Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі – мұғалімнің педагогикалық әрекеті мен педагогикалық қарым-қатынас қасиеттерінің, кәсіби құндылықтарының қалыптасқандығын көрсететін білім, білік , дағдылардың жиынтығы[91].
Құзіреттілік көпқырлы ұғым болып табылады және оның мәні мен құрылымына ғалымдардың беретін анықтамалары да түрліше болып келеді. Мысалы:
Т.Г. Браже: «Құзіреттілік - мұғалімнің білімдері мен іскерліктері, құндылықтары, әрекет мотивтері, мәдениет көрсеткіштерінен (сөйлеу, стиль, қарым-қатынас) тұратын көпфакторлы құбылыс» деп анықтама берсе, В.Н.Введенский: «Құзіреттілік - білімдер мен іскерліктердің жиынтығы емес, олардың шынай практикада тиімді түрде қолданылуы» дей келе, оның төмендегідей түрлерін атап көрсетеді:
• қатысымдылық құзіреттілік – эмоция тұрғысынан қалыпты болу, экстраверсия, сөйлеу іскерліктері, тыңдай білу сияқты құрамды бөлшектерден тұратын кәсіби маңызды сапа;
• ақпараттық құзіреттілік- мұғалімнің өзі, оқушылары, ата-аналар және әріптес мұғалімдер туралы ақпараттар жиынтығы;
• реттеуші құзіреттілік – мұғалімнің өз мінез-құлқын басқара алуы. Мақсат қоя білу, жоспарлау, белсенділік, әрекет нәтижесін бағалау сияқты сапаларды қамтиды;
• интеллектуалды-педагогикалық құзіреттілік - жалпылау, нақтылау, абстракциялау, талдау, біріктіру, қиял, икемділік, сыни ойлау сапаларынан тұрады.
Т.В. Добудько (Б.С. Гершунский, А.К. Маркова, Л.М. Митинаның жұмыстарына сүйене отырып) : кәсіби құзіреттілік – педагогикалық әрекетті жүзеге асыратын теориялық және практикалық дайындықтардың бірлестігі. Ғылыми-теориялық, психологиялық, операциялы-технологиялық болып келеді[92].
Н.В. Кузьмина: Кәсіби құзіреттілік - маманның өз мамандығын оқыту тәрбиелеу процесінің нормаларын есепке ала отырып, тұлға қалыптастыру құралы ретінде қарауы. Оның пікірінше төмендегідей түрлері бар:
- арнайы және кәсіби құзіреттілік - белгілі бір пәнге бағытталған;
- әдістемелік құзіреттілік – оқушыларда білімдер мен іскерліктерді қалыптастыруда байқалады;
- әлеуметтік – психологиялық – қарым-қатынас процестері аясында көрініс табады;
- дифференциалды-психологиялық – мотивтер мен оқушылардың қабілеттерін қамтиды;
- аутопсихологиялық құзіреттілік – жеке әрекет пен тұлғаның артықшылықтары мен кемшіліктерін айқындайды.
А.К. Маркова : Кәсіби құзіреттілік – педагогикалық әрекеттің жоғарғы деңгейде орындалуы, оқушыларды тәрбиелеу мен оқытуда тиімді нәтижелерге қол жеткізу[93].
Аталған анықтамаларды талдай келе, «тілдік құзіреттілік дегеніміз – тіл үйренушінің қоғамдағы стандарттар мен нормаларға сәйкесінше қарым-қатынасты атқара білуі, оның дайындығы мен жеке тұлғасын кәсіби тұрғыдан қарастыратын қасиеттер» деген қорытындыға келуге болады. Ол өз кезегінде үш аспектіні ұштастырады:
танымдық (ғылыми, пәндік білімдер);
операциялы-технологиялық (әрекет жолдары мен шешім қабылдай алу қабілеті);
аксиологиялық (табиғат, қоғам, адамға деген қарым-қатынас)
Қазіргі оқушының тілдік құзіреттілік үлгісін өзара байланысты бірнеше элементтер жиынтығы ретінде қарастыруға болады:
Құндылықтар – оқушының түрлі әрекеті барысында қажет ететін бағыт-бағдар, идеялары.Мысалы:
оқушыға өз тұлғасының ерекшеліктерін көрсетуге мүмкіндік беру;
әр оқушы қайталанбас тұлға екенін түсіну;
әр оқушының жеке дара қабілеттерін жемісті түрде жетілдіруге мүмкіндік беру;
оқушы өзінің деңгейіне, қызығушылықтарына сай білімдерді игеретінін жете түсіне білу.
Кәсіби сапалар:
оқушыларға үлкен қызығушылық таныту;
өз әрекетінде әріптестері және оқушылары тарапынан сын қабылдай алу және өз кемшіліктерін түзетіп отыру;
қоршаған орта мен айналада болып жатқан әлеуметтік өзгерістерге өз көзқарасын білдіре алу;