Лекция №9.Экономикалық дамудың Қазақстандық үлгісі
1. Өтпелі кезеңнің қиыншылықтары: экономикалық дағдарыс, әлеуметтік шиеленіс, тұрмыс деңгейінің төмендеуі, жұмыссыздық, қылмыстың көбеюі. Н.Ә.Назарбаевтың қанатты нұсқамасы – «ең әуелі экономика – сонан соң – саясат».
2. Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу.
3. Қазақстан экономикасын реформалаудың бағыттары – экономика дамуының кластерлік принципі, еңбек өнімділігі деңгейін арттыру, заманауи технологияларды енгізу, инвестициялық, салық, аграрлық-индустриалдық саясаты, инфрақұрылымды әсіресе көлік және байланысты дамыту.
1991 жылы тәуелсіздігін жария еткен Қазақстан өзінің құрдас мемлекеттері секілді өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын бастан кешірді. Өтпелі кезеңдегі негізгі мақсатымыз жоспарлы экономикадан нарықтық сатыға көшу болатын. Бұрыннан бағынып келген орталықтың күл-талқаны шығып, салааралық тұрмақ, өңіраралық байланыстардың аяқ астынан «жоғалуы» барлық саланы дерлік құлдыратуға сүйреді. Бұл Қазақстан тәуелсіздігінің тарихындағы алғашқы экономикалық дағдарыс болды. 90-шы жылдардың басында төске өрлеген гиперинфляциямен, өндірістің толық тоқтатылуымен, төлемсіздік дағдарысымен күрес экономикалық жағынан да дербестікке ұмтылған жас мемлекетіміз үшін үлкен сынақ болды. Ресми Мәскеу арқылы ғана шешімін табатын бюджеттік жүйе де тоқырап, тәуелсіз елді көтермелеп, жығылғанға сүйеу болатын қор мүлдем болмады. Кеңес одағы шеңберіндегі Қазақ ССР-інің бюджеттік субвенциясы 50 пайызға дейін жететін. Бұның өзі сол кезде жеке отау тіккен дербес ел үшін аса қатерлі ғана емес, экономикалық тәуелділікке қайта итермелейтіндей Қазақ елі үшін мүлдем кері көрсеткіш болғаны даусыз. Тәуелсіздіктен кейінгі 1993 жылы гиперинфляция орын алып, бұндағы инфляция деңгейі - 2165 пайызды құраса, 1994 жылы ол 1158 пайызға жетті. Сондықтан да, қалыптасқан күйзелістен шығудың жолы тым қиын еді. Сөйтіп, Қазақ еліне заң жүзінде жарияланып, әлемге мойындатылған тәуелсіздігін іс жүзінде дәлелдеудің, қайта кіріптарлықтан құтылу үшін экономикасын қорғаштап көтерудің сынағы келді. Бұл дегеніңіз - елдің жерін, территориясын сақтау, ұлттық мемлекеттіліктің белгілерін бекітумен қатар, дербес экономикалық саясат ұстану үшін тәуекелі берік тағдыршешті мәселелерде табандылықты талап еткені белгілі.
Сонымен қатар сол кездері тәуелсіздік алған мемлекеттердің ішіндегі ең күрделі жағдай Қазақстанның басында болғаны да анық еді. Әлемдегі ең ұзын шекараның ұзақтығы өз алдына, жас мемлекеттің қаржылық жүйесін алпайыт көршіден бұрып алып өз алдына тәуелсіз бағытқа түсіру де үлкен күшті талап еткені түсінікті. Өйткені, егемендіктің алғашқы жылдары көзге көрінбесе де әртүрлі экономикалық қысымдар болып тұрғаны анық. Басқасын айтпағанда, қазақтың мемлекеттілігіне қарсы «рубльдің шеңберінде қалыңыздар, әйтпесе ел болуларың қиын» деген кері пікірлер де сырттан айтылып жатты. Осы шеңбердің ықпалында ұстап тұру үшін нешетүрлі қитұрқы амалдарды бастан өткеруге тура келді. Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында былай дейді: «Еңбекақыны, зейнетақыны, жәрдемақыларды төлеу үшін біз Ресейден ақша сатып алуға мәжбүр болдық. 1992 жылдың бірінші жартысына дейін Ресейдің Орталық банкісінен ақша қаражатын біз тегін алып тұрғанбыз. Бірақ кейіннен бюджеттер бөлінгенде рубльді сатып алуға тура келді. Ақшаны сатып алуға Қазақстан бюджетінде қаражат жетпегендіктен, ел оның тапшылығын бірден сезінді. Біз рубльді қарызға (несиеге деп те айтуға болады) алатынбыз. Артынан Ресей біздің 1,5 миллиард долларға қарызданғанымызды айтты. Бірнеше жылдар өткеннен кейін барып, «Байқоңыр» айлағы үшін есептескенде ғана осы қарызды жаптық».
