Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
Педагогикалық факультет
Мектепке дейінгі және психологиялық-педагогикалық даярлық теориясы мен әдістемесі кафедрасы
Айтжанова Роза Мукантаевна П.ғ.к., профессор
«Педагогика»пәнібойыншаДәрістеркурсы
мамандығы: «5B010300-Педагогика және психология»
Қарағанды 2019
№1Дәріс.Тақырыбы: Қазіргі әлеуметтік-мәдени жағдайлардағы білім берудің рөлі мен ерекшеліктері.
Жоспар:
Заманауи мәдениеттегі білім берудің орны мен рөлі. Білімнің әлеуметтік мәні.
Қазіргі білім беру парадигмасы: нәтижеге және жеке тұлғаға бағдарлануы.
Қазақстан Республикасындағы инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы.
Педагогтың жеке тұлғаның қалыптасуындағы және қазіргі уақытта орта білім міндеттерін шешудегі рөлі.
Заманауи мәдениеттегі білім берудің орны мен рөлі. Білімнің әлеуметтік мәні.
Мемлекетіміздің тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз етудің негізгі жолы білім беру жүйесін жоспарлы түрде құру болып табылады. Бүгінгі күнде ХХІ ғасырдың көшбасшы мемлекеті болу білім берудің тиімді жүйесін қалыптастыруда жатыр. Білім әлемдегі барлық мемлекеттердің негізгі басымдықтарының бірі болып саналады. Сондықтан қазіргі бәсекелестік заманындағы шарттарда әлеуметтік-гуманитарлық білім берудің маңыздылығы жоғары деп ойлаймыз. Ақпараттық технологиялардағы заманауи жоғары дамыған технологиялық қоғамның ілгері дамуы үшін білімді және адал азаматтардың, қоғамдық өмірдің жаңа қағидаларын қалыптастыратын тұлғаларды қажет етеді. Қоғамдағы өмірді қалыптастыру жолында әлеуметтік-гуманитарлық білімдердің маңыздылығы мына түсініктермен байланысты: біріншіден, білімді қоғам бұл қарапайым ақпараттық қоғам ғана емес, бұл маңызды құндылықтар қорын құратын тұлғалық әлеуеттің қоғамдық және адами даму ілімдеріне сүйенетін қоғам. Екіншіден, экологиялық және әлеуметтік дағдарыстар шарттарында адамның кәсіби қызметі мәдени болжамдарға сәйкес қоғамның қауіпсіздігі мен даму басымдықтарын қамтамасыз етеді.
Кез-келген жоғары оқу орнындағы әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді оқыту жоғары білімнің маңызды ерекшеліктерін құрайды. Әлеуметтік- гуманитарлық білім адамгершілік сезімдеріне толы. Мұнда рухани құндылықтарды жасаушы және тұтынушылар арасындағы этикалық қағидалар қалыптасады. Заман талғамына сәйкестендірілген заңдылықтар әрдайым мәдени қажеттіліктерге сай жүйеленіп отырады. Әлеуметтік- гуманитарлық пәндерді оқыту бізді рухани мәдениет әлеміне енгізеді және осы ортада адаспаудың жолдарын негіздейді. Мәдени ұстанымдардың тоқтаусыз өзгерістері орын алған өмірде сенімді болуға, қоғамдық өмірдегі құбылыстарды бағалау қабілеттілігі, қисынсыз әрі ырықсыз түйсікпен басқарылатын тобыр бөлшегі болмауға септігін тигізеді. Өмірлік жағдайлар негізінде қалыптасатын рухани құндылықтар адамзат өмірінде елеулі орынға ие. Ал әлеуметтік-гуманитарлық біліммен қол жеткізілген нәтижелі деңгей көрсеткішімен тығыз байланысты рухани даму дәрежесі маңызды
