1. Қиял жайындағы түсінік Адам санасындағы бейнелер бұрын қабылданған заттар мен құбылыстарды ғана қамтып қоймайды. Бейнелер мазмұнына ешқашан тікелей қабылданбаған, мысалы, тарих тұңғиығындағы немесе ұзақ болашақтағы суреттемелер; көріп, білмеген, тіпті болуы мүмкін емес оқи-ғалар, көрмеген мақұлықтар - енуі мүмкін. Бейнелер арқасында адам уақыт пен кеңістік аясындағы нақты болмыстан шығып, шексіздік әлеміне есік ашады. Адам тәжірибесін түрлендіруші және өзгеріске келтіруші тосын бейнелер қиялдың негізгі сипатын құрайды.
Қиял арқасында адам өз ісін бастамай тұрып-ақ, болашақ еңбегінің нәтижесін күні бұрын болжастыра алады.
Қиялға тән және бір ерекше белгі - оның бастау деректері толық әрі дәл талдауға келмейтін, мазмұны өте күмілжі жағдайларды болжастыруда қолданылуы. Мұндай да белгілі деректерде қатаң заңдылықтарға негізделетін ойлауды қолдану қиын. Бұл тұрғыдан, қиял ойлаудың қандай да бір "орынбасар" формасы ретінде қызмет атқарады.
Ой мен қиялдың арасындағы тығыз байланысты атай отырып, К.Д. Ушинский: "Мықты, кемелденген қиял - ақылдылықтың нышаны", - деген.
Қиял - алда күтілген проблемдік жағдайлар анық болмаған кездерде оқиғаның соңғы нәтижесін күні бұрын болжастырумен қандай да әрекет бағдарламасын түзуге жәрдемдесетін психикалық процесс.
Адамның білімі неғұрлым мол, өмір тәжірибесі ауқымды, өзі зерделі және сезімтал келсе, оның қиялы ғажайып әрі қызық бейнелер жасауға бейім келеді.
Шығармашылық қиялдың қуаты мен деңгейі келесі екі белгімен анықталады: 1) қиял туындысы мәндік және мағыналық шарттардан асып кетпеуі лазым; 2) қиял өзіне негіз болған деректерден жаңалығы және қайталанбастығымен ерекшеленуі тиіс. Осы екі талапқа сай келмеген қай қиял да фантастика, бірақ практикалық жағынан пайдасыз.
Қиял маңызы орасан. Ол тек жазушыларға кейіпкер-лер бейнесін жасауға не суретшіге болашақ картинасының сюжетін іздестіруге қажеттігімен ғана шектелмейді. Фантазиясы болмаған ғалым құбылыс себептері жөнінде болжам (гипотеза) жасай алмайды; мұғалім дәріс барысын, шәкірттердің оқуға деген қатынасын күні бұрын қияли талдамай, сабақ дайындай алмайды. Жалпы оқу процесінің өзі қиялсыз шектеулі болар еді, тарих, география, астрономия және басқа пәндер тек қиял қанатында ғана игеріледі.