Кейіннен тәуелсіздіктің тірегіне айналған төл Теңгенің айналымға енуі елдің егемендігін біржолата нығыздай түскен еді. Қазақстан осылайша тәуелсіздіктің алғашқы 5-6 жылын түбегейлі дербес мемлекеттікті қалыптастыру, ішкі және сыртқы саясаттың жаңа жүйесін құру, экономиканы жұмыс істеуге мәжбүр ету, оны жекешелендіру, яғни либералды мемлекетті, либералды экономиканы қалыптастыру үшін тынымсыз жұмыстарды бастан өткерді. Соның арқасында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ дағдарыстың жағымсыз салдарынан қарсы тұра алатын экономика құруға шама жетті.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық экономикаға көшуді таңдап алған болатын. Осы бағытта 1992 жылы қаңтарда Қазақстан Ресейдің үлгісімен бағаны ырықтандыруға, мемлекеттік меншікті оның иелігінен алып жекешелендіруге кірісті.
Қазақстанда нарықтық экономикаға көшудің алғашқы кезде үш кезеңі белгіленді. Бірінші кезең - 1991-1992 жылдар, екінші кезең - 1993-1995 жылдар аралығы болып, осы мерізімде жүргізілетін іс бағдараламасы Жоғарғы Кеңестің сессиясында мақұлданып, Президенттің Жарлығымен бекіді. Ал үшінші кезең - 1996-1998 жылдарды қамтуға тиіс болды. Осымен байланысты көптеген жаңа заңдар, реформаны жүзеге асыруға қажет басқа да құжаттар қабылданды. Нарықтық экономикаға көшу мәселелерімен айналысатын жаңа мемлекеттік басқару органдары құрылды. Олар: Мүлік жөніндегі, Монополияға қарсы саясат жөніндегі комитеттер, Салық инспекциясы, Кеден және т. б. Сондай-ақ нарықтық экономикаға тән инфрақұрылымның да кейбір түрлері: биржалар, коммерциялық банктер, сауда үйлері, жеке меншіктік кәсіпорындар мен шаруашылықтар, жеке меншік пен мемлекет меншігі аралас ірі корпорациялар, акционерлік қоғамдар, холдингтік компаниялар өмірге келді. Сөйтіп, нарықтық экономикаға қарай, меншіктің түрін өзгертуде, аралас экономика құруда біршама жұмыстар атқарылды. Алайда, нарықтық экономикаға көшуде бірсыпыра қателіктерге жол берілді.
Бірінші. Реформаны бастауда мемлекеттің мақсаты да, мүдделері де, оларға жетер жолы да, әдіс-айласы да толық анықталмады.
Екінші. Барлық елге бірдей сай келетін экономикалық реформаның моделі болмайды. Әр елдің өзіне тән, оның ұлттық бітіміне, тарихына, дәстүріне, нақтылы саяси, әлеуметтік, экономикалық қалыптасқан жағдайына сәйкес өз моделі, өз жолы болу керек. Оны әлемдік тәжірибе де көрсеткен. "Жапондық", "Немістік" тағы басқадай әр елдің өз даму жолы болғаны белгілі. Қазақстан көп елде жақсы нәтиже бермеген, Халықаралық Валюталық Қордың ұсынған "есеңгіретіп емдеу" деп аталатын жолына түсіп, Ресейдің соңынан ерді. Ол Ресейден бөлек дербес экономикалық саясат жүргізу қиын деген желеумен жасалды.
Үшінші. Экономикалық реформа бірінен кейін бірі және өзіндік ретімен жасалуы арқылы жүзеге асуға тиіс. Ал Қазақстанға қажетті заң жүйесі жасалып бітпей, жеке меншікке негізделген кәсіпорындардың үлесі өсіп, бәсеке ортасы қалыптаспай тұрып, ең әуелі бағаны ырықтандырудан бастау қате болды, өйткені бағаны ырықтандыру өкімет тарапынан мезгіл-мезгіл оны өсіріп отыру болып шықты.
