Салауатты өмір салты. Студенттердің денсаулығының кепілі де салауатты өмір салтын ұстануларынан басталады. Қоғамда дені сау адамды тәрбиелеуде бұл тәрбиенің орны ерекше. Ол белгілі орындарда, яғни спорт алаңдарында, сауықтыру орындарында іске асырылады.
Негізгі әдебиеттер:
Қоянбаев Р., Қоянбаев Ж. Педагогика. - Алматы 2009.
Педагогика. Дәріс курсы. - Алматы 2013.
Әбиева Ж., Бабаев С., Құдиярова А. Педагогика. Алматы: Дарын,
2014.
Мудрик А.В. Социализация и смутное время. – М.,1991.
Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. - А, 2015.
Педагогика. Дәріс курсы. - А, 2016.
Құсайнова М.А. Жалпы педагогика. – Алматы, 2017.
Қосымша әдебиеттер:
Аубакирова Р.Ж. Педагогикалық зерттеу әдістемесі: оқу құралы.-
Астана: Фолиант, 2008.-128 б.
Ахметова Г.К., т.б. Педагогика: Оқулық-Алматы: Қазақ университеті, 2006. -217 б.
Айтбаева А.Б. Білім берудегі жаңа технологиялар: оқу құралы- Алматы: Қазақ университеті, 2008.
Бабаев С.Б., Жұмадиллаева А.А. Көрнекі педагогика.-Алматы, 2008.-68 б.
Бахишева С.М. Педагогикалық жобалау: теориясы мен технологиясы. Оқулық.-Алматы, 2010.
Гуманитарные науки: Педагогика. http://www.refer.ru.
Наука и образование: Педагогика. http://www.ehoo.ru.
Наука и образование: Педагогика ресурсы. http://www.pautina.net.
№10 Дәрістің тақырыбы: Ғылыми дүниетаным – оқушының интеллектуалды дамуының негізі.
Жоспар:
Оқушылардың дүниетанымының мәні мен қызметтері.
Дүниетанымның құрылымы: білім, көзқарастар, сенім, идеалдар, өмірлік ұстаным.
Оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру құралдары: оқыту мен тәрбиенің мазмұны, формасы, әдістері, пәнаралық байланыс, оқушыларды әр алуан іс -әрекет түрлеріне қатыстыру; отбасы мен мектептің
ӛзара әрекеттестігі, ТПҮ жобалау және т.б.
Оқушылардың дүниетанымын қалыптастырудың қазіргі мәселелері.
Жалпы адамзаттық құндылық бағыттары адамның мінез – құлқының ең маңызды қозғаушы күші болып табылады және оның іс – әрекетінің себеп – салдарын анықтайды. Құндылық бағыттары субъектінің іс – әрекетінің мотивін анықтайтын болғандықтан, олар сол іс – әрекетті таңдау мен оның жүзеге асу барысына да әсер етеді. Осылайша құндылық бағыттары адам, оның қажеттіліктері мен қоршаған ортасы арасындағы байланыстырушы буын ретінде сипатталады. Яғни, жеке тұлғаның құндылық бағыттарының әлеуметтік – этикалық мазмұнын қамтамасыз ететін іс – әрекеттің алуан түрлерінің интеграциясы, факторы болып табылады.
Жеке тұлғаның құндылық бағыттарын оның дүниетанымымен байланыстыруға болады. Өйткені, жеке тұлғаның құндылық деңгейі оның дүниетанымына тікелей байланысты. Дүниетаным ұғымының түбірі – дүние. «Дүние» араб тілінен аударғанда өмір, тіршілік сөздерінің мәнін береді. Ал жалпы алғанда оны қоршаған орта, табиғат, әлем ретінде қабылдауға болады. Дүниетанымның екінші құрамы – «таным» ұғымы.
«Таным» – философиялық ұғым, ол қоршаған ортадағы материалдық шындықтың адам санасында бейнеленуін көрсетеді. «Дүниетаным – философия және сол сияқты ол да бүтінге, жан – жақтыға, соңғыға, ақырғыға қарай бет алады, ол тек космос туралы білімдерден ғана емес, сонымен қатар бағалаудан, субординацияға ұшыраған құндылықтардан, өмір формаларынан тұрады» (Г. Мейер). Философияның өзі де – дүниетаным, яғни бүтіндей дүние, адамның осы дүниеге қатынасына деген көзқарастар жиынтығы.
