Модуль 2. Психикалық танымдық процестер, күйлер мен қасиеттер №8 дәріс. Зейін. 1. Зейін туралы ұғым
2. Зейін түрлері мен қасиеттері
3. Зейіннің физиологиялық негізі
Зейін туралы ұғым
Психикалық іс-әрекеттің мақсат бағдарлы және нәтижелі болуы үшін адам ең алдымен өзінің ой-санасын істеп жатқан әрекеті мен сол әрекет нысанына тоқтата білуі қажет.
Ой-сананың бағытталуы деп ең алдымен психикалық әрекеттің таңдамалылық сипатын, нақты объектті күні бұрын ниетті іріктеуін не оған мән бермеуін айтамыз. Бағытталу түсінігі сонымен бірге іс-әрекеттің біршама уақыт аралығында өз сипатын сақтап тұра алу қасиетін де қамтиды. Зейінді болу үшін қандай да бір істің түрін таңдап қана алу жеткіліксіз, сол таңдауды тұрақтатып, сақтап қалу қажет.
“Зейін” сөзі сонымен бірге біздің ой-санамыздың белгілі іс-әрекетке шоғырлануы мен шому мағынасын да білдіреді.
Өз кезегінде зейін шоғырлануы ой-сананы қажетсіз объекттердің бәрінен ауыстыра алумен де байланысты.
Сонымен, қандай да бір затқа зейін қойюымыздан, ол зат біздің санамыздың төрінен орын теуіп, қалған дүние деректерінің бәрі сана аймағының шектеріне ығыстырылады. Осыған орай зейін аударылған заттың сана-мыздағы бейнесі нақты айқындалып, ол жөніндегі елестер мен ойлар іс-әрекет мақсатына жеткенше, санамызда бекіген халде сақталады. Осыдан, зейін іс-әрекетті бақылау және реттеу қызметін де атқарады.
Кей жағдайларда зейін қоршаған дүние емес, адам санасындағы ойлар мен бейнелерге де бағытталады. Мұндай жағдай-дағы зейін интеллектуалды деп аталып, ол сезімдік (сыртқы) зейіннен біраз өзгеше келеді. Ал ой-сана дене қозғалыстарына бағытталатын болса, онда сөз арқауына қимылдық зейін алынады.
2. Зейін түрлері мен қасиеттері Өзінің пайда болуы мен іске асу жағынан, әдетте, зейін ырықсыз және ырықты болып екі түрге бөлінеді. Ырықсыз зейін - ең қарапайым және адамда алғашқы көрінетін психикалық процесс, оны сонымен бірге енжар (пассив), еріксіз деп те атайды, себебі ол адамның алдына қойған мақсатына тәуелсіз туындайды әрі әрекетке қосылады. Орындалып жатқан іс адамды өзінің қызықтылығы және тосындылығымен еріксіз баурап алады. Ырықсыз зейіннің пайда болу себептері әртүрлі, олар іс-әрекет иесінің дене-тәндік, психофизиологиялық және психикалық кейіп-қалпымен байланысты келіп, өзара ықпалды қатынасынан туындайды. Ол себептерді бірнеше категорияға келтіріп қарастыру мүмкін.
Бірінші себептер категориясына тітіркендіргіш әсердің сипаты мен сапасы жатады. Олардың ішінде ең алдымен ескеретініміз әсер күші мен қарқындылығы (интинсивность).
Аталған себептер тобына тітіркендіргіш әсердің жаңалығы мен тосындылығы (необычность) да кіреді. Бұл тұрғыдан жаңалық деп бұрын білмеген, көрмеген зат, құбылыстар әсерін ғана емес, сонымен бірге бірдейіне ықпалында болып жүрген әсерлеріміздің физикалық қасиеттерінің өзгерісі немесе орын ауысуынан туындаған тітіркендіргіштерді танимыз.