рөлге де ие деп ойлаймыз. Қоғамдық мәдениеттегі оның әрбір құрамдас бөлігі ауыстыруға келмейді және өз бетінше тәуелсіз. Сондықтан қоғамдық және адамзат өмірінде философиялық, тарихи, саясаттанулық, құқықтық, психологиялық, әлеуметтанулық, педагогикалық білімдерді игеру маңызды саналады. Түрлі ұлттық мәдениет өкілдерінің өзара түсіністігін қалыптастыратын шет тілдерді білу де өте маңызды. Білім берудің гуманистік тәрбиесі әлеуметтік-гуманитарлық біліммен тығыз байланысты екендігі белгілі. Білім беруші ұстаздар қауымы болашақ мамандар дайындаумен қатар, саяси мәдениеті жоғары, рухани дамыған, тарихи және мәдени құндылықтарды сыйлайтын тұлғаларды тәрбиелейді. Сондықтан
«Қазақстан тарихы», «Философия», «Саясаттану», «Әлеуметтану» және
«Мәдениеттану» пәндерін жүргізетін оқытушыларға зор үміт пен ауыр жүк артылады. Тарих үнемі даму жолында жүретін ғылым. Тарих – ол ең алдымен әлемді тану, оның өткенін ашу. Қоғамның дамуы азаматтардың тарихи сабақты терең ұғынуымен байланысты. Өйткені, тарихсыз халық жоқ және бүгін мен келешек өткеннің негізінде орындалады. Тарихи тәжірибені зерттеу тарихи сана, мәдениет, дәстүр мен ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырады. Сонымен бірге, тарихтың негізгі пәні адамзат рухы саналады. Сондықтан студенттерді тек тарихпен таныстырып қана қоймай, олардың адами рухын тәрбиелеу бірінші орында тұрады. Тағы негізгі міндет ретінде қазақстандық патриотизмді қалыптастыру болып табылады. Ол адамның өркениет феномені мен қазіргі заманның жаһандық мәселелерінің диалектикасын сараптаудың негізгі нысаны саналады. Адамның қоршаған дүниеге қатынасының жалпы формалары мен заңдылықтарын зерттейтін философия ілімін оқытуда қоғамдық қатынастарда туындаған көптеген мәселелерді сараптау арқылы орын алады. Философияның негізгі мәселесі адам болып табылғандықтан, сабақ жүргізу барысында философиялық антропология негіздеріне сүйенген жөн. Себебі, оқытуда оқытушы мен студент ойларында бұл жүйені қай формада тиімді түрде орындай аламыз деген сұрақ тұруы тиіс. Егер біз барлық философиялық мұраны түрлі авторларға тиесілі идеялар жиынтығы десек, әр тұжырымның өзіндік сипатқа ие ерекшеліктері болатындығын ұғынамыз. Студенттер бұл пән арқылы бір ғана ұғымның космологиялық, психологиялық, физикалық, онтологиялық, гносеологиялық аспектілерін қарастыруда түрлі түсініктер қалыптастыруына ықпал етеді. Қоғамдық қызметтің түрлі салаларын басқару, еліміздің саяси және әлеуметтік-мәдени процестеріне қатысуын тану үшін «Саясаттану» пәнінің мәні зор. Оқытудың жаңа технологияларында, әсіресе, интерактивті түрде пәнаралық байланыстың негізінде саясат пен саясаттанудың дамуындағы негізгі кезеңдерді; саясаттанудың түсініктік-категориялық аппаратын; түрлі салаларда саяси қимылдар жүргізудің механизмдері; Қазақстан Республикасы саяси жүйесінің ерекшеліктерін тануға болады. Аталмыш пән арқылы саясаттың біртұтас қоғамдық құрылым ретіндегі мәні ашылады, саяси қатынастардағы ішкі және сыртқы байланыстар айқындалады, саяси дамудың негізгі заңдылықтары анықталады, еліміздің саяси дамуындағы
негізгі бағыттар, механизмдер мен басымдықтары айшықтала түседі. Жалпы саясаттану ең алдымен философия, сосын тарих ғылымдарымен тығыз байланыста. Сондықтан пәнді игеруде философиялық-тарихи және теориялық бөлімдерінің маңыздылығы жоғары. Ал тәжірибелік бөлігінде саясаттың әлеуметтік-психологиялық аспектілері мен саяси технологияларына ерекше мән беріледі. Бұл әсіресе, түрлі деңгейдегі іскерлік ойын түрлерін жүргізуде өте қолайлы шара болып табылмақ.
«Әлеуметтану» пәнін оқыту студенттерге адамның қоршаған әлеуметтік әлемі туралы ғылыми түсініктер, әлеуметтанулық заңдылықтар және оның әлеуметтік-мәдени дамуындағы мүмкіндіктерінің ұғымын қалыптастырады. Пәнді оқу барысында әлеуметтанудың негізгі категориялары мен түсініктерін анықтаймыз; әлеуметтанудың әлеуметтік-гуманитарлық, басқару және экономикалық білімдер жүйесіндегі орны мен рөлі туралы түсініктер қалыптастырылады; әлеуметтанулық білімнің ерекшеліктері және қоғамдық өмір процесі мен құбылыстарын әлеуметтанулық сараптау дағдысы жүреді. Пәнді оқытуда әлеуметтанудың негізгі теориялық және әдістемелік мәселелерін, қоғамның құрылымы, оның негізгі элементтерін тануын, әлеуметтанудың ғылым және пән ретінде дамуына үлес қосқан ғалымдардың еңбектері, әлеуметтанулық ақпаратты жинаудың және талдаудың негізгі тәсілдерін үйретуді мақсат етіп қойып отыр. Этикалық- эстетикалық, көркем және мәдениеттанулық түсініктерді студенттер санасында қалыптастыруда «Мәдениеттану» пәнінің мән-мағынасы зор. Бұл пән арқылы жас ұрпақ әлемдік мәдениеттің қалыптасу тарихы мен дамуын ашу арқылы, қазақ мәдениетінің әлемдік мәдениеттанулық процесіндегі орны мен рөлін айқындап, мәдениеттің құрылымы мен әлеуметтік қызметін, жаңа тарихи шарттардағы оның дамуындағы ерекшеліктерін анықтайды. Сонымен қатар, студенттер арасында мәдениеттанулық білімнің ішіндегі негізгі модельдер: мәдениеттің тарихы мен теориясы, мәдени саясат, мәдениет философиясы, мәдениет социологиясы, мәдени әлеуметтік антропология, эстетика мен өнертану мәселелерін оқуға бет бұрады. Осы тұста қоғамдық пәндерді игеруде алғашқы дерек көздерін пайдалану ерекше рөлге ие екендігін айта кеткеніміз жөн. Бүгінгі күнде студенттердің аз оқитыны белгілі. Олардың тәжірибелік сабақтары оқулықтарда жазылған материалдарды жаттап алған түсініктерін айтып беруі үйреншікті құбылыс. Сонымен қатар, барлық жоғары оқу орындарындағы тәжірибе көрсеткендей, реферат жазу студенттердің формальды түрде тапсырманы орындауы болып табылады. Ал Интернет заманында бұл дайын материалдарды көшіру болып табылмақ. Сондықтан студенттің оқытушымен өзіндік жұмысында (СОӨЖ) алғашқы дерек көзін оқыту бұл олқылықты реттейді деген ойдамыз. Мәселен, «Саясаттану» пәнін оқытуда және студенттердің білімін жетілдірудегі өзіндік жұмыстарды орындауда және пәнаралық байланыстар негізінде алғашқы дерек көздерін пайдалану төмендегідей жетістіктерге әкеледі: - өткен дәуірлер мен қазіргі заманның танымал ойшылдарының саяси тұжырымдамаларын білу; - әлемдік және қазақстандық саяси ойлардың дамуындағы негізгі заңдылықтарды игеру; - Қазақстан,
Европалық және Шығыс саяси ойларының ерекшеліктерін айқындау; - негізгі саяси дүниетаным, әсіресе, қазіргі саяси ойлар мен оның дамуындағы кезеңдердің жалпы сипаттамасын игеру; - қазіргі саясаттануға енген өткен кезең саяси ойшылдарының идеяларымен танысу; - саясаттанудың негізгі категориялары және оның өзара байланыстарын игеру; - қоғамның және саяси процестің саяси жүйе құрылымын ұғыну.
