дәстүріне берік екенін көрсетіп келеді. Мәселен, татар жазушысы Әмірхан Еникей «Біз де солдат едік» деген повесінде Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ жауынгерлерінің бейнесін жасайды. Жазушы Үмітбаев, Баяхметов, Шанаев, Жантеміров, Хафиз Ақшалов, Дұрды Құдайбердин деген қазақ жігіттерін атап өтеді, әрқайсысына жеке-жеке мінездеме береді. Автор оларды әрі ер, әрі іскер етіп көрсетеді. Татар ғалымдары Р.Нафигов, И.Нуруллин, Ю.Нигматуллина, Н.Юзеев, Р.Мұстафин, И.Надыров, Ф.Ахметова т.б. өздерінің ғылыми- зерттеу еңбектерінде қазақ-татар әдеби байланысына елеулі орын береді. Ал, татар жазушылары Г.Баширов, А.Шамов, ф.Хусни, М.Мақсуд, Ә.Әбсәләмов, А.Гумер, Г.Хужиев көптеген қазақ жазушылары жөнінде жылы сезімге толы мақалалар жазғаны мәлім. Міне, мұның өзі татар қаламгерлерінің қазақ халқына деген шынай достық ниетінің толық куәсі бола алады.
Қазақ-татар әдебиеттерін байланыстыра ,жақындастыра түскен нәрсенің бірі-көркем аударма.Көтерілістен бұрын бұл іс тек нәзира түрінде ғана жүзеге асырылып жүрді,яғни белгілі бір шығарманың мазмұнын өз ана тілінде қайта жырлап беру тәсілі қолданылды. Мұнда шығарманың түпнұсқадағы көркемдік қасиеттері мен ерекшеліктері сақталмай, тек оның тақырыбы, мазмұны және айтайын деген идеясы ғана беріледі. Қазақ пен атардың көптеген батырлық және лиро-эпостық дастандары («Жүсіп-Зылиһа», «Ләйлі – Мәжнүн», «Бозжігіт» т.б.) бір тілден екінші тілге көбінесе осы нәзира түрінде аударылды.
Татар тілінен қазақ тіліне көркем шығарма аудару ісі алғаш рет ХХ ғасырдың басында (1910-1913жылдары) пайда болды. Татар тілінен қазақ тіліне тұңғыш аударылған «Сүтке түкен тышқан», «Мұжық ұйқысы», «Шаттық пен қасірет», «Сақ-сұқ», «Айна», «Бұлбұл құс» сияқты Ғ.Тоқай, Г.Рәшиди, З.Кәріми шығармалары еді. Бұларды аудару ісіне сол кездегі қазақ ақындары Ә.Ғалымов, М.Қалтаев,Е.Буйрин, Қ.Ғабдуллин, т.б. қатысты.
Кеңес өкіметі кезінде қазақ әдебиетінде көркем аударма ісіне елеулі көңіл бөлінді. Бұл тұста белгілі татар жазушысы Ғ.Ибраһимов шығармалары көбірек аударылды.
Ғ.Ибраһимовтың «Терең тамырлар», «Қызыл гүлдер» атты романдарынан үзінділер 1930 жылдардың өзінде-ақ қазақ тіліне аударыла бастады. Бұдан былайғы жылдары татар тілінен қазақ тіліне аударылған шығармалардың саны артуымен бірге сапасы да жақсара түсті. Ұсақ-түйек өлең-жырлар мен әңгіме-очерктерді есептемегеннің өзінде, көптеген татар ақын-жазушыларының кітаптары қазақ тілінде жарық көрді. Мәселен, Ғ.Тоқай шығармалары 6 рет, Ғ.Ибраһимов шығармалары 5 рет жеке кітап болып шықты. Ал М.Жәлелдің баспа бетін көрген шығармаларының бестен бірі қазақ тілінде екен. Татар ақын-жазушыларының шығармалары қазақ тіліне аударуға М.Жансаева, Б.Мазитов, ерлі-зайыпты Есбатыровтармен бірге соңғы кезде С.Байжанов, Ә.Дүйсенбиев, Т.Молдағалиев, С.Бердіқұлов, М.Гумеров белсене ат салысты.
Ал, Абай мен Жамбылдың өлеңдер жинағы, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, С.Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасы, С.Мұқановтың «Өмір мектебі» романы, Ж.Молдағалиевтің «Жыр туралы жыр» дастаны мен Ә.Әлімжановтың «Отырардан келген сый» повесі татар тіліне аударылып басылды.
Көптеген қазақ ақын –жазушыларының шығармалары тұңғыш рет татар тіліне, сол сияқты татар әдебиетінің көптеген нұсқалары қазақ тіліне аударылды, баспа беттерінде жарияланды, радио арқылы оқылды, теледидар арқылы жұртшылыққа көрсетілді. Сөйтіп, екі ел халқының туысқан әдебиетпен танысуына едәуір жағдай жасалды. Қазақ-татар әдебиеттері, олардың ірі өкілдері және осы екі әдебиеттің туысқандық байланысы, достық қатынасы жөнінде қазақ тілінде, сол сияқты татар тілінде де бірсыпыра мақалалар жазылып, жарияланды. Мұның өзі қазақ–татар әдебиеттерінің байланысы және олардың бір-біріне жасаған ықпалы жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге ой салды.
Сөйтіп, қазақ-татар әдебиеттерінің арасында толық туысқандық, достық қарым-қатынас орнады. Мұның өзі туысқан екі халықтың- қазақ пен татар халықтарының мызғымас достығын, айнымас бірлігін бұрынғыдан да нығайта түсуге мүмкіндік туғызды.