Төртінші. Қабылданған зандар көп жағдайда жүзеге аспай қалды, себебі ол заңдардың жұзеге асатын механизмдері жасалмаған-ды. Реформаны жүзеге асыру үшiн оған қажет механизмдердi жасау керек едi.
Бесінші. Инфляцияны (құнсыздандыруды) ауыздықтамаса ешбір істе береке болмайтыны белгілі. Бірақ осыған қарамастан мемлекеттегі қаржы, несие, ақша жүйесі ретке келмеді. Ұлттық банк ақша жүйесін, ақша айналымын, оның ішкі және сыртқы қозғалысын қатаң бақылауға алудың орнына, ақша-несие ресрустарын бей-берекет жұмсап, аса жоғары пайызбен сатып, пайда табумен әуестенді.
Алтыншы. Қылмыс, жемқорлық, занды бұзушылық көбейгені соншалық, ол қоғамның қатерлі ісік сияқты ең қауіпті ауруына айналды. Оған жаппай тәртіпсіздік, жауапкерсіздік қосылды. Міне, бұлар реформаны жасауда, қоғамды дұрыс дамытуда өздерінің кеселдерін тигізді.
Жетінші. Мемлекет басшылары экономикалық дағдарыс кезінде өмір сүріп, жұмыс істеп көрмегендіктен, оның ой-қырын, бүге-шігесін, одан шығу жолдарын білмеді. Экономикалық дағдарысты дұрыстап бағалай алмады. Елді дағдарыстан бір-ақ жылда шығару саясаты жүргізілді. Бірақ ол ешқандай нәтиже бермеді.
Сондықтан мемлекеттің алдында дағдарыстан шығудың жолдары қарастырыла бастады. Оның ең бастысы - бағаны ырықтандыруды белгілі бір жүйеге келтіру еді. Нарықтандырудың барысын, оның неден басталғанын, қалай басталғанын халық жете түсінбеді. Қазақстанда ырықтандыру 1992 ж. мұнайдың, мұнайдан шығатын өнімдердің, басқа да энергия көздерінің бағасы әлемдік бағаға дейін жоғарылауы керек деген ұранмен жүргізілді. Осының нәтижесінде әр кәсіпкер, әр кәсіпорын ең жоғары таза пайда алғысы келді. Сөйтіп баға шарықтап өсті, елдің экономикасы бағаның шарықтап өсу кесірінен төмен түсіп кетті, оны көтеру мүмкін болмай қалды.
Жаһандық экономикалық дағдарыс, геосаяси шиеленістер, санкциялық текетірестер, сондай-ақ, энергия ресурстарына әлемдік бағаның төмендеуі әлемдік үдерістердің белсенді қатысушысы - біздің елімізге әсер етпеуі мүмкін емес.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясатын жариялады. Бұл тарихи құжатта дағдарысты еңсерудің кешенді шаралары ғана көрсетіліп қоймай, еліміздің әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуіне қажетті жағдай, ұзақмерзімдік даму жолы анықталып отыр.
«Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясаты – бұл болашақтың инфрақұрылымын кең көлемде инвестициялау есебінен экономиканы жүйелі түрде қайта құру. Көлік, индустриялық, энергетикалық, тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ шағын және орта бизнеске барынша қолдау көрсету тұрақты экономиканың негізі – мықты орта тапты қалыптастыра отырып, болашақ Қазақстанның іргетасын мызғымастай етіп нығайтады.
Жолдар құрылысы өңірлерді байланыстырып, ауыл мен қаланы жақындатуға, еліміздің транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Шағын және орта бизнеске, сондай-ақ, азаматтарға өндіруші нарықты қолжетімді етудің арқасында сауда-саттық жанданады.
Тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылым құрылысының, сондай-ақ, мемлекеттік қолдаудың жаңа тетігінің арқасында миллиондаған қазақстандық баспанаға қол жеткізуге және өмір сапасын арттыруға мүмкіндік алады.
«Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру дегеніміз – жүздеген мың қосымша жұмыс орны, жаңа өндірістер, бизнесті жандандыру және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру.
