Топырақтағы ылғалдың түрлеріне сәйкес ылғалдылық мөлшері өзгеріп отырады. Топырақтағы ылғал тәртібі - оған түсетін ылғал мен одан шығын болатын ылғалдар мөлшерімен анықталады.
Түсетін ылғалдар: а) ауа ылғалдары (жаңбыр, қар) ; б) еріген қар суы;
в) будан түсетін ылғал ; г) жерасты ыза суынан көтерілетін ылғалдар.
Шығын болатын ылғалдар; а) булану; б) топыраққа сіңбей ағатын ылғалдар; в) өсімдіктер арқылы буланып транспирацияланатын ылғалдар; г)өсімдіктердің жапырақтары мен бұтақтарында қалатын ылғалдар.
Түсетін ылғал мен шығын ылғалдың арақатынасы әртүрлі топырақтардың ылғалдану коэффициентін анықтайды.
Тақырыбы: Топырақтың ылғалдығын анықтау. Мақсаты: Топырақтың ылғалдығын анықтаудың тәсілдерімен танысу.
Қажетті құралдар мен заттар: топырақтың үлгілері, алюминий немесе шыны бюкс, безбен, кептіргіш шкаф, қалақ, көздері 1 мм елеуіш, эксикатор.
1-тапсырма. Тапсырмаға түсінік. Топырақтың ауадағы су буының құрамындағы суды өз бойына тарту және сақтау қабілетінің мөлшері гигроскопиялық ылғалдылық деп аталады. Оның көлемі топырақтың құрылымдық және химиялық құрамы мен ауаның салыстырмалы ылғалдылығына байланысты. Соңғысы неғұрлым жоғары, ал топырақ майда болса, соғұрлым гигроскопиялық ылғалдылық та жоғары болады. Ылғал топырыққа сіңе отырып, ондағы саңылаулардың бәрін толтырады. Топырақтың бойына сіңіре алатын судың ең көп мөлшері-топырақтың толық ылғал сіңіргіштігін құрайды. Өсімдіктер үшін ең қолайлы ылғалдылық топырақтың толық ылғал сіңіргіштігінің 60 % –не тең мөлшері болып табылады.
Топырақтағы су өзінің салмағы әсерінен төмен қарай жылжи бастайды.Су еркін ағып болғаннан кейін топырақ ұстап қалған ылғалдылықтың ең көп мөлшері топырақтың /сіңіргіштігі/ ылғалдылығы деп аталады. Бұл көрсеткіш құрғақ топырақтың салмағына пайыз есебімен шаққанда: құмдақ топырақтар үшін - 12%, күлгін сазды топырақтар үшін -18%-ке, қара топырақтар үшін- 24% тең болады да оның одан әрі төмендеуі судың капиллярлар деп аталатын саңылауларға орналасуына әкеп соғады. Судың бұл түрі капиллярлық су деп аталып, өсімдіктерді ылғалмен қамтамасыз етудің тұрақты көзі болып табылады.
Капиллярлық судың мөлшері азайып, ол топырақ бөлшектері немесе майда түйірлері арасында ғана сақталып қалса, өсімдік қурай бастайды. Демек, топырақтағы судың бәрі де өсімдіктерге жете бермейді. Егер топырақтағы су мөлшері егістік ылғалдылықтың (сіңіргіштіктің) 2/3 нәтижесінен азайса, өсімдік өсуін баяулата бастайды. Сондықтан егістік ылғалдылығын анықтау арқылы топырақтың сумен қанығу тәртібін реттеуге болады.