Көптеген ғылымдар (В.Т. Афанасьев, Л.П.Буева, В.В.Журавлев, А.Н.Леонтьев, В.П. Тугаринов, Ә.Нысанбаев, Ж.Әбділдин, М.Орынбеков, т.б.) дүниетаным мәселесін әр түрлі аспектіде қарастырып, оны қоғамдық сананы саралау тұрғысынан зерттеу қажеттігін ескерткен. Дүниетанымға қысқаша энциклопедияда «жеке адам және оның қоғамдағы орны, сана – сезімдік қалпы туралы ұғымдардың жиынтығы» деген анықтама берілген. Яғни ол сана ядросы ретінде сипат алады. Дүниетаным адамдардың іс –
әрекетінің ерекшелігін анықтайтын өмір принциптерінен тұрады және болмысты тану әдісі ретінде қабылданады. Дүниетаным ұғымына кеңірек тоқталар болсақ, ол – дүниеге нақты тарихи маңызы бар көзқарастың, табиғат пен қоғам дамуының заңдылықтарына, өмірдің әлеуметтік – экономикалық құрылысына, адамның белсенді өмір көзқарастарын анықтайтын қоғамдық – саяси қатынастар жүйесіне қатысты ғылыми негізделген сенімдердің органикалық бірлігі, тұтастығы. Ал ғылыми дүниетаным – қоғамдық сананың ең жалпы және жоғарғы формасы. Дүниетаным негізінде дүниеге көзқарас, демек дүние туралы белгілі бір білімдердің жиынтығы топтастырылған. Дүниетаным түрлі білімдерді игеру процесінің және күнделікті көзқарастарды меңгерудің нәтижесінде қалыптасады, сонымен қатар қоғамның білім және жаратылыстану ғылымдарының дамуы нәтижесінде жетіледі. Жаңа ғылыми фактылар, қоғамдық білім және жаратылыстану ғылымдарының жаңалықтары, өмірді жаңартудың жаңа қоғамдық тәжірибесі қалыптасқан көзқарастар мен ойлау стереотиптерін толықтырып, нақтылайды және өзгеріске ұшыратады.
Адамның дүниетанымдық көзқарасы оның тікелей өмірлік тәжірибесінен бастау алады және соған негізделеді. Жеке тұлғаның дүниетанымы онда өмір үндестігі мен қарама – қайшылығы көрініс тапқан кезде ғана әсерлі және тиімді болып келеді.
Жеке тұлғаның дүниетанымы, дүниетанымдық білімдер мен сенімдер дүниетанымдық көзқарастардың кең көлемге ие болуы және тереңдеуі қажеттігінен тұрады. Ал қажеттілік дүниетаным сапасы ретінде сипат алады. Сенім мен арман – мұрат жеке тұлғаның дүниетанымының тағы бір элементінің негізін құрайды, ол қызмет – әрекеттің бағыты мен дүниеге деген қатынасты айқындайтын жалпы принциптер. Ең соңғы дүниетаным элементі – дүниетанымдық сенім, принциптер мен арман – мұраттарға сәйкес қызмет – әрекет етуге деген эмоционалдық – жігерлі даярлық.
Жеке тұлғаның дүниетанымдық тұрғыдан даму мәселесін жетілдіруді психология ғылымы айқындайды. Жалпы адамзаттық құндылықтардың тұлғаны қалыптастырудың негізі екендігі ғылымда дәлелденген.
Жеке тұлғаның дүниетанымы – ақиқаттың жалпы көрінісінің жоғарғы деңгейімен суреттелетін әлеуметтік мәдениет пен интеллектуалды және эмоционалды – жігер сипаттарын топтастыратын феномен. Яғни жеке тұлғаның дүниетанымы жалпы қорытындыланған білімдер мен оларды пайдалану біліктілігі, олардың ақиқаттығы мен нәтижелігіне деген сенім, нұсқауларды қажет ету, жалпылама принциптер мен арман – мұраттар, қызмет – әрекетке деген даярлық сияқты компоненттер өзара байланысты болып келеді.
Л.И.Божовичтің тұжырымдауынша, жеке тұлғаның дүниетанымы – біршама кешіктіріліп келетін құбылыс, ол адамның жеткіншек шағында пайда болады, оның қалыптасу негізі жалпы тәрбиелілік бағыттылық, дүниетану мен дүниені сезіну жүйесі ретінде көрініс береді.