Еліміздің жеке мемлекет ретінде қалыптасуына көз салсақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған әр жылғы Жолдауы әрбір белесті бағындырудағы басты бағыт- бағдары деуге толық негіз бар.2004 жылы 19 наурызда –« Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін» Жолдауы жария етілді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің аталған Жолдауында атап өткендей «экономика біздің дамуымыздың басты басымдығы, ал экономикалық өсімнің барынша жоғары қарқынына қол жеткізу – негізгі міндет болып табылады. Елбасымыз 2005 жылы экономиканы дамытудың негізгі бағыттарына келесілерді жатқызды:
Экономиканы одан әрі ырықтандыру және жүйелі реформаларды жалғастыру арқылы бәсекелестікті дамыту мен бюрокритизациялау;
Қазақстан экономикасының ашықтығын күшейту;
Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру;
Ауылды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру;
Инфрақұрылымды дамытуды ееркше атап өтті.
Бұл Жолдауда үкімет ырықтандыру мен табиғи монополиялар салаларын: телекомуникацияларды, элект энергиясын, темір жолдарды қайта құрылымдау бағытындағы жұмысты жандандыруы керек.
Біздің ұлттық экономикамыздың бәсекеге қабілеттігіне оны әлемдік экономикаға интеграцияланған жағдайда ғана қол жеткізе аламыз. Сондықтан да Қазақстан Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруі және оның талаптарына сай болуы қажетті. Өйткені сауда ұйымына кірісімен біздің отандық өндіріс салалары бәсекеге төтеп бере алмай жаппай құлдырауға ұшырауы мүмкін. Сонлықтан жедел түрде ұлттық шаруашылықтың бәсекеге қабілетін арттыру қажеттігі туындап отыр, ол үшін өнеркіптің өңдеуші жоғары технологиялы салаларын дамыту күн тәртібіндегі шешуді қажет ететін мәселенің бірі екені бәрімізге белгілі. Ал мұны шешудің бірден бір жолы ұлттық экономиканы индустриялы-инновациялы ел ретінде қалыптастыру, отандық өнеркәсіп өнімдерінің шикізатқа тәуелділігінен құтылуға жол ашу болып табылады.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда алғашқы жылдардағы кездескен көптеген қиыншылықтар мен қайшылықтарға қарамастан экономиканы дамытуда, әлеуметтік мәселелерді шешуде біршама жүмыстар атқарылды және елеулі табыстарға қол жетті. Соның нәтижесінде біздің еліміз ТМД мемлекеттерінің арасында өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан алдыңғы қатарға шығып отыр. Қазақстан бүгін әлемнің ең серпінді дамып келе жатқан елдерінің бірі саналады. Еліміз әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу мемлекеттің қатарына ену жөніндегі міндеттерді шешуде айтарлықтай ілгері жылжыды. Біздің мемлекет тәуелсіздіктің он алты жылында экономикалық, әлеуметтік қуатты реформаларды жедел де тиімді іске қосып, қай салада да ТМД елдері ішінде көшбасшы атанды.
Соңғы бірнеше жылға созылған құлдыраудан кейін, 2010 жылдан бастап алғаш рет инновациялық белсенді кәсіпорындар үлесінің өсуі байқалды, кәсіпорындардың технологиялық инновацияларға жұмсаған шығыстары 2 еседен астамға артып, 219 миллиард теңгеге жетті. Инновациялық белсенді кәсіпорындардың ең жоғары үлесі Жамбыл облысында – 7,8 пайызға, Қарағанды облысында – 7 пайызға, Шығыс Қазақстан облысында – 6,4 пайызға өсіп отыр. Ал Ақмола облысы (0,7 пайыз) мен Алматы облыстарының (0,9 пайыз) үлесі республикалық орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен.
«Индустриялық-инновациялық қызметті мелекеттік қолдау туралы» заң жобасында инновациялық қызметті жүйелі қолдаудың заңнамалық негізі қаланды. Мысалы, жер қойнауын пайдаланушылардың табыстарының 1 пайызын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға міндетті аударуы туралы заң жобасында қарастырылған тармақ ірі бизнесті инновациялық қызметке тартуға мүмкіндік береді.