Адамның көңіл-күйіне, мұқтаждық-қажетсінуіне сәйкес тысқы тітіркендіруші әсерлер ырықсыз зейін туындатушы себептердің үшінші тобын құрайды.
Зейін себептерінің, төртінші тобы тұлғаның жалпы бағыт-бағдарына байланысты. Адамның бағыт-бағдары сонымен бірге оның бұрынғы тәжірибесі мен қалыптасқан сезімдік күйіне де байланысты. Ырықсыз зейіннің аса маңызды себептері бізді қызықтырып, эмоционалды кейпімізді өзгеріске түсіретін заттар, жағдайлар, құбылыстар.
Ырықты зейіннің ырықсыз зейіннен ерекшелігі оның саналы мақсатқа тәуелді келуі. Зейіннің бұл түрі адам еркімен тығыз байланыста болып, оның еңбектік күш салуларының нәтижесінде пайда болады, сондықтан да ырықты зейін ерікті, белсенді, ниеттелген деп те сипатталады. Ырықты зейіннің басты қызметі - психикалық процесс ағымын белсенді түрде реттеп бару.
Ырықты зейін себептері биологиялық емес, әлеуметтік: ол тәнмен бірге берілмейді, сәбидің ересектермен қатынасқа келу барысында қалыптасады. Ырықты зейін дамуы сөз, сөйлеумен тікелей байланысты.
Сапалық жағынан ырықсыз зейіннен үлкен айырмашылығы болғанымен, ырықты зейін де адам сезімдері, қызығулары және бұрынғы тәжірибесі мен саналы белгілеген мақсатына орайлас келеді.
Мақсат бағдарлы, бастапқы еріктік күш салуды талап ететін зейіннің және бір түрін атау мүмкін. Бұл зейін түрінде адам толығымен іс-әрекетке шомады, оған енді әрекеттің нәтижесі ғана емес, сол әрекеттің өзі де мәнді әрі қызғылықты болып көрінеді. Мұндай зейін түрі оқулықтарда "үйреншікті зейін" атауымен баламаланған. Қай іс-әрекет болмасын алғашқы кезде оны игеру қаншама маңдай тер төккізіп, қиналысқа түсіріп, зорла-нуға душар ететіні белгілі, ал кейін үйрене келе, дағдыланудан әрекеттің нәтижесі ғана емес, оның өзі де адамды өзінен өзі баурап, ерік күшін қосуды қажет етпейді, өзінен өзі орындалып жатқандай болып көрінеді.
Үйреншікті зейін өзінің ұзақ уақыт тұрақтылығы, үстемелі ақыл-ой қызметімен және жоғары еңбектік нәтижесімен сипатталады.
Зейін сананың белгілі нысанмен байланысын байқатып, оған бағытталуын білдіреді. Осы бағытталу ерекшеліктері зейін қасиеттерін айқындайды. Бұл қасиеттер тобына зейіннің тұрақтылығы, шоғырлануы, бөлінуі, ауысуы және көлемі кіреді. Түрақтылық - зейіннің уақыт аралығына байланысты сипаты болып, оның белгілі бір нысанға көзделу мерзімінің ұзақтығын аңдатады. Түрақтылық - перифериялық (шеткі) және орталық жүйке факторларына тәуелді.
Зейін тұрақтылығының ең бір мәнді шарты - назардағы нысанның жаңа тараптары мен байланыстарының ашылу мүмкіндігінің болуы. Қандай да бір нысанға бағытталған зейіннің тұрақты болуы сананың қозғалысты қалпына байланысты. Көздеген нысан дамуда болып, өзінің жаңа мазмұнымен ашылып баруы қажетті.
Егер де зейін барша жағдайларда тұрақсыздығымен көрініс тапса, онда қандай да ақыл-ой жұмысы болуы мүмкін емес.