Ал Б.Г.Ананьевтің пайымдауынша, қалыптасып келе жатқан жеке тұлғаның өзіне деген қатынасының қалыптасуы, жеке тұлғаның басқа
қасиеттерімен салыстырғанда, ең соңғысы болап табылады. Ал құндылық бағыттары – жеке тұлғаға қатысты ішкі және сыртқы арақатынастың түрлі деңгейі мен формаларынан тұратын, жеке тұлғаның қоршаған дүниені, өзінің өткен өмірін, бүгінгісі мен болашағын, сондай–ақ өзіндік «Мен» деген сезімнің мәнін ұғынудың ерекше формалары; жеке тұлға дамуының когни–тивті, эмоциялық – себеп – салдарлы және тәрбиелік саласының бірлігі мен арақатынасын білдіретін интегралды жеке тұлғалық қасиет. Құндылық бағыттары – адамгершілік сананың өте тиянақты және терең көрінісі, ол тек жекелеген іс – қылықтар мен оның себеп – салдарына ғана емес, мінез–құлық пен іс–әрекеттің бүкіл барысында көрініп, сананың жалпы бағыттылығында жеке тұлғаның бастапқы өнегелілік ұстанымын іске асырады. Мақсат пен міндеттерге сәйкес барлық тәрбиелік ықпалдардан тұратын болғандықтан, құндылық бағыттар – жеке тұлғаның тәрбиелілігінің интегралды көрсеткіші.
Құндылықтың пайда болуы адамдардың қажеттілігін қанағаттандыратын іс – әрекетпен байланысты. Құндылық іс–әрекеттің мақсаты ретінде іске асырылады. Философия ғылымында құндылықты қоғамның тарихи құбылысы, субъект пен объектің іс жүзінде өзара әрекеттесу кезеңі деп қарастырады. Құндылық адам мен оның қажеттілігінің қоршаған ортамен арасындағы байланыстырушы буын ретінде рөл атқарады. Олай болса, адамға қатысты және оған пайда әкелетін, адам қоғамының дұрыс бағытта дамуына және жеке тұлғаның жетілуіне әсер ететін себептердің бәрі құндылықтар болып табылады.
Психологтар «құндылық» ұғымының жеке адамдарға қатысты жеке мәнін сипаттауға тоқталады. Сонымен «құндылық дегеніміз – тарихи айқындалған қоғамның немесе топтың адамдарына шындық, мақсат және идеал ретінде пайдалы және қажетті құбылыстардың, қасиеттердің, табиғат пен қоғамдық құбылыстардың түйіні. Құндылық – тек өмірдегі бар нәрсе емес, оны жүзеге асыру, ол үшін күресу қажеттілігі. «Құндылық» ұғымын көптеген авторлар айқындалған қасиеттерді бөліп шығару арқылы сипаттайды. Маңыздылық, пайдалылық, сүйкімділік, абырой сияқты қасиеттердің айқындалатыны түсіндіріледі.
Кейбір зерттеушілер құндылықты адамның мінез – құлқында көрінетін жалпы әлеуметтік бағыттылық деп түсіндірсе, тағы бір зерттеушілер оны жеке тұлғаның қандай да бір әлеуметтік құндылықтарға субъективті қатынысы ретінде қарастырады.
Д.Н.Узнадзе құндылық бағыттарды, бір жағынан, құбылыстардың белгілі бір семантикалық сипаттамасының, объектінің субъект үшін маңыздылығының санада көрініс тауып, санада бекемделу формалары ретінде қарастырса, екінші жағынан, іс – әрекетке әзірлік формасы ретінде, тиісті жағдағларда жүзеге асатын сана мен іс – әрекет процестерінің бірлігі ретінде қарастырады.
