Лекция. № Лекция тақырыбы: ХҮ- xyii ғасырлардағы әдебиеттің даму сипаты, ерекшелігі. Лекция жоспары


Жыраудың бізге жеткен шығармалары



бет34/104
Дата14.10.2022
өлшемі369,21 Kb.
#43171
түріЛекция
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   104
3. Жыраудың бізге жеткен шығармалары.
Қазақ әдебиет тарихында Жиембет жыраудың өмірі мен шығармаларының алатын өзіндік орны бар. Жиембет өз дәуірінде ерлігімен де, өткір жырымен де халқына қызмет еткен өр тұлғалы жырау.
Жыраудың бізге жеткен шығармалары санаулы ғана. Олар: «Үш ай тоқсан кезінде» (Тәуекел ханға), «Әй, қыңыр ер, қыңыр ер» (Жолымбетке), «Әмірің қатты, Есім хан», «Еңсегей бойлы Ер Есім» арнау толғаулары мен өмірінен деректер беретін «Қол-аяғым бұғауда», «Басы саудың түгел-дүр» шығармалары.
Жиембеттен қалған елеулі шығармалары - оның Есім ханға айтқан арнаулары мен бірнеше толғаулары. Жыраудың «Әй, қыңыр ер, қыңыр ер» деген інісі Жолымбетке арнаған өлеңі мен Есім ханға арнауының туу себебі жөнінде халық арасында әңгіме сақталған. Онда былай айтылады. Қалмақ тайшыларының бірінен Есім ханға сыйға бір сұлу қыз жіберіледі. Оған Жиембеттің інісі Жолымбет батырдың көңілі ауып, барар жолына жеткізбей жолдан тартып әкетеді. Алғашқыда Жиембет інісіне наразы болып жүреді де, соңынан «Әй, қыңыр ер, қыңыр ер» арнауындағы ойларын айтып, кешіріп татуласады. Есім хан ағайынды екеуіне де қысым көрсетуді ойлайды. Жиембет осыған орай ханға «Әмірің қатты, Есім хан» толғауын айтқан екен. Толғау жеті-сегіз буынды жыр ағымы үлгісінде келеді. Осы оқиғаға байланысты Оразғали Сүйінбекұлынан жазып алып, ғалым X.Сүйіншәлиев жариялаған өлең жолдарында Жиембет былайша толғайды:
Әмірің қатты Есім хан,
Бүлік салып бұйырдың,
Басын бер деп батырдың,
Қанын ішіп қанбаққа,
Жанын отқа салмаққа.
Атадан жалғыз мен емес,
Хан ие, ісің жол емес,
Жолбарыстай Жолымбет
Құрбандыққа қол емес.
Жол тосып алып кетіпті,
Қалмақтан алмақ сыйыңды...
Қаһарыңды басқалы
Қалың елім жиылды.
Бастап келген өзге емес,
Жиембет сынды биіңді,
Малын салып алдына,
Әр саладан құйылды.
Он екі ата Байұлы
Бір тәңірге сиынды.
Мұнда ханнан кешірім, сауға сұрай «малын алдына салып» айдап келе жатқан елді көреміз. Олардың бәрі де Жиембеттің намысына шабушылар – он екі ата Байұлының өкілдері. Ал, ханның Жолымбеттің «басын алмақ» болған ниеті бұл жырда айқын. Есім ханның ондай шешімге бекінуі де түсінікті. Қарамағындағы халқы басқаны қойып, өзіне тиесілі әйел болмақ қызды жолдан барымталаса, ол да қойнындағы әйелін алғанмен бірдей. Бұны басыну деп түсініп, Жолымбетті өлім жазасына кеспек болуы қарамағындағыларға бұндай жайттың арты неге соғарын ұғындыру үшін керек еді. Жиембет те, соңынан ерген халқы да мұны білмей тұрған жоқ. Тәңіріге сиынып, қаптата мал айдап, кешірім сұрай келулері, оның ішінде ханға жұртты бастап Жиембеттің келуінің де мәні бар. Біріншіден, Жолымбет інісі болса, екіншіден, Жиембет бұрынғы өткен еңбегін алдына салып, інісіне кешірім алмақ. Бірақ, хан бұрынғы қабылдаған шешімінен қайтпайды. Сол кезде барып ол шамырқанады. «Есім, сені есірткен, есіл де менің кеңесім» деп күйінеді. «Алашыма ұран десермін» деп қайратқа мінеді.
«Еңсегей бойлы Ер Есім» арнау толғауының тууының себебін зерттеушілер екі жағдаймен байланысты түсіндіреді. Оның бірі жоғарыдағы інісіне байланысты оқиғаға орай реніштің салдары десе, ендігі бір пікір Жиембеттің жеке, ханға тәуелсіз билікке ұмтылысынан туған араздыққа байланысты деген ой айтады. Қалай болғанда да бұл толғаудың арадағы келіспеушіліктің себебінен туғаны анық. Келіспеушілік ханның ұстанған саясатының кейбірін Жиембеттің қолдамауынан да туындауы мүмкін. Есім хан мен оның қарамағындағы халқының пікірлері үнемі бір жерден шығып отырмағаны белгілі. Және ел билеуші мен өзгелердің пікір сәйкессіздігі, соның негізінде белгілі топтар арасында әр түрлі қарым-қатынастардың болуы да заңды. Өйткені, адамзат қоғамының тарихында мұндай қатынастар еш уақыт тосын оқиға болып көрінбеген. Жиембет жыраудың бұл толғауындағы:
Еңсегей бойлы Ер Есім,
Есім, сені есірткен
Есіл менің кеңесім.
Ес білгеннен, Есім хан,
Қолыңа болдым сүйесін,
Қолтығыңа болдым демесін.
деген жолдарынан жыраудың Есім ханға ақыл-кеңес беріп, тар кезде қолтығынан демеген, әскеріне, төңірегіндегілерге сүйеу болған, ақыры соның нәтижесінде оның үлкен билікке қолын жеткізген, қызметі өткен кісісі екенін байқаймыз. Сондықтан жырау:
Мені өлсе құнсыз кетер деймісің,
Кешегі өзіңнің ұрып өлтірген
Тілеуберді құлындай.
Тілеуберді құлың мен емес,
Мұның, ханым, жөн емес.
Менің ер екендігімді көргенсің,
Әуелден бірге жүргенсің,
Дегенімді қылғансың,
Қайратымды білгенсің...
Сіздің естен кеткенмен,
Біздің естен кеткен жоқ:
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Соқыр буырыл байталға,
Сонда бір жайдақ мінгенсің.
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Қаланың қасы бүлгенде,
Хандар қалаға қылаған,
Сұлтандар суға сылаған,
Қаз мойынды ханыша
Қалада тұрып жылаған.
Тал шарбаққа мал сақтап,
Тас қалаға жан сақтап,
Тасқан екен мына хан.
деп тайсалмай, батыл сөйлейді:
Мұнда жырау, әрине, Есім ханды батыр, ақылды етіп емес, керісінше, бұрын өзінің дегенінен шықпаған, жау келіп қалған тұста жыраудың көз алдында «соқыр байталға мініп», абыржыған жай ғана кісі етіп көрсетеді. Қазір тас қорғанды қалада тұрып мейманасы тасып тұр ғой дегенге меңзейді:
Ертеңгі күн болғанда,
Елің кеңес құрғанда...
Мен жоқ болсам, Есім хан,
Ит түрткіні көресің.
«Жиембет қайда» дегенде,
Не деп жауап бересің?
Меніменен, ханым, ойнаспа, –
дей келіп, өзінің «Жолбарыс пен аюдай, бекіре мен жайындай» ерлік бітімін сипаттайды. Ең ақырында «қайрылып қайыр қылуға қылығың жоқ ұнаған» деп, енді неден болса да тайынбайтындығын білдіріп, ойын былайша жеткізеді:
Қайратым қанша қайтса да,
Мұныңа, ханым, шыдаман.
Арқаға қарай көшермін,
Алашыма ұран десермін,
Ат құйрығын кесермін...
Алысқа дәурен сүрермін,
Қарамасаң, ханым, қарама,
Сенсіз де күнімді көрермін.
Жиембет жыраудың «Қайратым қанша қайтса да» деген сөздерге қарағанда шығарма жыраудың жасы ұлғайынқыраған кезінде туған сияқты.
Бұл жырда Жиембет жай ғана жырау емес, жаужүрек батыр жырау ретінде де танылады. Жырау ханға ойды тереңнен қозғап айтады. Жыраудың ел алдында, хан алдында қадір-қасиетінің қаншалықты екенін өте жақсы білетінін көреміз. Бұдан Жиембеттің өр мінезін, биік парасатын танып білеміз. Есім ханмен сырлас-мұңдас болып бірге жүріп, бірге тұрғанын да жан-жақты сөз етеді. Жырау өзінің талай-талай қанды шайқаста көзсіз ерлік көрсеткенін, жайшылықта жанына жалау, қолтығына демеу болып, бір туып, біте қайнасқанын да тереңнен толғайды. Жиембет ханның арғы-бергі, жақсы-жаманды жүріс-тұрысы мен көңілге қона бермейтін кейбір қыңыр қылықтарын есіне салады. Жыраудың бұл толғауы шындықты ірікпей-бүкпей, тура қасқая қарап бетке айтуымен, осындай ерекше қасиетімен құнды, қымбат. Бұл жырдың сандаған ғасырлардан бері ұмытылмай ел есінде сақталып келуі де жұрттың көкірегіндегі көкейкесті айта алмай жүрген сөздерін жеткізуінен болса керек.
Жыраудың «Үш ай тоқсан кезінде» деп басталатын шығармасы жыраудың жасырақ кезіндегі бір оқиғаға байланысты Тәуекел ханға айтқан анауы ретінде айтылып жүр.
Жиембеттің «Қол-аяғым бұғауда» толғауынды жыраудың ханның қысымымен айдауда кетіп бара жатқандағы елімен, туған жерімен қоштасуы болса, «Басы саудың түгел-дүр» шығармасында сол айдауда жүргенде өткен күндерінің еске алынуы, арман мен мұңы сөз болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   104




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет