КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілігі: Тұңғыш Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында « Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте, оның білімділік, тәрбиелік деңгейімен анықталады » - деген сөзі бүгін білім берудің ұлттық моделіне көшкен әрбір педагогтың мұратына айналары сөзсіз. Жаһандану кезінде балалар мен жасөспірімдерді «рухани жұт» майданынан құтқаратын ұлтымыздың ұлттық идеологиясы. Балалардың бос уақытын ұйымдастырғанда ұлттық рухани жағына көбірек көңіл бөлген жөн. Ол үшін компьютерге ұлттық ойындарды, батырлар жырларынан, ерлікті дәріптейтін көріністерді енгізу керек.
Баланың рухани дамуы мен кемел жетілуіне ықпал ететін мерекелер жиі өткізіліп тұрса, ұлттық мүлікпен жабдықталған ойын бөлмелері көбірек ашылса деп ойлаймын. Батырлар, ғұламалар мүсіні орнатылған балалар саябақтарын ашу да - жас өскіндердің ұлттық санасын оятар еді. Ұлттық рухты ұмытпай жандандырсақ, Қазақстан қашан да алда болады.
Адамзат өркениетінің ұлы жемісі - өз ұрпағына бүкіл дүниедегі барлық жақсылық атаулыны тілей отырып, көзі ашық, көкірегі ояу, санасы биік толыққанды азамат болып тәрбиеленіп шығуы. Қай ел болмасын өз қоғамындағы жас ұрпақ өкілдері жан – жақты жетілген, ақыл, парасаты кемелденген, ойлау өрісі ғаламдық талаптарға сай мәдениетті, білімді, еңбекқор азамат болып өсуін басты орынға қояды. Қазіргі жастарымыздың анасын қарттар үйіне өткізу, түнгі клубтарға деген құмарлық, нашақорлық, т.б. жаман қылықтарға әуестенуі көбейе берсе, ұлттық болмысымыздың жоғалатыны айтпаса да түсінікті. Осындай жан түршігерлік құбылыстардан құтылудың бір жолы – тәрбие.
Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда қосымша білім берудің де әсері мол. Мектептен тыс бос уақытын тиімді, қызықты өткізу үшін жаңа технологияларды үнемі қолданып отыруымыз керек. Жас буын бос уақытында салауатты өмір салтын сақтап, театрға барып, өнер туындыларын тамашалап кітап оқумен өткізсе, басқа арзан сауық – сайран, түнгі клубтардан қашық жүрсе екен дейміз.
Бүгінгі заманда халық өзінің үш қорқынышын ортаға салады: Біріншіден сәбиіне «Бесік жырын» айтып бере алмайтын аналардың көбейіп бара жатқанынан қорқамын; екіншіден, немерелеріне ана тілінде ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын; үшіншіден, салт – дәстүрді қадірлемейтін жас ұрпақтың өсіп келе жатқанынан қорқамын, олардың көкірек көзі соқыр бола ма деп қорқамын. Ұлттық рухтан жұрдай болып қалған адамдар көп емес,бірақ бар... Білім саласындағы мемлекеттік заңдар мен ресми құжаттарда жас ұрпақтың шығармашылық рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жас ұрпақтың жеке басының дамуы арқылы интеллектін байытуға, дарындылығын дамытуға баса назар аударылған. Жас ұрпақтың рухани эстетикалық, дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыру үшін баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру маңызды міндеттердің бірі. Бос уақытты ұйымдастырудың тағы бір тиімділігі үздіксіз білім беруді жетілдіру мәселесі де себін тигізеді. Бос уақыт тек көңіл көтеру емес, ол баланың өз бетінше жұмыс істеуіне, өнер түрлерімен танысуына және өнерге талпынуына жағдай жасайды. Бос уақытты дұрыс ұйымдастыра білгенде ғана олардың танымдық және шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуға жағдай туады. Бос уақытты ұйымдастырудың болашаққа тигізер пайдасы зор. Осы арқылы олардың қоғамдағы орнын табуға негіз қаланады.
Осы айтылғандарды ескере отырып мәдениет қызметкерлері өздерінің жұмыс барысында аянбай еңбек етіп, балалармен жұмыс жүргізгенде мынаны ескеруі тиіс:
- Балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мақсат қою.
- Әр түрлі шаралар арқылы балаларды қызықтыру.
- Мәдени шараларға ата – аналар мен балаларды қатыстыру, бірге өткізу.
- Эстетикалық талғам мен рухани күш беру.
- Жеке тұлға болып қалыптасуына көмектесу.
- Шығармашылығын ұйымдастыру.
Білім мен тәрбиені бір арнаға құю үшін мектеп мұғалімдері, ата – аналар, мектептен тыс мекеме педагогтары баланың бос уақытын тиімді өткізуге қолдау көрсетсе, нұр үстіне нұр болар едіҚоғамның бар байлығы - оның дұрыс жетілген ұрпағы. Сондықтан бос уақытты педагогикалық негізде және баланың жас ерекшелігіне сай ұйымдастырып отыру келешек ұрпақтың мәдени, саяси, рухани негізін қалауға жағдай туғызатынын естен шығармайық. Осы себепті бұл тақырып өте өзекті тақырыптардың бірі деп ойлаймын.
Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты: Мектеп жасындағы оқушылардың бос уақытын ұйымдастырудың тиімді жолдарын табу, әдістемелік тұрғыда негіздеу.
Достарыңызбен бөлісу: |