Дүниетаным дүние туралы жалпы мағлұматтардың жиынтығы ғана емес, сонымен қатар қоғамның саналы мақсат – мүдделері мен адамгершілік, әлеуметтік, гуманистік құндылықтарды – өмірдегі мінез–
құлықтың бағытын таңдауы, оның қоғам мен өз–өзіне деген жауапкершілікті қатынасын анықтауы. Дүниетанымдағы құндылық бағдар – сананың қайнар бұлағы, ол адамның мәдениетті, өркениетті қалыптасуынан және оны дамытуға талпынған іс – әрекетінен көрінеді. Жастарды адамгершілікке тәрбиелеу дегеніміз – олардың бойында болуға қажетті ізгі қасиеттерді сіңіру. Бұл ұғымға педагогикалық энциклопедияда:
«Адамгершілік – мінез–құлық дағдылары мен әдеттерін қалыптастыру, адамгершілік сезімдерді дамыту, моральдық сананы мақсатты бағытталған түрде қалыптастыру немесе мінез–құлық дағдылары мен әдеттерді, мінез білімдерін, моральдық қасиеттерді қалыптастыру процесі» деп анықтама берілген болса, Қазақ педагогикалық энциклопедия сөздігінде:
«Адамгершілік тәрбиесі – мақсатқа негізделген көзқарасты, сенімді, парасатты, мінез–құлық дағдылары мен әдеттерін қалыптастыру және адамгершілік сезімді, ұлттық сананы, қарым–қатынасты дамытуға бағытталған жалпы азаматтық тәрбиенің құрамдас бөлігі» деген анықтама беріледі. Яғни адамгершілік тәрбиесі тәлім – тәрбиенің ықпалды әсерімен моральдық сананы қалыптастырудың, этикалық білімділікті, адамгершілік сезімді дамытудың сара жолы болады деген қорытынды жасауға болады. Бұл тәрбие адамдардың адамгершілік нормалары мен ережелерді меңгеруіне, олардың бойында адамгершілік мінез – құлық дағдылары мен әдеттерді, іскерліктерді сіңіруге бағытталған педагогикалық процесс ретінде көрініс береді. Негізінен алғанда, адамгершілік тәрбиесін үш түрлі – функционалдық – әлеуметтік, теориялық және практикалық салада қарастырған дұрыс. Адамгершілік тәрбиенің әлеуметтік қызметі болашақ ұрпаққа жинақталған тәжірибені жеткізу болса, теориялық аспектісі білім саласын теориялық жағынан дамытуды қамтамасыз ету болып табылады. Ал оның практикалық қызметіне адамгершілік тәрбиесі бойынша жұмыс мазмұны мен әдістемесін жетілдіруді жатқызуға болады.
Философиялық сөздікте: Адамгершілік адамдардың оқиғаларға баға беріп, өзінің мінез–құлық бағытын таңдауына, моральдық ұғымдарға, әр түрлі құбылыстарға байланысты олардың бастан кешіретін мақұлдау немесе айыптау сезіміне негіз болады деген тұжырым жасаған. Қазақ Ұлттық энциклопедиясында: «адамгершілік – адам бойындағы гуманистік құндылық, әдеп ұғымы (кісілік, ізгілік, имандылық тәрізді ұғымдармен мәндес)» деген түсінік беріледі. Қазақ тілінің сөздігінде: «адамгершілік тәрбиесі – ізгілікке, инабаттылыққа баулудың жолы» деп түсіндіреді.
Л.И.Божович адамгершіліктің қалыптасуы адамгершіліктің дамудың өзіндік сапалық нормаларының жетілуіне біртіндеп айналуы деп есептелген және адам қабілетінің сыртқы мінез–құлыққа емес, ішкі мінез–құлыққа бағдарлануы адамгершілік дамуының ең жоғарғы деңгейі болып табылады деген өз ойын білдіреді.
Кант «адамгершілік – адамдармен қарым – қатынас жасағаннан пайда болатын игілік сезімі, ал екінші жағынан, адамдармен іштей және жалпы түрде қатынас жасау мүмкіндігі, адамзатты жануарлардан ерекшелендіретін, тек адамға ғана тән қасиеттер жиынтығы» деп түсіндірсе,
А.С.Макаренко адамгершілік мәселесін мектеппен байланыстырып,
«...мектеп қай заман өзгерісі болмасын, өз ұрпағын оң шешімдер қабылдап, өз қылығын саралай білетін және басқалардың да дұрыс мінез – құлық танытуын талап ететін, белсенді қоғам мүшелерін тәрбиелеп шығаруы тиіс»
– деп тұжырым жасағанда адамгершілік тәрбиесінің тұлға қалыптастыруда белсенділік көрсететінін атап көрсеттеді.