Зейіннің шоғырлануы - оның белгілі бір нысанға бағытталып, онда топталу күші мен дәрежесі, яғни психикалық немесе саналы іс-әрекеттің толығымен қажетті нүктеге шөгуі. Зейіннің шоғырлануы ми қабығындағы қозу ошағының доминанттық қызметімен тікелей байланысты (Н.А.Ухтомский).
Зейіннің бөлінуі деп адамның өз зейінінің ауқымында бір уақытта бірнеше әртүрлі нысандарда ұстай алу қабілетін түсінеміз. Осы қабілетіне орай әр адам бір мезгілде бірнеше әрекеттерді өз зейінінде ұстап, орындау мүмкіндігіне ие. Зейіннің ауысуы зейіннің бір нысаннан екіншісіне саналы және байыпты өтуін білдіреді. Зейіннің ауысу қа-сиетінен біз қоршаған ортаның өзгермелі, күрделі жағдайында жылдам бағыт-бағдар тауып отыру мүмкіндігіне иеміз. Зейін ауыстырудың жеңіл не қиын болуы әр адамға әртүрлі болып, белгілі шарттарға тәуелді келеді.
Зейін көлемі - ерекше құбылыс. Адам бір уақытта әртүрлі заттар жөнінде теңдей ойлап, әрқилы жұмыстар-ды орындауы мүмкін емес. Осыдан сырттан келіп жатқан ақпараттарды адам өзінің өңдеу мүмкіндіктеріне орай топ-тап, жіктейді. Сондай-ақ, адамның бір уақытта өзара бай-ланысы жоқ бірнеше нысандарды қабылдау мүмкіндігі де шектеулі. Осы шектер арасын танып, қабылдауы - адам зейінінің көлемін білдіреді.
Зейіннің алаңдаушылығы - бұл зейіннің бір нысаннан екіншісіне ырықсыз ауысуы. Мұндай ауысу қандай да іспен шұғылданып отырған адамға тыс тітіркендіргіш әсерлердің ықпал етуінен туындайды. Алаңдау сыртқы және ішкі болып бөлінеді. Сыртқы алаңдаушылық - субъектке тысқы, қоршаған орта жағдайларының әсер етіп, ырықты зейіннің ырықсыз зейінге ауысуынан болады. Зейіннің ішкі алаңдауы көңіл-күй, толғаныс нәтижесінде туындайды, орындалатын іске қызықпаудан, жауапкершілікті сезінбеуден келіп шығады.
Зейіннің шашыраңқылығы деп адамның ұзақ уақыт аралығында өз зейіні мен назарын нақты затқа бағыттай алмауын айтамыз. Шашыраңқылықтың екі түрі белгілі: жалған және шын. Жалған шашыраңқылық - адамның бір іске өте беріліп, өзін тікелей қоршаған заттар мен құбылыстар әсеріне елеңдемеуі. Мұндай шашыраңқылық әсіресе шығармашылық жұмыстармен шұғылданатын адамдарда көп кездеседі. Адамға көп нұқсан келтіретін зейіннің түрі - шын шашыраңқылық. Мұндай құбылысқа кезіккен адамның өзі ырықты зейінін қандай да бір затқа не әрекетке ба-ғыттап, тоқтата алуы қиындайды, оның көп ерік күшін жұмсауына тура келеді. Зейін шашыраңқы адамның ырықты зейіні тұрақсыз, алаңдауға берілгіш келеді. Шын шашыраңқылықтың физиологиялық себебі - ішкі тежелу күшінің кемдігінен. Шын шашыраңқы зейіннің себептері әртүрлі: 1) жүйке жүйесінің жалпы зақымдануы; 2) қан аздылық; 3) мұрын, тамақ сырқаттарынан миға оттегінің жеткілікті келіп түспеуі; 4) дене мен ой шаршауынан; 5) көңіл-күй күйзелістері.
Шын шашыраңқылықтың және бір себебі - мидың күшті әсерлерге көп душар болуынан, тұрақты қызығулардың кемдігінен де болады.