2020 жылға дейінгі кезеңде Үкіметтің ел экономикасын дамытуда басты бағдарға алатын құжаты, Стратегиялық даму жоспары болады. Осы онжылдық бас жоспар екі бесжылдық кезеңге бөлініп жүзеге асырылмақ. Алғашқы кезеңде 2010-2014 жылдарға арналған Индустриалды-инновациялық жедел даму бағдарламасы қолға алынды. Әрине, ол жалғыз болмайды Индустриалды-инновациялық жедел даму бағдарламасы 2015 жылға қарай жалпы ішкі өнімді 7 триллион теңгеге дейін жеткізуді көздеді. Және экономиканың басты салаларының ешбірінің кенжелеп қалмай, төрт аяғынан тең дамуын қамтамасыз етуге тиіс.
XXI ғасырдың екінші он жылдығын бастан өткеріп жатқан, 2050-ге қарай бағыт алып, желкені жазылған кемедей болашаққа асыққан Қазақстан қазіргі заманғы экономикаға, оның түрлі қиыншылықтарына толықтай бейімделіп, әлеуметтік жағынан тұрақты дамып, қоғам азаматтарының әл-ауқаты артып, жағдайы күннен күнге жақсарып келеді. Әлеуметтік жағынан тұрақты, орнықты экономика қалыптастыру Қазақстан экономикасының негізгі міндеті мен мақсатына айналғалы біраз жылдар болды. Қазақстан әлемдегі айтарлықтай тұрақты және үдемелі дамып жатқан елдердің бірі болып табылады. Біз тұрақты экономикалық өсу жолымен одан әрі алға жылжи береміз және бізді ешкім тоқтата да алмайды, бұл жолдан қайтара да алмайды. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы халыққа жолдаған Жолдауында үкіметке 2015 жылы жанбасына шаққанда ІЖӨ 14 000 АҚШ долларына жеткізуді міндеттеді. Мұның өзі тұрақты экономика қалыптастыруға президентіміздің бұдан да жоғары белсенділікпен кіріскенін көрсетеді.
Экспо 2017 - Қазақстанның елордасы Астана қаласында Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) ұйымдастырған Халықаралық көрме. Көрме 2017 жылдың 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өткен. Ұйымдастырушылары таңдаған тақырып - Future Energy (Болашақ қуат). ЕХРО 2017 көрмесіне 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмені тамашалауға 3 млн адам келді.
EXPO бүкіләлемдік бірегей көрмесі – маңызы жағынан дүниежүзілік экономикалық форумдармен, ал туристік тартымдылығы бойынша ең танымал әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстармен салыстыруға тұрарлық жаhандық ауқымдағы оқиға.
1851 жылы Лондонда өткен бірінші Бүкіләлемдік өнеркәсіп көрмесінен бастау алған EXPO халықаралық көрмесі әр жыл сайын зор танымалдыққа ие болып, барлық қатысушыларға әлемнің экономикалық, технологиялық және мәдени жетістіктерімен танысуға тамаша мүмкіндіктер беріп келеді. Көрме сондай-ақ инновациялық идеялар алмасу және болашаққа қатысты ұжымдық көзқарас мүмкіндіктерін сенімді көрсету үшін ерекше алаң болып табылады. Қазақстан 1997 жылдан бастап Халықаралық көрмелер бюросына мүше ел болып табылады және ЕХРО көрмелеріне 2005 жылдан бастап қатысып келеді. Испанияның Сарагоса ЕХРО-2008 көрмесінің қорытындысы бойынша «C» категориялы 104 қатысушы ел ішінде, біздің еліміздің павильоны сыртқы және ішкі рәсімдеу өлшемдері бойынша қола медальмен марапатталды.
2012 жылғы 26 қарашада Мемлекет басшысы «ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау мен оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» №436 Жарлыққа қол қойды.
EХРО-2017 көрмесінің «Болашақтың энергиясы» тақырыбы ең үздік әлемдік энергия сақтау технологиясын, күн, жел, теңіз, мұхит және термалды су тәрізді бүгінде бар баламалы энергия көздерін пайдалануда жаңа әзірлемелер мен технологияны пайдалануға мүмкіндік береді. Көрме сондай-ақ елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын технологиялық жаңғырту және экономиканы жүйелі әртараптандыру үшін қуатты серпін берді.Мұндай ауқымды іс-шараны өткізу шағын және орта бизнестің дамуына елеулі серпін берді. Көрме елорданың көрмелер объектілері құрылысы мен инфрақұрылымына едәуір жеке меншік инвестицияны тартуға мүмкіндік туғызды.
Достарыңызбен бөлісу: |