Педагог В.А.Сухомлинский еңбектерінде адамгершілік тәрбиесін беруде теория мен практиканы біріктіре қарастыру керектігіне мән берген және адалдық, адамгершілік сезімдерін тәрбиелеу процесінің негізін айқындайтын теориялық ереже ұсына отырып, адамның адамгершілік қасиетінің көрінісі мейірімді, қайырымды, кішіпейіл болуы, адамдарға деген сүйіспеншілік, адамдарды сыйлау, адамдардың жан күйзелісін түсіне білу, сондай–ақ қуанышын бөлісе білу, т.б. деп атап көрсетеді.
Ал Ж.Аймауытовтың «Психология» атты оқулығында берілген
«дәрігер адамның денесін сауықтыратын болса, тәрбиеші адамның ақылын, мінезін, жанын сауықтырады» деген тұжырымы – адамның жаны мен тәні таза болу қағидасы адамгершілік тәрбиесінің нәрі іспеттес. Адамгершілік тәрбиесі мәселелері психологтардың (Б.Г.Ананьев, Л.И.Божович, П.М.Якобсон, т.б.) зерттеулерінде де қарастырылды. Олардың пайымдауынша, адамгершілік тәрбиесі құрамында адамдарға тек әлеуметтік талап қана емес, сонымен қатар психологиялық талаптарда қойылуы тиіс. Психолог ғалым Б.Г.Ананьевтің «тәрбие мақсаттары, әсіресе жеке тұлғаның адамгершілігін дамыту мақсаты адамның ішкі күш – қуатының көптүрлілігіне сай келетін тәрбиелеу жүйесі арқылы ғана жүзеге асады» деген ойын адамгершілік тәрбиесінің қоғамдық іс атқаратындығының кепілі ретінде қабылдауға болады.
Ал П.М.Якобсон болса, адамгершілікті жеке тұлғаның бағыттылығы ретінде зерттеп, оның мынадай салаларында көрініс беретінін айтады:
жеке тұлғаның қызуғышылықтырының ерекшеліктерінде;
адамның алдына қоятын мақсаттарының ерекшеліктерінде;
–жеке тұлғаның бағдарында, яғни әлеуметтік және жеке өмірінің маңызды құбылыстарына қатынасады. Адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жүйесінде адамгершілік әдеттер мен адамгершілік мінез– құлық маңызды орнын алады. Әдет – адамның қажеттілігіне айналып, кез келген жағдайларда іске асырылатын тұрақты мінез – құлық түрі. Қоғам үшін құнды адамгершілік әдеттерді қалыптастыру оқушының адамгершілік нормаларын ұғынуының және өзінің ішкі түрткілерін, мотивтері мен сезімдерін саралауын қажет етеді. Оқушының адамгершілік мінез – құлқы оның қоғамға, адамдарға, өзіне, дүниеге және табиғатқа деген қатынастарын сипаттайтын қылықтарынан, сонымен бірге тұрақтылыққа, орнықтылыққа апаратын адамгершілік әдеттерінен тұрады. Б.Т. Лихачевтің пайымдауынша, адамгершілікке барлық иман жүзді адамдарға тән ортақ рухани бастама бар, оның өзі өмір сүру принциптерінде көрініс табады, олардың негізгілері ретінде автор мыналарды бөліп көрсетеді: сенімділік, адамгершілік шешімдер қабылдау және оны іске асыру әрекетін таңдау
бостандығы, рухани және әлеуметтік жауапкершілікті тұлға ретінде өзіне деген адалдығы, адамгершілікке, имандылыққа жат келеңсіз қылықтарға белсенді рухани қарсылық, өмір шындығы негізінде құндылықтарды қайта өзгерту қабілеттігі, басқаша айтқанда, адамгершілік ойлаудың икемділігі, оралымдылығы, адамдар арасында рухани бастаманы кең өрістетудің жалғыз құралы ретінде ұжымдыққа ұмтылу. Адамгершілік мәнін осы тұрғыдан қарастырсақ, нағыз адамгершілігі бар адам деп ресми моральдық нормалармен шектелетіндерді емес, адамгершілік принциптеріне сай адам болып, олардың орнығуы үшін өзіне де, сыртқы кедергілерге де төтеп бере алатын адамдар тобын жатқызуға болады.