Гуманитарлық құрамдас бөлікпен байытылған білім қоғамдағы білім арқылы қоғамдық өсімге әкеліп, инновациялық дамудың орталығына айналдырады: 1) жас буынды әлеуметтендірудің негізгі институтына айналып, оларды ақпараттық қоғамдағы ережелер мен құндылықтарға дағдыландыру арқылы құбылмалы әлемде өмір сүруге үйретеді; 2) адамдарды әлеуметтік өзгерістерге ынталандыратын күнделікті және кәсіби белсенділік шеңберіндегі қызметтің жаңа технологияларын енгізуге дайындап, қоғамдық дамудың маңызды факторы болып табылады; 3) жаңа технологияларды, дүниетаным, қағидалар, құндылықтар, мінез-құлықтық, саяси және құқықтық жүйелерді реттеудің қажеттілік түрлеріне жоғары дәрежедегі зияткер және шығармашыл қызметкерлерді шоғырландыру арқылы ескі түсініктер, құндылықтар мен бағдарларды сараптау орталығына айналады; 4) мүдделер мен қызмет түрлерінің ерекшеліктеріне қарай жаңа әлеуметтік топтарды қалыптастыруға ықпал ету арқылы қоғамның әлеуметтік құрылымы өзгерістерінің шешуші факторы болып табылады, әлеуметтік жіктелуді реттейді; 5) қоғамның рухани өміріне ықпал етеді және тіпті айқындайды, үлгілер мен адам мұратын қалыптастыру, ынталандырудың әлеуметтік тартылысының нышандық мағынасын иеленеді; 6) жоғары технологиялылық, және зияткерлік сыйымдылық көлемі бағытындағы өндірістік дамудың негізгі құралына айналады.
Еңбек пен қоғамдық қатынастарды ұйымдастырудың жаңа түрлерінің туындауын ынталандырады; 7) адамның зияткерлік, әлеуметтік, рухани, қарым-қатынас, шығармашылық әлеуетін айқындауды ынталандырып, тұлғаның дамуындағы қуатты құрал болып табылады; 8) әлеуметтік тұтастықты арттырудың құралы ретінде қоғамдық дамуды жеделдету арқылы барлық қоғамдық тәжірибе мен әлеуметтік үдерістердің дамытушылық қасиеттерін күшейтеді. Жедел қоғамдық даму заңы білімнің таралуымен байланысты; 9) жаңа идеялардың өсу қарқынына, қоғамдық өмірді оңтайландыруға және ғылыми білімнің өмір салты мен әлеуметтік тәжірибе салаларына енеді, олардың мүмкіндіктерін күшейтеді; 10) тұрғындардың білім деңгейі талаптарын кеңейтуге ықпал жасайды; 11) саяси белсенділік, саналылық пен жауапкершіліктің өсімін қамтамасыз ететін азаматтық белсенділікті қалыптастырудың негізгі орталығына айналады; 12) адамгершілік сана мен құқықтық сауаттылықты дамытудың құралы ретінде әлеуметтік-мәдени реттеушілікті жетілдіруге ықпал жасайды; 13) қоғамдық пейілді жұмсарту, саяси өмірді либералдандыру, құқықтық мәдениетті демократияландыру, азаматтық қоғамды дамытуға ықпал етеді [2]. Қорыта келе, әлеуметтік-гуманитарлық білім жоғары білімді жаңғыртудың өмірлік маңызды талабына айнала отырып, заманауи
маманның кәсіби құзіреттілігін қалыптастырудың негізгі шарты болып табылады.