«Ахмет Байтұрсынов мұрасы –
әлемдік руханият кеңістігінде» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция шетел және отандық ғалымдардың басын
қосып отыр.
Конференция мақсаты: Қазақ халқының біртуар перзенті, қоғам және мемлекет
қайраткері, әдебиеттану, тілтаным ғылымының негізін салушы ғалым, түркітанушы,
публицист, ұлттық жазудың реформаторы Ахмет Байтұрсынов мұрасын әлемдік деңгейде
насихаттап, жаңаша бағалануын ұрпақ санасына жеткізу.
Ахмет Байтұрсынов – талантты әдебиеттанушы, терең ойшыл, публицист, жанқияр
саясаткер, ізденуші ғалым, керемет ұйымдастырушы және ұлтымыздың дамуына айрықша
үлес қосқан танытқан қоғам қайраткері. Ол ұлтына, үлттық рухына, құндылықтарына қызмет
етті. Бұл жөнінде Сәкен Сейфуллин: «...Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін
бір басын бәйгеге тіккен, Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл» деп баға
берген. Ол шын мәнінде ұлт ұстазы, халқымыздың рухани көсемі еді. Кең құлашты, ұлан-асыр
терең ойлы ғалым – ұлттың Ұлы Ұстазы өмірдің қай саласында да өз пікір- толғамын, бағдар-
бағытын білдірді. Ахмет Байтұрсынов тағылымы оның даналығында, даналығы парасатты
сөздері мен өнегелі істерінде, парасаттылығы оның ғылыми- ағартушылық, қоғамдық-саяси
көзқарастарында деп білеміз.
Ахмет Байтұрсынов – ғұлама ғалым, ақын, ағартушы, ел тарихында өшпес дара ізін
қалдырған ұлы тұлға. Оның мұрасында ұлт болмысы, бітімі, дүниетанымы, мінезі, жаны, ділі,
тілі, рухы көрініс тапты.
Адамдық диханшысы қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құл халықтың.
Ұлт ұстазы «Адамдық диханшысы» өлеңінде өзі жырлағандай, туған тілі мен әдебиетіне,
тарихына, халық ағарту ісіне ұлы еңбек сіңірген, адамдықтың дәнін еккен Ахмет Байтұрсынов
ұлттық рухтың мәңгілік шоқжұлдызы болып ХХI ғасырда қол жетпес биікте тұр.
Ұлы ғалым, ұстаз Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойымен баршаңызды
құттықтай отырып, ғылыми-ағартушылық ойдың кемеңгері Ахаңмен мақтанып қана қоймай,
тәуелсіз еліміздің өркениетті ел, ұлт қатарына қосылу үшін әр азамат Байтұрсынов сөзін
танып, ойымызға сіңіріп өсуіміз қажет деп санаймын. Ахаң – ұлтымыздың мақтанышы ғана
емес, біздің ұлттық құндылығымыз, ұлттық тұғырымыз. Оның өлмес мұрасын алдымен өзіміз
танып, әлемге таныту – біздің азаматтық парызымыз. Себебі Байтұрсыновты әлемге таныту –
әлемге қазақты таныту. Ахмет Байтұрсынов рухымен кемелденіп, өркендейік!