Я.А.Коменский де адамгершілік мәселелерден сырт қалмаған, ол өзінің «Ұлы дидактика» және «Ана мектебі» еңбектерінде бұл мәселені кеңінен талдаған. Я.А.Коменский адамгершіліктің ең маңызды белгісі деп: дінді, гуманизм мәдениетінің ережесін жатқызады. Ізгілікті Я.А.Коменский жанның күші, сабырлылық, әділдік, мейірбандық, жомарттық, адамдарға жақсылық жасау дайындығы, шыншылдық, сыйластық деп түсінді. Мәдениет ережесіне тазалықты, сыпайлықты, әсемдікті және үлгі болуды жинақталды. Я.А.Коменский адамгершілік тәрбиесінің толық жүйесін іске асырды. Осы құралдырдың арасында ең бастысы ата–ана, мұғалімдер, достар деп санады. Олар әр кез балаға дұрыс жол көрсетіп отыру қажет деді және балалардың өмірлік жолын түзеп, мысалдар келтіру арқылы өз тәрбиесінен үлгі көрсетуі, өзін – өзі дамытуда көмек көрсетуі тиіс деді. Сонымен қатар балаларды қоршаған жаман ортадан, жаман әңгіме – айтыстардан, іс–әрекеттерден, мақсатсыз уақыт өткізуден сақтауға және баланы ұрып – соғып тәрбиелеуден аулақ болуға кеңес береді.
Д.Локк болса адамгершілікке тәрбиелеу үшін мынадай принциптерге сүйенудің қажеттілігіне тоқталады: табиғи ақылдылық, қаталдық пен балаға деген сүйіспеншіліктің болуы, дарындылық пен қызығушылығын танып, бағыт беру. Сонымен қатар Д.Локк баладағы жаман әдеттердің пайда болғанының, қайдын шыққанының себебін іздеу, өтірік айту себептерін терең ұғыну керек, тек сонан кейін тәрбие мәселесіне кірісу қажет деген ойын білдіреді.
Ж.Ж.Руссо ойынша, тәрбие үш фактордың ықпалы арқылы жүреді: табиғат, адамдар және заттар. Өмір сүруді үйрету, адам болу – педагогиканың негізгі принцип, оған рухани – адамгершілікті, жанашырылықты, сыйлаушылықты, еркіндікті, еңбексүюшілікті қосады. Ал Ж.Ж.Руссоның тәрбие принципі – адамгершілік және еркіндік. Оның ойынша, бала әрқашан да өз іс–әрекеттерінде еркіндікті сезінуі тиіс. Оның талаптарын ол талап қойып жатқандықтан емес, оған керек болып жатқандықтан орындау керек, яғни адамгершілік тәрбиесі – ол жүрек тәрбиесі, сезім, эмоция, жақсылыққа деген сүйіспеншілік, адамгершілік тәрбиесінің қасиеті ретінде Ж.Ж.Руссо адамдарымен араласуын айтады.
Егер Я.А.Коменский «адамгершілік – тәлім – тәрбие беруде маңызды жол бағыттау, үлгі беру» десе, Д.Локк «адамгершіліктің әдет болуын»,
Ж.Ж.Руссо «Тәрбилік нормасы жасөспірімнің гипорболизделген тәжірибесінен оны жақсы іс–әрекеттер мен сезімдерге бағыттайды» дейді.
И.Г.Пестолоций тәрбиенің қандай түрі болса да, халықтың тәрбие идеясына сүйену керектігін ұсынады. Ж.Ж.Руссо негізін қалаған адамгершілік тәлім – тәрбие мәселесінің әлеуметтік жағынан көзқарасын И.Г.Пестолоций әрі қарй дамытады. Оның адамгершілік тәлім – тәрбиесіндегі мақсаты – жеке тұлғаның дамуы толық жеке тұлғаның қалыптасуына кедергі жасайтын ішкі қарама – қайшылықтардан арылу, тұлғаның барлық жағынан тәрбиеленуін қамтамасыз ету. Осындай адамгершілік тәрбиесін бері жолының кең аумақтылығы халықтың өзінің жақсы қасиеттерінен туындайды, яғни халықтың шыншылдық сезімі, әдеттілігі, қарапайымдығы, даналығы болып табылады. Оқу тәрбие процесінде адамгершілік қасиетті қалыптастыруды И.Пестолоций баланың жүйелі еңбек әрекеттеріне сүйенеді. Оның ойынша, оқушыда адамгершілік қасиеттер оның еңбек ету барысында дамиды. Оның басты мақсаты – тәрбие беру. Ол үшін адамгершілікке тәрбиелеу мен үйлесімді дамуды қамтамасыз етуді үшін оқытудың маңызы зор, адамгершілік тәрбиесіз оқудың еш пайдасы жоқ деген қорытынды жасайды. Оқушы бойында адамгершілік тәрбие халықтың жақсы қасиеттері мен жақсы жақтары негізінде қалануы керек және ол әңгімелесу пайдалы әдістерді үйрену, баланың өзіне тән ерекшелігін зерттеп білу арқылы тіл табысуы (И.Пестолоций бірінші рет балаларды зерттеп білу тәсілін терең және әрқайсысымен тіл табысу жолдарын қарастырды) керектігін айтты. Ж.Ж.Руссоның тәуелсіз тәрбие түсінігінің біржақтылығына көңіл аудармастан, И.Пестолоций диалектикалық біртұтастықтың бостандығы мен мектеп отбасы мен қоғам арасындағы тәрбие берудегі өзара қарым қатынасты қарастыруда отбасы баланың адамгершілік тәрбие алудағы бастамаса деп есептейді. Оның адамгершілік тәрбие теориясы бүгінгі күнде өз құнын жойған.
