Қатаң дауыссыз дыбыстар мен ұяң дауыссыз дыбыстар жұп құрайды. Олар: п-б, ф-в, к-г, қ-ғ, т-д, с-з, ш-ж. Бұл дыбыстар жұп құрауға қабілетті дауыссыз дыбыстар деп аталады.
Х, ц, щ, ч, һ дауыссыз дыбыстары жұп құрауға қабілетсіз дауыссыз дыбыстар болып саналады.
Ң әрпі ешқашан сөздің басында жазылмайды. Б, г, д әріптері қазақтың төл сөздерінің соңында жазылмайды. В, ц, ч дыбыстары орыс тілінен енген сөздерде жазылады. Мысалы, вагон, циркуль, Чапаев, т.б.
Б, в, г, д ұяң дауыссыз дыбыстарына біткен басқа тілден енген сөздерге қосымша қатаң дауыссыздан басталып жалғанады. Мысалы, арабтар, архивтен, педагогпен, Ленинградтық, т.б.;
Сөз құрамындағы бір немесе бірнеше дыбыстар тобынан жасалған фонетикалық бөлшек буын деп аталады.
Дауысты дыбыстар буын құрауға негіз болады. Дауыссыз дыбыстар буын құрай алмайды. Сөздің құрамында қанша дауысты дыбыс болса, сонша буын болады. Мысалы, қарлығаштардың деген сөзде бес дауысты дыбыс бар, яғни сөз бес буыннан құралған.
Қазақ тілінде буынның үш түрі бар: 1) ашық буын; 2) тұйық буын; 3) бітеу буын.
Бір дауысты дыбыстан құралған және дауыссыз дыбыстан басталып, дауысты дыбысқа аяқталған буын ашық буын деп аталады. Мысалы, а-на, ба-ла, да-ла, бе-ре-ке, ә-ке, ша-ға-ла, же-ті, та-ға, т.б.
Бір ғана дауысты дыбыстан құралған буын жалаң ашық буын деп аталады. Мысалы, ә-же, ұ-лы, ү-кі, а-та, т.б.
Тұйық буын дауысты дыбыстан басталып, дауыссыз дыбысқа аяқталады. Мысалы, айт, өр, ант, ән, ұлт, аң, ұрт, үй, арс, ел, өрт, т.б.
Дауыссыз дыбыстан басталып, дауыссыз дыбысқа аяқталған, яғни ортасы дауысты дыбыс екі шеті дауыссыз дыбыс болып келген буын бітеу буын деп аталады. Мысалы, бұлт, жер, қант, той, құрт, тау, жұрт, жез, төрт, дос, серт, гүл, мұрт, қол, бырт-бырт, сарт-сұрт, жарқ-жұрқ, сөз, көз, май, дөң, дүлдүл, мазмұн, жолдастық, т.б.
Сөз ішіндегі бір сөздің, бір буынның, бір дыбыстың көтеріңкі айтылуы екпін деп аталады. Қазақ тілінде екпін сөздің соңғы буынына түседі.
Екпін сөз екпіні, ой екпіні, тіркес екпіні, дыбыс екпіні болып бөлінеді.
Қазақ тілінде дыбыстар сөз ішінде, сөз бен қосымша арасында, сөз бен сөздің арасында бір-бірімен үндесіп, үйлесіп айтылады. Түбір сөздің жуан не жіңішке болуына қарай қосымша да жуан не жіңішке болады және сөздің соңғы дыбысына қарай үйлесіп жалғанады. Сөздің бастан-аяқ үндесіп, үйлесіп, біркелкі әуезбен айтылуы үндестік заңы деп аталады. Үндестік заңының екі түрі бар:
1) буын үндестігі;
2) дыбыс үндестігі.
Достарыңызбен бөлісу: |