Махмуд Абдул Бақы – XVI ғасырдағы түрік әдебиетінің кемелденуіне қасидалары, элегиялық өлеңдерімен және ғазалдарымен айтулы үлес қосқан түрік ақыны. Оның әсіресе мұңға толы элегиялық өлеңдері түрік әдебиетінің інжу-маржандарынан саналады. Түркі халықтарының оғыз тобына жататын халықтарға ашыктар (ашуг) поэзиясы тән болып келеді. Ашықтар поэзиясы – әдебиет пен фолыклор дәстүрінің бірлігіне негізделген, өлеңдері халықтық саз- аспаптарының сүйемелдеуімен орындалатын синкретті өнер туындысы. Түрік әдебиетінің ерекше саласы болып есептелетін ашықтар поэзиясының көрнекті өкілдері Юнус Эмре (1240-1320), Қайғусыз Абдал (XIV ғ.), Пир султан Абдал (XV ғ.), Қараджоғлан (1607-1679), Ашык Омер (XVII ғ.), Дертли (1772-1845), Эрзурумдық Эмрих (1775-1860), Рухсати Мұстафа (1836-1909), Ашық Вейселы (1894-1974) т.б. болып табылады. Шинаси Эфенді – өзінің лирикалық өлеңдерімен, француз және тағы басқа да елдердің жазушыларынан жасаған аудармаларымен түрік әдебиетінің көкжиегін кеңейткен ақын. Ол француз жазушылары Расин, Ламартин, Лафонтен, Жильбер, Фенелон өлеңдері мен аллегориялық шығармаларын аударып, түрік халқының француз елінің мәдениеті және әдебиетімен таныстырды. Сонымен қатар ол түрік халқының ауыз әдебиеті үлгілерін – мақал-мәтелдерін жинастырып, оны тақырыбына қарай жүйелеп жинақ шығарған. Ол өмірінің соңына дейін түркі халықтарының барлығы түгелдей пайдалана алатын Орта Азиялық-түркілік көлемді сөздік шығарумен айналысқан. Мехмед Намык Кемал-бей (1840-1878) жаңа түрік әдебиетіндегі публицистика жанрын қалыптастырушы болып есептеледі. Ол өзінің «Еуропа Шығысты білмейді», «Біздің болашағымыз қамтамасыз етілген», «Отан», «Жанұя» сияқты публицистикалық мақалаларында түрік халқының саяси санасын және патриоттық сезімдерін жетілдіруді асқақ мұрат етеді. Сонымен қатар ол «Наным-сенімдер», «Мұсылмандық адамгершілік», «Ислам аясында тұтастану» сияқты мақалаларында түрік халқын ата-бабадан сақталып келе жатқан наным-сенімдердің заман талабына сай озық үлгілерін ғана қалдырып, діндер ішіндегі ең гуманизмі мол болып саналатын мұсылман дініне бас иіп және күллі мұсылман халықтарын исламның ақ туының астында бірігуге шақырады. Мехмед Намык Кемал-бей түрік халқының тарихи отаны болып есептелетін Орта Азия және Қазақстан туралы да «Хиуаны жаулау», «Бухара» т.б. шығармаларын жазады. Мехмед Намык Кемал-бей өзінің «Жарлы сәби», «Отан немесе силистрия», «Түс көру», «Күйзелісте», «Жалелиддин» деген пьесаларымен түрік әдебиетінде драмалық жанрды қалыптастырды. Сондай-ақ ол «Сақтандыру немесе Али-бейдің таңғажайып істері», «Джезми» сияқты романдарымен дәстүрлі Осман әдебиетіне жаңа идеялар, көркемдік бағыттар әкелген қаламгер. Мехмед Намык Кемал-бей жаңашылдық дәстүрін Шығыстың классикалық әдебиетімен шебер қиюластыра білген. Ол түрік әдебиетінің көркемдік бағытын Саадидіқ «Гүлстан» дастанының Жалаладдин Румидің «Маснауиі» дәстүрімен дамытуды көздеді.