Фурьенің пікірінше, адамгершілікке тәрбиелеуде оқушының бойында еңбексүйгіштік, ұйымшылдық дамып қалыптасады және адамгершілікке тәрбиелеу жолында оқу мен тәрбиені біріктіктіру ойы жүзеге асып, ары қарай дамып, қазіргі күнге дейін қолдануда.
XVIII ғасыр соңында А.Н.Радищев феодалдық тәрбие жүйесіне үлкен сын айтты. Ол демократиялық педагогиканы қолдап, оның әрі қарай дамуына жол ашты. Ол адамгершілік тәрбиенің мағынасын ашып айту үшін белгілі бір концепциялық тұжырымдар айтқан. Бұл концепция әр тұлғаның өмірі материалды факторлармен, табиғи заңдылықтармен белгіленеді, бала қоршаған ортамен тәрбиеге байланысты қалыптасады, ол жаман да жақсы да болып туылмайды деп тұжырымдайды. Сонымен, адамгершілікке тәрбиелеу тәсілінде ол адам өзін – өзі құрметтеуін, сыйлауын және намысшылдығын қалыптастырып, оны дамыту идеясын ұсынды. Ата – анаға баланы тәрбиелеуде оны қорқытып, күш қолдану емес, керісінше, оны өз қалауынша ерікті, ыстық ықылыспен тәрбиелеу қажеттігін айтты.
В.Г.Белинский мен А.Герцен адамгершілікке тәрбиелеудің жаңа жүйесін ойлап тапты. Бұл жүйе: әділеттілік, ұлтын сүю, басқаларға
жанашырлықпен қарау. Адамгершілікке тәрбиелеуде В.Г.Белинский тәрбиелеушіні қолбасшы емес, ақын емес, егінші емес, жай адам ретінде көру керек деп айтқан. В.Г. Белинскийдің әділеттілігінің басты ерекшілігі оның адам ар – намысын балағаттауды көргендігі аяныш сезімімен байқалады, оның пікірінше, адамның халқына, жұртына деген сүйіспеншілігі – бүкіл адамзатқа деген махаббаты. Бұл баланы әлеуметтік тұлға деп санайды, сондықтан оны адамгершілікке тәрбиелеуде отансүйгіштік, әділеттілік сезімін қалыптастыруды маңызды деп есептеді. В.Г. Белинский мен А. Герцен адамгершілік тәрбиені ақыл – ой, еңбек және денсаулық тәрбиесімен, қоғамдық өмірге дайындаумен тығыз байланыстырады.
Н.Г. Чернышевский мен Н. Добролюбов тәрбиелеу теориясына терең түсіндірме жасады, әлеуметті тәрбиелеу маңызының мәселесін тереңдетті, баланың жеке қасиеттерін ескеру жаңа тұлғаның қалыптасуына бастау болады. Мұндай адам халық еркіндігі үшін бүкіл өмірін, жанын қиятын тұратын адам болатынын айтты.
Н.Г.Чернышевский өзара байланысты жігер, ой сезімдеріне әсер ету арқылы, ішкі сеніміне байланысты адамды адамгершілікті еткісі келеді. Ол есті өзімшілдіктің қағидалары теориясын жасады, онда ішкі еркіндігі, адамгершілігі бар тұлғаның қалыптасуы ерекше орны алады (мұнда тұлғаның қалыптасуы – мәжбүрлеу емес, мықты табиғи күштерге арқа сүйеу). Адам адамдық нормаларын және ережелерді сыртқы қоғамдық қажеттілік нәтижесінде емес, ішкі қайырымдылыққа, әділеттілікке, бекзаттыққа және оның қажеттілігін терең түсінушілікке қызығушылықпен атқарады деген ойын білдірген.
