а) Образ бойынша талдау кезінде оқушылар адамды танып‑біле отырып, сол кейіпкер бойындағы ұнамды, адамдық қасиеттерді білуге талпынады. Автор өз кейіпкерін мәтіндегі әр алуан іс‑әрекеттермен, оқиғалармен, басқа кейіпкерлермен байланыстырады, көркем шығармадағы бейнелер жүйесін өзара тұтастырады
ә) Шығарма талдаудағы келесі әдіс – проблемалы талдау. Көркем шығармада сан тарапты әрекеттер баяндалып, көптеген қарама‑қайшылықты, талас пікірлі оқиғалар туындап жатады. Осыған байланысты жазушы көтерген проблеманы танып‑білу керек. Осыған байланысты оқушының алдына проблемалық ситуация ұсыну қажет.
б) Автор ізімен талдау. Бұл шығарманың желісіне сай жүргізіледі. Мұнда көркем шығарманың бөлімдері бойынша ондағы оқиғаның дамуына сай автор ізімен жүре отырып, талдау жасалады. Мұның тиімді жағы шығармадағы оқиғаны, іс‑әрекетті жан‑жақты, жүйелі қарастырға мүмкіндік береді. Көбіне көлемді мәтіндерді талдағанда, ондағы оқиға реті ауыстырылып, қалыс қалдырылып немесе толық баяндалмай жатады. Бұл талдау осындай мәселеде реттілікті сақтап, оқиға барысын автор баяндауынан ауытқымай жүргізуге көмектеседі.
Автор ізімен талдауда мұғалім көркем шығарма сюжеті, эпизодтары, автордың негізгі ойы, мазмұн мен форма жүйесін сақтай отырып, талдауға ерекше назар аударады. Бірақ еске алатын бір мәселе, талдаудың бұл түрін түсіндірмелі оқуға айналдырып жіберуге болмайды. Мұғалім оқушыларын кейіпкер іс-әрекеті арқылы мінездеме жасатуға, оқиғалар арқылы шығарманың негізгі проблемаларын аңдатуға алып келуі керек. 5-7 сыныптар оқушылары көркем туындының ең қызықты, ең шиеленісті оқиғаларына ерекше назар аударады. Автордың идеясына, шығармадағы көтерген негізгі мәселеге зер сала қоймайды, өйткені бұл жастағы оқушыларда оқиға қуалаушылық басым. Автор ізімен талдау бұл сыныптарда өте тиімді. Себебі, балалар көркем туындының мазмұнымен таныса отырып, мұғалім көмегімен оның көтерген мәселесіне, автордың көзқарасына, кейіпкерлер іс-әрекеті мен туынды көркемдігіне бойлайды. Мысалы, 7-сыныпта М.Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі беріледі. Сөз жоқ, оқушылар ең алдымен оның оқиға желісін қызықтайды. Әсіресе, бұл әңгіме ер балаларды ерекше елең еткізеді. Оларды Құрмаш пен Көксерек арасы қатты қызықтырады. Құрмаштың өлімі толқытады. Көксерекке деген ашу ызалары өршиды. Ал әңгіме негізіндегі авторлық мәселеле көмескі қалады. Әңгіме оқушылардың сезім күйі, эмоциясын жаулап алады да, оның негізіндегі басты мәселелер соның қалтарысында қалып қояды. Адамдар әлемі мен қасқырлар әлемі қатар алынып, адамдардың сол қасқырлардан да қатал, тағы екенін көрсету-әңгіменің басты мәселесі. Көксеректі жауыздыққа итермелеген де, Құрмашқа ауыз салдырған да сол адамдардан көрген жәбір-жапасы. Бәлкім, қасқыр інін бұзып, табиғат заңына қарсы келген адам тағылығы болар... Міне, басты мәселелерді ұғыну үшін, әңгіменің алғашқы беттерін оқығаннан-ақ, балаларды оған жетелеп отыру керек. Басты оқиғаларды ашатын сұрақтармен қоса, әңгіме идеясына да бірте-бірте жақындата түсетін сұрақтардан іздеген дұрыс.
Бірінші бөлімді оқып болған соң, балалармен бірге отырып, оған «Қасқырлар мекені», «Қасқырлар ойнағы», «Тағырлар ұрпақ қамында» деген ат қойып, мұғалім енді талдауды мына сұрақтар мен тапсырмалар негізінде жүргізеді: Қасқырлар тіршілігі қалай суреттелген? Тіршілік үшін күрес, сол жолдағы қаталдық қалай берілген? Шағын болса да әңгіме идеясын ашуда ерекше орын алатын екінші бөлімге де ат қою керек. Балаларға көмек беру, әрі әңгіме идеясына жақындату мақсатында мұғалім бірнеше тақырып ұсынады. Мысалы, «Адамдар тағылығы», «Табиғатқа шабуыл» т.с.с.
Тақырыпты тыңдап алғаннан кейін, мынадай сұрақтар қойылады: Қасқырлар ұясын адамдар неге талқандады? Бөлтіріктерге істегендеріне қалай қарайсын? Адамдардың іс-әрекеті дұрыс па? Бірінші бөлімдегі қасқырлар іс-әрекеті мен осы бөлімдегі адамдар іс-әрекетінде ұқсастық бар ма? Қайсысы қаталырақ? Үшінші бөлімге мынадай тақырыптар ұсынылады: «Көксерек пен Құрмаш», «Көксеректің ұрлығы», «Адамдар және Көксерек», т.с.с.