В.Сухомлинскийдің айтуы бойынша, адамдардың әрекеті, негізінен, оның сөздерінен және көзқарасынан байқалады. Сөз – жүрекке тиетін жанасу, ол нәзік, хош иісті гүл де, жақсылыққа сенім беретін су да, өткір пышақ та бола алады. Дана және мейірімді айтылған сөз қуаныш әкеледі, сөзбен өлтіруге де, тірілтуге де, жарақаттауға да болады. Адамның әсерленгіштігін, батылдығын сақта және бағала, адамға өз әрекеттеріңмен уайым – қайғы әкелме деген ұлағатты даналық сөзінде терең философиялық мән жатыр.
Жан-жақты дамыған тұлғаны дамытуда оларда ғылыми дүниетаным қалыптастырудың маңызы зор. Ғылыми дүниетаным адамға қоршаған ортаның құбылыстарын дұрыс қабылдауға және қорытуға, оларға объективті баға беруге көмектеседі. Дүниетанымның қалыптасу процесі күрделі, көп қырлы процесс, сондықтан педагогика ғылымында бұл ұғымға деген әр түрлі көзқарастар қалыптасқан. Дүниетанымның күнделікті тұрмыстық дүниетаным, діни дүниетаным, ғылыми дүниетаным және т.б. түрлерін атауға болады. Ғылыми дүниетаным қоғамдық сананың ең жоғары формасы. Ғылыми дүниетаным әлемге деген ғылыми, философиялық, адамгершілік, эстетикалық көзқарастар жүйесі. Әлем өркениетінің жетістіктерін жинау отырып ғылыми дүниетаным адамды тұрмыс пен
ойлаудың, табиғат пен қоғамның мәнді жақтары туралы әлемнің ғылыми бейнесімен қаруландырады.
Дүниетанымда ішкі мен сыртқының, объективті мен субъек-тивтінің бірлігі көрінеді.
И.Ф.Харламов ғылыми дүниетанымның бағдару беру, ақпараттық және баға беру функцияларын атайды. Б.Т.Лихачевтің пікірі бойынша ғылыми дүниетаным ағартушылық, тәрбиелік, дамытушылық, ұйымдастырушылық және болжамдық функциялар
Ғылыми дүниетанымның ағартушылық функциясының мәні – ол қоғам және табиғат әлемін адамға түсінікті етеді, білімді сана қалыптастырады, әлеуметтік және саяси қате түсініктерден сақтайды.
Тұлғаның қабылдаған көзқарастары мен сенімдері онда белгілі бір моральдік қасиеттердің қалыптасуына, қоршаған шындыққа деген қарым- қатынас қалыптастыруға негіз болуы ғылыми дүниетанымның тәрбиелік функциясын іске асыруға мүмкіндік береді.
Ал дүниетанымның дамытушылық функциясының мәні дүниетанымның мазмұнын игеруге арналған ішкі рухани жұмыс тұлғаны белсенді ойлау іс-әрекетіне тартуында.
Ғылыми дүниетанымның ұйымдастырушылық функциясы оқушыларды практикалық іс-әрекет жүйесіне тартудан көрінеді. Ғылыми дүниетанымның болжамдық функциясы қоғам мен табиғаттың даму заңдылықтарын игеру негізінде іске асырылады. Ғылыми дүниетаным тұлға қалыптасуында адамгершілік, эстетикалық және т.б. бағыттарда дамуының негізі, орталығы болып табылады.
Дүниетаным адам санасының жоғары формасы, оның қоршаған дүниеге, яғни қоғамдық өмірге, табиғатқа, өзіне көзқарасы және сенімі. Сонымен қатар осыған байланысты адамдардың негізгі өмірлік позициясы, олардың сенімі, мұраты және іс-әрекеті.
И.Ф.Харламов ғылыми дүниетанымның құрылымдық компоненттерінің төрт түрін көрсетеді. Олар: ғылыми білімдер жүйесі; дүниеге көзқарас; сенім; адам мұраты.
Достарыңызбен бөлісу: |