Талдау сұрақтары: Ауыл иттерінін Көксерек қандай зәбір көрді? Оның себебі не? Ауыл адамдары неге оны жек көрді, жазалады? Осы жазаға өзің қалай қарайсың? Неге Көксерек адамдар арасына үйреніп кете алмады?
Төртінші бөлімге «Арлан», «Айқас», «Ұяласымен табысу» т.с.с. ат қойылады. Талдау сұрақтары: Көксеректің Құрмаш ықыласына мойынсұнбау себебі неде деп ойлайсың? Табиғатпен айқасына назар аудар. Көксерек Құрмаштан гөрі ақ қасқырмен неге тез бауырласты? Көксеректің ауылдан кету себебін ойла.
Бесінші бөлімге «Шабуыл», «Қараадыр еліндегі мазасыздық», «Қасқыр қашанда қасқыр», т.с.с. тақырыптар беруге болады. Талдау сұрақтары: Қос қасқырдың Қараадыр еліне істеген жауыздықтарын сарапта. Әсіресе, Көксерек қаталдығы, тағылығын қалай түсіндірер едің? Қасқырлар іс-әрекеті, ойынына назар аудар... Табиғаттағы тағылар тіршілігі әңгімеде қалай берілген? Адамдар шабуылы, Көксеректің жалғыз қалуы.
Алтыншы бөлімге «Құтырған Көксерек», «Тағы да шабуыл», «Бітіспес өшпенділік», «Жауыздық», «Құрмаштың өлімі» деген аттар қоюға болады. Талдау сұрақтары: Көксеректің ауылға үздіксіз шабуылын әңгімеле. Құрмаш Көксерекке қалай тап болды? Ауыл адамдары ала алмаған Көксеректі Аққасқаның жеңу себебі не? Қалай ойлайчың, жазушы осы арқылы не айтпақ болған? Өзің сонша бағып, мәпелеген Құрмашты танымай, Көксеректің жауыздық істеген себебін қалай түсіндірер едің? Жазушы ойы не? Бұл сұрақтар әңгіме мазмұнын, әрі әңгіменің көтерген басты мәселесін ашу мақсатында койылады. Әңгіменің алғашқы бетінен-ақ жазушы көтерген мәселелерге оқушылар назарын осылай аударта отырып, қорытынды пікір, қорытынды талдауды мынындай сұрақтармен жүргізуге болады: Жазушы әңгімені неге «Көксерек» деп атаған? Жазушы ойын қалай түсіндірер едің? Қалай ойлайсың, әңгіме негізіндегі басты ойды ашатын ең негізгі оқиғалар қайсы? Әлде табиғаттың қатаң заңы, қасқырлар әлемінің тіршілік заңы солай ма?
Қорыта келгенде, оқушы көркем мәтінді талдай білу арқылы нақты, дәлелді сөйлеуге дағдыланады, сөз құдіреті мен қасиетін ұғынады. Сол себептен, ең алдымен көркем тілмен сөйлеуге талаптандыру керек. Әр сөйлемнің негізінде нақты ой, сол ойды анық, айқын кестелейтін сөз оралымдары болу керек. Күнделікті пайдаланатын тілді жақсы меңгерген бала оны әдемілеп қолдануға дағдыландыру керек. Сондықтан көркемдеп сөйлеуді әр сабақта жүйелі түрде жүргізген тиімді болмақ. Көркем сөйлеу оқып отырған көркем шығармаға да тікелей байланысты. Оқушыларды әңгімелеу, мазмұндау кезінде жиі мәтінге үңілдіріп, кейбір негізгі мәселелерді мәтінге жуық айтуды талап ету-осы көркемдеп сөйлеуге баулудың басты жолы. Көркем сөйлеудің негізгі белгілері топтар, фигуралар түрін меңгерту, теңеулер мен баламаларды сөйлемде жиі қолдану болмақ. Көркем мәтінді оқу барысында керекті дәйектемелерді ала білуге, бейнелі оралымдарды теріп алуға баулу. Көркем мәтін тілін талдауда жазушының суреткерлік шеберлігі, эстетикалық мүмкіндігі, тілдік құралдарды поэтикалық деңгейге сай қолданылуы, сөздің құдіретін дұрыс танытады.
Пайдаланылған әдебиет
1. Т. Ақшолақов, Шығарманың көркем айшықтарын таныту, А., «Жазушы», 1998.
2. А. Байтұрсынұлы, Тіл тағылымы, А, «Жазушы», 1992.
3.Р. Сыздықова, Б. Шалабаев, Көркем тексті лингвистикалық талдау, А., «Мектеп», 1989.
4.Қ. Бітібаева. Әдебиетті оқытудың тиімді жолдары, А., «Жазушы», 1990.
5.Қ. Бітібаева. М. Әуезов шығармашылығын мектепте оқыту А., «Жазушы», 1994.
Достарыңызбен бөлісу: |